Құндыз Тасқынбек. Көктем келді өміріме, сен де кел

Өлімді есіңе ал дейді жұрт, «Memento mori» ғой...

Mar 27, 2026 - 19:20
 3
Құндыз Тасқынбек. Көктем келді өміріме, сен де кел

Құндыз ТАСҚЫНБЕК – ақын. «Жауқазын жыр», «Жүректегі көбелек» жыр жинағының авторы. Астана қаласы А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Күн қала

Қандай сұлу қалам едің, әр тағдырын гүл еткен, 
Саған арнап ән шырқайтын бұлбұлдар да жүректен. 
Әр көшеңнің тарихы бар, әр бұрышың – естелік, 
Көкжиекте көркің тұнып, күмбезіңнен күн өпкен. 

Қара таудың етегінен тамсанамын тұлғаңа,
Дейді өзгелер мейірімді үйретеді бұл қала. 
Сәулетің де салтанатты, тарихың да ежелгі, 
Қанша ғұмыр сен деп өтіп, қанша қылыш кезелді.

Адалдық пен сатқындық бар, және бұзған уәделер,
Барлығы да болса қалай адамзатқа тән егер?
Дақтар, сақтар және үйсіндер, түркілер, 
Ұланғайыр атыраптан қай-қашанда дәмелі ер! 

Биік-биік бекіністер, қорғандар да тұр мәрмәр, 
Зәулім-зәулім ғимараттар, хош иісті гүлзарлар,
Керуен өткен, Жібек жолы, көштер көшкен құм кешкен, 
Хан сұлтандар кешкен кештер өткен күнмен үндескен! 

Бір құпия жасырады деп ойлайды ел сені, 
Шым шаһарым, толық танып үлгермедім мен сені. 
Ғұмыр сенде өту керек, жылдар саған байлаулы, 
Жүректерді аялаған, Күн қалам-ау, еңселі!

Жапырақтар

Сезімдер – күтпеген тұста оралар, 
Шырпыдай сөніп, сосын күш таба алар. 
Мезгілсіз аяққа тапталған
Қанатсыз құстар олар! 

Күз келсе, жаны қалай жай таба алар, 
Бақ та бір күн басына қайта қонар, 
Тыныштық – ешкімге естілмейтін ән,
Сыбырлап айтады олар! 

Тұрса да қара жерге иіп күн кейпін, 
Адамдар сынды тәкаппар биікпін дейтін. 
Болған еді олар, айналды тірі өліктерге, 
Мүрдесі иістенбейтін! 

Өткен күндерді, кеткен күндерді жер құшқан,
Естеліктерді табытқа салып бердік сан. 
Уақыт-елші үміттерді үзді үкілі, 
Ғұмырлар сынды желге ұшқан! 

Күн дидары кейуананың әжіміндей қатпар, 
Жүзін жауып, жанарын жасы қаптар. 
Аяулы адамдар үшін деп, 
Жапырақтар – ағаштар жазған хаттар!

Memento vivere!

Жүрегім бос емес, sorry boy!
«Ол қайтып келмес» деп, жориды ой. 
Өлімді есіңе ал дейді жұрт, 
«Memento mori» ғой! 

Жолдар да екіге бөлінген, 
Санамда толассыз толы үнмен. 
Мен үшін қорқыныш – қоштасу, 
Несіне қорқамын өлімнен? 

Жазғым ақ келеді айға атын, 
Түссе ғой қолыма майда түн. 
Әлі де бөтендеу жандармыз, 
Көрінген кейіп қой жай жақын! 

Айтшы оған, «басқаны сүйме», – де, 
Көңілде тоқтасын күй неге? 
Ол арқылы өмірді еске алдым:
«Memento vivere!».

Иіс

Оның киімінен болмысының иісі аңқиды
Өзегі толған өкініш, сосын мұң, қайғы. 
Өкпесі – өзі шекпеген темекінің түтініне толған. 
Өзінен қашып, 
Басқа кеңістіктегі өзімен алмасып кеткісі келеді кейде. 

Энергиясын тазарту үшін
барлық ескі киімдерін лақтырып тастады ол. 
Ескі әтір, ескі косметика, ескі кітаптарын да. 
Енді жаңа өмір, жаңа үй, жаңа ұран, жаңа Қазақстан... 
Бәрі жаңа! 
Тек, ескі бір ғана нәрсе – ӨЗІ!

Қиял

«Қиялыңда елестете алғанның бәрі рас!»
Пабло ПИКАССО

Сағатына уақыттың қарсы ағатын, 
Толқындары жағадан қарсы алатын! 
Күнге жеткен екенбіз сүйіншілеп, 
«Арал қайтып келді!» деп, жар салатын!

