Қазақ прозасының жеке тембрі

«Шал» әңгімесі – қазіргі қазақ әдебиетін әлемдік контекстпен байланыстыратын көпір...

Mar 27, 2026 - 19:40
 2
Қазақ прозасының жеке тембрі
(Несіпбек Дәутайұлының «Шал» әңгімесіне талдау)
Несіпбек Дәутайұлы – реализм мен әлеуметтік драма арқылы қазақ прозасының жанрын кеңейткен жазушы. Ал «Шал» әңгімесі – қазақ әдебиетіндегі ең терең экзистенциалистік шығармалардың бірі. Әдеттегі қоғам тұрмысын суреттейтін проза деп қабылдауға болатындай көрінгенімен, бұл туынды өзінің ішкі құрылымында адам болмысының терең түкпірінде жатқан қараңғылық пен жарықты, мән мен мағынасыздық арасындағы тартысты, жалғыздық пен уақыттың қиысын шешуге ұмтылған шексіз сұрақтарды қамтиды. Мұндай шығарманы талдау үшін тек әдеби ұғымдармен шектелуге болмайды, қайта ол адамзат мәдениетінің ең терең қабаттарына үңілуді талап етеді.
Шал бейнесін түсіну үшін бізге әлемдік деңгейдегі философтар мен психологтардың тұтас мектебі қажет: Фрейд, Юнг, Ницше, Камю, Сартр, Хайдеггер, Франкл, Шопенгауэр секілді классикалық ой алыптары адамның рухани күйін әр қырынан қарастыруға мүмкіндік береді. Олардың әрқайсысы адам жанының бір бұрышына жарық түсіреді, ал сол бұрыштар бірігіп барып шығарманың толық философиялық панорамасын жасайды. Дәутайұлының әңгімесі осы ойшылдардың ең күрделі тұжырымдарымен үндес. Себебі, «Шал» – бір адамның ғана емес, бүтін бір халықтың, тіпті адамзаттың уақыт алдындағы әлсіздігі мен рух алдындағы күші арасындағы күресінің символы. Адам баласының мәңгілік трагедиясы – өзі түсінбейтін өмірде мән іздеу. Шал да дәл осы мағына іздеу жолындағы жалғыз саяхатшы. Оның ішкі монологтары – тек қарияның мұңайған сөзі емес, ол – адамзат рухының терең дауысын жеткізген үн.
Зигмунд Фрейд ұсынған «ид–эго–суперэго» үштігі Шалдың жан әлемінде өте анық көрінеді. Шал бір жағынан – табиғатпен етене жақын, адамға тән инстинктері әлі өшпеген тіршілік иесі. Бұл – ид. Екінші жағынан – шынайы өмірге бейімделгісі келетін, өзінің қоғамдағы орнын тапқысы келетін саналы адам. Бұл – эго. Үшінші жағынан – қазақ халқының ғасырлар бойғы әдет-ғұрпы, ар-ұяты, дәстүрлі көзқарастары, яғни суперэго. Шал дәл осы үш күштің арасында үнемі қиналып жүреді. Оның табиғатпен сырласуы – идтің жан айқайы. Оның үнсіздігі – эгоның өмірмен тіл табысуға талпынысы. Оның өткенді сағынышпен еске алуы – суперэгоның жоғала бастаған тәртіпке ұмтылуы.
«Оқта-текте ауыл еске түсетін. Сонда туды ғой. Өсті. Бірақ әскерден соң теміржолшылардың оқуын бітіріп, пойыз жүргізіп кетті. Өмірі рельстің бойынан бөлінбейтін, анадайда аузы қисайып әкең өліп жатса да, пойызды тоқтатуға болмайтын кәсіп ол. Осыдан кейін бұл ауылды да, ауылдағы ағайын-туғанды да баяғыда ұмытқан. Олардың да мұны тарс естерінен шығарғаны күмәнсіз. Мұндағылар және білмейді. Дос-жаран дегенге о бастан үйір емес-тұғын. Бірді-екілімен соншалық әмпей-жәмпей болмаса да, анда-санда шай берісіп жүруші еді, әйелі өлген соң ол да тыйылған». Әңгіменің осы үзіндісінен Фрейдтің «өткен жарақаттың оралуы» қағидасы Шалдың жадында жиі көрініс беретінін аңғаруға болады: жады – жай еске алу емес, ол қарттың жанын мазалайтын, бейсаналықтан көтерілген белгі. Шал ылғи өзінің шексіз жалғыздығын сезінгенде өткен өмірін, ауылын еске алады. Мұның бәрі кейіпкер әлемінің күрделілігін айғақтайды.
