Нұрғали Ораз. Түстіктен ескен жылы леп

Ол өзінің «шығармашылық жеміс ағашын» күтіп-баптаудан, тер төгіп, еңбек етуден әсте жалыққан жоқ. Сондықтан да оның тамырына құрт түспеді, діні шірімеді. Жемістері де ірі болды...

Dec 25, 2025 - 18:27
 1
Нұрғали Ораз. Түстіктен ескен жылы леп

(Жазушы Мархабат Байғұтов шығармашылығы хақында)

Жазушы Мархабат Байғұтов жетпісінші жыл-дардың орта шенінде ең алғашқы әңгімелерімен-ақ оқырман қауымның назарын өзіне қаратып, сырлы да сазды, мұңды да назды сезімдердің нәзік күйлерін шерте келді. Тұңғыш әңгімелер жинағы «Шілде» деп аталады. Мұның өзінде де жаратылыстың жұмбақ сырындай бір жүйе, заңдылық бар секілді. Өйткені, шілде – ең ыстық мезгіл. Кейіпкердердің ішкі жан дүниесіндегі сезім-толғаныстары, арман-мұраттары да көңілге соншалықты ыстық, соншалықты таныс.
«Шілдені» кезінде бір оқыған адамның әлі күнге ұмыта қоймағанына өз басым кәміл сенемін. Ондағы аздап ұяңдау, ұялшақтау кейіпкерлердің мөлдір бұлақтай таза да шынайы сезімдерін, ішкі жан дүниесінің нәзік құбылыстарын естен шығару әсте мүмкін бе?! 
Бәлкім, бүгінгі қиын-қыстау өмірдің, қатал уақыттың өкпек желі мен қара суығы ол суреттерді санамыздан өшіріп, сарғайта бастаған да болар. Бірақ, бәрібір «Шілдені» қайта қолыңызға алып, көз жүгіртіп көрсеңіз, жас кезде өзіңіз көп айтқан әннің қайырмасы есіңізге қайта оралғандай бүкіл жан-дүниеңіз нұрланып, жадырап сала берері хақ.
«Гүлжазира» әңгімесіндегі қыз айттыра барған тракторшы жігітті, «Момын шал» әңгімесіндегі майданнан он саусағының бір саусағы ғана аман қайтқан сиыршы қартты, «Күн астындағы Күнікей қыздағы» ақбоз атпен жүріп марал баққан қыз Күнікейді, «Шілде мен Егінбайдағы» қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп, біресе комбайншы-ларға су тасып, біресе сиыр бағып жүрген, сөйте жүріп іштей Майра қызға ғашық боп та жүрген бозбала Егінбайды қалай ұмытарсыз? Олардың бәрі де өмірдің өзінен алынған қарапайым да, арманшыл кейіпкерлер емес пе? Кейде тіпті, сол бір акөңіл де елгезек Егінбайдың:
«Жаз айналып жеткенше-е...
Жердің сызы кепкенше-е...», – деп ыңылдап айтатын әннің әуені де құлағыңызға жеткендей болмай ма?..
Ән демекші, жазушының сыр мен сезімге ғана құралған алғашқы әңгімелері, шынында да, әнге ұқсайды. Ән секілді көңіліңізді тербеп, жан дүниеңізді толқтады. Бұл жазушының табиғи талантынан бастау алған тау бұлағындай таза да мөлдір сезімнің әсері. 
«Шілдеден» (1978) соң арада екі жыл өткенде оның «Сырбұлақ» кітабы жарық көрді. Жазушының кейіпкерлері есейіп, өмірдің әрқилы ситуацияларына түсіп, күрделі әлеуметтік мәселелерді бастан кеше бастағаны, сонымен бірге әңгімелерінің көлемі де ұзара түскені бірден-ақ өзге анық шалынды. 
«Теңелбай» әңгімесіндегі жастайынан жетім қалып, дәуқара өгізбен бірге қара жұмысқа ерте араласып кеткен Теңелбай «Шілде мен Егінбайдағы» Елгезек Егінбайға қарағанда тағдыры қиын, мінезі ауыр кейіпкер екенін салған жерден-ақ таныта келді. Теңелбай ұялшақ емес, өз ойындағысын ашық айта алатын батыл кейіпкер. Жастайынан жетім атандырған тасбауыр тағдырына, Дәуқара өгіз екеуін жөнсіз қыспаққа салып, қинамақ болған саяси жүйеге де қарсы шыққысы келеді. 
