Сәрсенбек Сахабат. Сөз мүсіні

Көсілу, төрт аяқты тең баспақ туа бітті дарынмен қоса қазіргі көркем әдебиеттің ұңғыл-шұңғылынан мол хабардар болуды талап ететіні айтуға ғана жеңіл, ал үйренбегің ауыр машық...

Apr 28, 2026 - 16:20
 11
Сәрсенбек Сахабат. Сөз мүсіні

І. Кіріспе (Эпифора)

Ердің жасы елуге аяқ басып отырған жазушы Мархабат Байғұтов Оңтүстік Қазақстанның Түркібасы өңіріндегі Пістелі ауылында тауқыметі жетерлік әрі ұлы жеңістің қуанышынан бас айналған шақта – 1945 жылы 25-мамырда дүниеге келген. Жан-күйіңді қолмен қойған, тастан ойған бәдізшідей қалт жібермейтін аңғарымды, езуге күлкі, көңілге жылылық үйіретін қалжыңға ұста жазушы кейіпкерінің сөзімен мұны дәйектесек: «Тізім жасалып, көркем жазылып біткен кезде, қағазға қызыға қарап отырып: «Құдықсайдың қатындары соғыстан кейін тәп-тәуір өнім берген, ә?!» – дейтін көрінеді». («Патефон», 13-бет, «Жалын», 1998 жыл). Мұны айтқан қарапайым ауыл бригадирі болса, кейіпкеріне осыны айтқызған сол кездің бір басқа жетіп-артылатын қызығы мен қиынын, жыл озған сайын Бұлдыртау асып бара жатқан бал балалығын қимайтын қаламгердің асау сезімі. Қайбір адамзат баласын да елжірететін құдіретті бұл сағыныш Мархабат Байғұтовқа оңтай асықтай үйірсек көрінеді. Иә, Махаң – соғыстан соң дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Бұдан кәдуілгі: «жазушы ағайындар өз өмірін шимайлайтынға ұқсайды ғой» деген қарадүрсін ұғым тумаса керек, анығырақ айтсақ, барлық қалам иесі өз сүрген, көзі көрген уақыт шындығынан шым-шымдап шығармасына арқау өретін көрінеді.
Білімге қиын-қыстауда сусаған жас қағажу көрсе де қайыспайтын, көркем әдебиетке де, шытырманды арифметикалық есепке де өресі жететін, достыққа адал әрі талап-қиянатқа төзбейтін өжет көрінеді.
Болашақ жазушы Түркібасы ауданының орталығындағы Абай атындағы орта мектепті бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Сол 1964-жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, әскери парызын өтеп қайтқан соң, оқуын қайта жалғастырған. Иығына үй тұрмысының ауыртпалығы ерте түскен Махаңа Түркібасы аудандық «Шамшырақ» газетінде әуелі корректор, кейіннен тілші, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқара жүріп, сырттай оқуына тура келген. Жоғары оқу орнын бітірісімен, 1973-жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы қызметке шақырып, осында аудармашы, тілші, мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі секілді қызмет баспалдақтарынан өткен көрінеді. 
80-жылдары Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінде, облыстық партия комитетінде, облыс әкімшілігінің бөлімінде қызметтер атқарған жазушы бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі Тіл басқармасының бастығы. 
М.Байғұтов 1980-жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының, ал 1985-жылдан бері қарай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгерлердің соңғы съезінде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшелігіне сайланған. Сонау 1971-жылы тырнақалды әңгімесі «Оңтүстік Қазақстанда» жарық көрген Махаңның шағын әңгімелері 1973-жылы «Жалын» альманағының алтыншы санында жарияланған. 1974-жылы «Жазушы» баспасында жарық көрген «Тоғызыншы шежіре» атты ұжымдық жинаққа «Алақанда алтын дән» очеркі енгеннен соң М.Байғұтовтың очерктері осы тақылеттес жинақтарда жиі шығып келе жатқан көрінеді. 
Әңгіме жанрында шеберленген жазушының «Бірбеткей» әңгімесі 1975-жылғы «Жалын» альманағының алтыншы санында, «Жаңғақ» әңгімесі «Жұлдыз» журналының 1976-жылғы үшінші санында жарияланды. 
«Жалын» баспасынан 1978-жылы тұңғышы «Шілде», 1980-жылы «Сырбұлақ», 1985-жылы «Интернаттың баласы», 1988-жылы «Нәуірзек» кітаптары жарық көрсе, 1993-жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қорғансыз жүрек», Шымкенттегі «Жібек жолы» баспасынан шыққан «Дауыстың түсі» атты кітаптары бар. 