Ал Юнгтің аналитикалық психологиясы бойынша адам бейсаналығы – жеке тәжірибенің ғана емес, ұжымдық жадының қоймасы. «Кәрі дана» архетипі – осы ұжымдық бейсаналықтың ең ежелгі қабаты. Шалдың даналығы – оқыған білімнің жемісі емес, ол – адамзат тәжірибесінің тереңінен жеткен үн. Бірақ Юнгтің классикалық «кәрі дана» архетипінде данагөй қоғамға бағыт беруші. Ал Дәутайұлының Шалы – өз даналығын жеткізе алмай, қоғамнан бөлініп қалған тұлға. Архетиптің функциясы жартылай ғана орындалады. Бұл – қазақ қоғамының рухани байланысының әлсіреуін білдіретін аса құнды символ.
«Шалдың» ішкі жандүниесінің күйреуін Ницщенің «дүниедегі барлық мағынаның күйреуімен» байланыстырып қарауға да болады. «Шал» әңгімесі – осы құндылық күйреуінің қазақ қоғамындағы кішкентай көрінісі. Бір сөзбен айтқанда Шал: сөзін тыңдайтын ұрпақ, даналығын жеткізетін орын, қоғамда өзіне қажетті мағына таппайды. Бұл – Ницше сипаттаған «мәдениет дағдарысының» дәл көрінісі. Шалдың трагедиясы – жасына емес, мағынасыздыққа тірелген рухына байланысты. Ницшенің «ерік күшіне» қарама-қарсы күш – Шалда әлсіреген рух. Ол күрескісі келеді, бірақ күресер мағына жоқ. Яғни, бәрі – мағынасыз, бәрі – абсурд.
Камю адам өмірінің абсурдты екенін мойындап, сонымен қатар адам абсурдпен күресуі тиіс деген идеяны ұсынады. Шалдың табиғатқа қарап үнсіз ойлануы – абсурдпен келісім емес, ол – абсурдты түсінген адамның ішкі сабыры. Камю жазған Мерсо қандай болса, Дәутайұлының Шалы да өмірден шеттеп қалған, бірақ дәл сол шеттеу арқылы өмірді толық сезінген тұлға. Камюдің замандасы Сартр адамның еркіндігін ауыр жүк деп түсіндірген. Шал – өз еркіндігін сезінеді, бірақ ол еркіндік: жалғыздық, жауапкершілік, мағынасыздық, уақыт алдындағы дәрменсіздікпен бірге келеді. Сондықтан оның еркіндігі – бақыт емес, ауыр салмақ. Осы орайда Шопенгауэрдің трагедиялық пессимизмі ойға оралады. Демек, Шопенгауэрше айтсақ өмір – қайталанатын азап. Шалдың да өмір сүрген кезеңдері үздіксіз қайталанған күнә мен азап қана. Тіпті оның ұлы да кешетін өмір – шексіз азап. «Өмір өтеді ғой. Жылжыған жылдармен бала да өсті. Мектеп бітірерге біраз қалғанда шешесі өлді. Сосын бұл күтуші әйел жалдаған. Өзі жол үстінде болған соң балаға қарасын дегені. Қарауын ол байғұс қарады ғой, бірақ баласы өзі білерменімен өсті. Сыра, шарапқа үйірлеу болды. Сөйтіп жүріп мектеп бітірген. Сұраған парасын беріп институтқа түсірген. Бес жыл бойы сол бергенін жыл сайын бере жүріп оқуын бітірген. Бағы шығар, прокурор болып істейтін дөкейдің қызына үйленген соң, қайын атасының даңғарадай мекемесімен тектес мекемеде прокуратураның қызметкері болып шыға келді. Ендігі талай-талай бел-белеске шырқап шығып, тау төбесінен қарап тұрар ма еді, түбіне ішімдік құрғыр мен қыз-қатын жетті...» бұл үзіндіден құдды бір ұлының санасыздығы мен өмірінің құрдымға кеткенін ғана түсінеміз. Бірақ мұның бәрі тірі бол тұра өзінің бар екенін сезіндіре алмаған әкесінің кесірі екенін бірден ұғынбаймыз. Әкесінің таңдаулары мен шешімдерінің салдары – ұлының өмірі. Дегенмен, біз «әке жалғыздығын» «ұл күнәсіне» тең деуден аулақпыз. 
