Дәулет Телманов. Алтай жақ ақ көрпесін жамылғанда
Өн бойыңнан пейіштің исі аңқыған, Періштедей қыз едің шана мінген.
Дәулет ТЕЛМАНОВ – ақын. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Берел ауылында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған.
Қимас
Жауға бермес жалқымдай,
Дауға салсаң жаншып өтер жалпымдай,
Нарға салсаң көтермеген нарқымдай,
Ескілікті сарнай берер салтымдай,
Үзілерде үнем қылып әр демін
Қалжыраған қартымдай;
Дүниенің ерте аңдаған тар, кемін
Суға кетсем тал қарматар дәрменім.
Соңғы жұтым сарқындай
Бір қимасым бар менің...
Жаз көгінде жанып-сөнген жарқылдай,
Қаңсып жатқан құмға құйған жаңбырдай
Аран бар да тойым жоқ
Өтеді екен бұ тірлік
Ойран басы ойын боп,
Сайран соңы сағыныштан артылмай.
Әлде шаттық, әлде мұң
Оны ойласам неге екіұдай хәлдемін?
Соңғы жұтым сарқындай,
Бір қимасым бар-ау, бар ғой, бар менің!
***
Мың құбылған дүниенің
Жүз кеселі, бір кемі-ай!
Келмесе де күйрегім,
Кеміп жатқан күндер-ай!
Бар еді бір айтарым
Кетпеу үшін арманда-ай!
Шулайды енді ойларым
Жел шайқаған ормандай.
Бармын ба шын мен сенде?
Кеткендеймін бұлт асып.
Көк сағымға ерсем де,
Кезікпеді бір қазық.
Шешілмеген күрмеуі
Шемен кімнен арылды?
Басқан сайын ілгері,
Іргем сонша тарылды.
Қасқая өскен дауылға
Мен болайын еменің.
Қайран осы қауымға,
Болса титтей керегім...
Көңіл осы не дейін?
Басылмады жоқтауы.
Кезе, кезе берейін,
Кезіккенше Қап тауы.
Келмеп еді күйрегім,
Кеміп бітер күндер-ай!
Мың құбылған дүниенің,
Жүз кеселі, бір кемі-ай!
***
Алысты аңсап аққасқам, азынаулым
Қиыр кетсек қазақтың кезіп ауылын.
Топ бастап тойға асығып, тобылғыдан
Жол алды жебе жонып қозыжауырын
Құйғытып күлік мінсем қиырларға,
Жиын аңсап қайтейін жиырмамда.
«Жеті Пірім жебеушім жар бол өзің,
Табиғат өзің Тәңір сиынғанға».
Төре тұсын көсілген түздің жайлап,
Қызды ауылдың думаны қыж-қыж қайнап,
Қыза сөйлеп отырсақ қымыз аңқып,
Кезіккен әр кермеге тізгін байлап.
Қу шанақ қасымаған бір ән қалмай,
Қауым ел қайтармайды құмары қанбай.
«Қайран-айлап» қалатын қарт кеуделер,
Сақалын сағынышқа суарғанда-ай!
Ол заман бастан мәңгі өтті десіп,
Барады өмір бағытсыз көшке ілесіп.
Кеселінен сескеніп көкауыздың,
Кер қоғамға қор болдық боқ күресіп.
Күмбір әуен көңілді елеңдетіп,
Менен де өтер бұл жастық, сенен де өтіп,
Қол аңсатпай киелі қоңырымның
Қос ішегін жүрші сен бебеулетіп
Тым болмаса...
***
Тұнық ауа, тыңшы жел, тынған алап,
Қиялымды қай жаққа бұрмаламақ.
Шұғыласын тұс-тұстан жинап алып,
Құбылаға сүңгіді күн домалап.
Бұлт бауырын күйдіріп таңдағы нұр,
Тірлік пен түн арасын жалғады іңір.
Бұлтқа ұмсынып, бұлқынып кеуде ішінде,
Қызыл бауыр ойлардың арманы жүр.
