Қуаныш Жазай. Мен сенде бармын ба әлі?

May 5, 2025 - 19:40
 3
Қуаныш Жазай. Мен сенде бармын ба әлі?

Қуаныш ЖАЗАЙ – ақын. 1994 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылында дүниеге келген. «Толқынға қарсы», «Жыр-дария» атты кітаптары жарық көрген. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты.

***

Есіңде ме екен, жан ана, 
Өшірдің бе екен ойдан сен?
Жөнелсем болды далаға, 
Батпақпен ғана ойнаушы ем.

Тұрғыздым небір «қамалды»,
Аспадым құлақ саған түк. 
Батпаққа батқан балаңды, 
Алушы ең күнде ағартып. 

Дариға-ай, шіркін, тап сонда, 
Кешпедім екен не батпақ?
Қап-қара лайға батсам да,
Жүрегім, жаным еді әппақ...

Қазір ше?
Әсем ырғақпен, 
Басамын таза жолды ыңғай.
Батпақ не, батпақ тұрмақ мен, 
Үстіме тозаң қондырмай.

Жарқылдап өңшең дүрменен, 
Жүремін ұқсап «мақтаға».
Сонда да жүрек кірлеген, 
Сонда да жаным қап-қара.

Ол үшін, тіпті, ешкімге, 
Кінә артып, айып тақпағын. 
Кешем деп, ана, кештім бе, 
Өмірдің лайлы батпағын?!

Кетейін сенен садаға,
Болайын құлың кәдімгі. 
Ағартып берші, жан ана,
Батпаққа батқан жанымды...

ЖЕРШІЛ

Бақай атам сезіммен бір керемет,
Туған жерін сүйеді мүлде бөлек. 
Айнымайтын бір түрлі әдеті бар, 
Айналса да жер шарын шыр көбелек. 

Ұшқын атып жүзінен от шырайлы, 
Одан өзге «құбыла» жоқ сыңайлы, 
Қайбір үйге қонбасын, 
Ұйықтар сәтте:
– Нарынқолың қай жақта?, – деп сұрайды. 

Бұл сұрақты сен қалай ұғынасың, 
Жауап таппай еріксіз бұғынасың.
Көз іле алмай, 
Әр тұсқа басын түзеп, 
Кетеді іздеп өзінің «құбыласын».

Қиналмайды, әйтсе де, қарт ұста көп,
Таңғаламын кеудесі компас па деп. 
– Ә, осында екен ғой...,– деп тыншиды, 
Нарынқолға қараған дәл тұсқа кеп.

Болғанына төзе алмай «астаналық»,
Жатады атам сақалын жасқа малып.
Ой-хой, сосын басады қорылына, 
Туған жерін басына жастап алып...

ГҮЛ

Гүл ғой ол! 
Құмырадан шықса өледі, 
Ұқпаған кейіпке еніп ұқса да оны, 
Қарайды көзін алмай терезеден, 
Үзіліп кетердей боп «қыпша белі». 

От тастап, өзегіне шала тастап, 
Қыздар-ай, қыздар күліп барады асқақ. 
Ол да еріп кетсем дейді соңдарынан, 
«Етегін» жалаңаштап...

Паң күліп, кербез басып, сөйлеп керім, 
Қалайды өмірінің тойда өткенін. 
Сосын ол бәлсінеді құмыраға, 
«Бойжеткенін».

Аңдасам, сол гүл бүгін кеңдік тілеп, 
Майысқан қос сабағын қол ғып тіреп, 
Қашардай қарғып шығып құмырадан:
– Көрсетпе енді мына қорлықты!, – деп. 

Ол айтқан қайғылы әннен, 
Сыр аулап, жатам үнсіз ой құраумен. 
Көкем-ау, олар қыз да, сен гүлсің деп, 
Шіркінге ұқтыра алмай қойдым-ау мен...

***

Ай!
Мұңлық Ай!
Мұңлық Ай!
Екеуімізді серік етті қу құдай.
Маған еріп бекер келдің қалаға, 
Не жоғалттың, құрғыр-ай?!.

Жалғызсырап мені өледі деп пе едің, 
Маған еріп, қане, арманға жеткенің?
Орта жолдан Мойнақ ерді, сен аздай, 
– Ерме!, – дедім, 
– Кет!, – дедім. 

