Сайлаубек Жұмабек. Махаббат – кванттық генератор

...Біз Мархабат Байғұтовтың сындарлы да сына суреткерлігінің құдіретін бір сөзбен түйіп айтар болсақ, онда оның бірталай дүниесі ұдайы мәңгілік Махаббат құдіретіне – Генераторына, Мәңгілік тіршілік талқысына – Геммасына құрылатын әрі қарапайым, әрі жұмбақ иірімдерінде жатса керек...

Jan 27, 2026 - 18:10
 25
Сайлаубек Жұмабек. Махаббат – кванттық генератор

(Эссе)

Қазіргі қазақ әдебиетінің ауыр жүгін шама-шарқынша нық та қайыспай, құмбыл да келісті көтеріп жүргендердің қуатты бір буынын, сөз жоқ, елуді енді иектей бастағандар немесе соларға не өкшелес, не жетеқабыл, не еншілес, не тетелес қаламгерлер легі құрайды. Бұлардың баршасы қазір ел-жұрттың көз алдында. Алдының өзі шығармашылық есептерін де бере бастады.
Міне, осынау шоғырдың қадау бір өкілі, емен ұстыны сыпа бір өкілі, сындарлы суреткері – әрине, Мархабат Байғұтов екендігіне еш дау жоқ. 
Иә, Мархабат Байғұтов сөз жоқ сындарлы суреткер!
Иә, Мархабат Байғұтов, әрине сыпа суреткер!
Иә, бұл Мархабат Байғұтов үшін әрқашан айтылуға тиіс лайық әр тиесілі нота болғанымен, соны бір дауыспен нұрын тасытып, айдыны асырып, абыройын айрықша әспеттеп келмегеніміз және шындық. Дегенмен, ештен кеш жақсы демеске шарамыз жоқ.
Әйтпесе, Мархабат Байғұтовтың есімі мен кітаптары әдеби жұртшылық пен қалың оқырманнан қағыс қалмағанын және білеміз. Тәп-тәуір қаламгер, бірақ елде тұрады, үміт мол деп айтып келгеніміз бар. Бұған оның соңғы жиырма жылдың беделінде хақында «Шілде» (1978), «Сырбұлақ» (1980), «Интернаттың баласы» (1985), «Дауыстың түсі» (1993), «Қорғансыз жүрек» (1993), «Машаттағы махаббат» (1995) атты әңгімелер мен повестер жинағын айтар едік. Ал бұл кітаптарда негізінен оның әдебиетке келу, өсу, толысу, орны төселу, кемелдену тәрізді заңды кезеңдерден сүрінбей, шалдықпай, шабысынан жаңылмай заңды өтуі тайға таңба басқандай сайрап тұр. Сондықтан шығар, мұның баршасы ең алдымен – әдебиетке, қала берді – бізге, түптің түбінде – өзіне абырой болды ғой. 
Осы орайда, сол кітаптардағы әл алуан туындылармен қайтадан жүздесе қалсақ, сөз жоқ, көзің талай-талай нәрселерге жетеді. 
Осы орайда, сол кітаптардағы әралуан туындылармен қайтадан сырласып көрсең, сөз жоқ, көзің талай-талай нәрселерге қаныға түседі.
Осы орайда, сол кітаптардағы әралуан туындылармен қайтадан айқара табысып көрсең, сөз жоқ, ішкі әлемің мен жан сарайың ермен жалбыздың, арша мен жиде иісінен; елік пен марал кешкен тау бұлағынының кәусар суынан; жуа мен андыз, бәйшешек пен қызғалдақ өскен Аққұздар шыңның не қарлы, не жаңбырлы ауасынан; таскекіре мен шошқа тікеннің өткір тызылынан түлеген үстіне түлей түсер едің. 
Иә, Мархабат Байғұтовтың аты аталып, туындылары түстелген тұста менің көз алдыма: бүкіл шығармашылық жолында өзі алуға тиіс биік мұраттарды, асқар асуларды өзіндік сырбаз, өзіндік сыпа қалпындағы суреткерлік болмыспен көрсетіп келе жатқан азамат бар тұлғасымен тұра қалады. Ал, оның мұншама ірі планда әрі соншама лайық қалпында тұра қалатын дара болмысы, меніңше, суреткер шығармаларындағы қорғансыз жүректердің бірде әралуан нұрға, бірде әралуан шерге шомып-батып, батып-шомып тіршілік толқынындағылдай қаз қалпында жүргендігінен шығар. 