Теңіз жайлы жазылған не үшін дастан? 
Өйткені, ол – жердегі екінші аспан. 
Ақ желкені түрілген алып кеме, 
Ақ толқынға еркелеп бетін тосқан. 

Тіршіліктен табылып бар мағына, 
Қол жеткізді ел солай арманына. 
Мәре-сәре болады балықшылар, 
Алтын балық ілініп қармағына! 

Күнде нұрын аямай жер бетіне, 
Көкжиекті көмкеріп келбетіне. 
Көк теңізін мәпелеп соққан желмен, 
Ай сәулесі түсетін тербетіле! 

Ал осынау тірліктің әбігері ел, 
Тағы келер деп күткен, тағы келер,
Жат жанардан жасырып жатқан ана, 
Қойнауына ғасырлық жәдігерлер! 

Сағатына уақыттың қарсы ағатын, 
Толқындары жағадан қарсы алатын! 
Білем, ол күн келеді сыр еліне, 
«Арал қайтып келді!» деп, жар салатын!

P.S: Жаулаған жанар менен жүректі мекен, 
Артық емес бар ақын жыр етті десем. 
Арал ана, сен қайта келер ме екенсің,
Көктен аққан жұлдызға тілек тілесем?!

Толмасыңа болмайды, толмасыңа, 
Басқа түскен сынақ қой ол да, сірә! 
Жылап қайтсам қайтеді, Арал ана, 
Толармысың қызыңның көз жасына?!

Көлеңкеңе айналып кетсем бе екен?

Өкінішіңе айналып өлең сенің, 
Құшағыңа қайтемін бөленсе мұң? 
Байқамайтын сен ғана сияқтысың, 
Жанарымда жоқтығын көлеңкенің. 

Ренішім күн сайын барады үдеп, 
Мұң құйылған қайтейін, нала жүрек. 
Бүгін тағы жөн көрдің үндемеуді, 
Ойлайсың-ау ұмытып қалады деп?!

Қабылдарсың жүр ғой деп, жай бүлініп, 
Жанарыңа келер деп, жайдым үміт, 
Бір жылап ал, үзіліп түсер бәлкім, 
Кірпігіңе қалыпты қайғы ілініп. 

Тағы батып барады мұң кемесі, 
Күйбең тірлік, бітпейтін күндегі осы. 
Меңіреу боп қалғандай бүкіл әлем, 
Мен де сені тыңдайын, үндемеші! 

Көздеріңе қараймын, неткен бөтен,
Іркілетін тамшылар тек сен десем. 
Сені қоршап жүргеннің бәрі жарық, 
Көлеңкеңе айналып кетсем бе екен?

Танымаған жүрекке өкпелеймін

Білем, өткен күндердің жыры біткен,
Сірә, сорлы жүректің түрі күткен.
Алдыңызға бардым да, амандасып,
Қолыңыздан ұстадым бір үмітпен!

Бақытыма болса егер мұң қайтарым,
Сыйға берген тағдыр ма мұндай таным?
Бөтеніндей көрсеткен өр кейпіңіз,
Сізді танитынымды кімге айтамын?

Қалай ғана ақыл мен жай табады ар?!
«Барам» десем, «барма» деп, айтады олар.
Қайта айналып алдыма келе алмайсыз,
Мен де жыл құсы емеспін қайта оралар!

Жат болу да тән шығар көпке деймін,
Ақталып кеп сырыңды төкпе мейлің.
Танымаған көзіңіз кінәлі емес,
Танымаған жүрекке өкпелеймін!

Дала жатты уайымсыз, самалды есіп,
Тағдыр да бір бақытты қалар кешіп.
Қайта-қайта түйіскен жанарға обал,
Есіңізге түспедім, амал нешік...

Жүрегімде жүреді өткен бөлек,
(Ойнағаным орынсыз отпен демек).
Көзіңізде бір әлем бара жатты,
Дүниенің өзіндей дөп-дөңгелек!

Сенім

«Сенімдісіз бе? Бір-бірлеріңізді жақсы
көретіндеріңізге сенімдісіз бе?»
Кадзуо ИСИГУРО

Махабаттың білсең де жебесі мұң,
Ашқан едің «сенемін» деп есігін.
Күдік басқан кеудеңді күннен бастап,
Сен жеңіліп қалғансың, келесі кім?