Мархабат Байғұтовтың шығармалары әдеби сынның жылы ілтипатына ілігумен қатар, бірсыпыра әңгімесі орыс, украин, қарақалпақ, саха, өзбек тілдеріне тәржімеленген. Жазушының өзі де В.Шукшин, Ю.Покальчук, У.Ирвинг шығармаларын қазақша жатық сөйлете білген кәнігі аудармашы. М.Байғұтов балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармаларға арнайы жарияланған дәстүрлі «Жалын» бәйгесінің қос дүркін жүлдегері, «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының және «Жібек жолы» журналының Тұрар Рысқұлов атындағы сыйлығының, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының лауреаты. 

ІІ. Әдемі дүние – әңгіме

«Новелла – өлеңнен кейінгі ең қиын форма»
Уильям Фолкнер

Кіші жанрдың бел асып, белең айналып әдебиеттің бағдарын айқындаушы күшке ие бола алатынын өткен ғасырдың танымал шеберлері біржола дәлелдеп берді. Флобер мен Мопассан «шағын әңгімелер формасы» арқылы көпке танылса, орыс әдебиетінде әуелі А.П.Чехов пен В.Г.Короленко, кейіннен М.Горький, И.А.Бунин, А.Н.Куприн, Л.Н.Андреев өз шығармашылығында «жаңа форманың ескі мазмұнмен табиғи кірігуін» айдай әлемге паш етті. Сұңғыла В.Г.Белинскийдің айтуынша: «Уақыттың идеясы бар жерде, уақыттың формасы да табылады». Жоғарыда аталған суреткерлердің «қай-қайсысы да әңгіме жанрының табиғатын өзінше байытып, оның тұтастай структурасы мен жекелеген компоненттерін жетілдіре түсті». 
Мұндай сілкіністен, әдемі ұлттық әдістен төл әдебиетіміз де құр алақан емес. Би-ағаңның сөз өнерінің жауһарларына ұялмай қосатын «Шұғаның белгісінен» басталатын әдемілік дүниесі ізашар болып, Мұхаңның, Ғабеңнің қалам құдіретіне айналып сала берген жоқ па?! «Асылы, прозаның ғазабына көнген кісі ғана оның ғазалын аңдитын сияқты. Әуезов, Мүсіреповтен бастап, орта буынның Тахауи, Тәкендері, кейінгі Әбіш, Қалихан, Сайын, Оралхан, Дулаттары осы проза ғазалына ден қойған».
Бұл күнде әңгіме жанрының майталман шеберлерінің қатарына қосылған Мархабат Байғұтовтың қалам қуаты, көркемдік нәрі, тартымдылығы қайсы? «Шашынан айранның, одан кейін күннің иісі шығады»... «Интернаттың баласы» хикаяты тап осылай басталады, жазушы ә дегеннен бойды шымырлатып, сізді өзінің бауырына тарта салды. Әрі қарай құнығып оқыған сайын ықыласыңыз артпаса, суымайды. Талай алапат сезімді кәміл бастан кешіресіз. Бұл не сонда? Анық шеберлік осы... Әр жазушының өз көзі болуы керек дегенге сайысақ, Мархабат Байғұтов көкірек көзі танығанын жүректен қозғай біледі. Шынында да, сырт көзге байқала бермейтін астан-кестен жүрегінсіз сол адамды қалай танымаққа?! Мархабат Байғұтов – мұратына адал, талғампаз да тындырымды дарын иесі. 
«Хатты қайта оқыды. Бұл жолы жаңа ғана өрекпіген, өрлеп барып тұңғиыққа, төменге қарай тарта жөнелген көңіл шіркін қайта түзелуге беттегендей болды. Дүние өртеніп, жалған жанып жатқандай дәнеме жоқ деп, өзін-өзі жұбатуға тырысты. Хат жолдарының арасынан сиқырлана сығалаған қорқынышты көлеңкелер де бір жаққа безіп жөнелгендей». 
Тілдің құнары мен нәрі ошақтың отындай бетке тепсиді. Тәнті қалдырғаны рас, ал мұратына адалдығына келсек, Ұлы Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басқан, әсіре қызылға әсте бой алдырмайтын құдіретті кие тұтқан. Кешегі үдере қозғалған, ертерек коммунизмге жетіп жығылмақ қиқуға еліткен қою шаң қаншама тынысын тұмшалағанмен, сабырға бойын жеңдірген. Сондықтан, ешбір дау-дамайсыз өзі туып-өскелі табаны аумаған Күнгейдің тау түкпіріндегі алыс ауылын, оның бізге мәлім-беймәлім қарапайым адамдарын дәтке қуат, жанына жақын тұтқан. Әлбетте, көркемдіктің нәрі – адам жаны!
«Реалистер секілді, біз де өнердегі жалғыз шындықты, өмірді мойындаймыз, – деп жазады В.Я.Брюсов. – Бірақ, шындықты олар өзінен емес, өзгеден іздейді, біз болсақ жан-дүниемізге көбірек үңілеміз... Суреткер нағыз шындық сол болып табылатын, өз пайымына лайықты бастан кешкенін ғана жазуға тиіс».