Бәлкім, менің көз алдыма, оның мұншама ірі планда әрі соған соншама лайық қалпында тұра қалатын сындарлы сыпа суреткерлігінің жаратылысы мен құпиясынан шығар. Шығар-ау емес, шынтуайты сол ғой. 
Ал оны, меніңше, бір сөзбен түйіп айтсақ, Мархабат Байғұтовтың шебер қаламын қапысыз танытатын туындыларының әрқашан әрқилы сүйіспеншілік пен әрқилы көнбістікке, әрқашан әрқилы суысулар мен әрқилы жылуарлықтың кереғаарлығына, мейірім-шапағаттарына құрылатынында болса керек. Сондықтан шығар, біз Мархабат Байғұтовтың сындарлы да сына суреткерлігінің құдіретін бір сөзбен түйіп айтар болсақ, онда оның бірталай дүниесі ұдайы мәңгілік Махаббат құдіретіне – Генераторына, Мәңгілік тіршілік талқысына – Гаммасына құрылатын әрі қарапайым, әрі жұмбақ иірімдерінде жатса керек. Соған нақты тоқталып, соны нақтылы сөз етіп көрейік. 
Біріншіден, біреуге еліктемеген, біреуге солықтамаған немесе дәстүрден тыс аспаннан аяғы дік етіп түскен суреткер болған емес. Мұндай мектептен, өнер мен өмірдің заңынан, қатал тәжірбиесінен Мархабат Байғұтов та өткен. Ол ұлттық төл әдебиетіміздің теңдессіз үлгілерінен күні бүгінге дейінгі арасынан – профессионалдық парасатынан мол нәр алған. «Шілде» мен «Сырбұлақ» жинақтарындағы әңгімелердің бірталайы осының дәлелі. 
Бұған классикалық орыс әдебиеті мен әлем әдебиетіннің  жауһар туындыларының тәлімімен бірсыдырғы әрі бірқыдыру өткенін және қосыңыз. «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы» кітаптарындағы әңгіме-повестердің кейбір өрнектері мен кейбір өрімдері осының дәлелі. 
Мархабат Байғұтовтың жоғарыдағы кітаптарындағы әңгіме-повестерінде ағылшын әдебиетінің классигі Соммерсет Моэмнің: «Сөздің салмағы, әуезі және сымбаты болады. Осы үш қасиеттің үшеуін де есте сақтағанда ғана көзге сұлу көрінетін, құлаққа жағымды естілетін өрнек сөйлем мен ойды жазуға болады», – дейтін классикалық қағидасы тәп-тәуір сақталған, тәп-тәуір машықтануына көп септігін тигізген. Мысалы:
«Әй, дегенмен Майра қызды бір көргенде болатын еді. Қабақтарына ұсақ-ұсақ сабан жабысып, бидай күреп жүр-ау» («Шілде», 7-бет); «Қоржынбай шынысындағы шайды бір-ақ тауысып, кері беруге ұялғанынан ұрттағансып, жел жұтып отыр» («Шілде», 15-бет); «Олар не десе, о десін, Гүлжазира көз алдымнан кетпей қойды. Түскі үзілісте трактордың көлеңкесінде елден ұрланып хат жазатынды шығардым. Бірақ ол хаттарым өзіме жақпай, жыртып тастаймын. Қағаз қиындылары қарабарқын сүдігердің үстімен миымызға қосылып, қалқып кете барады. Ақшылтым аңызға жаңа түскен күзгі борозда Жазираның бұрымдарынан аумайды-ау, аумайды» («Шілде», 17-бет); « – Клава шешей-ау, мен шешемнен жетіге жетер-жетпесте жетіп қалдым ғой. 
– Иә, менің балам жоқ, сенің шешең жоқ. Ей, қойшы, бірақ әйелің, балаң бар ғой, Құдайға шүкір. 
– Иә, сіздің балаңыз жоқ, менің шешем жоқ. 
