Батырхан Сәрсенхан. Түндер сені сұрады, жел де сені
Батырхан СӘРСЕНХАН – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1995 жылы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ақпан ауылында туған.
Халықаралық «Шабыт» фестивальінің Поэзия номинациясы бойынша Гран-ПРИ иегері. Ресейде өткен Дельфи байқауында үздік танылып, өлеңдері «Москва» журналында жарияланған. ҚР Үкіметінің Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік поэзия» номинациясының жеңімпазы. «Өмір-өзен», «Мейірім ғаламшары», «Мәңгілік гүл» жыр кітаптарының авторы.
Үміт
Жұлдыздарды көрдің бе аспандағы,
ол – менің үміттерім.
сынар болса ғұмырдың баспалдағы,
ғарыштың түріп көгін,
айғай салам,
Әй, әй, әй, жұлдыздарым,
әй, әй, әй, көзде ойнаған құндыздарым,
сөнбеңдерші!
мен әлі мұнарамды тұрғызбадым,
мен әлі күбірлесем ғашық жармен,
қалжыңдасам қатулы ғасырлармен.
Байсын маң,
бадамша бел,
буалдыр бақ,
телегей сенімімді суалдырмақ,
жұлдыздар, ел жылар ма ер құласа,
жұлдыздар, көрмеңдерші мен жыласам!
Жүргенім –
жан сөзімнен жыр төгіліп,
Екі сәт.
а) көңілсіздік
б) күрделілік.
мен бармын мама ағаштың бүртігінде,
бүрлесе бұтағынан бүрмелі үміт.
Шығыстан бұйра бұлттар көшер лекпен,
сарбаздай сүйгеніне кешеу жеткен.
Тамшы емес соққылаған тереземді,
кірпияз үміттерім нөсерлеткен!
Ғапыл
– Өтті, – деді өмірден, сол адамды...
сыры қалды, бөз қалды, сарай қалды,
сарай іші ақ түтек борай қалды,
мен ойландым:
демек оның күдігі, күлгені өтті,
өксігені, өпкені, дүрмегі өтті,
ән салғаны, әрнеге тамсанғаны,
қуанғаны, қажыған, шаршағаны,
Шілде ішінде, қыркүйек, қарашада,
көнермеген сезімін еске алғаны,
естелігін өткеннің жастанғаны,
жұмыс күні құрбыға кешіккені,
дүйсенбіде жоспары басталғаны,
Әдепкіде әлдекім «әй» дегені,
әріректе суынған ой дерегі,
әмиянын салғаны төс қалтаға,
әуезімен әдемі сөйлегені,
Өтті бәрі, өкпесі өзге адамға,
үңілегені сарғайған жазбаларға,
үңілгені сарғайған альбомына,
сағыныштың күлтесі маздағанда,
терезеден күмістей қар жауғаны,
алдағаны, өзінен алданғаны,
алқаптағы жап-жасыл қарбыздардың,
таңдай алмай бірісін дал болғаны,
Айлы түнге, ақ түнге көз тіккені,
көзілдірік, күртеше, сөздіктері,
ұялғаны тұңғыш рет жар алдында,
үнсіздікте жанары үздіккені,
өрілмеген, өрілген қыз бұрымы,
сыбыр сөзі, көктемгі, күзгі мұңы.
өтті бәрі, бауырлап көшкен бұлттай,
өтпегені – бір уыс ізгілігі...
Алаң
Долы теңіз бетіндегі қалқып жүрген жаңқадаймын,
жауар бұлттай жалбыз сезім алабымнан тарқамай жүр.
Кімді сүйдім, кімнен күйдім, қайдан келдім, қайда ағамын,
Кімге мәлім тыныш түнде құмыр құстай сайрағаным.
Сәттер өтті,
вагондарда,
саяхатта,
кешқұрымда,
той ішінде,
кітапхана,
жаңа мекен,
ескі жылда,
әрбірінде бір жүрегім, бір жүрегім ғана болған,
көп ойландым бір жарыққа қарай-қарай жағалаудан.
Сенбі күні қимас досты қойнына алды жер анасы,
ол өзі де біле алмады морт сынғанын қара ағашы,
ол білмеді неге келді, неге жүрді, неге кетті,
неге өмірде өкінгенін, неге қуды көбелекті,
неге аруға сөз салғанын, неге өзенге шомылғанын,
неге досын мақтағанын, неге жаттан қорынғанын,
ол білмеді, түкті де енді біле алмастан кетті өмірден,
ақ ажалдың тас тұяғы тақ-тұқ етіп жеткені ме?
...тек ішімнен белгісізді бар дауыспен қайталаймын,
байқамайды оны өңгелер, оны өңгелер байқамайды,
көп ішінде тағы отырмын, тағы отырмын жалғыз ғана,
долы теңіз бетіндегі қалқып жүрген жаңқадаймын...