Біздің заманның алыбы Уильям Фолкнер айтса-айтқандай, әңгіменің майын тамыза жазу қиынның қиыны екені рас. Мұның бір себебі, қайбір мықты жазушы болмасын терең ой тастап, жақсылық пен жамандық проблемасын көтереді. Дегеніне, жеріне жеткізе айту үшін сезім, ішкі дүниенің арпалысын, мінез қақтығысын қазық қып қағады, бейнелі, нақышты көркем тілді қамшы ғып ұстайды, өнеге-үлгі, жақсылықты тізгін ғып қағады. «Қазақ прозасы қазір, әділін айтсақ, көп қырланып, әбден шымырланып алды». Облыстың әдеби өмірінде аралас-құралас жүріп бір байқағаным – Махаңның ақынжандылығы, өлеңді нәзік түйсінетіні, сүйіп оқитыны. 
Кейде өзі де ақындық алымын айқын аңғартады. «Екеуі кім, өздері ғой, өздері, ұшқын шашып көздері жалын ата шарпысып, қала берді аймаласып, айналып, одан әрі бара алмай, құшақтасып қала алмай, өртеніп бір жана алмай.
Клубтағылардың әзілі ме, шыны ма, қол соғады дуылдап, қайта шық деп шақырады дуылдап, қайта шықты қос ғашық, ниеттері досқа ашық».
Махаң міне, осылай көсілтеді. Бұған Күнгейдің таулы табиғатын, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа шынайы қарауын, яғни жақсылыққа дігірлігін, бойға жарасты қалжыңын қосыңыз... Ықыласыңыз сонда қайда ауар екен?!
«Мылтығы талға сүйеулі адам темекі тұтатты. Асықпай сорып, аузы-мұрнынан бұйра-бұйра түтін будақтатты. «Уф-ф-ф-фі» деп, астыңғы ернін шүйіре, бұлардың үйіне отын бұтап бергендей міндетсіне кергіді» («Жанымайдың жотасы», 215-бет). Бұл – психологиялық мінездеудің Махаңа тән тәсілі. «Арғы жағада жалбырап жалбыз салбырайды, биігіректе киікоты көздің жауын алудан танбаған. Қурамаған, кеппеген, гүлінің түсі мен иісі кетпеген».
«Табиғатты суреттеу мейлінше қысқа әрі нұсқа болсын. Табиғатты суреттегенде ұсақ-түйек болмасын, оларды топтастырғанда жұмулы көзбен оқи алатындай болсын», – дейді әңгіме жанрының барлық компоненттеріне айтулы үлес қосқан ұлы жаңашыл А.П.Чехов. 
Бояуды қанық әрі зәурінше ғана шым-шымдап жұмсау шынайы шеберлікке тән үлгі:
«Кенеп дорба саған да жетіпті ғой, – дедім мен де ештеңе болмағанын айрықша атап көрсеткім келгендей. – Модаға еліктемейтін сияқты едің. 
– Ыңғайлы, қарапайым жағын жатырқамаймын» («Бір дорба диплом», 7-бет).
«Сопақтау жүзіне қарағанда ауызы сәл ғана үлкендеу. Ерні қызғылт, дымқыл. Көздерінде дымқыл жарқыл бар... Ол төмен қарады. Екеуміз енді бір-бірімізге қарауға бата алмаймыз. Екеуміз де ойланып қалыппыз. 
Көрпесай ауылы экранға шыға келді. Әрине менің көңіл экраныма» («Көрпесай кітапханасы», 175-бет). Кейіпкердің көңіл-күйін егжей-тегжей тәптіштемейді, тым суырылмайды. Анығы кейіпкер көңіл-күйін қимыл-әрекеттерінен аңғарамыз. Қара-құра кісі саны да кемшін, әңгіме сол баяғы екеуінің төңірегінен аспайды. Көркем прозаның бейнелеу мен баяндау секілді екі түрлі элементін өрілген қыштай жымдастыру – үлкен өнер. Ал «Көрпесай кітапханасындағы» танымы, ойы, кісілігі таныс жігіт бас кейіпкердің есімі кім? Сірә, соның да керегі шамалы-ау. 
Баяндаушы М.Байғұтов поэзияның лирикалық кейіпкері тәрізді бір басына бәрін жинақтаған: әңгімелеуші де, кейіпкері де, автор болмысын танытушы да – сол өзі. Ау, өлең кейіпкерінің есімі біреу-ақ, ол – авторы емес пе? 