Н. Дәутайұлының «Шал» әңгімесі белгілі бір тарихи кезеңнің күнделікті өмірін сипаттаған қарапайым мәтіндей көрінгенімен, оның ар жағында тұлға, қоғам және билік, адам және еркіндік, болмыс және шындық арасындағы күрделі байланыстар жатыр. ХХ ғасырдың ірі гуманитарлық ойшылдары – Мишель Фуко, Жан Бодрийяр, Эрих Фромм адам мен қоғамның ара-қатынасы туралы түбегейлі жаңа көзқарас қалыптастырды. Сол көзқарастар «Шал» әңгімесінің ішкі философиялық қуатын ашуға мүмкіндік береді. Біз жоғарыда келтірген философтар мен олардың теориялары Шалдың ішкі жандүниесіне үңілуге жол ашса, ал Мишель Фуконың идеясы оның сыртқы өмірінің қабаттарын көруге жол ашады. Шалдың қоғамнан тыс қалғандай көрінуі – жай қарттық феномені емес, ол – қазіргі дискурстың оны сыртқа ығыстыруы. Фуко шеңберімен алғанда, қоғамда әр дәуір өзіндік шындық режимін қалыптастырады: кім сөйлейді, кім үнсіз қалады, кім маңызды, кім маңызсыз. «Шал» әңгімесінде: қоғам жастың сөзін тыңдайды, жаңа құндылықтарға бас иеді, қарияның дауысы әлсірейді, өткеннің білімі дискурстан ығыстырылады. Шалдың үнсіздігі – оның әлсіздігі емес, қоғамдағы билік механизмінің өзгеруінің нәтижесі. Фукоше айтқанда: Қария сөйлей алмай қалған жоқ — оның сөзін қабылдайтын дискурс жоғалды. Бұл – шығарманың ең ауыр тұсы: даналықтың жоғалуы емес, даналықтың қажетсіз болып қалуы. Ал қажетсіз болу – өліммен пара-пар. Өлімге тұспа-тұс келген адам өзіне жаңа шындық жасауға талпынады. Тек сол өзі қиялдан жасаған жаңа шындық әлемінде ғана өмір сүріп жатырмын деп ойлайды. Жан Бодрийярдың «шындықтың орнын симулякрлар басты» дейтіні осы. Яғни қазіргі қоғамда шынайы өмірді емес, оның көшірмелерін, елесін тұтынамыз.
  • Шалдың әлемі – шынайы:
  • табиғат – шынайы,
  • сезім – шынайы,
  • өмірдің мәні – дәл,
  • уақыт – түпнұсқа.
Ал қоғамдағы жаңа құндылықтар – симулякр:
  • жасанды қарым-қатынас,
  • жасанды бақыт,
  • жасанды әлеуметтік мәртебе,
  • жасанды мәдениет.
Шал осы симулякрлік әлемге бейімделе алмайды. Себебі, ол «болмыстың шындығымен» өмір сүрген адам. Бодрийяр көзқарасы тұрғысынан, Шал – «нағыз шындықтың соңғы куәгері». Ал қоғам – «болмыстың мәнін жоғалтқан» кеңістік. Осы контраст шығарманың трагедиялық қуатын арттырады. Қоғамдағы жаңа құндылықтарды әңгіменің мына бір үзіндісінен-ақ байқаймыз: «Бір подъездің бір қабатында тұратын төрт отбасы жылдар бойы қатар жасап та бір-бірін біле бермейтіні – әркім өзіне-өзі ғана керек. Ешқайсысы да «Оу, осы көршілердің жағдайы қалай өзі?» – деспейді. Өзгелер үшін тұяқ серіппейтін тұйық тірлік. Шал әбден көндіккен. Мұнда ұл болған соң шүйіркелесіп отыру дейтін ұғым бөтен. Ұзақ жыл паровоз кабинасында қиыр-шиыр кезген ғұмыры әуелде далабезер қылып жіберген. Қырықтан енді асқанда қатыны өлді. Қайта үйленген жоқ. Керек қылмады. Пойыздағы қызметті, қыз-қырқынның қызығын місе тұтты. Ойна да күл. Ешкімнің алдында борыштар емессің». Жасанды қарым-қатынас, жасанды мәдениет, жасанды өмір, бірақ шексіз еркіндік. Осы бір шексіз еркіндіктің нәтижесі де, салдары да – өз ғұмыры. Эрих Фромм адамның заманауи қоғамдағы күйзелісін әлеуметтік сипатта түсіндіреді. Оның ойынша: адам еркіндікке жеткен сайын жалғызданады, жалғыздық артқан сайын рух әлсірейді, рух әлсіреген сайын адам өмірден безіне бастайды. Шал – дәл осы динамиканың ішіндегі тұлға. Ол еркін: өз ойының иесі, табиғатқа жақын, ешкімге тәуелді емес. Бірақ осы еркіндік оны қоғамнан алыстатады. Фромм бұл құбылысты: «Еркіндіктің жалғыздықтан қорқуы» деп атайды. Шал еркін болуды таңдамайды – оған еркіндік мәжбүрлі түрде берілген. Бұл еркіндік оны әлеуметтік құрылымнан бөлектеп, терең жалғыздыққа әкеледі. Шалдың ішкі мұңы – Фромм теориясының нақтыланған көркем формасы.