Сен өзіңе сенбедің, солай, жаным,
Сынайды екен пенделер қалай бағын?
Сенім гүлін күл қылған аруларды,
Мен сүйеді дегенге сене алмаймын.

Бере гөр деп тілейсің, Құдай сана,
Ол туралы ойың да мұңайтады, ә?
Айтшы құрбым, «сүйеді», «сүймейді» ме,
Сен сезбеген сезімді гүл айта ма?

Келгеннен соң достыққа жиі өтінім
Айдан анық қызғанып, күйетінім. 
Түймедақтың жұлмаймын күлтелерін, 
Мен онсыз да білемін сүйетінін?

Сен онсыз да білгенсің сүйетінін...

***

Жаным... 
Уақыт – сенің жүрегіңнің лүпілі,
Сол лүпілде үмітім де үкілі.

Ақ қауырсын, жаның да аппақ, ақ әлем, 
Құнды да сол дүниеде маған ең.

Кеуде толы ортаймайтын нала дем,
Бір жоғалсам қалай, қайдан табар ең?

Бізді бөлген жолдар, сосын қалалар,
Саған қарай құс та қанат қағады әр!

Кей күнімді өткізсем де хабарсыз,
Сенсіз өткен секундым бар, тағы әрсіз.

Біздер жайлы ертегі айтсын пенделер,
Көктем келді өміріме, сен де кел!

Келер болсаң дәл қазір, ұшаққа мін,
Қайғыңды да келеді құшақтағым.

Өзіңді де құшақтадым!

Қонақ

Біреу қалымды сұрай қалса, ұза-а-ақ тосыламын,
Ұзақ отырамын, өз демімнің ызғарына шыдамай,
Мұз боп қатқан көз жасымды сүрте алмай... 

Ақ басқанға дейін күресемін дейтінмін әр самайды,
Үмітсіз ойларым дамылсыз есігімді қағудан шаршамайды.
Мен шаршадым.

Маған әр сөзің тірек, ендеше көңіліме гүл ек, өміріме де!
Қабырғаларымды ұрғылап, жанымның да есігін қаққан,
– Жүрек!

Кеудедегі тынымсыз тоқылдағымды,
Өкпелетіп алуға қорқатынды шығардым!

Естеліктерімнің иісі сіңген көшеге де шығуға қорқамын,
Бұл ортаның заңы сондай, мықтылар ғана керемет!

Керемет боласың, не солай көрінесің деседі,
Деседі де үкім кеседі. 
Жоғалудан соң, табылудан, сабылудан соң,
Мен есігімді аштым!

– Кіре беріңіз, қонағым...

Әппақ қарды аяймын

Басқан сәттен көзіңді бұлт, көкті мұң,
Аспан маған, мен аспанға кектімін!
Жанарыңды жүрегіме жерледім,
Енді маған жоқ құның!

Таңдаған шын екі бөлек жол әркім,
Ортаярсың сен немесе толарсың.
Мен келді деп, қуанбаған едің ғой
Мен кетті деп, өкінбеген боларсың?!

Күндер санап, өткеніме таяймын,
Құрсауында қалдың екен қай айдың?
Сол күн сенің кірпігіңде еріген,
Аппақ қарды аяймын!

Жанарымда іркіліпті талай мұң,
Мен де бір бақ таба алуды қалаймын.
Таба алмадың сезіміңе сай айдын,
Енді сені де аяймын!

Өрмекші

Сынай берсең, сенім де түбі сынар,
Бұл да албырт жастықтың буы шығар.
Көрсеткенше өзіңді көп керемет,
Жан екеніңді айтсаңшы,
Уыты бар!

Жете алмасаң бекер ғой нақ бағама,
Ел де сені есіре мақтаған, ә?
Жылы жүз де бетперде екен, білем,
Жүрегіңе үңілші,
Қап-қара ма?

Жеткізгенде мен жайлы тыңшы хабар,
Клеткасы миымның тұншығады әр.
Сенің сөзің «ұмыт»-тан басталады,
Сенің торың – темір тор,
Кім шығарар?

Неге өзгермей келеді қоғам әлі,
Сезім болса сергелдең, жоқ, ә, дәрі?
Санайсың да өзіңді деп бағалы
Қорқытасың «кетем» деп,
Одан әрі!

Мазалама деген едім, көп мені,
Сөздердің де енді құны жоқ, тегі.
Мен ауадай керек емес шығармын,
Сен де емессің – оттегі!

Сынай берсең сенім де түбі сынар,
Бұл да албырт жастықтың буы шығар.
Өрмекші де өлтіріп кетпейді ғой,
Жан екеніңді айтпадың,
Уыты бар!