Көрші колхлздың бастығы Сайрамбаев деген жолдас аудан бойынша үндеу қабылдаған екен. Сол үшін осы маңдағы барлық колхоздың егіншісі тайлы-тұяғымен қалмай барып, ертең кешке түгел жыртып беруі керек бопты. Өйткені, Сайрамбаев бүрсігүні райкомға рапорт береді дейді. 
Міне, бірте-бірте саяси терминге айналған «показуха», барып тұрған көзбояушылық осы. Өз күшімен орындай алмайтыны бар екен, әу баста үндеуді неменеге қабылдады. Мұндағы жұмыстан титықтап, қалжырап келген Дәуқара өгіз енді оның қосымша жұмысын атқарамын деп жүріп, зорығып өлмей ме. Жоқ, Сайрамбаев жолдастың онымен ісі жоқ. Оған қалай да ертең райкомның алдында жақсы атты болу керек. 
«Дәуқара өгіздің бүйірі солқ-солқ етеді. Ай мүйіздерін шайқап-шайқап қояды. Көздерінен сорасы сорғалайды. Жылап тұрғандай. 
– Мына өгіз бармаймын деп тұр ғой, – деді Теңелбай. 
– Давай, бала, қалжыңды тоқтат. Жиналыңдар, жол, міне, – деді Көсеубай. 
– Қаяқтағы қалжың? Қаяқтағы қылжыңды айтып тұрсыз? Қаяқтағы?!, – деп Теңелбай қалшылдап қоя берді-ай сол кезде.
– Қой-әй, қой-әй, бала!, – деді көршілес колхоздан келген кісі. – Сенімен салғыласатын біз емес, айналайын. Жай сөзге түсінбесең, бұйырамыз да айдап апарамыз. Үндеу дегенді түсінесің бе өзің, үндеу деген не, а?».
Шындықты айтамын деп «Сырбұлақ» артелінің бастығы келіп қалды. Төбесінен Көсеубаймен сөзге қамшы үйіріп, «бұзақы, жетім» деп даттағанына шыдай алмай, оны (артель бастығын) ат үсінен жұлып алды. Бұл не? Ереуіл ғой! Иә, кішкентай да болса. Жалғыз адамның болса да ереуілі. Демек, бұл – социалистік саясатқа қайшы оқиға. Социалистік реализм бағытындағы әдебиеттің өз ішінегі ереуілі. Сол кездегі «Литоның» (цензураның) осы тұсты қырқып тастамай, қалайша аңғармай өткізіп жібергеніне таң қаласың.
Жоқ. Оған таң қалатын дәнеңе де жоқ. Егер таң қалу керек болса, цензураның сүзгісінен үлкен шындықты сыздықтатып өткізіп жіберген жазушының шығармашалық шеберлігіне таң қалу керек. 
Жазушы шеберлігінің шыңдала түскенін көрсеткен шығармаларының бірі – «Чеховтың моншасы» атты әңгімесі еді. Бұл әңгіменің әлеуметтік, психологиялық әуені әдебиетсүйер қауымды бірден-ақ елең еткізді. Айтулы көркемсөз шеберлерінің өздері де көңіл бөліп, жылы лебіздерін білдіріп, жас жазушының қалам қарымына тәнті болысып жатты. 