Әке рөлінің трансформациясы: Дәутайұлының «Шалы» және қазақ прозасындағы дәстүрлі әке бейнесі
 «Шал» әңгімесі қазақ әдебиетінде әке мен ұл арасындағы күрделі, жаралы, көбіне үнсіз конфликтіні терең психологиялық деңгейде ашқан туындылардың бірі екенін философиялық тұрғыдан нақтылап көрдік. Шығармадағы шалдың өмірге, қоғамға, өз ұлына қатысты күйі – жеке адамның трагедиясы ғана емес, тұтас бір буынның күйреуі мен урбандалу кезеңінде жойылған әулеттік байланыстардың символы. Жазушы ұсынған образ дәстүрлі қазақ түсінігіндегі «шал» бейнесінен алыс: ол бұрынғыдай ақылман, сабырлы, ата дәстүрінің сақтаушысы емес, керісінше, қала тіршілігінің тасқынында өзін жоғалтқан, ұлының жан жылуын сезе алмаған, өмірінің соңында жалғыздықпен күресетін жан.
Дәутайұлының әңгімесін әке мен бала қатынасына арналған қазақ прозасының басқа үлгілерімен салыстыру оны тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда ең алдымен Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» немесе «Менің атым Қожа» шығармаларындағы әке бейнесін еске аламыз. Соқпақбаевта әке – көбіне жоғалған, қашықта қалған, баланың санасында сағыныш пен аңсарға айналған тұлға. Ол алыстағы идеал сияқты: жылы, жұмсақ, қорғаушы, бірақ әлдебір себептермен қасында жоқ адам. Дәутайұлының «Шалында» керісінше жағдай орын алады: шалдың ұлы бар, жанында, тірі, бірақ әке үшін бөтен. Оны әңгіменің мына бір үзіндісінен байқаймыз: «Жалғыздың жайы белгілі. Өзінен жаралды дегенмен, біртүрлі бөтен. Көбіне-көп анасының бауырында, жанында болды. Бұл пойызбен рельс бойлап қиыр-шиыр дүние кезумен, ресторанда істейтін орыстың ышқыры бос, тоқ балтыр, қалың құйрық, қиылған бел, қаз бөтеге қыз-келіншектерімен алма-кезек көретін рахатымен жүрді, үй-жайды оншалық қаперіне де ала қоймайтын». 
Екі жазушы да әке мен бала арасындағы алшақтықты көрсетеді, алайда Соқпақбаев бұл қашықтықты баланың сағынышы арқылы жұмсартады. Ал Дәутайұлы оқырманға ұрпақтар байланысы үзілуінің қайғылы салдарын қатаң әрі шынайы ұсынады. Мұнда әке де, бала да өмірдің ауыртпалығына мойынсұну арқылы бір-бірінен ажыраған.
Бұған қоса, Қалихан Ысқақтың немесе Мұхтар Мағауиннің әке-ұл тақырыбын көтерген шығармаларындағы эмоционалдық түйіндер де салыстыруға негіз болады. Мәселен, Мағауиннің «Көк мұнары» мен басқа да прозаларында әке ұғымы – ұлттық тамыр, тарихи жад, рухани тірек. Әке өзінен кейінгі ұрпақты рухани жолға салатын иерархиялық биік тұлға ретінде бейнеленеді. Бір жағынан, Мағауиннің кейіпкері әкесін іздеп, соған қайта оралу арқылы өз болмысын табады. Дәутайұлының «Шалында» керісінше: ұлы бар, бірақ ол әкеге сырт айналған, ал әке ұлын іздемейді де, өйткені оған да өзін толықтай жауапты санамайды, «енді кеш қалған» адамның күйі. Мағауиндегі әке – ұл үшін рухани бағдар болса, Дәутайұлындағы шал – жоғалған бағдар, ұмытылған буын, рухани жетімдікке айналған тұлға. Осы контраст шығармалардың идеялық салмағын өзгеше қырынан көрсетеді.