Әдебиет табалдырығынан имене аттаған әрбір шынайы суреткердің өз концепсиясы, дүние мен адам баласына жеке көзқарасы, дара танымы болмайынша ешкімнен де, ештеңе де үйрене алмайды. Мұнсыз жеке шығармашылығының қайталанбас бет-бедері қалыптаспайды. «Шынында, мен әуейі тірлікке тым-тым беріліп кетемін, – деп жазады И.Бунин. – Дүниеге өз көзіммен қараудан әбден тойындым, бірақ басқаша қарай да алар емеспін».
Үлкен жүректі қаламгердің имандай сыры бұл. 
Сөз басында айтып кеткеніміздей, Мархабат Байғұтов соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілі. Жазушы танымы мұны әбден аңғартады. Махаңның тұстасы Кеңшілік ақын айтқандай:

Алыс ауыл. Қиян түн. Шым мектепте
Оқушы едік домбығып, дірдектеп те...
Көз қуаныш біз едік, ал ел болса,
Кетпейтінін біледі тірнек текке.
Құмырсқадай қыбырлап таң сәріден,
Қара жерді тырмалап саусағымен.
Шойырылма шал, шолақ қол бригадир,
Жесір әйел құсалы қан-сөлімен
Біз тоқ едік – тоғайдық ниетпенен,
Асып-төкпей, таулиық жиектеген.
Алты ай бойы жан анаң кетпен шапса,
Айырасың сүйелді сүйекпенен...

Осы бір қиыны да, қызығы да қымқуыт кезде өткен балалығының әсері мол М.Байғұтовтың дәстүрлі «Жалын» бәйгесінде топты жиі жарғаны кездейсоқтық болмаса керек. Бірқатар: «Ақ орамалды қыз», «Киікоты», «Адал адам» тағы басқа әңгімелері, «Интернаттың баласы», «Патефон», «Таудағы андыз» хикаяттары – мұның айқын мысалы. 
Жалпы, бала танымын әспеттеу – әдебиетте жиі қолданылып келген тәсіл. Талай тамсанулы туындылардың атворларын жіпке тізбегенімізбен, олар көзі қарақты оқырманның есінде шығар. 
Жазушы кейіпкерлері (мейлі бала, мейлі ересек) ең әуелі этностық тұтастығымен, аузын ашса, көмейі көрінетін қазақы болмысымен көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді. «Ақ желкеннің есерімен ағайымыз теңіз бетімен жүзіп жөнелетіндей көрінді. Жазғы каникул жақындағанда осындай желдің заулайтыны бар. Қыздарымыздың кекілдерін жұлмалап, қызыл галстуктер желбіреп, жетіжылдық мектебіміздің ауласы лаулап кеткен.
Директордың тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні сол, каникулда қарап жүрмеуіміз керек. Колхоз тірлігіне өз еркімізбен көмектесуіміз үшін барлық жол ашық, бәрімізге лайықты жұмыс табылады. Жүгері бар, қызылша бар, пішен бар, арба айдауға да болады.
Өзгелерді қайдам, мен бұрыннан-ақ каникулдың алғашқы күндерінен бастап колхоздың жұмысына шығуға бел байлап қойғанмын.
Сонымен, ертеңіне ауылдың қақ ортасындағы бригадир отырған кеңсеге кірдім. Бар арманым – су таситын бөшкелі арба. Бірақ оған конкурс көп болады. Өткен жылы аттың мойнына қамыт салуға бойым жетпей, арманым арман күйінде қала берген. Биыл сыриып өсіп кеткенімді өзім емес, ел-жұрт айтып жүр» («Ақ орамалды қыз», 176-бет, «Жалын», 1988-жыл).
Нанымды. Әдемі. Әсерлі. Ересектердің мінезі де бала көзімен тартымды ашылады:
« – Әй, кеше де жым-жырт кіріп ек астанамызға, бүгін бір ән бастасақ қайтеді, сентірдің тұрғындарын таң қалдырып, – Маржанбике қоқиланып, орнында отыра алмай тыпыршып. – Кә, бастаңдар!»
Немесе: « – Міне, осы жерде екі күннен бері еңбектеніп жатыппыз, шырақ, – деді Маржанбике. – Сені бригадирдің бізге неге қосқанын білемін. Су таситын арбаны аласың ба, алмай аңқайып қаласың ба, ол мына менің қолымда. Саған мінездеме беретін – мына Маржанбике. Сол себепті айтқаныма көнесің, айдауыма жүресің. Маған ұнай білсең – бағың, жақпай қалсаң – сорың».
Қосары жоқ әдемі мінездеме. «Анау еді, мынау еді» деп, артық сөз шығындамастан әс-әрекет үстінде түгел көрсете салған. «Әдетте шын суреткер әр кейіпкерді өз сөзімен, іс-әрекетімен таныстырып, оқушының жанында оның кескін-келбетін ғана емес, кесек-кесек сөзі де қалып қоятындай бояу қолданады». 