Бір қарағанда елеусіз, күнделікті тіршілікте кездесе беретін оқиға – моншадағы фикус жапырақтарын қорғаймын деп шыр-пыр болған жеті жасар сәби Сәрсенғалидың тоғышар Тойжігіттің қолын тістеп алуы – оқырманның санасында біржолата сақталып қалды. Өйткені, бұл әрекет – жер бетіндегі барлық ақ ниетті адамды әлеуметтік теңсіздіктерден қорғасақ екен; оларды екіжүзді, жылпос жандардың табанының астына салмасақ екен; сөйтіп мынау жарық дүниеде әділдік орнаса екен деп шырқыраған күнәсіз, пәк жүректің ұмтылысы еді. Әңгіменің тұңғиық психологиялық сарыны әу бастан-ақ осы нысананы көздеп, желіні сыздаған жаңбырлы бұлттай бірте-бірте қоюланып, түнеріп келеді де, әшейінде бос, болбыр, әлжуаз келетін Сәрсенғали моншадағы фикус жапырақтарын қорғап, Тойжігітке қарсы тап берген сәтте шатыр-шұтыр найзағайы ойнап, көкіректе қордаланып қалған ыза-кектің қара нөсері селдетіп құя жөнеледі. Әртүрлі типтің , қилы-қилы характердің бір ортада еріксіз түйісіп, қатар өмір сүрген, сол арқылы ақтың қараны, қараның ақты анықтай түсетініндей қызық та қиын параллельмен өтіп жатқан өмірлері кім-кімді де терең ойдың түбіне батырады.
Осы жинақтағы «Сырбұлақтың бойында», «Иван Кузьмич», «Жаңа тірлік» атты әңгімелері де оқырманды бейтарап қалдырмайды; алғашқысы оқиға желісінің қызғылықты дамуымен, одан кейінгісі терең психологиялық ішкі ағысымен, ал соңғысы әлеуметтік сарынымен баурап ала қояды. «Сырбұлақтың бойында» атты әңгімесі, «Тобылғы гүлдегенде» атты шағын повесі кезінде «Жалын» баспасының жастар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларға жарияланған дәстүрлі бәйгесін жеңіп алған-ды. 
«Сырбұлақтан» кейін «Интернаттың баласы» (1985), «Нәуірзек» (1988), «Қорғансыз жүрек» (1993) деп аталатын кітаптары дүниеге келді. Бұл – жазушы үшін жемісті жылдар болды. 
Жеміс демекші, шынында да, жазушының шығармашалық өсу, даму жылдары мәуелі жеміс ағашының өміріне ұқсайды екен-ау. Егер Мархабат Байғұтовқа байланыстырып айтсақ, «Шілде» – шығармашылық жеміс ағашының ең алғашқы мәуе салған жылы, «Сырбұлақ» – көз қуантқан, үміт отын тұтатқан жылдары, ал енді «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек» – нағыз жемісті жылдар, бағбан (жазушы) еңбегінің жанған, ел-жұртты (оқырманды) тойындырған жылдары. 
Ол өзінің «шығармашылық жеміс ағашын» күтіп-баптаудан, тер төгіп, еңбек етуден әсте жалыққан жоқ. Сондықтан да оның тамырына құрт түспеді, діні шірімеді. Жемістері де ірі болды. 
Өз басым осы күнге шейін асып-тасқан, әлдемкімнің алдында кеуде керген Мархабат Байғұтовты көрген емеспін. Тіпті, шығармашылық табыстарына шаттанып, қатты қуанған кездерін де білмеймін. Керісінше, алдыңғы жақтан тағы да бір биік асуды көргендей ойлана көз тігіп, іштей соған әзірленіп, әп-сәтте бойын жиып ала қоятын секілді. Кейде тіпті, ауыр ойдың салмағынан жаншылғандай еңсесі езіліп, көз шарасының тұңғиығында бір терең мұң пайда бола қалатыны бар. 
Сөз зергері Тәкен Әлімқұлов кезінде Мархабат туралы: «Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады», – деп қапысыз дәл тауып айтқан-ды. 
«Интернаттың баласы» – оның үшінші кітабы. Жазушы шеберлігінің жаңа белеске көтерілуімен бірге, алдағы уақытта тағы да бір өзгерістің, соны жаңалықтың боларын сездіретін кезеңі секілді. Өйткені, бұл кезде оның жазушылық тәжірбиесі жинақталып, қалам қарымы нығайып, шығармашылық шеберлігі арта түскен-ді. Үлкен өмірдің айдынындағы жеке адамның тағдырын; ешкімге зияны жоқ, арманшыл жанның көрген қиянатын, зәбір-жапасын, бүлінген өмірін бүге-шүгесіне дейін көрсете білу («Интернаттың баласы» повесінде) салмақты да ойлы прозаның объектісі, таланттың прозаиктің тыңғылықты еңбегі екені ә дегеннен-ақ анық көрінеді. Өз басым алғашқыда осы повестің түйінін – эпилогын жан-жүрегіммен сезініп, толық сеніммен қабылдай алмаған сияқты едім. 