Қазақ әдеби фольклорында, эпоста немесе жыраулар поэзиясында әке – ру басы, елдің тірегі, ақылшы, биік мораль иесі ретінде көрінетін. Дәутайұлы бұл дәстүрді әдейі бұзады: шалдың бойында ұлтын тәрбиелейтін рухани биіктік жоқ, керісінше, ол – әлсіз, жападан-жалғыз, рухани қорғансыз. Осы арқылы жазушы қазақ қоғамының бір кезеңде бастан кешкен әлеуметтік дағдарысын жеке адамның тағдыры арқылы тұспалдап береді. Шалдың болмысындағы құлдырау – бәрінен бұрын әке рөлінің құлдырауы. Ұл үшін әке тәрбиеші, бағыт беруші, үлгі болуы тиіс, ал мұнда ұл әкесінің тағдырын қайталамауға тырысатын адамға ұқсайды. Екеуі бірін-бірі түсінбейді, сөйлеспейді, араларында жылу жоқ, дәл осы эмоционалдық суықтық әңгіме трагизмін күшейтеді.
Осының бәрін қазақ әдебиетінің өз контекстімен салыстырсақ, Шал образы бізге бірнеше туындыны анық еске түсіреді. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Қартқожасындағы» қарттар немесе «Абай жолындағы» Құнанбайдың рухани қарттық кезеңі Шалдың философиялық тереңдігімен үндес. Дулат Исабековтің «Әпкесіндегі» қарт бейнесі, Төлен Әбдіктің «Парасат майданындағы» адам мен уақыт арасындағы күрес, Бердібек Соқпақбаев прозасының психологиялық мұңды тұстары да Шалдың ішкі драмасымен жақын. Бірақ Дәутайұлының артықшылығы – ол Шалды жалғыз психологиялық емес, метафизикалық деңгейге көтерген. Шал – өмірдің мәнін іздеген жалғыз қазақ қана емес, ол адамзаттың уақыттан жеңілген, бірақ рухы жеңілмеген әмбебап кейіпкер.
 Осыны әлем әдебиетіндегі кейіпкерлермен салыстырсақ, Хемингуэйдің Сантьягосымен рухани туыстығын көреміз: екеуінің де күші әлсіреген, бірақ рухы толық құламаған. Толстойдың «Тірі өлігіндегі» Федордың жан күйзелісі, Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» Едігенің уақытпен күресі, Кафканың адамның бақытсыз тағдыры туралы ойлары – бәрі осы Шалдың бейнесін толықтыра түседі. Дәутайұлының бұл туындысы – адамзаттың мәңгілік драмасын қазақ даласының тынысымен, қазақ қарттарының үнсіздігімен жеткізген ерекше шығарма. «Шал» – уақытқа, жалғыздыққа, мағынасыздыққа қарсы тұрған – рухтың соңғы үні. Ол бізге адамның уақыт алдында қаншалық әлсіз, бірақ рухани әлем алдында қаншалық мықты болатынын еске салады. Бұл – қазақ прозасының ең терең экзистенциалдық туындыларының бірі деп жоғарыда босқа айтпадық.