Төбесіне көтеріп момын Айды,
Азан-қазан төңірек жамырайды.
Төл үніне тұншыққан тыныштықта
тербетіліп отырып қоңырайдым.
Бір күніме жеткізіп бір күнімнен,
Мезгіл мынау, тұмсығы түнге ілінген.
Жұлдыз біткен жұтылып жанарыма,
күмбез көкке шаншылдым кірпігімнен...
Жан бітіріп ойлардың елесіне,
Жарқын сәттің оралар көбі есіме.
Өзеннің сыңғырынан орман мызғып,
Самалдың әлдиінен тау есінеп...
Шырқыратып соңғы рет шыбын жанын,
Тәмамдаған жандар ма ғұмырларын.
Ағып түскен жұлдызды санап әрбір,
Арманымды күбірлеп, ырымдадым.
***
Шағымнан сонау ес білген
Тәңірім сен деп танығам.
Емеурін күтпей ешкімнен,
Шалғайдан саған шағынам.
Сағынып түбі бір келем
Санамнан сілкіп сарыуайым.
Алтайдың басын бүркеген,
Бусаңқы бұлттар баурайын...
Сағынды анам елеңдеп,
Ертекке балап ертеңін
Тағдыр деп, мұң деп, өлең деп,
Ұзаққа кеткен тентегін.
Ал тағдыр нендей мұң артпақ?
Табармын деумен бір емін.
Саяңнан ерте жырақтап,
Саяқсып кеттім, білемін...
Күндерім қанша сарғайды
Бітпейтін егес, дау, қырғын.
Тайқылау біткен маңдайды,
Тасқа да соқтым, тауға ұрдым.
Қарсы сап талай ағынға
Табылмай жүрген дерегі...
Сағыныш па әлде, сағым ба
Сандалтқан сонша не мені?!
Төзімді уақыт түгесіп
Түңілем кейде төмендеп.
Ақшулан бұлтқа ілесіп,
«Адасып кеттім бе екем?», – деп.
Бастым тек өрге құмар боп
Бөгелмей жыра, жықпылға.
Бұл күйімді ұқса ұғар деп
Буырқанып тасқан Бұқтырма!
Отырам сосын, ой батпан
Айналам айқай, шуылдақ.
Есіме түскен бейуақта,
Ескі бір әнді ыңылдап...
***
Мың бояулы ғаламның бір түсі боп,
Бұл ғұмырды кешуде ол тұңғыш рет.
Жиі сұрақ қояды өмір одан,
Өзі жайлы көп нәрсе білгісі кеп...
Кеңістік пен уақыттан тыс дерегі,
Көп жайтқа сендірді өлең күштеп оны.
Алуан сағым соңынан адаспаса,
Қолынан әжептәуір іс келеді.
Болсын-ақ елден алғыр емес, мейлі
Өзіне аян не іздеп, не көксейді.
Еркіндігін аңсатқан есіл тағдыр,
Көзіне кербұғылар елестейді.
Кие тұнған сөз аңсап кіл астары
Жолда жүр шексіздікке ұласпалы.
Айналасы «ақын» дер, «қияли» дер,
Ашынғанда айтары: «Рас бәрі...»
Жат пікірді жолатпай жанына оғаш
Аярлықтың имеді ол заңына бас.
Сенгендері сан мәрте сан соқтырып,
Бармақ тістеп жүргені тағы да рас!..
Тылсымға оның және бар сенетіні,
Көрерінен көп содан көретіні.
Түпсіз ойға тартады түсіне ылғи
Топтанған тобылғы, арша енетіні...
Баурайы жасыл қырат, шалғайы – қар
Арқа сүйер тірегі, Алтайы бар.
Ақ боранның өтінде есейгесін,
Таусылатын жөні жоқ hәм тайынар.
Көз жасын кешіп күнде көп арманның,
Ұнайды ой-жұлдызға оранған түн.
Бір ауыз сөз жауабын елге қимай,
Жерге сыймай жүрері содан бәлкім...