Сөйткен Маржекең ақкөңілдіктен де қамшы салдырмайды:
«Кетпенім онша ауыр емес, бірақ сабы жаңа, кедір-бұдыры кетпеген әрі кеппеген. Сәлден кейін басы босап, былқ-сылқ етіп қалады.
– «Қазақы бала – бала емес» деген осы! – деп Маржанбике ашуланды.
Кең, ұзын, тек еркектер киетін шибарқыт костьюмның қалтасынан темір сына тауып, қағып берді. 
– Еңкей, – деді Маржанбике. – Еңкей, ессізқағыр» (182-бет). 
Ерінбей санамаласақ, адамның көңіл-күйін, мінезін дәл беретін мұндай детальдардан көз сүрінер еді. Сайып келгенде, өрнегі шымыр тіл де, кісі бойындағы қылт-сылт дағды да ұлттық танымға жетелейді. Осыдан келіп өнер мұраты – өнеге шыңдалады. Талайлы жазушының бізге жақындығының бір ұштығы, сірә, осынысынан болар.
Екіншіден, тақырыпты өрбіткенде жазушы қайтсем әлеуметтік қырынан ірі келем деп, өзін күштемейді. Бәрі де өз орнында, қаз-қалпында, кезек-кезегімен келіп отырады. Әйтсе де, сол тұстағы қайнаған әлеуметтік жағдаяттан мақұрымы қала қоймайсыз. 
« – Қарқаралық жағдайды айтып жатыр, – деді Қалтөре есеп көшіріп отырып. Содан соң:
– Әркіметикадан есеп үйретіп тұрсаң, радио тыңдатамын.
Мақұл. Халықаралық жағдай қиын ғой, біліп тұрайық. Қатырма нандарың қандай тәтті?!» («Патефон», 9-10 бет).
Басқа бір кейіпкеріміз:
« – Бейбітшілік солдаттарын шығарып сала бер, – деді Кендебай, өзінің аңғартқанындай, жауынгерлік және саяси даярлықтың үздігі екені сөзінен-ақ білініп тұрды». Тағы да салыстыруға жүгінейік. Кәсіби сыншылардың өзддері де (Михаиловский, А.М.Скабичевский, К.К.Арсеньев және басқалары) А.П.Чехов әңгімелерінің «идеясыздығына» кезінде қатты шүйілген. Оның «селқостығы», «бейпартиялығы», «идеясыздығы» туралы аз айтылмаса керек. Ал, жазушының ойынша, идеологиялық платформа тұрмыста жиі кездесетін кездейсоқтықтың (ситуация, көңіл-күй, психологияның уақытша жалпылама ерекшелігі) салдары ғана. Мұның барлығының жеке бастың нәзік дүниесіне ешқандай қатысы болмауы әбден мүмкін. Жеке адамның шындап танылуы өте қиын дүние... Ол қашан тауқыметімен тұмшаулы, соларға кіріптар. Осыған қарамастан жеке бастың тәлімі ғана бәрінің өлшемі деп саналады. 
Кейіпкерлердің идеялық қақтығысында ой жүйесі темірдей берік әрі идеясы тиянақты жан емес, автордың ілтипатына адамгершілік өнегесімен ілінген шындық үшін шырылдаушыға лайықты деп табылады. 
«Арысбайдың ауылы» үштағаны (бұрын «Варвараның көмбесі», «Айып», «Жалбыздың жағасында» деп аталған жеке әңгімелері) мінез даралығына, ата мен баланың қарым-қатынасына негізделіп топтастырылған. Біздіңше, автордың соңғы варианты дұрыс та. Кәдуілгі қазақы тұрмыстың дәл өзіндей оқиғасы қою әңгімелерді оқи отырып, ескі көзтаныстарды еш жатырқамайсыз. Өз қанасынан шыққан ұлдың тентектігін тыям деп өлімші етіп сабаған, сонысы үшін баласындай учаскелік милиционерден тепкі жеген Арекең; тұла бойы тұңғыш қызының қашып кеткеніне қатты қапалы, пұшайман Қаламан; он бір бала сүйген, тойшыл Тұрсынбек адал көңілімен, ұрыншақ аңғырттығымен езу тарттырады. Ешкімнің үгіт-күштеуінсіз, өз қалауымен тұрмыс кешіп жатқан, шындықты дәлелдемек болып жан беріп, жан алыспайтын, өзімен-өзі жүріп жатқан пенделер. 
Сонысымен бақытты. «Тез қасында қисық ағаш жатпайды» демекші, тентек ұлы да бастығар, кеткен қыз да орнын табар, ерні жібіп немере сүйгесін ашуы да басылар, ұл-қызы қастерлеп, медальды өз қолдарымен таққаны бір есептен дұрыс та шығар. Заманы тынышта осылайша алаңсыз ғұмыр кешкеніне не жетсін, шіркін, адам баласының!