Бірақ, жазушының бұдан кейінгі «Нәуірзек» атты кітабындағы «Патефон» деп аталатын повесін оқығанда ғана сол бір эпилогтағы қаламгердің көңіл-күйін, ниеті мен бағдарын тереңдеп түсінгендей болдым.
«Патефон» – жалпы қазақ әдебиетіндегі көңіл қуантарлық жаңалық еді. Бұл – ауылда құрылған ең алғашқы балабақшаның қызықты тарихын көркем тілмен, көркем оймен толғаған тұңғыш шығарма. Алайда, біз үшін оның тарихи құндылығы емес, идеялық құндылығы әлдеқайда маңызды. Бұл идея – М.Горькийдің «Жасай бер, адам!», «Жасай бер, адамгершілік!» деген жүрек тереңінен толқып шыққан үн.
Бүкіл ауылдың баласын өз баласындай бауырына басқан ана, тұңғыш ашылған «Нәуірзек» атты балабақшаның алғашқы тәрбиешісі де қадірлі парызды ұрпақ тәрбиесін болашақ міндетін атқарушы жан.
«Ескі әндерді ұмытуға болмайды-ау» авторлық реплика шығарманың соңына таман:
«Күзге қарай күнгейдегі ауылдан суық хабар жетті.
Әсем ана дүниеден қайтыпты. 
Ентікпеден емес, жүректен кеткен. 
Міне, менің әнім осы», – деген мұңдылау сарынмен түйінделеді.
Ал, осы екі аралықта айтылатын «ән» – адамгершілік туралы. Дүниедегі ең тамаша ән. Ұмытылмайтын ән. 
«Таудағы андыз» повесінде де осы – адамгершілік туралы «ән» айтылады. Бұл жолы оның әуен-сазы ауырлай түседі, тыңдаған адамның жанын сыздата түседі. 
Балалық бал дәуренді бірге өткізген бір топ кластастың жиырма жылдан кейінгі кездесуі – мақсат-мұраты әртүрлі, ниет-пиғылы әртүрлі, тағдыр-талайы әртүрлі, әлеуметтік дәрежесі әртүрлі жандардың ұшырасуы болды да шықты. Міне, өмір дегеніңіз осы. 
Бірақ, олардың ой-сезімдерін бір арнаға тоғыстырып, іштей біріктіретін нәрсе – өткен күндердің естеліктері, он бір жыл оқыған мектеп, сабақ берген мұғалімдері, қыршын кеткен құрбыларының зираты. Сондықтан да бүгінгі мен кешегі күннің жыл айрығына қайтып оралғандай қызық та шырғалаң сезім күйін кешеді кейіпкерлер. 
Әрине, мұның бәрі де жазушының шеберлігімен ғана шым-шымдап, оқырманның жаңа дүниесіне еніп, сана сезімін баурап, әлгі кейіпкерлер жүрген ауылға қарай алып кете барады. 
Бір кездері – әдебиет пен өнерге, әсіресе әдеби сынға деген сый-құрмет бәсеңдемей тұрған кезде Б.Сарбалаев: «Мархабат Байғұтовтың «Жалбыздың жағасында», «Доланай шахтасы», «Айып», «Дауыстың түсі», «Жемелек», «Шел» сияқты шығармалары оның қазіргі қазақ әңгімесінің шеберлері қатарына қосады», – деп жазып еді. Біздіңше, қысқа да нақты, әділ пікір осы сияқты. 
Егер осы нақтылықтың өлшеміне тағы да бір жүгінсек, Мархабат Байғұтовтың соңғы және ілгері жылдары жазған әңгімелерінен қазақ әдебиетінің ең таңдаулы әңгімелерінің қорына «Жанымайдың жотасы», «Үш үй», «Киікоты», «Чеховтың моншасы», «Кандидат», «Кезеңдегі музыка мектебі», «Бір дорба диплом», «Жылқы атылған түн» әңгімелерін қосуға болар. 