Шағы үстем арға иіліп, жарға аттаған
Құмырсқаның да қайғысы ортақ-ты оған.
Беу, ағайын! Түбінде қара да тұр
Тірлігінде у қалмас Ол татпаған.
P.S. Табан төсеп тас пен құз, тау, құмыңа
Ей, дүние бар қызық, бар мұңыңа
Осынау тәуекелді тағдырына
Кезі талай келеді, келеді оның
Асықпай жауап берсін, барлығына...!
Балалық элегиясы
Қазан соңы...
Алтай жақ ақ көрпесін жамылғанда
Уақыт таппай бір мезет дамылдарға
Таудың төсін сызғылап бір топ бала,
Із сала бастаушы едік қалың қарға.
Дүниенің беймәлім мұңы бізге,
Шаттық нұры ойнайтын жүзімізде.
Шанамызды сүйретіп, қар омбылап,
Таңсәріден кетуші ек қызық іздеп...
Аңсарым ең, алғаусыз бала күннен,
Сарсаң ойдан ада кез сана мүлдем.
Өн бойыңнан пейіштің исі аңқыған,
Періштедей қыз едің шана мінген.
Мен бұзықтау ұл болып, сен ерке қыз
Талай-талай бақытқа бөленгеміз.
Ойлап тұрсам, періштем, сол кезден-ақ
Құлдилауға құмар ек төменге біз.
Кездер сонау, кеудеңде сыр бүгулі,
Сезім, шіркін, етпеді кімді мұңлы?
Жанымды елжіретіп, көрген сайын
Көтере алмай тұрушы ең кірпігіңді...
Батылым жетпей менің қарауға тік
Қалың қарға алғанмын сан аунатып.
Сырттай мұздап, қалтырап, жаурасақ та,
Іштей жанып, өртеніп, алауладық...
Қазан соңы... Көңілім қыстығады,
Естелікке қаншама іш тұнады.
Сол кездегі сен атқан суық қардың,
Денемнен кеткен емес ыстығы әлі...
Көшінде талай-талай күн-керуеннің
Алдыңа кеп қанша рет күрмелгенмін.
«Жақсы көрем», – деп тағы айта алмадым,
«Сүйемін» деу, сөзі еді үлкендердің.
Жанарыңмен жанарым арбасқанда,
Бақ құсындай көруші ем қонбас қолға.
Ажарыңа арбалып ай астында,
«Ақын болам», – деп едім алғаш сонда.
Нелер түтіп санамды, нелер кезді,
Әйтеуір бәрі, бәрі менен безді...
Ұйытқысына айналдың сен бір үйдің,
Ақын болып кеттім мен, не өзгерді?!.
Тағдыр ғой деп, қараймын таңданып құр
Қазан соңы... Алтайға қар жауып тұр...
***
Жастыққа басым тисе болды, екі құлағымнан
аққудың сыңсыған даусы естілетін.
Қалихан Ысқақ
Қанша мәрте қош айтуға шақ тұрдым,
Ортасында өң мен түстің, бақ-мұңның.
Аққу-бұлттар аспан төсін айдын қып,
Салқын тәнін әнге ораған сәт түннің.
Қоштасу ма, аңғартпақшы бұл нені?
Аққу-бұлттар айнала ұшып жүргені...
Түсімнен бір шықпай қойған сонау жыл
Шоғыр-шоғыр жұлдыз жауған түндері.
Сол аққулар – ән аққулар ерке тым
Менің нәби түстерімнің көркі-етін.
Өмір жайлы аңыз толғап түнімен
Аңсарымды аспан жаққа елітетін.
Үйірлерін жазбай елі топтанып,
Аққулар-ай ару қылық, ақ мамық!
Таң алдында жоғалатын ғайып боп
Бұлттан әрі пейіш жақты бетке алып.
Сол әуеннен қалмаспын-ау жаңылып,
Әуені оның – әрі өкініш, әрі үміт.
Таң алдында қалғып бір сәт кеткенше,
Туған жердің топырағын жамылып