«Дауыстың түсі», «Үш үй», «Кандидат», «Жылқы атылған түн», «Мәшине мәселесі» тақылетті әңгімелерінде жылдап тіршілікті, тоңмойын топастықты, кісілігі ішкен-жегеніне мәз күйкі жандарды тілімен жеңіл қағытса да, оқырманын ойландырмай қоймайды. Сыншылдығы басым бұл дүниеліктерден ұрты майлы, жамбасқа жайлы тіршілікке үйренген ашкөз қорқаулықтың бірте-бірте кісіліктен шеттетіп, ақыр түбі қайтып тұрмастай құлатпай қоймасын бағамдайсыз. Құлқы қатты құлаған тоғышар жазатайым қиындықпен бетпе-бет келсе, мерт кететінге ұқсайды. Осының бірін ешбір байбаламсыз есіңізге салып отырған жазушының түпкі ойын ә дегеннен түстей алмауыңыз да мүмкін. Әйтсе де, салмақты өзіңізге сырғыта салып, сыпайы қалжыңдасқан жазушының мақтамен бауыздайтын әдісқойлығына түбі сүйінесіз. Мынау жақсы, мынау жаман деп ақылгөйсу, бас-көзге төпеп, қаралау мұнда атымен жоқ. Әддін бір ашпайды, сыпайы биязылықтан бір танбайды. Тіпті, кейіпкерлері де шетінен сырбаз:
«Жуынып болып:
– Түк көрмеген, тексіз иттер! – деп тістене күбірлегенін ешкім естіген жоқ-ты» («Жылқы атылған түн», 195-бет).
«Ұсақтап кеткен ұрпақтарына қорынғандай Қоңыртау қоңырайып, бұлдырай қарауытады» («Мәшине мәселесі», 39-бет, «Жібек жолы», 1993 жыл).
Соның өзінде де поэзия: «Ұ», «Қ» әріптері аллитерация құрып, ойдың келісімін түрлендіріп тұр. 
Ойлы, терең, мәдениетті, тұспалды, ишаралы прозаның бір үлгісі осы-ақ болар, тегінде.
Мархабат Байғұтов қандай бір мәселені қашан да болмасын көтерудей-ақ көтереді, ал түйінін шешуді өзіңізге қалдырады. Кейбіреулерге бұл ұнамағанымен, оқу дегеніміздің өзі ойлану, түйсіну емес пе анық білген кісіге.
Жазушының көп қырлылығы сол, объективті мәнерде, аспай-саспай, бабына келтіре әңгімелеумен қатар, әңгімеші-автор кейде оқиғаның бел ортасында жүреді: өз атынан баяндап, жік-жігіне шейін талдап та тастайды, сізбен ара-тұра жеңіл қалжыңдасып қойғанды ұнатады. 
Ішкі ойын оңайлықпен ұстатпайтын Мархабат Байғұтовтың не айтпақ ниетін қалай бағамдасаңыз да өз еркіңізде. Шынайы төрелігін беру үшін ол ішкі дайындықты, өмірге сауаттылықты, жақсылыққа ділгірлікті, кірпияз кісілікті қалайды. Сонысымен де ерекше, сонысымен де өз биігінен менмұндалайды. Шындап әуестеніп көрсеңіз, ешбір өкінбейсіз, сан қайтара жасарып-жаңғырған әдемілік дүниесінен мейір қандырасыз. Әсемдік әлемі осы болар, өйткені ол көзді арбамайды, көңілді алдамайды. Әңгіме секілді қиын жанрда шеберлікке қолы анық жеткен Мархабат Байғұтовтың тағылымы осынысымен ерекше. 
Әңгіме жанрының тарихына, әсіресе оның ХІХ ғасырдың соңынан бастап, дүние әдебиетінде кең өріс алуына қатысты екіұшты пікірлер жиі ұшырасады. Аталмыш жанрдың «өзіндік ерекше маңызы мен құндылығы», оның кең көлемді әрі көкейкесті мәселені күн тәртібіне қоя білетін өткірлігі лайықты бағаланбай да келеді. Бұл ретте кіші жанрды «қатарға қосуға» мықтап тырысқан ұлы қаламгер А.П.Чехов туралы айтылған пікірталастары жиі ойға оралады. 
«Роман жаза алмайтын Чеховтың дарыны оның жеке басының ғана емес, қаламгерге көкейкесті мәселелерді көтеруге мүмкіндік бере алмаған 80-90-жылдардағы зиялылардың тұрмыс жағдайына тән кемшілік... Чеховтың кейіпкерлері әлде романның жүгін көтеруге жарамаған, әлде сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмаған». 