Жазушының соңғы келіп тоқтаған биік белесі – «Жазушы» баспасынан 1993-жылы жарық көрген «Қорғансыз жүрек» атты кітабы.
Қарапайым оқырман ретінде мен Мархабат Байғұтовтың «Қорғансыз жүрегін» енді ғана оқитын жандарға іштей қызығамын. Әсіресе, «Бір дорба диплом» әңгімесіндегі кейіпкер Қаншайыммен, «Үш үй» әңгімесіндегі Қисаның әкесімен, «Кезеңдегі музыка мектебі» әңгімесіндегі композитор Кемел Байсаловпен алғаш рет танысатындарға қызықпау тіпті мүмкін емес сияқты.
Әңгімеде әйгілі композитор Кемел Байсалов Оңтүстікке қарай сапар шегіп келе жатыр. Ең негізгі мақсаты – өзі пір тұтатын Айтпай күйшінің аруағына бас иіп, мәңгілік мекенін бір көріп қайту. Құмды өңірдің қиян шетіндегі ауылға біраз қиыншылық пен жол азабын тартып жетті. Күйшінің атындағы музыка мектебін көрді. Қуанды. Енді оның зиратына бармақ болды. Бірақ...
« – Ол кісінің жатқан жері мынау тұр ғой, – деді жергілікті композитор бұлдыраған биіктеу дөңді көрсетіп. – Жақындап баруға болады, бірақ тікелей басына жету мүмкін емес.
– Неге?, – деп шошыды астаналық композитор. 
– Сізден жасырып қайтеміз, шыны солай. Биік, ну тікенек, түйе көрінбейді, ит тұмсығы өтпейді.
Композитор Кемел Байсалов жанындағыларға таңдана қарады. Алматыда, Алатаудай заңғардың бауырындағы астанада жүріп аһ ұрып, Айтпай күйші дегенде таңдайлары суырылып сөйлейтіндердің бірі – өзі еді. Осы Кемел Байсалов болатын. Былтыр, ие, былтыр ғана Айтпай күйшінің тоқсан жылдығын бәрі атап өткен. Ұлы композитор, теңдесі жоқ күйші туралы бір атақты профессор баяндама жасады. Сөз сөйлеушілер не айтпады сонда. Солардың бірде-бірі Айтпай күйшінің моласы қараусыз, күтімсіз жатқанын білмейді-ау. Білмейді».
Міне, жағдай осылай!..
Осыдан кейін бүтіндей бір ауылдан, бүтіндей бір өлкеден, бүтіндей бір зиялы қауымнан түңіліп кетуге болатындай!..
«Бәрінің бастары салбырап, кері қайтпаққа бет алған. Кемел Байсалов кенет бір үн естігендей, күмбез жаққа қарады. Құлағында ма, қиялында ма жүретін дыбыстар тізбегі керуендей жөңкіліп өтті», – жазушы өз оқырманын қызықты да күлкілі оқиға желісіне қарай тарта жөнеледі. 
Содан соң біз еңбектеп ен тікеннің арасына кіріп кеткен Кемел Байсаловты, қалың моланың арасымен зымырап қашқан жас баланы көреміз. Бар күшін жинап, қуып кеп берген композитор оны әп-сәтте ұстай алады. Әлгіндегі қорқынышы енді қуанышқа – Айтпай күйшіні шын сыйлайтын, оның ешкім білмейтін бір күйін білетін баланы осылайша кезіктіреді. 
« – Кімсің?, – деді композитор.
– Сіз кімсіз?, – деді бала. 
– Бірінші мен сұрадым емес пе?
– Адаммын» («Қорғансыз жүрек», 84-бет).
Міне, жазушы тағы да «Жасай бер, адам!» деді. Шынында да, мыңымыз ұмытып кетуіміз мүмкін, бірақ біріміз өлеміз. Мыңымыз мәңгүрт болып кетіміз мүмкін, бірақ біреуіміз Адам болып қаламыз ғой. Бәлкім, ғасырлар бойы адамзат Өнері өзін-өзі осылайша сақтап келе жатқан болар!..
Бүгінде 50 жасқа толып отырған қаламгер қарымы осындай.
25 қазан, 1995 жыл