– Иә, сенің шешең жоқ, менің балам болса ғой...
– Иә, сіздің балаңыз жоқ, менің шешем болса ғой.
Қойыңызшы, қояйықшы енді. Ермектің барша буыны бүкіл жүйке-тамырындағы мың-миллион түйіндер жазылып-шешіліп, шешіліп-жазылып жатқандай болды» («Сыр бұлақ», 50-бет); «Бұларды ішке шақырды. Кітаптың иісі-ай! Рахат қой. Жүректері лүпілдеп кетеді кітаптың иісінен» («Интернаттың баласы», 35 бет); – деген үш кітаптың бойынан алынған әрқилы мысалдар Соммерсот Моэмнің қағидасын Мархабат Байғұтовтың қалай түсінгеніне, қалай пайдаланғанына толық дәлел. Бұл арада әркім әрқалай оқып көрсін дейік. Өйткені, жоғарыдағы мысалдарды ежіктеп, тәптіштеп түсіндіріп жатудың өзі артық. Басы ашық нәрсе, сөздердің салмағы, әуезі, сымбаты тайға таңба басқандай емес пе?
Барлық гәп өзінің қаламгерлік қалыптасу жолында Мархабат Байғұтовтың болашақ суреткерлік болмысын дұрыс тапқанында. Бұған оның әдебиетке қажетті өмірбаяндық қоржынмен, қарапайым дайындықпен «сабыр түбі – сары алтынды» мықты ұстаған, өзіне-өзі қатал талаппен келгенін қосыңыз. Сондықтан шығар, «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы» жинақтарындағы әңгімелерге, повестерге қажетті де басты әлеуметтік кодтары, көркемдік шифраларды мақсат-мұратқа, мазмұнға, формаға лайық шақтап, жымдастыруды, әдіп-тігістерін, кескін-пішімінің өзара етене үйлестіріп жіберуді тәп-тәуір меңгерген деуімізге әбден болады. 
Сондықтан болар, кейіпкердің іс-әрекетіне, ой-сезімдеріне, тап болған ситуацияларына, жас мөлшерлері мен өмірлік өткелектеріне сай тіл бояуын не тым қоюлатып, не тым сұйылтып жібермей, неғұрлым шектеулі-мөлшерлі доза бойынша мейлінше сергек, мейлінше сындарлы, мейлінше сырбаз, мейлінше сыпа түрде жеткізуге мол күш жұмсағанын, соны түбегейлі мақсат-нысана етіп алуға ұмтылғанын аңғармау, байқамау мүмкін емес.
Қалай десек те, оның әдебиетке салтанаты жалтыраған, қуыс-қуысында бүргесі, кенесі, тарақаны қапатаған тоқырау заманында келгенін естен шығармауымыз керек. 
Пендешілік тоғышарлық пен кеңесшіл тоғышарлықтың, әдебиет пен өнердегі әлеуметтік тапсырыстардың тақырыптық орындалу жөніндегі жөпелдемелеткен-шоқырақтаған ақпарлардың өте-мөте бел алып, көркемөнерге тән шынайы да биік өлшемдер әлсіреп тұрған шақта;
Тізгін ұстаған тізелілер мен мансап ұстаған майбасар-манаптардың, жымысқылығы әлеуметтік тапсырыстың жарапазаны мен жібектей желбіреткен желбасарлардың, ресми атақтар мен ресми дәріптеулерге жаппай кезекке тұрғандардың тұсында;
«Сен – маған, Мен – саған» дейтін дейтін сыбаға асататын беделдостардың тұсында, репортаж-поэмалардың, суреттеме-әңгімелердің, арнау-өлеңдердің, рапорт-очерктердің дүрілдеп тұрған кезінде, көркем сынның көтерем болуына, салбөксе сырқат болуына мылқау ымырашылдықпен саналы түрде жол берілген тұста әдебиетке келу санаулылардың, таланттылардың сорына көрінетіні қаншалықты рас болса, желбуаз романдар мен желікпе жырларды қауқарсыз қайта басылым ретінде тоғытушылардың саудасы да соншалықты болғаны қазір ешкімге құпия емес. 