***
Түндер сені сұрады, жел де сені,
бұлан ойым бұлтпенен белдеседі.
– Тағдыры ғой, – деймін мен, – оны әкеткен,
әйтпегенде аңдаусыз сөнбес еді.
Таулар сені сұрады, кеш те сені,
мен болғандай бүлігі, бәстесері.
– Жолдары ғой, – деймін мен, – оны әкеткен,
әйтпегенде төбемнен өшпес еді.
Көктер сені сұрады, жер де сені,
өзді-өзімен қаталап шөлдеседі.
– Жүрегі ғой, – деймін мен, – оны әкеткен,
жүрексізге махаббат бермес еді.
Білем, білем, сезімдер ес білгенін,
ес білгелі жөңкіген көшкіндерін.
құстар сені сұрады
жалғыз ғана,
сұрамады жайымды ешкім менің...
Бала махаббатқа хаттардан
1
Мен сізді сүйгем, бұрын,
шетке ысырып даңқ пен даналықты.
Жанымның күйген гүлі,
өртеді балалықты.
Үмітке бал ашқан күн,
таласқанмын сені «әлсіз» десе егер де.
Алжастым, адаспадым,
енді бүгін, жолымды кесе көрме!
Мен үнсіз өтінгенмін,
өшіргенмін инедей болса өкпем де.
Сонан соң, бекінгенмін,
жан адамға жарамды көрсетпеуге.
Аңсарлы тілек үшін,
қайтар ем кері айналсам өткен ізге.
бірақ та, білемісің,
кері ағыстар құймайды көк теңізге.
2
Жұлдыздай жаңа туған айдан жарық,
қараймын келбетіңе қайран қалып.
қараймын келбетіңе кекілді қыз,
кекіліңдей ақылым ойрандалып.
Түйір дәнін тағдырдың терең екпей,
Ессіздікке елтімей, елең етпей.
терезеден төнеді түнгі Алматы,
терезеге қонамын көбелектей.
Жалқы ғұмыр аса алмас сәт санаудан,
пері көңіл болғанмен патшаланған.
Сазға біткен сағындым бала арманды,
тау суындай таза еді-ау тап сол арман!
3
Дәл осы момын баққа,
Бұрын да келгендеймін.
Бар ойдан арылмаққа,
Бұрыннан сенгендеймін.
Дәл осы ескі өмірді,
Бұрын да сүргендеймін.
Не сезіп, не істерімді,
Бұрыннан білгендеймін.
Жұбатып арманшылды,
Жап-жасыл жол да қалды.
бәрі де болған сынды,
сағындым болмағанды.
4
...қабірін анасының іздеген жолаушыдай,
бұлақтап екі көзім түпсізге бет алған күн
ұмыттым өзді-өзімді. Құбылып жылнамалар,
көгімнен күлгін дүние бусанып көше берген.
ұқтырды бұдан ары бір нүкте түнге оранған,
ештеме өзгермесін қайғыны еселеуден.
Жексенбі. Қар астында күлімдер ерке гүлдер,
бейне бір сиқырлы шам көргендей аспанымнан.
шынында, мұның бәрі ұқсайды ертегіге,
тек кештеу оянғанда гүл тұрмас бас жағыңда.
***
Ашықтым тағы
ашықтым бүгін,
ғашықпын бүгін əр жанға.
сəулелі сөздер шашыппын бүгін,
Сəуле ме,
сөз бе,
маржан ба?
Біле алман əйтеу өзіммен-өзім,
бөлене берем ақ нұрға.
Бұл қайсы лəззат?
сезінбегемін,
сезбегем, шуақ, тап мұндай!
Түсімде ме екен, өңімде ме екен,
мұнарта түсті дала алдан.
Үмітім қайта семірген екен,
арманым қайта жаңарған.
Жымиған екен ағаштың бəрі,
жұлдыздар хормен салған əн.
Жауынгер шықтар жол аштырғалы,
жауыздық жерде қалмаған.
Жұп-жұмсақ тіптен тас дегенің де,
ап-ауыр құстың қанаты.
Көбелек үні көшкен өңірде,
жүр екем мейірім таратып.
Тек қана мақпал бұлттар жылайды,
Мұржалар –
көкке қарауыл.
жанардың жасы түкке арзымайды,
сенімнің жасы
сол ауыр...
Біле алман əйтеу өзіммен-өзім,
бөлене берем ақ нұрға.
Бұл қайсы күнім?
сезінбегемін,
сезбегем, шуақ, тап мұндай!..
Сен жоқта
(Хадишаға)
Сен жоқта
адамзат неше рет өзгерді,
неше рет көктемгі ұлудай түледі.