Заманның зәйілі өзінің алдыңғы қатарлы мұраттары, концепсиясы, дүние мен адамға деген жеке көзқарасымен қатар, көркемдік бейнелеудің үстем формаларын, әдістері мен принциптерін ұстанатыны көпке мәлім. «Чеховтің роман жазбауының себептерін іздеп, бас қатырудың түкке керегі жоқ деп ойлаймыз. Чехов қашан да өз заманындағы қоғамдық-әдеби өмірдің бел ортасында жүріп, бірқатар жағдайда орыс және әлем әдебиеттерінің ілгері даму жолында басқаларынан қара үздіріп кетті. Өзінің әңгімелері мен хикаяларында «көкейкесті мәселелерді» дұрыс көтере білгені соншалық, бұл ретте оны даңғайыр жазушы-романистер Тургенов, Достоевский, Толстойлармен қатар қоюға да болады». 
Несі бар, әуелі пікірге құлақ асудан ешкім де ұтыла қоймас. Бір ескеретіні сол, біз баяғы теңгерімшілдіктен аулақпыз, үйреншіктіге үйірілуден аманбыз. Би-ағаң, Мұхаң, Ғабең салған соқпақққа көз тігіп, бертін, 60-жылдары үркердей самсап шыққан, басқасын айтпағанда: Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Нәсіредин Серәлиев, Қарауылбек Қазиев секілді Күнгейде өскен, не осында жасаған қаламгерлер тәлімінен өсіп шыққан Мархабат Байғұтовтың шығармашылық соқпағын өзгенің жақсысынан кем көрмеген, білген кісіге солармен иықтас тұрғанын сезіну – ұлттық мәртебе екенін аңғартпақ көңіліміз кінәлі шығар, бәлкім.
Шынтуайтына көшсек, теңгерімшілдіктің өзі – дәстүрді ескермеудің салдарынан туындайтын ұшқары байлам. Өз топырағына табанын мықтап тіреген, құнарлы тіліне уызынан жарыған, үлбіреген үрдісінің үздігін бойына сіңірген, өз зиялын өте кетпей, төте тапқан Мархабат Байғұтов биігімен батыл бой теңестірген дарын. 
Бұл – жасқанбайтын, табан аудармайтын пікіріміз.
Мұны баса айтуымыздың бір себебі, бар мен жоқты бажайламай тұрып, яғни өзіне дейінгі мейлі төл, мейлі әлем әдебиетінің озық үлгілерінен мейлінше үйренбейінше әлденені тындырамын деу, адамға әйтеуір абырой әпермейтіні анық.
Осы асығыстыққа ұрынбау үшін дарынды болудың, ана тілін жетік білудің аздық ететіні даусыз ақиқат. Көсілу, төрт аяқты тең баспақ туа бітті дарынмен қоса қазіргі көркем әдебиеттің ұңғыл-шұңғылынан мол хабардар болуды талап ететіні айтуға ғана жеңіл, ал үйренбегің ауыр машық.
Көркемдік өренің биікті сөзүлмүш кісінің емес, бәрімізге қастерлі қазақ әдебиетінің мерейі екенін аңғарсақ еді.

ІІІ. Машат кешкен марал қыз

«Біз осы күнге дейін қазқа әдебиетін әр тұрғыда, әр қырынан алып, зерттеп, талдап келдік. 
Ең өзекті, ең басты, негізгі тақырып – адам тағдыры туралы көбірек сөз ететін болдық. Сөйтсе де, дүниежүзі әдебиетіндегі, оның ішінде өзіміздің қазақ әдебиетіндегі шын өзгеріс, жаңа талпыныстарды әлі де жеткіліксіз айтып келеміз. Алпысыншы жылдардан бастап тереңдей түскен психологиялық талдау. Философиялық түйіндер жайында көпке дейін түбегейлі сөз болмай келді... Біздіңше, қазақ әдебиетіндегі басты жаңалық ол – психологиялық тебіреніске, философиялық толғанысқа бетбұрыс. Бұл нышан кейінгі он-он бес жылдың әдебиетінен анық көрінеді, айқын сезіледі деп күмәнсіз айта аламыз. Жалпы тақырып, идея тұрғысынан сөйлегенде, алдымен ойлайтынымыз өрнек мұраты, өнердің өнегесі болуға керек» (Т.Тоқбергенов, «Үштоғыс», 18-19-беттер).
Әлқисса, Лев Толстой «Анна Каренинаны» жаза жүріп поэзияны, әсіресе Тютчев пен Фет лирикасын тым ыждағаттаса керек. Оң нәтижеде «Анна мен Левинді суреттеуде терең лиризм, детальдардың символикасы пайда болып, құрғақ баяндау мүлдем кездеспейді. Әңгіме бұл жерде ақындардың Толстойға әсерінде ғана емес, мәселе Толстойдың бұрынғы тәсілдерінен қол үзіп, «Анна Каренинада» философиялық лирика әдісіне молынан жүгінуінде» (Б.Эйхенбаум, «Лев Толстой. Семидесятые годы», 185-19 беттер).
