Еділбек Дүйсен. Түні жоқ жерге барайық, жүрші

…Сен енді іздеуді доғаршы, жарығым, Жүзінші есімін Хақтың.

Mar 27, 2026 - 19:13
Mar 27, 2026 - 20:49
 3
Еділбек Дүйсен. Түні жоқ жерге барайық, жүрші

Еділбек ДҮЙСЕН – ақын, аудармашы. 1998 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Таушық ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Филология және әлем тілдері» факультетінде білім алған. «Жұмбақ сәуле» (2012 жыл), «Қалалық құстар» (2021 жыл), «Алматы аспаны» (2025 жыл) кітаптарының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының және ҚР Журналистер одағының мүшесі. Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың «Поэзия» номинациясы бойынша иегері. Өлеңдері орыс, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған. 

Алматыдағы алғашқы өлең

Қаңғып жүріп қараңғы ойдың ішінде,
Мен де есейдім,
Өлімім де есейді.
Түн ұзағы көріп шығам түсімде,
Елде қалған шешейді.
Елде қалған.
Төмен қарап,
«Кеп тұр» деп...
Жанын сығып, жігерлі.
Тұрмыс қамы.
Аз тынығу.
Көп дүрмек.
Мені есейтіп жіберді.

Есейгенім –
Құтылғаным отынан,
Жан жылытпас желіктің.
Келешегім еске түспей отырам,
Тас төбемнен төніп түн.

Түнек кезіп,
таппай титтей жалқы нұр,
Жүрем сатып көзімді.
Айнасына қарасам да әркімнің,
Көрем ылғи өзімді.

Шатағым жоқ ұрандармен былайғы,
Жеңілгенім рас па екен ұрыста?!
............................................................
Жаздыгүні
бір уыс қар жылайды,
Қалып қойған қуыста...

Twisting
(Алматыдағы бұрынғы Украина елшілігі алдындағы ой)

Үйлер…
Көшелер…
…соғысқа аттанған.
Сүреңсіз.
Сұрықсыз.
Өлі.
Менің де кей-кейде түсіме кіреді –
Кері аққан көз жасы жүрегін суғарған
Кірленген ойыншықтар Елі.

Соғыстан қайтпаған Жалаулар секілді,
Ойлар да соғысқа сіңген.
Құмарлық бар жерде қиянат боларын
Мігірсіз меңзейді
Бояулар, 
Тілдер.

Көз жасы менде емес,
Мен көз жасы ішінде секілді шақ бұл… 
…Сен енді іздеуді доғаршы, жарығым,
Жүзінші есімін Хақтың.

Алматы табыстырған аруға
(Өлеңдер топтамасы)

***

Сенің жаның – 
Жан ұқпас тылсым алап,
Періштенің кейпінде күлші қарап.
Сен деп қалам көз сұғын қадап тұрса,
Терезенің түбінен нұр сығалап.

Жан ұқпастай тым жұмбақ сенің жаның,
(Бәлкім,
Бәлкім...
Сол үшін сорың қалың).
Сынық әйнек сыртында кемпірқосақ,
Кемпірқосақ астында қорым барын

білсең еді:
Бейопа – мына ғалам!
(Қисаймайды қылшығы бірақ оған)
Үрей жұққан көздерді көрсең еді,
Жылы сөздер ішінен сығалаған.

Қиналмайды қайғыңа қала, жатқан,
Асфальтталған – 
кеудесін жара жапқан.
Сезсең еді салмағын Уақыттың,
Көтере алмай бауырын бара жатқан.

Ажалың бар дәл менің жасымдағы,
Ажалым бар дәл сенің жасыңдағы.
Қорқытады төбелер
көз алмайтын
Көктас шеберханасы қасындағы.

Содан міне...
Тірлікте өмір мәнін
Барып-барып табармын
жол ырғағын.
Қақ шекеме тигенше сағат тілі,
Аман болғай,
Нұр-Жаным,
Сенің жаның!

***

Ай арылттым...
Жыл жеңілттім...
Жол қарап,
Тұнжырайды төбемдегі Ай қорғалап.
Қара тасқа тамып жатыр тағдырым,
Жапырақтың жанарынан сорғалап...

Жапырақтай жүрегің бар гүл-еркем,
Өзіңді ойла!
(Мені қойшы... күнелтем...)
Балпаң басып, балағына сүрініп,
Күз келеді күні ертең...

Мұңды тыным.
Түн-күпінің ілгегі
шешілмепті.
Ашылмапты бүрлері.
Жұлдызы жоқ не бір буаз айы жоқ,
Сонша соқыр түн бе еді?!

