Аманжол Исламғали. Бізді мүлде босатпасын бұл ғасыр

Мендік ойлар – Көмейінен төгілетін дұғасы, Мезгіл күтіп оралатын құс та шығар күнәсіз?!

Sep 10, 2025 - 13:13
Sep 11, 2025 - 14:50
 52
Аманжол Исламғали. Бізді мүлде босатпасын бұл ғасыр

Аманжол ИСЛАМҒАЛИ – 2000 жылғы 24 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келіп, Қандыағаш қаласында өскен. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің түлегі. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі болып қызмет етті. Өлеңдері «Әдебиет», «Мәдениет», «Қаламгер» сияқты республикалық порталдарда және «Қазақ әдебиеті» мен «Sakhara» газетінде жарияланды. Қазіргі кезде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкері.

***

Кешегі суреттің қиындыларындай  жапырақтар,
құрастыруға келмейтін көп саны.
Жел сүйреп барады ескі картиналарды,
Тек сәттік алданыш – түстері ақ-сары.

Оларға үміт деп қарадым,
сенім деп санадым,
жылдар деп ойладым,
уақытқа баладым шыдамсыз жел күшін.
Бұл жақта тұрғынның ойлары: 
жазығын бір құшу, қазығын айналу,
Жердегі түрлі пішінге келеді енгісі.

Бағытсыз жел айдап бара ма ғұмыры үзілген мүрдені?!
Осылай көшеді өмірдің біздегі бар мәні,
Барыңды кеміру – уақыттың білгені,
Өзіңді алдаған күндердің іздері қалғаны.

Сәуір

Жұпары да таңсық қала мұң жаудырған кеудеме,
(Түс жоримын кей кештерде шаһарды аңсап ең көне).
Шамдары да ада мендік сезімдерден аяулы.
Ұзап кетпей жүр екенмін мен неге? 

Іңірдегі сағынышым – жетім күйші төккен күй.
Түс көремін кешегімді тағы кешіп өткендей.
Сирень гүлдеп оятатын сезімдерді, ойларды,
Сәуір ендігі ілестіріп кеткендей...

Көңіл сынық қанатымен су бүркіген шоқтарға,
Үміт – көкірегіңдегін күрмеп алып, жоқ қармау.
Мезгіл мендік қимастарды сүйрей берді келмеске.
(Сен қаларсың сағынышым боп, қарғам).

Түндеріме майда шамдар тізді үміт.
Аспан жаққа ақтара алмай кеудемдегі барымды,
Күрсінемін іңірге ұзақ үздігіп...
Сен де көшесің көңілден.

***

Қай уақыттан оралдың?
Бейне бәрі күні кеше көз алдымнан өткендей,
қай дәуірде,
қай мекенде сөзім саған жеткен екен
сана ішінде кептелмей?!

Табыстық па ғасырлардан аттап өтіп ақыры,
Жыраққа айдап әкетеді енді қандай кезеңдер,
Жанымызды бүтін етер енді қанша шақырым?

Сен мезгілден ауып кетпе дәл осы,
Мен де таяп қалғандаймын, шамасы...

Қай күндерге жүрсің қанат қаққалы?
(Тағдыр бізді құсқа ұқсатқан тәрізді).
Салмағы ауыр ғасырларды шығарып сап тұрғанда,
Сен байқарсың аспандағы ақ ізді.

«Мүлде кезікпегендердің сағынышы сол ізде»,
Түн осылай сыбырлайды қауышқанда теңізбен.

Тас түсінігін илегенде бір дәуір,
Жолыққанбыз біз, білсең.
Мен қалғанмын тар жолдарда ырғалып,
Көк жүзінде жүздің сен.

Осы сәттік қауышу – 
батпан ойдан суырып ап сезімдерді тұншыққан,
ақтара алмай барыңды,
төзіміңді тауысу.

Бізді мүлде босатпасын бұл ғасыр,
Бір-біріне үздігіп,
Құпиясын жасырғандай ең ұлы
көздер,
көздер әр сәт сайын сырласып...

Бізді мүлде босатпасын бұл ғасыр.

Үнсіздік

Кешегі күндердің үні де көмескі екенін,
Көңілді қайғының түбіне сәт сайын жерлеп кетерін ойладым.
Үндемедің...

Түсініктердің де түстері боларын түрлі,
Шырмалдың ойларға,
(сонда да қалауың білді).
Сен әлі үндемедің...

Ақтарылмадың, алқынбадың да бала шақтағыдай,
Біз жалқы жолдармен аттанбайтын едік болашаққа бұлай.

Сыр ашпадың сен.
Алаңсыз шақтарға іштей оралатыныңды сезіммен,
аңғарып отырдым көзіңнен.

Сыр ашпа ендігі,
Шаһарға сыймасын білесің шерлі үнің,
Сонда да көзіңнен көремін
Бұ жалпақ дүниенің кеңдігін.

Досым, 
жаныңды қажайды түсініктерге маталған тірлігің,
Бір күннің өкшесін басады бір күнің.
Кезеді шарасыз тірліктің түнегін жаның.
Құмыға береді кешегі күндердің сыңғыры,
Үндеме.
Білемін бәрін.

***

Бұлттай қалың, көшпелі...
мендік түс те – арпалыс,
Өңімде де кезікпеді жол таныс.

Мәнсіз күн һәм бағытсыз жел көңілімді тонаса,
Ой сіміріп отырамын оңаша.

Көк жазуын оқи алмай тұр уақыт,
Тұнық көздер минут сайын тіл қатып...

Тіршілікке ұмтылады көкіректегі ұлы күш,
Бойды билеп түсініксіз құбылыс.

Мінезімен тартымды һәм мінімен де жоғары,
Адам қайда?
(Ой да қазір барын бүркеп қалады).

Сынық қанат сезімім де құлдилайды көгімнен,
Бұл – заңдылық.
Құдіреті бар екенін түсінбеймін оның не?!

Күйден де осы арыламын бір уақта,
Жазғырамын, тағдыр, сені жанарларды құрғатқан.

Мендік ойлар –
Көмейінен төгілетін дұғасы,
Мезгіл күтіп оралатын құс та шығар күнәсіз?!

Түйсік

Іңір маған ілкідегі сезімдерді кештірмек,
Мидағы ойлар кеш бүрлеп.
Қараңғылық қонар тағы тротуар бойына,
Жүдеу жылдар жаңғырығы естілмек.

Құй тағы да қою түнді тереземнің түбіне,
(Төрдегі ойлар бүгілер).
Сүреңсіздеу, сүйкімі жоқ мәтіндерден мұндағы
Еріксіз көз сүрінер.

Күллі мұңды көкірегіне түнететін күлтөбе,
Жүрек жасқа жаңбыр да – өлең, 
бұлт – өлең.
Жарты әлемнің жолын сезген түйсігім де қадалып,
Жапырақтың көлеңкесін түсіне алмай тұр терең.

Бірақ білем тіршіліктің көкке ұзаған кемесін,
(Көлеңке мұң, көк желкемнен төнесің...)
Күллі ұғымға қол сілтегім келеді,
Сен сонда да сенесің,
Жүрегім, сен сонда да сезесің...