Дулат Исабеков, Тахауи Ахтанов немесе Оралхан Бөкей шығармаларында да әке–ұл проблематикасы кең көрініс тапқан. Мысалы, Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» немесе «Қайдасың, қасқа құлыным?» туындыларында әке мен бала арасындағы байланыс көбіне табиғи трагедия немесе тағдыр соққысы арқылы үзіледі, мұнда тағдыр – орталық рөлде. Ал «Шалда» бұл үзілу тағдырдың емес, адамның жайсыз шешімдерінің, әлеуметтік бейімделудің, рухани тозудың салдары ретінде көрініс табады. Басқаша айтқанда, Оралхан Бөкей – табиғат пен адам арасындағы диалектика арқылы үзілісті түсіндірсе, Дәутайұлы – қоғам, қала, уақыт және адамның ішкі күйреуі арқылы түсіндіреді. «Қар қызындағы» Нұржан, Бақытжан, Аманжанның алғашқы диалогтарынан-ақ олардың «әке» атты ұғымға зәру екендерін оқырман бірден аңғарады. «Біздің әкеміз – соғыс, біз соғыстың перзенттеріміз» дейтінінен-ақ ол буынның қасіретін сезінеміз. Біздің бір аңғарғанымыз, «Қар қызындағы» Қоңқай шал образы мен Дәутайұлының шал образы бір-біріне жақын іспетті көрінеді. Қоңқай шалдың бәрін жолдан адастыратыны, бойжеткен аруларды қорлайтыны, ақыраяғы Аманжанның анасы да зорланып, Аманжан Қоңқай шалдың ұлы болып шығатыны сөзімізге дәлел. Бірақ Қоңқай шал – жиынтық образ. Ол – адам болмысының ең қараңғы тұстарынан толық құрастырылған зұлым бейне. Бұл зұлымдық адам баласы бар кезде тоқтамайды. Шығармада да Қоңқай шалдар дәйім болғанын, бола беретінін айтады. Ал «Шал» образы – қираған кезеңнің адасқан перзенті. Сондықтан оның барлық шешімдері мен таңдаулары тек жалғыздыққа әкеліп соғады. Оның ұлы да – жалғыз. Жалғыз ұлы жалғыздығынан құтқара алмайды. Керісінше, әкесінің ізін басады, тіпті қателіктерін қайталауда озып түседі. Өйткені, ол әкесінен де жалғызырақ. Өліммен де әкесінен бұрын қауышады. 
Осы контекстте «Шал» қазақ прозасының жаңа кезеңіндегі «анти-әке» архетипінің бір үлгісі ретінде көрінеді. Мұнда әке идеал емес, тіпті моральдық тұрғыдан әлсіз, бағытсыз, бақытсыз адам. Бұл образ арқылы жазушы қоғамдағы рухани тоқырауды, ұрпақ сабақтастығының әлсіреуін реалистік тәсілмен көрсетеді. Бұрын әке – ұл мен әлем арасындағы көпір болса, мұнда шал – екі әлемнің ортасында қирап қалған көпір. Әңгіме осы күйреудің үнсіз, ауыр салмағын жеткізуімен құнды.
Дәутайұлының «Шалы» қазақ әдебиетіндегі әке мен ұл қатынасының бұрынғы үлгілерінен мүлде өзгеше бағыт ұсынады. Егер Соқпақбаев ұл тарапынан сезілетін жылы сағыныш пен әкені идеализациялау арқылы тақырыпты ашса, Мағауин әкені ұлттық рухтың метафорасы ретінде сипаттаса, Бөкей әкені табиғатпен сабақтастырса, Дәутайұлы әкені қоғам мен уақыт құрбанына айналған бейшара, психологиялық күйзелістің көрінісі ретінде алады. Бұл әке–ұл байланысына жаңа көркем-психологиялық қыр енгізді, ал «Шал» әңгімесі – осы жаңашылдықтың ең айқын мысалдарының бірі. Біз сөзбен айтқанда«Шал»-дағы кейіпкер образы – қазақ прозасында бұрын сирек кездескен, шаршаған, қоғамнан шет, адасқан, құлдыраған шал образы – модерн әдебиет пен постмодерн эстетикамен үндес. 
«Шал» және постмодерндік кейіпкер типі
«Шал» кейіпкері – перифериялық, бірақ метафизикалық тұлға. Постмодерндік кейіпкер көбіне классикалық «батыр» емес, ол – «әлсіз», «шеткері», бірақ әлемнің мәнін жүріп өткен жолының бойында ашып жүретін тұлға. Мәселен: Маркес әлемінде шеткері қаһармандар арқылы тұтас ұлттың мифологиясы ашылады. Кальвино кейіпкерлері – болмыстың ізін қуған абстракты тұлғалар. Кундерада кейіпкері – тарихи ауырлыққа қарсы тұра алмайтын, бірақ рефлексиясы терең адам. Ал Дәутайұлының Шалы дәл мынадай типологияға жатады: ол – қоғам назарынан тыс тұрған, бірақ өзінің іштей заңдылықтары, өмірге көзқарасы, философиялық түйсігі бар адам. Шалдың сыртқы әрекеті көп емес, бірақ оның ішкі диалогы – тіршілікті жүрекпен «өкшелей» өлшеу. Бұл – постмодернистік прозадағы «маргиналды кейіпкердің» дүниетанымдық биіктікке көтерілуінің жарқын көрінісі.