Неше рет қараған қойқоңыр көздерге,
неше рет толқытқан арудың білегі,
әкеңді сезіне білсең ғой бүгіндей.
Сен жоқта ежелгі Шумерлер тілінде
Гилгамеш туралы жазбалар табылды.
Және де Византия елдері бірінде
дабылдар қағылды.
Адамдар алғаш рет от жағып үйренді,
алғаш рет тайпалық одақтар құрылды,
үйренді бақсылар аса алып билеуді
садақшы сарбаздың иығы жырылды.
Және де
Пифагор мектебі ашылды,
Евклид ұстаздық жасады ғасырға.
Неше рет ақ жауын төпелеп, басылды,
неше рет үрейге бөледі жасындар.
Сен жоқта Пайғамбар дүниеге келген-ді,
ілімін таратып жалқаулау жаһанға,
кезіпті, кезіпті алуан шөлдерді,
ғаламға мәуесін, сәулесін шашарда.
Және де
бермудқа кемелер жұтылды
жұтылған секілді ескілер жаңаға,
күн қанша күңіренді,
ай неше тұтылды,
әрбірі сиясын бояды санаға.
Сен жоқта ер Данте елі үшін жан берді
байрағы бейдауа бөгелек кезеңнің.
Бруно өртелді,
Коперник сенделді,
адамзат алқызыл түстерге безенді.
Жер құшты қаншама, қаншама жас сәби,
жас сұлу тым ерте ілінді құрыққа.
Және де туылды Ахмет Иассауи
ол менің ұстазым екенін ұмытпа.
Сен жоқта Мәулана мәснауи қалдырды,
жүрегі өртеніп ышықтың отына
өр Хафиз,
мені естен, мені естен тандырды
сен оны сүйе біл, сен оны бақыла.
Және де Мәжнүннің, қарашы, зарына
ол үнсіз әуендер оқиды кереңге.
Назар сал әр бұта, әр саусақ табына,
хақиқат әрқашан, әрқашан тереңде!
Сен жоқта жүрдім мен жолдармен не түрлі,
аламан жастықтың бағында теңселіп,
ол күндер паравоз түтіні секілді
бәріне сүйініп, бәрін де еңсеріп
келемін.
Қызым, сен, өзге бол менен де,
шалдықпай салғырттық аталар індетке.
Еш әуес болмағын жазу мен өлеңге
содан соң
өзіңді сүйгенді құрметте.
Димаш Құдайберген туралы ода
Желке тұсы, кірпігі, қарашығы,
ән салады мейірі, жаны ашуы,
жауырыны, мойыны, қатар тісі,
тең өлшенген Тәңірдің жарасымы
ән салады. Кекілі, көзқарасы,
ән салады қазақтың паң даласы.
саршұнағы, жусаны, суырлары,
ымырт сіңген қаланың қарбаласы.
Ән салады бүршігі, қасат қары,
келіншектал, майдамтал шашақтары,
бөртегүл мен қалампыр пиязшығы,
иектері кемсеңдеп жас аққалы.
Сақ ұланы, сырбаз ер, шаһит баба,
оянады жымиып жатып қана,
оянады тылсыммен уағдаласып,
алтынменен жағасы жақұттана.
Оянады Қозы мен Баян жаны,
қобыз кеуде құлпытас шайырлары,
оянады морт сынған ер найзасы,
бұршақ толы бойтұмар мойындағы.
оянады абыздың мол арманы,
телміргені, тапқаны, жоғалғаны,
жүрегіне сіңгені, толғатқаны,
дүбір-дүбір болашақ қадамдары.
Ән салады бешпенті, алақаны,
ой жанары, сана іші, жан отауы,
күбірлесіп тұнжыр кеш дұға оқиды,
бір әуенмен қызғылтым таң атады.
Ән салады түйсігі, түймелері,
көктем бейне аспанкөз түрге енеді.
Күмбез дүние әнімен буланады,
ол тек қана армандай білген еді.
Дежавю
Алыста... алыста... жүр едім кеште,
жүр едім ойда,
жүр едім есте,
Түнемел, экватор, түтіннен қашық,
күтпеуден қашық,
күтуден қашық.
Кенеттен, кенеттен орнаған дауыл
өзегі қатқыл,
өрнегі ауыр,
мінбері жұтаң, мейірімі келте.
бәрінен бейғам,
бәрінен ерке.
Жүрегім, жүрегім шыдамай түнге,
шыдамай желге,
шыдамай күлге,
қоштасқан көкеділ бүрімен балғын,
тінімен ақшыл,
гүлімен жалқын.
Сол сәттен келмеген көңілге құстар,
сенуге құштар,
өмірге құштар,
сол сәттен енбеген көңілге сана,
сырлар да ала,
сымдар да ала.