Әдебиетте, мұндай тұста елде-ауылда тұратын талантты қаламгерлерге тіптен қиын болатын. Төзімділердің төзімдісі ретінде төтеп бергендердің қатарында Мархабат Байғұтовтың болғаны – қандай олжа, қандай қуаныш.
Тоқырау заманының тоғышарлық пиғылдары мен тұқыртпа кеселдерінің сан алуан түрлері өмірде қаншама ашық көрініп, ересен бел алып тұрғаны адамдардың бойында күрескерлікті қаншама мұқалтты, енжарлықты қаншама ұлғайтты, өзімшілдікті қаншама асқынтты. Қоғамдық-әлеуметтік күрестің жүйелі мақсаты бұлдыр орасан аясы – алақандай болып тұрған шақта номенклатуралық ақпар мен есептердің құдайы бір беріп қалды емес пе?! Бұл ақпар мен бұл есептерде бәрі-бәрі қой үстіне бобзторғай жұмыртқалаған заман қалпында, манаураған мамыражай қалыпта деп берілмеуші ме еді?!
Әдеби-көркем шығармаларда мұның баршасы кейбір замандастарымыздың пендешілік, моральдық, эгоистік, озбырлық-обырлық және тұрмыстық ұсақ кемшіліктер партиялық жат нәрсе ретінде суреттелмеуші ме еді. Қоғам мұраттары үшін шынайы күрескен шығармалардың өзі қырағы цензураның, үрейшік редактордың күзеуінен, түзетуін, теңгермешілдік тарзынан өткен соң ғана жарыққа шығып жататын. 
Ал тақырыбы да, тапсырысы да әрқашан дөп түсетін, тілі де, тіршілігі де жылмақай, сылдыр, ұраншыл, ақпаршыл, асқақшыл-одашыл туындылардың қат-қат тоқтаусыз жарық көріп жататыны; тізбек-тізбек, ұбар-шұбар керуен көшінің «сәнін келтіріп», «көріктендіріп» жатпаушы ма еді? Белгілі бір совхоз, пәлен бір аудан, түген бір мекеме, түген бір облыс, ьүген бір аймақ, түген бір министрлік тағайындаған, оның үстіне әралуан мереке қарсаңында өріп кететін, кім-кім де болсын қисапсыз санынан еріксіз жаңылатын сансыз сыйлықтардың лауреаттары да «көктен шұға жауғандай» дүркін-дүркін қаптап кеткен жоқ па еді?
Заманның, өмірдің жоғарыдағы тектес әралуан кемшіліктері мен дерттері Мархабат Байғұтовтың да қаламынан тыс қалған емес. Оның «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат» атты кітаптарындағы дүниелердің басым дені 1965-1985 жылдар аралығындағы қоғам картиансын мейлінше көркем, мейлінше шыншыл жеткізген, суреттеген қомақты да кесек туындылар болып табылады. 
Ауру әкесінің халінг ойлаудың орнына, өлгенін тезірек тілеп, тұрған үйін сатып қалтасына басуды көздеген бала мен келіннен не қайыр! («Сырбұлақ» жинағындағы «Иван Кузьмич» әңгімесі). 
Уақыттың талабы болар, әңгіменің финалы Иван Кузьмичті асырап алған қазақ қызы Анар жерлейді. Ауруханалас Елемесов бұл міндетті абыроймен орындап шығады. Тимуршылар да белсенді атсалысады. Соцреализмнің эстетикасына сай.
Екі облыстың қатар жатқан, өзара аттас келетін «Красный Восток» колхозының жылқыларын қара бастың құлқыны үшін пайдалануды көздейтін КВ операциясы, соның нәтижесінде хан сарайындай үй салып алу обырлығынан не ұттық? (Бұл да сол жинақта. «Жаңа тірлік» әңгімесі). Цензура мен редактураның арқасы болар, басты акцент тракторшы Сайлаудың үй салуы – алдыңғы планға шыққан. 
