Роза Аспанқызы. Өртенген үйдің қаңқасындай тынышпын

Сенімен қоштасу үшін ұзақ дайындалдым...

May 5, 2025 - 19:35
 3
Роза Аспанқызы. Өртенген үйдің қаңқасындай тынышпын

КӨРЕСІҢ

Бір күні кешкісін гүлдердің солғанын көресің,
Жаныңнын ең кіші бөлшегі тоңғанын көресің.
Сен сүйген ағаштың жапырақтары қалмағанын,
Сен сүйген айдың нұры ешқашан болмағанын,
Сен күткен құстардың өзге жаққа ұшып кеткенін,
Өз сағынышыңның өз ішіңе түсіп кеткенін,
Ешқашан айтылмас сөздерді ең күтпеген жанның
айтқанын,
Топырақтан келгеннің топыраққа қайтқанын,
Ең кіші қиялдың ең ауыр салмағын,
Өткеннің қолдары жағаңнан алғанын,
Сен білген Отанның ұлы емес екенін,
Сен күткен өмірдің гүл емес екенін,
«Жетем» деп түскенің жол емес екенін,
«Жеттім» деп көргенің ол емес екенін,
«Қасірет» деп құшқаның сор емес екенін,
«Қасірет» деп қашқаның тор емес екенін,
КӨРЕСІҢ.
Сосын бір күні таңертең оянып жалғыздықты көресің,
Жалғыздықпен қоштасып, жалғыздыққа келесің.
Қош көрдік!

КЕШІРІМ

Түн орнаса тұншығып бұлқынады жан-айдын.
Ай қарайды төбемнен, мен де айға қараймын.

Күрсінбейді атырап, бұлт та жауар емес түк.
Мен әлемді тыңдаймын, әлем жатар мені естіп.

Құсқа ұқсап жанымыз, түске ұқсап өңіміз,
Ай қосылып айдынға, көп жоқтадық сені біз.

Әлем әсте күлмеді, таң қалмады оған түк.
Өзгелерден қашам деп өзімізді жоғалттық.

Сосын іздеп шарқ ұрдық кітаптардан, дәптерден.
Хәлін кештік адамның өз өлімін өткерген.

Енді іздеп жүрмеспін кіл әлемді көзіңнен,
Азат еттім мен сені сезімімнен, өзімнен.

Сен әлемнен құтқардың, тік тұрғызып ақ туды,
Енді мені өзіңнен құтқаратын шақ туды.

Жан-айдыным жылады, тұңғиыққа жас тамды,
Қазір біздің қоштасу хикаямыз басталды:

Кетіп бара жаттың сен...
Қызғандың да өзгеден,
Жүрегіңнің жартысын жұлып алған сөзбенен…

Хош!

Хикаяның соңында жүрегіңнен кешірім сұрауды ұмытпа, жаным.

ХОШ

Сенімен қоштасу үшін ұзақ дайындалдым.
Алдымен: қаламымды, парағымды дайындадым.
Тыңдайтын әнімді, тыңдамайтын әндерімді де.
Беторамалымды да дайындадым.
Жататын орнымды, отыратын орындығымды,
Киетін киімімді, жүретін көшемді.
Қалай күлетінімді, қалай жылайтынымды
Қалай өзгелерге қарайтынымды да дайындадым.

Қоқыс тастайтын жәшігімді де босаттым.
Сөмкемді заттардан азат еттім, заттарды өзімнен:
Кітаптарды, гүлдерді, ескі дәптерді,
Қолсағат, көзілдірік – естеліктерді.

Есік алдындағы қоқыс жәшігіне тастадым бәрін
Үйге қайттым, бәрін өз ішіме тастаған күйі.
Орындыққа отырдым, әнді қостым.
Беторамалым да керек болды дәл осы сәтте –
Дәл осы сәтте сенің керек болғаның секілді...

Сенімен қоштасу үшін ұзақ дайындалдым.
Ұзақ дегеніміз қанша екенін білмей.
Бәрі дайындалды, бәрін дайындадым
Тек өзімді емес...