Сарсылтты ғой...
Қашан атпақ таң сығыр?
...Қырық бір тас санап отыр балшы қыр...
Тылсым тұнған таңдайына түнектің
Тамып кетті тамшы нұр...

Тұршы, таң атты!..

***

Желкемнен жұлдыздар шағып,
Ойларым көктемей жатып көктей солады.
Болады құрбан.
Түсіме кіреді: маңдайынан Тәңір нұры жанып,
Балбалдар жусанды белде қиямда тұрған.

Көнеден бұрын туған тіл-жақ –
Шексіз кеңістіктер ішінде.
Пейіштен түскендігі үшін де Мұңды.
Күнәлар қорымының Егесі шақша басымды ырғап,
сарсаңға салғаны-ай.
Жалғызын мен өлтіргендей құдды.

Көкке ілінген шағала қанаты астындағы мекен
Уақытша тұрақ қой.
Мәңгілік мекенді шешеді – күрсі.
Мына түн – қайғылы әрі...
тағы да қайғылы екен,
Түні жоқ жерге барайық, жүрші. 

***

Жарығым...
Мен, бір күні
Естеліктерімді босағаға жерлеп,
Ырымдарым мен тыйымдарымды босағаға жерлеп,
Үміттерім мен күдіктерімді босағаға жерлеп,
Ойым құсеттенген күйде,
Уақыттың гүлдегенін күтіп
Табалдырықта отырсам...

Сан мың тәртіптен
бейберекеттіліктің туатынын болжап,
Жаңашылдықтың ескі қоғамда өзін жоғалтатынын болжап,
Дірдек қаққан сәуірдің бұрымын,
толассыз
өріп-жазып...
...өріп-жазып
Табалдырықта отырсам... 

Түннің жеті пердесінен өткен,
Жердің жеті қабатынан жеткен
Бір үн «Сен біржола жаратылғансың» десе...

Құдайдан ұмытуын сұраған,
Санамның ол жаққа аяқ баспауын сұраған
Күнәмнің
босағаның іргесінен өсіп шыққанын көрсең...

Не ойлайтының ауыр, жарығым!
Не істейтінім қызық, жарығым!

Республика алаңы

Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,
Мақпалды сусыма құм жапқан сынды.
Құм басып өлген қыздың қолаң шашы,
Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды,
Өлең шөп, өлең шөп – Қазақстан.
Есенғали РАУШАНОВ

Мұның бәрі де әу баста қиялда құрылған.
Қаһармандар мен жендеттердің саны,
Ереуілдер мен үндеулердің ақыры,
Ресми ақпараттардың мәтіні,
Оған деген менің болжалды жиіркенішім.
Мұның бәрі де әу баста қиялда тұрғызылған.

Олар қиял қамалы қирамауы үшін,
Өткен көпірлерін өртеп отырды,
«Төккен көз жасы» мен «шеккен азабын» айтты,
Күнәға баладық.
«Күнә да құдайлық» деді.

(Мұның бәрі де әу баста қиялда құрылған).
Ескі [Жаңа] Өзен көшелерінде де,
Аспан тамып тұратын Алматыда да,
Қазақ болып өмір сүру мүмкін емес секілді.
Тек, алдымызда күтеді бізді –
Үстіне өрмекшілер тор құрып үлгерген қалың тұман.

Алматы. Балық қабыршақтары
(Поэма-эссе)

***

Қалғып бара жатқан қаланың құлағына сыбырладым:
Желтоқсанның дүниеден өткенін,
Қан жоса болған қаңтардың қайғысын естірттім,
Селт еткен жоқ...

І

Су атаулы топанның түсіне боялған
Эмиль ЧОРАН

Бұл қала кешегі қала емес секілді,
Кешегі қала – 
Бір-бірінің көлеңкесіне сүйенген үйлердің бұрышынан,
Бір-бірінің көлеңкесіне тығылған үйлердің қуысынан,
Электр жарықтары көмген көше қиылыстарынан,
Балық қабыршақтары арасынан,
Шарасыздық әуеніне билеген қарағаш пен
Жалаңаш дуалдар артынан сығалап тұрғандай.

Кешегі қала – 
Қала тұрғындарының көздеріне,
Қала тұрғындарының естеліктері мен өсектеріне,
Әткеншек теуіп отырған баланың ыңылына,
Аялдамада қалған қарттың үміті мен
Ұйықтап бара жатқанда троллейбус таяғы
түртіп оятқан электр сымдарына айналған.

Табанына құлық жаққан уақыт,
Құрылыс алаңынан көтерілген құйын,
Тас қабырғаларға басын соғып
Бағытын ұмытып, мәңгірген жел
Тынышын алған көмескі қаланың.