Ал, «Дауыстың түсі», «Айып», «Жалбыздың жағасында», «Доланай шахтасы», «Ақ орамалды қыз», «Жанымайдың жотасы», «Жемелек», «Таскекіре», «Машина мәселесі», «Уран ұрған», «Жылқы атылған түн», «Бір дорба диплом», «Кандидат», «Киікоты», «Кезеңдегі музыка мектебі» және тағы басқа әңгімелерінде соцреализмнің эстетикасынан әлі де қол үзе қоймағанмен, әсіресе әлеуметтік кодта өмірге, шындыққа мейлінше сыншыл қарау, шыншыл қарау, көркемдік  шифралардың мол байлығын жемісті пайдалану, ддіттеген мақсатқа шырғалаңсыз, шынайы жету жүзеге асқан. Ысылған машықтың кәнігі суреткерлікке батыл қол артқан нышаны ерекше сүйсінтеді. 
Мәселен, бір ғана мысал: «Дауыстың түсі» әңгімесінің әлеуметтік-рухани аясы белгілі бір кезеңде белгілі бір адамдардың азып-тозуға ұшырайтынын әдемі суреттейді. Қара бастың ғана құлы болу, қара бастың ғана артықшылығын көздеу, қара бастың ғана мансабын биіктете түсу бүкіл жұлын-жүйкеңді, жан-дүниеңді, жүрегіңді өрмекшінің торындай торлап алғанда көзі сау бола тұра айналан, ешкімді көрмейтін басыр болу оп-оңай-ақ екен. Еңсебектің трагедиясы, міне, осындай трагедия.
Есмақан мен Еңсебек екеуі дос. Бұл – шыны. Арада жылдар өтті. Есмақанның қызметі өрлей түсті. Бірақ, ол өзгерген жоқ.
Ал, Еңсебек өскен жоқ. Сол баяғы мансабы, сол баяғы қызметі. Бірақ, бұл өзгерген. Қазір ол неден болсын күдікшіл. Қазір ол тек күдікшіл ғана емес, барып тұрған қаралаушы күбіршіл. Осынысымен ақталады, осынысымен жұбанады. Оқып көрейік:
«Бұл да дос еді о баста. Дос сияқты еді». Бұл – Еңсебектің пікірі, шыны.
«Әдейі жасап тұр. Дауысының түсі білінбейді иттің». Бұл – Еңсебектің пікірі, шыны.
«Қарашы, қарай гөр, әдейі айқайлап, дауысының түсін білдірмей тұр. Көңіліндегі баттасқан кірді жасырмақ. Бәле. Сұмын қарашы!», – дейтін күңгірт күбірі. Бұл – Еңсебек пікірі, шыны.
«Әркімнің денсаулығы өзіне керек. Кетер адам кетті. Бір кезде жолдас, дос сияқты еді. Несі бар, кім кіммен дос болмаған, жолдас болмаған! Кім-кіммен айырылыспаған...». Бұл – Еңсебек пікірі, шыны.
Еңсебектің күңгірт күбірі, қаралаушы күбірі Есмаханнан гөрі оның өзін ғажайып терең әшкерелеп тұрған жоқ па?! Екіұдайы көзқарастың қосарлана, жарыса берілуі тапқырлық емес пе?! Әйтпесе, жас кездерінде мансаптан гөрі бақыт шамын қуалап, тапса соған мәз болып, арқа-жарқа күліп-ойнап жүрген жоқ па еді?! Студенттік тұрмысты түзеп, қатарға қосылып үй-жайдың, бала-шағаның қамына көшкен жоқ па еді?! Мансап тиген шақтарда да бір-бірін көтермелеп, қуаныштарына ортақ болуға тырысқан жоқ па еді? Пәнейі себептермен бірі келмесе, өздері де төтеннен бара салмайтын ба еді? Жоқ, олай емес екен-ау, өмір деген. Қызмет сатысы не өскенде де, не төмендегенде де бір қалыпты қалатын азаматтар әрқашан сирек болған екен-ау!
Сыныққа сылтау тауып, не ерте шақырмадың, не кеш айттың деген сылтауларды достық рәуіште назбен  айттым деп ойлайсың да, артынан соны өмірде тілге тиек етіп, жүзеге асырады екенсің. Сол асырғаныңды енді бірте-бірте машыққа, мақтанышқа, кірпияздыққа, кісілікке көтеріп, өзіңді биіктетем дейді екенсің. Сөйтіп эгоизмнің оқпанына қалай жұтылып кеткеніңді өзің сезбей де қалады екенсің. 