Хош!

***

«Өлім – барлығының соңы емес,
Барлығының басы емес – өлім».

– Бүгін қай жыл?
– Бүгін сол жыл.

Арамызда жылдар болса да, кеңістіктер, уақыттар болса да, мейлі,
Сен мені ізде. Хат жаз:
Топыраққа, суға, ауаға, отқа жаз,
Барлық парақтарға, қабырғаларға, тастарға,
Бос кітап беттеріне, бос емес кітап беттеріне де жаз.
Мәтіндердің үстінен жаз – біздің сезімдеріміз секілді.

Бәрін де оқитын болам. Мені қорғайтыныңды білетін боламын сонда:
Өзімнен де, өзіңнен де қорғайтыныңды білем. 
Өз кеңістігімнен де, өз уақытымнан да, егер олар бар болса менде.
Егер оларда бар болсам мен, сенің ғана қорғайтыныңды білем.

Кешеде өмір сүріп жатқан сенімен ертеңде өмір сүріп жатқан менің арамыз –
Болуы мүмкін шындықтардың қатар өмір сүретіні секілді – әсем.
Қазір біздің қолымызда өміріміздің бір сызығы ғана – мыңдаған сызықтар ішінен біреуі ғана
Кешеден ертеңге өтемін десең, асықпа, мұнда сен барсың:
Топырақта, ауада, суда, отта да барсың сен.

«Өлім – барлығының соңы емес,
Барлығының басы емес – өлім»
Ауа да мен, менде топырақ, су да мен, отта да өзім,
Сен мені жаздың, мен сені сүрдім, Жаным!

Арадан жылдар өтсе де, ғасырлар өтсе де, біз өтсек те,
Мен сені қазір ғана жоғалтқан секілдімін,
қазір ғана тапқан секілдімін сені...

ЖАРТЫЛАЙ ӨРТЕНГЕН ХАТ

«Өзі – қылыш,
Өзі – жара.
Өз қылышымен өзін жаралаған».

Сағыныш – биік-биік ғимараттардағы әлсін-әлсін жанып тұрған шамдарға ұқсайды
таң алды сөнетін. Таң алды сөнетін армандарға ұқсайды – сезім.
Ескі суреттердегі бейнесі бұлыңғыр кескіндерден айнымайтын таныстар, көшелер, қала.
Бұлыңғырланып бара жатқан өзгелер емес, өзім.

Тыңдайтын әндері ұқсас болғанымен, мұңдары бөлек адамдар тобы – 
мұңдары бөлек, тыңдайтын әндері бірдей таныстардай жат.
Ең соңғы сенімін өртеп жіберіп, өзі де өртенген дәруіш сынды қолымда –
жартылай өртенген хат.

«...мені ұмытқаныңа дейін сүй,
сүйгеніңе дейін ұмытсаң да мейлі...»

Сөздер – қорқыныштарын қойнына жасырған тұтқындар, мысал:
арқалап алғандай өзінен мың есе ауыр жүкті...
Ішімнен дұғамдай қайталап жүремін әр сәт: Сенсіз қиын, сенімен тіпті...
Ішіңнен дұғаңдай қайталап жүресің әр сәт: Сенімен қиын, сенсіз тіпті...

***

«Мен бар жерде өлім жоқ, өлім бар жерде мен жоқпын. Онда неден қорықтым?!»

Өзің түсінбеген сезімдеріңнің алдында тым болмаса өз-өзіңе адал болуды қаладың,
Адал болғың келді өзіңе, өзгелерге жасаған қиянаттарыңды ұмытып...
Күндеріңді жұлып, құтыңа жинап жатқан сәтіңде қолыңдағы тастан, кеше ішкен кофеңнен, бүгінгі сөздеріңнен жиіркендің тағы. 

Өз қасіретің туралы аздап қана ойландың, бүгін аз ғана, ертең аз ғана, онан соң тереңдей береді қасірет жайлы ойларың.
Ойланбау үшін ғана жасалған әрекеттердің салдарынан туған қасіретіңе ұқсайды бәрі.