«Шал» әңгімесін постмодерндік шығарма дейтінімізге тағы бір дәлел оның нарративтік құрылымында. Яғни, уақыт пен кеңістіктің бұзылуы: вариативті уақыт, үзінділік, фрагментарлық басым. Әңгімеде уақыт тармақталып, кейіпкердің өткен шақпен, бала күнмен, өмірдің естеліктерімен араласып кетеді. Бұл тәсіл: Прусттың ассоциативті уақытын, Борхестің спиральды хронотопын, Кундераның уақыттың ауырлығы мен жеңілдігі арасындағы философиясын еске түсіреді. Дәутайұлы уақытты тек хронология емес, кейіпкердің сана ағысы ретінде ұсынады. Постмодернде сананың үздік-үздік суреттері арқылы шындықтың тұтас бейнесін құрау тәсілі басым –«Шалда» да уақыт бірде баяулап, бірде үзіліп, бірде символдық деңгейге көшеді.
Қалыпты кеңістік миф кеңістігіне айналады. Шал өмір сүретін ауылдық кеңістік алғашында реалистік сипатта көрінсе де, біртіндеп символдық сахнаға ауысады. Ол – бір мезетте қазақ қоғамының да, адамның ішкі әлемінің де моделі. Бұл Маркестің Макондо кеңістігімен ұқсас: нақты мекеннен бастап, жалпы адамзаттық болмысқа апарады.
Постмодернде автор көбіне оқиғаға тікелей араласпайды – ол бақылаушы, кейде мәтіннің сыртында тұрған, кейде жеңіл ирониямен қоса жүретін дауыс. Дәутайұлының «Шал» әңгімесінде авторлық интервенция минималды. Автор жылайтын жерінде жыламайды, күлуді күштемейді. Оқырманды өз бетінше түйін жасауға қалдырады – бұл Умберто Эконың «ашық шығарма» теориясымен үндес.
Әңгіменің ішкі ирониясы – адам өмірінің кереғарлығы, уақыттың өтпелілігі жайлы нәзік емеурін. Бұл постмодерндік иронияның мейірімді типіне жатады (Кальвинодағыдай). Ирония ешқашан мысқылға ұласпайды, қайта кейіпкердің трагедиялық болмысын жұмсартады. «Түн баласы қилы-қилы түс көреді. Түсінде марқұм әйелі баласының ит жейдесін көрсетіп, бұған үнемі сұқ саусағын безеп тұрады. Тағы бір түстерінде баяғы сары сайтандар мен қара албастылар емшектері салақтап, жабыла мұны тырағайлата қуып жүреді. «Сендерге не керек?» «Бізге артылдың, енді біз сені мінеміз!». Шошып оянады...» Әңгіменің осы бір үзіндісінен постмодерндік иронияны көріп отырмыз. Бірақ автор оны саналы түрде жұмсартып ұсынады. Кейіпкерді жек көріп те, жақсы көріп те қарай алмайсың. Оны аяғың келеді, бірақ не үшін екенін ұқпайсың. Бұл автордың шығармадағы шешімдерінің жаңашыл екенін көрсетеді. 
Шығармада символика мен көпмағыналылық басым. Шал қарапайым тұрмыстық образдан гөрі, қазақтың жалпы ойлауының символына айналады. Әңгіме бір уақытта: экзистенциалды ой ретінде, ұлттық мәдениет туралы лирикалық эссе ретінде, уақыт туралы философиялық медитация ретінде, адамның жалғыздығы жөніндегі нәзік трагедия ретінде оқыла береді. Бұл постмодерндік полисемиялық мәтіннің белгісі. Дәутайұлының шығармаларының бәрінде де дерлік осы символика мен көпмағыналылықты байқауға болады. Автор оқырманға бір ғана ой ұсынудан, ақыл айтудан аулақ. Мәтін автордан бөлек тыныс алады. Сәйкесінше оқырман мәтінді еркін қабылдайды, шешімді де өз бетінше шығарады. «Бара-бара шал самогон ішуін жиілете түскен. Бәрін ұмытайын дейді. Адам өз күнәсінен үрейленуі сұмдық екен. Жаныңа еніп алған қорқыныш қолқа-жүрегіңді суырып жеп, не ұйқы, не күлкі бермейді. Кеше ғана әлпештеген әсем дүние – атқан таң шыққан күн, туған ай – бәрі-бәрі пәтуасыз бекер болып көріне берген. Бұрын-соңды болмаған өкініш, опыну сезімдері алпыс екі тамырын алма-кезек буындырып бойы бордай тоза бастаған». Шалды іс-әрекеттері үшін жек көре бастаған оқырман шығарманың осы тұсынан бастап оған аяушылықпен қарай бастағанын өзі де аңғармай қалады. Тіпті, онымен сырлас бола бастайды. Яғни, шығарма – тірі. Оның кейіпкері оқырманмен дәл осы сәтте тілдесіп отырғандай болады.