Екеуіңді бір сыбап, 
Қара тасты уысыма ап, 
Құлаштай кеп атып қалдым, обал-ай,
Тиді, білем –
Қыңсылап, 

Мойнақ қалды өкпелі, 
Ойлап қалды қаныпезер деп мені. 
– Қал!, – деп саған қайыра бір тас аттым, 
Атқан тасым жетпеді. 

Тұрсың енді жанарыңнан тамып шық...
Мойнақ құрлы болмадың ғой, 
Талықсып, 
Талып ұйықтап жатпас па едің ауылда, 
Ауызыңнан ағып сүт...

Ай!
Мұңлық Ай!
Қате кетті, кеш, менен, 
Жөн еді ғой мен бейбаққа ілеспеген. 
Маған еріп бекер келдің қалаға, 
Ал, келмесең... 
Не істер ем?

ҚАҢБАҚ

Тағдырыңды текке қарғап, 
Құсада өткің келмесе, 
Сен үзіліп кетпе, Қаңбақ, 
Сен мықты бол, ендеше!

«Еркін күл!»» – деп, 
«Еркін жүр!, – деп –
Мен ұсынған жолда әман...»
Жел күн-түн кеп,
Желпіндірмек, 
Сене көрме! Сенбе оған!

Із қалдырмай,
Бұл күнді естен 
Ұмыттырар ол тірлік.
Қуғын көріп, сүргін кешсең, 
Оның несі Еркіндік?!

Еменді де алып ұрған, 
Желден қайыр күтпегін. 
Ажырама тамырыңнан,
Ажырасаң – біткенің!

Тағдырыңды текке қарғап, 
Келмесе егер текке «өлгің», 
Сен үзіліп кетпе, Қаңбақ,
...Мен үзіліп кеткенмін...

***

Алтыншаш! Әй, Алтыншаш!
Сен ертең ерте оян,
Себебі ертең,
Сарыла көптен күткен келеді еркем.
Еркеммен кездесуге өзің де кел,
Кие кел көйлегіңді және көркем.

Еркеммен қауышуым бұл бір бақыт,
Алайық сол бақытқа бір-бір батып.
Кедергі келтірмейді, алаңдама,
Таға кел шашпауыңды сыңғырлатып.

Оралып мұңайтпасын өткен шағың,
Күл ертең, жадырай күл жеткенше әлің.
Бір-ақ күн, тек бір-ақ күн бізбенен бол,
Үзіліп қалмайды одан бетмоншағың.

Бар бізде таусылмас сыр,
Сарқылмас мұң,
Аптыққан екі жүрек мауқын бассын,
Жатуға асықпа сен ертең мүлде,
Батуға асықпа сен, Алтыншаш-Күн!
Жарай ма?

***

Сенің есімің – 
Кешірім...

Өзгені қойшы, мен үшін, айнам, 
Түспедің қандай отқа сен?
...Төгілтіп алдан жемісін жайған, 
Ұқсайсың иран баққа әсем.

Жемісін, тіпті, қондырмай құс та,
Аманатыңа адал боп,
Үздірмей күзге, тоңдырмай қысқа, 
Сақтайсың жалғыз маған деп. 

Ал, мен ше?
Ал, мен...
дәйім, о, саған, 
(Берекемді алып бекерге,)
Құйынға айналып қайыра соғам, 
Жел болып жортып кетем де. 

Жүрегің азап шегеді қатты, 
Көрсетпесең де еш кемдік.
Мен үшін жайған мәуелі бақты, 
Төңкерем астаң-кестең ғып. 

Жаныңды аяусыз жаралап, қарғам, 
Кетсем де бәрін түсініп, 
Тұрасың сосын аман ап қалған, 
Жемісін маған ұсынып...

ХАТ

Мен сенде бармын ба әлі?..
Көңілмен – күй шалқыған,
Сезіммен – жаңбырдағы
Топырақ иісі аңқыған.

Кіршіксіз махаббатым!
Үнімді өктем етіп, 
Сен жаққа апаратын, 
Жолдарды көктеп өтіп, 

Армансыз құйғытсам ба!
Жетсем бе өзіңе мен?!
...Көзбенен сүйдік сонда, 
Жүректің көзіменен.