Күн сайын жаңарып отыратын, бір-бірінен айнымайтын қайғыларыңнан шаршаған сәтте
Қасіретіңе толықтай батып кетуің керек... 
Бірақ бір суға екі рет батып кетуге болмайтыны жайлы ойладың, тағы.

Ұйықтап жатқаныңды білмесең түсіңді шынайы әлем деп қабылдайтының секілді, 
Сезімдерің көзіңді жауып көрсеткен әлемнен кеткің келмеді,
Мұның бәрінің шынайы емес екенін білсең де, алданғың келді. 
Алдандың…

ӨЗ ЖАЛҒЫЗДЫҒЫНА ҒАШЫҚ АДАМ ТУРАЛЫ

Ол жалғыздығынан да, 
Жалғыздығын жоғалтып алудан да қатты қорқады.
Үйде әлдекім күтіп отырғанын қиялдап, 
Ешкім жоқ үйіне асықпай қайтады күнде.
Сағат кешкі жетіде келсе де, 
таңғы жеті де келсе де ешкім күтпейді оны.

Оны ол өзі ешқашан құрмаған жанұясы да,
Өзі ешқашан сүймеген жары да,
Өзі әке болмаған балалары да,
Жатын бөлмесіндегі сағат та, айна да,
Өзі ешқашан алмаған көзілдірігі де күтпейді оны.

Жанқалтасына салып жүретін ескі жазулары бар парақтары секілді
Күн санап сарғайып келеді өңі.
Жанқалтасына өзін де салып жүргендей сезінеді өзін.

Кейде өзін ашып қарау үшін жанқалтасына қолын салады.
Парақтар арасында адасқан өзін іздей бастайды көздерін жұмып.
Бірақ ылғи өзін емес ескірген жазуларды алып шығады.

Әлде олар бір біріне сіңіп те үлгерген болар...

***

Құдай
Маған ойлануға мұрсат бермеші.
Дос
Қай жерімнен пышақ сұғады деп күту.
Махаббат
Алданбағандай сүйіп, алдану.
Азап
Ең жақыныңның бақшаңдағы гүліңе қол созуы.
Таң
Түннен аман шығудың жолы
Қара
Әппәқ көйлегіңе тиген лас қолдың дағы.
Үміт
Осы жолы барлығы жақсы болады деп ойлау
Сабыр
Үміттің жаңалау пішіні
Күдік
Өзегіңе түскен құрт
Сенім
Көлеңкеңе сүйену, құлау.
Соңы
Барлығын басынан бастау…

***

Осы аптада:

Менің қолым тоңды. 
Алматыда қар жауды. 
Ресей Украинаға шабуыл жасағанына мың күн толды. 
Сенен жаңа хабарлама келмеді. 
 
Мен әлі қысқы аяқ киім алмадым. 
Бізде бір сарбаз өзін-өзі екі рет атып өлтірді. 
Бір сарбаздың командирі басынан сипап өлтіріп алды. 
Анашым хабарласты. 
Сіңілімнің отасы кейінге қалдырылды. 
 
Түскі асқа палау және түймедақ қосылған шәй іштім. 
Қатты ұйқы қысты. 
Трамп Американың 47-і президенті болып сайланды. 
«47» кітабым есіме түсті. 
Ұлымды сағындым. 
 
«55 адымды» қайталап қарадым. 
Ағам емханадан шықты. 
Мен әлі мысықтан қорқады екем. 
Қабырғамда Дали мен Бродский мысық ұстап отыр. 
 
Ресейде соғысқа қатысты «СОҒЫС» сөзін қолданғаны үшін 
дәрігер 5 жылға сотталды. 
Мисиманың «Патриотизмін» оқыдым. 
Курасаваның «Түстерін» талдадым. 
Тағы да баяғы қателігімді қайталадым. 
Кеңсайға барып қайттым. 
 
Кофе ішпедім. 
Өтірік айтпадым. 
«Көреміз» көрмедім. 
Ешбір дүниеден аса әсер алмадым. 
Тағы да теңізге барғым келді. 
Осы аптада: 
сені сондай қатты аңсадым...

