«Қазақ әдебиетінің таңы Таразисіз атты»

May 5, 2025 - 19:00
 3
«Қазақ әдебиетінің таңы Таразисіз атты»

«Өмір – мұхит, уақыт – толқын,
Өмірдің алды – ыстық, арты – суық, 
Алды – ойын, арт жағы – мұңға жуық»
Абай

Жыл басынан бері қазақ әдебиетін қара жамылдырып, бақиына жүріп кеткен қаламгерлерімізді жоқтап, әр нөмірімізге қазанамаға арналған айдар ашып отырамыз деп кім ойлаған?! Жақында тағы бір қабырғалы қаламгеріміз ғасырға жуық жасаған өнеге толы ғұмырында көз майын тауысып, саусағын сорып, қаламын мүжіп жазған дүниелерін сіз бен бізге аманаттап, өзі мәңгілігіне жүріп кетті.
Жазушы Ұларбек Нұрғалым жазғандай «қазақ әдебиетінің таңы Таразисіз атты».
«Бүгін міне, қазақ әдебиетінің таңы Таразисіз атты. Әдебиетіміздегі «Алпысыншы жылғылар» аталатын алыптар шоғырының соңғы шоқ жұлдызы жарқырай барып ғайыпқа сіңді. Алыс жолдан арып-ашып ауыр жүк арқалап келген алып қара нар шөкті, арғымақ қалам қаңтарылды.
Бір ғана размердегі аяқкиім тігетін «Етікші» деген ең алғашқы әңгімесіне қазақ әдебиетінің аңызы әйгілі Ғабит Мүсірепов: «Ее, Шудан да бір Шолохов шығады десеңші?! Әңгімеңді оқыдым. Жақсы. Бірақ баспаймын...» деген Тарази тұңғыш жазбасында-ақ Кеңес үкіметінің стандарттық санасын сынаудан бастаған еді.
Содан ары қарай «Құйрықты жұлдыз», «Шер», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Жаза», «Москва – Баласаз» романдары мен повестері кесек-кесек сомдалған кейіпкерлерімен қалың оқырманға жол тарта берді. Сол кейіпкерлердің дені стандартты қоғамның стандартқа сыймайтын кейіпкерлері еді. Сол кейіпкерлердің ішкі үні шын мәніндегі адам табиғатының еркін аңсары, қазақтың қылбұрауда шыңғырған құлындауысы еді. Санаға салынған бұғауға қалай көндігіп, көндікпегендерге таңғала қарайтын кейіпкерлер еді. Сыртынан қарап отырып жаның ашиды. Құл болғанына қуанған саналы адамның енді қулығының қалай жетілгеніне оқырман ретінде өзің қайран қалардай кейіпкерлер еді», - деп жазған еді жазушы қазасына жаны күйзелген қаламгерлердің бірі Ұларбек Нұрғалым. 
Иә, Алматыда туып, Таразда өскен ол, өскен өлкесін ныспысына таңып, қалың қазаққа – Әкім Тарази болып танылды. Солай жүріп қазақтың журналистикасына, әдебиетіне, кинодраматургиясына, қысқаша айтқанда руханияттың бүкіл саласына еңбек етті. Бірінен кейін бірі қадірлі қаламгерлерінен айырылып қалған қазақ әдебиеті әлі де күңіренген күйі, солқылын баса алмай отырған секілденеді...
Айта кетейік, Әкім үртайұлы Әшімов – 1933 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келді. Орта мектепті 1950 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданы (қазіргі Рысқұлов) Жаңа тұрмыс ауылында тәмамдаған. 1957 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының филология факультетін бітірді. 1957-1959 жылдары Жамбыл обылысы Шу ауданы Жаңа тұрмыс орта мектебінде орыс тілі мен әдебиет сабақтарынан білім берді. 1960-1962 жылдары Мәскеудегі жоғарғы кинематография курсында (КСРО мәдениет министірлігінде) дәріс тыңдады. 1962 жылы «Литературный газет» (Мәскеу) Қазақстандағы меншікті тілшісі, 1964 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, 1970-1980 жылдары Қазақстан Киногерлер одағының бірінші хатшысы, КСРО Киноматография одағының хатшысы болып еңбек етті.