Кеттік біз соған сіңіп, 
Мөлдіреп қана тұрдық. 
Сол сезім сені әнші ғып, 
Жіберді мені ақын ғып. 

Сәтте сол сезім «өлген»,
Қош айтып арман, баққа. 
Жүрегің көзінен мен, 
Төгіліп қалғам жоқ па?

Күрсіндім – көкірегім
Құлатып таулардан сең. 
Ол кезде ақын едім, 
Ақымақ болғаннан соң. 

Сен кеттің, өлең кетті, 
Қалды тек жалғанда мұң. 
Жол жаққа елеңдетті, 
Беймезгіл жауған жауын. 

Күндейді жанның бәрі, 
Қатайық оңаша тіл. 
Мен сенде бармын ба әлі, 
Бар болсам ғана шақыр!

ЖАСТЫҚҚА УӘЖ

Уа, жастық!
Кірпігіңді сылқым қағып 
Қалғанда – 
дүние біткен құлпырды анық. 
Жетектеп кеттің мені, тапжылмастан
Тұрдың да есігімді күн-түн бағып. 

Ол кезде балалық бар еді бойда, 
Ол кезде даналық бар еді бойда, 
Екеуін бір-ақ күнде ұмыттырып, 
Па, шіркін, апармадың мені қайда?!

Мұң болып қанша көзге тұндың, жастық, 
Той қайда – сен сол жерде жүрдің, жастық!
Желпілдеп жетегіңде кете бердім, 
Өткізіп бір күнді тоқ, бір күнді аш қып. 

Қыздың да ең сұлуын сүйдің барып, 
Мұздың да ең суығын... күйдің-жанып. 
Қанша рет қаршыға боп қарсы атылдың, 
Ұядан енді ұзаған тұйғынды алып. 

Елемей адам түгіл аңның сесін, 
О, қанша тәуекелге бардың тосын?
Қызығын әр нәрсенің сен көрдің де,
Күнәсін мен арқалап қалдым сосын...

Сен жүрдің іліндірмей жар-құзда ағып, 
Мен жүрдім табанымды қар-мұз қарып.
Талықсып келіп бірге көз ілдік те, 
Ояндық...
...Есім жидым жалғыз қалып. 

Уа, жастық!
Кірпігіңді сылқым қағып,
Кетіпсің өтеуіне күлкімді алып. 
Алпыс күн атан болып жай жүргенше,
Алты күн бура болып бұрқылдадық.

Тапқаным қане содан жанға дауа, 
Алыстап екеуміздің қалды-ау ара.
Сондағы көрген қызық, кешкен дәурен, 
Апыр-ай, бір күнгідей болмады-ау, ә?!

Мен бірақ арта алмаймын өкпе саған,
Өзіңсіз жетпес еді көпке шамам.
Жалғыз-ақ:
– Сен кім едің! Кім болдың?, – деп,
Балалық кемсеңдейді тек тасадан. 

Қайырылар балалыққа өтті жайым, 
Ендеше даналыққа бет бұрайын.
Қош, жастық!
Тоқтай тұршы, сағынам ғой, 
Ұрланып арасында кеп тұрайын...

* * *

– Сізді шақырып жатыр...
– Кім?
– Ақырғы Дем мен ақырғы Үн...
Бармасқа амал тағы жоқ, 
Маңдайға жазса – мақұлмын. 

Аяңдап келем, аяңдап, 
Қилы да қилы ой аулап. 
Ақталар, сірә, түгім жоқ, 
Түрі жоқ, сірә, аянбақ. 

Тәнмін мен – Жанға өгеймін, 
Алған соң «қарыз» төлеймін. 
Ақырғы Демді аларда, 
Ақырғы Үнге не деймін?

Мәңгі өмір тиген еншім боп,
Сайтанның жанын берсе үрлеп,
Шалқадан түсіп жатпас па ем:
– Құдайдың өзі келсін!, – деп...

Ғапыл боп тұрсам...
Ғапыл боп,
Мазақтап тағы отыр кеп:
– Шақырып жатқан жоқ!..
– Енді?
– Сізге өзі келе жатыр!, – деп...