Дәстүр мен модерннің түйісуі: қазақ прозасының постмодернге кіруі
Постмодерн – тек Батыс феномені емес, ол ұлттық дәстүрдің ішінде өмір сүре алады. «Шалда» халықтық таным мен қазіргі нарративтік әдістер тоғысады. Мысалы: фольклорлық даналық, қарияның болмыс феномені, қазіргі адамның жалғыздық күйі, кеңейтілген символдық өріс бір мәтінде параллель жүреді. Бұл тәсіл Маркестің латынамерикалық мифтік реализмін, Орхан Памуктің мәдени кодтарды постмодернмен үйлестіру тәсілін еске салады.
Дәутайұлының постмодернистік стратегиясы механикалық еліктеу емес. Қазақы айту мәнері, психологиялық тереңдік, минималистік стиль, ұлттық лиризм – бәрі өзіндік. Әлемдік әдебиетпен үндестік бар, бірақ ол қазақ прозасының ішкі заңдылығынан туындайды. Әңгіменің философиялық арқауы: адамның уақыт алдындағы дәрменсіздігі, өмірдің өткіншілігі, жалғыздық, болмыстың мағынасы, тағдыр мен еркіндіктің арақатынасы. Бұл тақырыптар Камю, Сартр, Кундера еңбектеріндегі экзистенциалдық ойлармен параллель. Алайда Дәутайұлы бұл философияны қазақ менталитетіне тән мейіріммен береді, трагедияны жеңіл көрсетіп, үмітті сақтап қалады. Бұл – постмодерннің «ирониялық гуманизмінің» ұлттық нұсқасы.
Ең маңыздысы шығарма күн санап өзектілігін арттырып келе жатқандай. Капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқан біздің замандастарымыздың бойында да «Шал» сынды әлдеқандай жалғыздық, қоғамнан оқшаулану, үздіксіз күрестен шаршап, бәріне қол сілтеу, болашаққа деген үміттің болмауы байқалады. Өйткені, жаһандану дәуірінде бәріне бірдей үлгеру, тынымсыз тірлік жасау барлығының қолынан келе бермейді. Осындай қауырт заманда отағасы болу да оңай емес екені түсінікті. Қазіргі жанұялардың шаңырағы шайқалып жатқаны да содан. Адамдар көбірек өз еркіндігі мен жалғыздығын таңдап, жауапкершіліктен қашатынын да көріп жүрміз. Бірақ мұны да адам ретінде кешіруге болады. Өйткені, әр адам – өмір майданында күрескер. Бұл майданда жеңу де, жеңілу де қиын. Осы бір әңгімені оқыған заманауи оқырман өзіне сырттай қарап баға беруі де немесе өз болашағын өзгертуге талпынуы да мүмкін. Ең қызығы шығарма әркімнің сана деңгейіне байланысты әртүрлі әсер етеді. Осының өзі Несіпбек Дәутайұлының ерекше қаламгер екеніне дәлел бола алады. 
Қорыта келе, «Шал» әңгімесі – қазіргі қазақ әдебиетін әлемдік контекстпен байланыстыратын көпір. Бұл шығарма: ұлттық прозаның шеңберінде отырып, әлемдік постмодернистік әдістерді табиғи түрде игерген, көпмағыналы, ашық, символдық, философиялық тереңдігі бар, ұлттық кодты жоғалтпайты заманауи шығарма. Ол Маркес, Кальвино, Борхес, Кундера сияқты авторлармен ортақ эстетикалық алаңға шығады, бірақ олардың көшірмесі емес – қазақ дүниетанымының тілінде сөйлейтін дербес постмодерндік мәтін. Бір сөзбен айтқанда, Несіпбек Дәутайұлы – қазақ прозасының жеке тембрі.
Роза АСПАНҚЫЗЫ,
Ақын, аудармашы