Жер асты өткелдерінде ойнап жатқан ұлттық әуен
Жер үсті өткелдерінде алақан жайған ананың
дұғасымен тұтасып 
Қарақошқыл көл бетіне сіңген.

Табаныңды қытықтаған метро дірілі,
Автобустардың ыңыранғаны,
Велосипедтер мен самокаттардың суылдаған дыбысы,
Күн сәулесі қыздырған бақалшақ ішіндегі ұлудың тынысы – 
Шопеннің «Жерлеу маршын»,
Жо-жоқ, Малердің №5 симфониясын,
Бәлкім, Моцарттың «Реквиемі» мен 
Сибелиустың «Мұңлы вальсін» еске түсіреді.

Троллейбус сымдары қала балкондарындағы
Киімдер ілінген жіптерге қызғана қарайды
Жіптер
киімдердің емес,
ондағы естеліктердің салмағынан белі майысқан.

Көліктер 
Нұрдан қашқан көлеңкелерді,
Отқа аяғы байланған көлеңкелерді,
Көлеңке түсіріп тұрған тұрғын үйлердің
өзінен де сұлу көлеңкелерді
Езіп-жаншып барады.

Жол жиегіндегі бақбақ
Ақыретке қарай соңғы қадам баспай тұрып,
Алдынан ажал есігі ашылмай тұрып,
Қала көшелеріне шашылып кетуді ойлады.

ІI

Әркім өз түрмесінде кілт жайлы ойлайды,
Әркім кілт жайлы оймен өзіне түрме тұрғызады.
Томас ЭЛИОТ

Түн өлген.
Таң туып үлгермеген.

Бұл қалада адамдардан бұрын көліктер есін жияды.

Кілтті бұрай сала
темірдің тыныс алғанын естисің.
Ол тыныс саған
қаланың теңіз толқындарындай шуылын,
кеше жол бермеген көлік жүргізушісін,
алаңдауға тұрмайтын жол апаттарын,
жол шетінде қол созған балаларды еске салады.

Алдан асфальтқа әлдеқашан аяғы сіңіп кеткен
бағдаршам көрінеді
Ол маған дейін де,
Менің әкеме дейін де,
Әкемнің әкесіне дейін де осы жерде тұрған секілді.
көздеріне қарбалас қаланың дүниеге селқостығы мен
қою қара тұманы көшкен.

Жасыл – рұқсат,
Қызыл – жаза,
Сары – күмән.

Бұрылыстардан шығып, көшеге құйылып жатқан әр көлік – 
шешім қабылдаған ой.
Әр бұрылу – сенім.

Көлік терезесінің арғы жағындағы әлем мен 
бергі жағындағы өмір
ешқашан отаса алмайтын секілді

Дүкен алдындағы ойыншықтар салынған автомат,
Автомат ішіндегі ешкім алмайтын ойыншықтар 
әйнек ішінен телміреді.

Сигнал басылды.
Бұл да бір адамның айқайы.
Еркелік.
Ашу.
Бірақ, бәрі де дауыс.
Бәрі де жауабын күткен үнсіз сұрақтар.

Жол шетіндегі көлік – шаршаған адам,
Сөнген телефон – сарқылған ой.
Бұл уақыт – 
ыммен,
жарықпен,
дірілмен 
сөйлесетін уақыт.

Жоқты бар қылған,
Барға бағынышты болған,
Әлсіздерді күшейткен,
Тілі жоқтарға тіл берген – өзіміз.

Біздің үніміз – үнсіздіктер ішіне тығылған.
Техника симфониясы –
Құшағына алған сансыз балық қабыршағын.

ІII

Дегенмен, Жер айналады.
Галилео ГАЛИЛЕЙ

Естимісің?
Қала сөйлеп жатыр.

Браузерімде ашылған қала – 
Бүгін бар. 
Ертең жоқ.
404 Error.

Кенет, 
Үйде қосулы қалған кір машинасы есіме түседі.
Ол кірден тазару үшін
тоқтаусыз зікір салып жатқан болар.

Қалаға қараймын – 
Бәрі live – тікелей эфирде өмір сүріп жатыр.

Адамдары жоқ бос алаңдар,
Бақтар мен бос қалған кафелер – 
Жүктеліп үлгермеген видео секілді.

Аялдамадағы адамдар – 
Жолаушылар емес,
Сансыз аватарлар.
Олар Бёклиннің «Өлілер аралына» бара жатыр.

Ал, өмір...
Өмір – аккаунт секілді.
Кейде мәңгілікке шығып кеткің келеді.
Emoji іздемей-ақ күлгің келеді.
Бір сәтке осы қалада шынымен де өмір сүретініңді
сезінгің келеді.

Ал, сен естимісің?
Қала сөйлеп жатыр...