Жүрегім, жүрегім, іздеймін сені,
жүремін алға,
жүремін кері,
жүрегім, жүрегім, сенсіз түн өлі,
сенсіз үн өлі,
сенсіз тіл өлі.
...Көрінді сол жүрек ішінен нудың
ішінен талдың,
ішінен күннің,
көрінді қанжардай қырынан айдың,
құмынан шөлдің
шағынан райдың.
Қараймын, көкорай аңғар да бөтен,
арман да бөтен,
бөтен де бөтен,
қараймын, күмісбет шамдар да бөтен,
қалмаған бөтен,
қалған да бөтен.
Жігіттер, іздеңдер алғашқы таңды,
алғашқы ізді,
алғашқы жанды.
Жігіттер, іздеңдер алғашқыларды,
алғашқы ізгі,
алғашқы мәңгі!
Жалғыз раушан
Ертеде ме, ертеде, ескіде екен,
ескі жылдар... нелерді кештің екен?
Жалғыз раушан өсіпті бір мекенде,
жалғыздыққа үйренген өскін екен.
Жалғыз раушан өсіпті бір мекенде.
Қай заманда? Әлгіндей, бұрындары,
дірілдеген бұлақтар жылымдары.
Жалғыз раушан құлпырды бір мекенде,
шөл сезімге тұншыққан сұғынғаны.
Жалғыз раушан құлпырды бір мекенде.
Кезбе бұлттар, шау бұлттар, қонған аппақ,
қиырға ұшып келді де қалбалақтап,
– Сен раушан емессің, – деді бірі,
шулай сақ-сақ күлісіп, ардан аттап.
– Сен раушан емессің, – деді бірі.
Сары желдер, қарабас, шұбар желдер,
маусым желі, мұңлы жел, түнерген жел,
– Сен раушан емессің, – деді олар да,
моп-момақан торы бақ, күрең белдер,
– Сен раушан емессің, – деді олар да.
Содан бері абыржып ай тамағы,
күңгірт қана сәулесіз ой табады.
Өзді-өзінің ұмытқан гүл екенін,
жалғыз раушан қиырда жайқалады.
Өзді-өзінің ұмытқан гүл екенін...
Ақиқатқа ода
Иә, саған дәл қазір жылыған
ауаның қажетсіз құрамы, жарағы.
Шекспир, Сервантес,
Қорқыттың жырынан,
әркімге маңызды несие парағы.
Көрдім мен көгілдір гүлзарға
шашылған жәндіктер сүреңін.
Әріде бағана
үстінде кіл қарға
шуласар:
«Әділдік!
Махаббат!
Жүрегім!»
Міне, сен, бозбала, тазалық жібімен,
енесің діншілдер сапына.
Ал, онда, меже бар
ұғым бар іріген,
айламен үңілген Құдайдың хатына.
Астана. Ала бұлт, тымырсық бір күйге
елтіген ессіздік емлесі.
Экранкөз балалар жұбанбас әлдиге,
ойнаған ұшқалақ саусақтар пернесі.
Үкім бар арсыздық, обалға, зауалға,
өкірер бір дауыс өткенге құн салып:
«Ұлтым-ау, сен неге шыдадың боранға,
Ұлтым-ау, сен неге күйредің мұншалық?!»
Қозғалыс елегі, үнсіздік ағысы,
мехнат пен абыржу үйілген патшалық!
Қарыздар құрдымы
өнбеген дабысы,
ыңыранар намыстар
жығылған тапталып.
Жә, тыныш,
Еуропа – ақыл-ой ошағы,
зау ғылым сыңары, азаттық сенімі.
Ал мұнда,
бір, екі,
бір, екі,
...басады,
алғадай мұратсыз әншілер шеруі.
Тыңда сен, бозбала, жалықпа, жалтарма,
жігіттік бусанар жиырма сегізде.
Жақындар жалғыздық
жетпеген арқаңда,
алыстар көлеңке
ұқсаған егізге.
Кемедей
мүк жапқан тереңге тұншығып,
дос сөзі сыңаржақ тұманға тұнулы.
Ол айтар:
«Өмір бұл – құлшылық, құлшылық!»
Тек айтпас
тануды,
білуді,
ұғуды.
Көрдім мен ұятты тұтқынға алғанын,
көрдім мен ұжданын өлтірген қол ұшын.
Келі де тартпаған ақиқат салмағын,
бақырға сатқанды көрдім мен намысын!
Сөз бітер ызаға маталса көкірек,
ұлғаяр ойлыға ондық шам жарығы.
Әр адам – Гамлет
әр адам жетімек,
алғашқы орнына түспеген қалыбы.
Сен тағы, бозбала, көшеге ұмсынып,
адымдап жүресің әудемге.
Сенсіз де арбасар алқұйын тіршілік,
Дұрысы, қайрылып ұйықтай ғой бөлмеңде.