САҒАН

«Көзің қайда қараса, көңілің солай ағады,
Көңілің қалай ақса, аяғың сонда барады…»

Сен сондай сұлу ойланасың.
Сұлу жымиясың.
Сұлу мұңаясың.

Сенің көзің де сұлу.
Көзілдірігің де сұлу.
Көзілдірігіңнің буланғаны да сұлу.

Сүйріктей саусақтарыңның қалам ұстағаны да сұлу.
Қаламың да сұлу. 
Ғаламың да сұлу.

Сен сондай сұлу қиялдайсың.
Сұлу сөйлейсің.
Сен сөйлегенде сөздердің барлығы сұлу.

Сенің алыс жолдан шаршап келіп демалғаның да сұлу.
Кеткенің де сұлу.
Оралғаның да сұлу.

Сен сондай сұлу сағынасың.
Сенің сұрақтарың да сұлу.
Жауаптарың да сұлу.

Сен сондай сұлу қоштасасың.
Сенің күткенің де сұлу.
Күттіргенің де сұлу.

Сен сондай сұлу қызғанасың.
Сенің асыққаның да сұлу.
Асықтырғаның да сұлу.

Сен сондай сұлусың.
Сенде барлығы сұлу.
Сенімен барлығы сұлу…

***

«Біздің ұзақ уақыт іздегеніміз қабір болып шықса, ұзақ уақыт ізделген қабір».

«Өмірімнен қарағанда өлімім мәнді болатынына үміттенемін» дедің.
Сен әкесі темекіге кетіп оралмаған балалар атынан айттың,
Анасы өзін өзгеге арнап, өзін жоғалтқан балалар атынан,
Өзін жоғалтқан балалар атынан айттың.

Қанның су емес екенін білсе де, інісін іздемес ағалар атынан,
Судың қан емес екенін білсе де, қансыз серттескендер атынан,
Сұғылған қанжардан емес, сұққан достың көзінде өлген достың атынан,
Досы көзінде өлген достың атынан айттың.

Сәттерге байланған өміріңнің сұрықсыздығындай немесе
Ескі жейдеңнің жоғалған түймесіндей,
Қойманың тұтқасы сынған есігіндей және
Қасиетті мәтіндердің елеусіздігіндей жалғыздығыңның атынан айттың.

Ешқашан ашуға болмайтын бөлменің кілтіндей,
Кітап беттеріндегі өткеннің жалған бейнесіндей,
Әкеңнің ойындай, анаңның шынындай,
Ең жақын адамның білуге болмайтын мұңындай
Құпиялар атынан айттың:
«Өмірімнен қарағанда өлімім мәнді болатынына үміттенемін…»

ТЫНЫШТЫҚ

«Қате қойылған сауалға дұрыс жауап беріп болмайды»

мен қазір тыныштықтан да тынышпын.
Ұзақ жүріп келдім бұл тыныштыққа.
Ұзақ шудан кейін келдім бұл тыныштыққа.
Жапырақтары қалмаған күздегі ағаштай тынышпын.
Қыста атқан бүршіктей тыныш.
Ана құшағындағы сәбидің ұйқысындай,
Ауыр дерттен көз жұмған адамның қабіріндей,
Жаздағы теңіз суындай тынышпын.

Басын мәңгі қар шалған таулардай,
Ауылдағы үйдің шырақ сөніп қалған кешіндей,
Ұзақ сапардан қатты қажып оралған адамның хәліндей
Қабырғаға ілініп тоқтап қалған сағаттай немесе
сол қабырғадағы ата мен әженің суретіндей тыныш.

Атам өмірден өткендегі әжемнің үнсіздігіндей
Төр бөлмедегі анамның көне сандығындай,
Баламның киілмеген көркем киіміндей,
Отанның ұмыт болған құрбандарындай 
және
Өртенген үйдің қаңқасындай тынышпын...

«Барлығы үшін өзіңді кешіріп үйрен…»