Бір өлімнің үрейі кім-кімді болсын үркінтеді, шошынтады екен! Ал мұның өзі кеш болмас па екен? Елуін атап өте сала Есмахан өмірден көшті. Сақталған азаматтық кісілігі соңғы сапарында да көпшіліктен қолдау тапты. Ал, соның бір өзі-ақ Еңсебектің қызғанышын қайта тағы тудырды, күңгірт күбірін қайта тағы тудырды, жалған әрекетке итермеледі. Бір-екі адамға телефон соқты. Үрейленіп соқты. 
Бірақ, Еңсебектің соңғы сапары Есмахандікіндей бола қояр ма екен?! Кім білсін?! Үмітсіз шайтан! Елуге дейін мансап ұстап жүрміз ғой деп, бір Еңсебек сияқты миллиондаған тұрғыны бар қалада бәрібір маңырап қалмаймыз ба?! Әрқайсымыз өзімізше жорып, өзімізше қорытынды жасасақ, бәлкім, Еңсебектің кебін кимеспіз, деп ойлаймын. 
«Дауыстың түсі» атты әңгіменің көркемдік қуаты да, көркемдік мазмұны да осындай опындырмайтын іс-әрекетке жетелейтін мақсатшыл нысананы мегзейтінінде болса керек. 
Зинақорлық, көзге шөп салу, адамгершілік тазалықты аяққа таптау, ата-анасына қол жұмсау, қарттар мен әжелерді ғарып-ғасырлар үйіне өткізу, қабырларды ақтару, маскүнемдік пен нашақорлықтың жетегінде кету әр қоғамда кездесетін болар. Бірақ, тоғышарлық психология үстемдік алып, өзгенің есебінен дүние жинау, парақорлыққа бару, пендешілік қанағатсыздықтың әралуан түрлерінен сасық жарыс тудырып, қараулықпен, бақастықпен аысп түсу тәрізді індеттердің көпшілігі кез келген қоғамның әлеуметтік-рухани мұраты тоқыраған тұста мейлінше сорақы формалар мен мазмұндарда көрініс табатыны бар. Бұған Мархабат Байғұтовтың «Мәшине мәселесі», «Уран ұрған», «Жылқы атылған түн» әңгімелерін, «Таудағы андыз» повесін айтар едік. Бұл туындылардағы көркемдік-әлеуметтік шындыққа еріксіз ден қоясың. Құнарлы тілдің құдіретті ырғағына еріксіз сүйсінесің. 
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне берілетін машиналардың әрқилы жолдарға талан-таражға түскенін, ардагерлердің сол бәз-баяғы жадау тіршілікте қалғанын қалайша жоққа шығарасыз? («Мәшине мәселесі»);
Туған келінінің өзгемен көңілдес, сыбайлас боп жүргенін көрген қарияның көзін қалай шел баспай тұра алады? («Кандидат»);
Балабақшаның мүддесіне тиесілі мүліктердің, меңгеруші үйінің төрінен орын алып тұруын көрмедік, білмедік деп қалай айтамыз? («Патефон»);
Колхоз бастық пен облыс орталығында тұратын келіншектің көңіл қосуы, азғырындығы еріп-барып, барып-еріп Қалыпбектің ар тазалығын сақтап қалуы ше? («Таскекіре»).
Мархабат Байғұтовтың сындарлы да сыпа суреткерлігін, әсіресе, мәңгілік махаббат құдіретіне – Квант генераторына, мәңгілік тіршілік талқысына – Тағдырлар гаммасына құрылатын шығармалары тым жоталандырып, тым асқақтатып көрсетеді. Бұған оның «Таудағы андыз» повесіндегі – Есқали мен Кәмиланың, Айсұлу мен Есқалидің; «Дос пейілі» повесіндегі – Иван мен Марияның, Наурыз пен Назипаның, Сұлтан мен Талшынның; «Ақ шымылдық» повесіндегі – Бағдат пен Зылиханың; «Машаттағы махаббат» повесіндегі – Санжар мен Саяның мөлдір махаббаттары поэзиядағы прозалық кең қамтудың, прозадағы тұтастықты поэзиялық ырғақпен суреттеудің өзара кемел қабысып, өзара ажырамас тұтастыққа айналып кеткенінің толық көрінісі дер едік. Бұл туындылардың жоғарыдағы кейіпкерлері қай-қайсысы болмасын: 
О беды! На них строится счастье!
О счастье! За ним скрываются беды!, – деген жолдардың астына ойланбастан қол қоятын жандар. Мейірімді жандар. Тәубашыл жандар. Осалдыққа барса да, сатқындыққа бармайтын жандар. Баршасы да жүректің әміріне бас иетін көнбіс те, көнтерлі жандар!
Иә, жүрек! Бәз-баяғы адам жүрегі! Ең белгілі және ең құпия, ең жайдақ және ең терең жүрек! Адам жүрегінің шырқау биігіне көтерілуің де немесе құрдым шыңырауына батып, тұншығуың да ғажап емес. 
Иә, сол жүрек қой! Бірақ, мынау жалған фәниде әлеуметтік  тұрғыдағы, не тұрмыстық тұрғыдағы, не басқа түскен заңды немесе кездейсоқ жәйттердегі өзімізбен қатар жүрген қаншама замандасымыздың жүрек дүрсіліндегі кардиограммаларынан нені аңғарып, нені бағамдар едік?
Асылы, мәңгілік махаббаттың – құдіретті генераторын, кванттық генераторын қайда қоямыз?!
Квант генераторы мәңгілік махаббатқа күш бергенде, мылқаудың сөйлемесіне, кереңнің естімесіне, сөйлеп жүрген адамның тілсіз қалмасына, естіп жүрген адамның меңіреу қалмасына кім кепіл болар екен? Әй, қайдам! 
Тіршілік талқысына түскен мәңгілік махаббаттың маздауы да, сөнуі де, шындалып сақталуы да, жанып бітіп күлге айналуы да, әрине, заңды. Тіршілік талқысына түскен махаббаттың сексеуілдің шоғындай маздауы да, жанып бітіп күлге айналуы да өмірдегі қарама-қайшылықтардың, сезімдердегі мөлдірліктің сақтай алмаудың нәтижесі емес пе еді?!
Тіршілік талқысына түскен мәңгілік махаббаттың қаншама отқа түскен сайын адал да пәк, берік те ғұмыршаң қалпын сақтап қалуы нефрит тәрізді асыл тастардың ғажайып гаммасына айналуының нәтижесі емес пе екен?! Әлбетте, аппақ қардай нефритті қаншама отқа салғаныңмен, қаншама балшыққа батырғаныңмен, қылау түсірмейтін сиқыры мен құдіреті, асылы, кәусар махаббаттың мөлдір сезімдеріне дарығаны қандай ғанибет еді десеңші!
Ақсұлу саусақты Айсұлудың Есқалиға деген махаббаты; Наурыз бен Церегманың махаббаты; Сұлтан мен Талшынның махаббаты; Санжар мен Саяның махаббаты сонау-сонау мөлдірлігімен, сонау-сонау кәусарлығымен бойыңа ізгі жылуарлықтың құдіретін дарытып, әлдилей түспей ме?! Әралуан қаңқу мен әрқилы өсектің бірде-бірінің дақ қалдырмақ түгілі, күйелей алмауының құдіреті алдындағы дәрменсіздіктен болар!..
Меніңше, ұлы Сократтың: «Сөзің – ісіңнің көлеңкесі» дейтін ұлағатыты байламынан шығар. Бәлкім, бұған «ісің – сөзіңнің көлеңкесі» дегенді тіркелемесек түрптің түбінде жүректің қазынасы ақыл-ойға келіп тірелетінін ескерсек керек еді ғой!
Бұл орайда, кесек-кесек туындыларын мәңгілік Махаббат – Квант Генераторына, мәңгілік тіршілік – Тағдырлар Гаммасына құрып, оқырмандарына ұсынып, қолдау тапқан сындарлы да сыпа суреткер Мархабат Байғұтов әлі де ірі биіктерге көтерілер, соған талай-талай әлі де сүйсінуі мол мақала жазыла берер деген үмітіміз зор.

27 қазан, 1995 жыл