Бұл жолға Толстой ғана емес, басқалары да түсіп кетеді. Сол тұста Тургенов өзінің «Senilia» сын жазады бір қызықтысы. Поэзияның прозаға ықпалы, 1880-1900-жылдардағы әдебиеттің эпикалық жанрларында лирикалық-философиялық бағдардың едәуір белең алуы барлық жазушының шығармашылығына тән еді. Мұндай сабақтастық әңгіме жанрының структурасын өзгертумен ғана шектелместен, оның мүмкіндіктерін арттырып, мазмұнын үстемеледі. 
«Машаттағы махаббат» қалай басталушы еді... «Шағын станцияда қараңғылық қоюлана бастады». Тап осылай. Демек, М.Байғұтов үшін құлақ күйінің, яғни шығарманың қалай басталуының мәні зор. Сезімі сергек жазушы оқырманын да сол биіктен көргісі келеді. Қараңғылық неге қоюлана бастады? Бұл – пейзажға үш қайнағанымен сорпасы қосылмайтын тәсіл. Амалсыз ойлануға мәжбүрміз. Украиин әдебиетшісі А.Потебня айтқандай, «сөзде екі қабат бар екен: сыртқы қабат – ұғымдық қабат, ішкі қабат – образдық қабат. Керісінше сыртқы қабат – проза, ішкі қабат – поэзия». Ұғымның мағынасы шалқар, мәселе кімнің нені, қалай сыйғыза білуінде. Бұл жерде М.Байғұтов ділмар сөйлеуді ғана қанағат тұтпайды, жазушы сізді әлі баяндалмаған жәйтке, айтылмаған ойға жетелейді. Кейде кітаптың бетін ашып, алғашқы сөйлемі қызықтырмаса, жылы жауып қоя салуымыз дағдылы әдет қой. Мұнда тіптен олай емес. Әлдебір жан түкпіріңізде «апырай, ә, енді не болар екен?» деген қызығу бас көтереді. Келесі сөйлем кәдуілгі хабарлы сөйлем: «Санжар пойыз келерде қатты толқынысқа түскен еді». Әлгі поэтикалық бояу жоқ, бірақ алдыңғы ойды толықтырады. «Мұның алдында ғана, бір күн бұрын жаңбыр жауып өткендіктен, кешқұрымғы жел бірден салқын тартып, өкпектеніп, өршеленіп алған. Қабат-қабат рельстердің ара-арасындағы арса-арса, әбден ескіріп, ауыстыруды ауырсына күтіп жатқан шпалдардың үстінде жел айдаған қиыршық тас ағараңдайды». 
Құмартуыңыз арта түскеніне, сезімтал болсаңыз сол шпалдарға қабырғаңыздың қосыла қайыса түскеніне мен де бәс тігуге бармын...
«Күзгі күннің бозғылт сәулесі сәл де болса ағартып тұрған тұста қарауытып жота жатты. Оның өзі табан астында тоңып, қалтырап, тонын жамыла қойғандай бүк түсіпті. Әне, сол жотаны бауырлай жылжыған жолаушылар пойызының жарығы көрінеді. Саяның жанары жылт етіп, көзі жасаурап барып, басын төмен түсіргендіктен көрінбей кетті... Қарауытқан жотаны баурайлап, жалғыз көзі барған сайын үлкейіп, салып ұрып келе жатқан ұзын состав, сол бір минуттарда алып бір айдаһардай елестегені». Тап осы суреттемеге шындықты жеке таным тұрғысынан бейнелеу, рефлексия мен пәлсапалық пайымға ұмсыну, қысқа қайырып баяндаумен қатар бояуды қалыңдату – бәрі-бәрі тән. 
Осы бір үзіктен-ақ бүкіл хикаятты бітім-болмысын, тақырыбын, тағдырдың ылди-өрін, үмітін, жалғыздығын сынамалап, түстеп тануға болатындай. 
«Ол айқыш-ұйқыш темір жолдардың ортасында тұрып қалды. Табанына қиыршық тастар ма, баттасқан қара май ма, бірдеңе жабысып, жібермейтіндей». Келісті бояу, көркем тіл бәсеңсігенімен ой үстемесі қоюлана түсті. Табанын жібермей тұрғаны қара жердің тартылыс күші ғана емес, әйтеуір!
Бұл – адам тағдыры, өмірдің өзі. Дөп басып, дәл айтудың қолдыаяқтай шымыр нұсқасы. Ықыласты аударған – сол жұп-жұмыр бүтіндігі. Ендеше, «поэзияның прозаға ықпалы» дегеніміз әйтеуір етістікті, зат есімді ұйқастырумен місе тұтпай, түптің түбінде сөз бен сезімнің үйлесіміне жетуде көрінеді. 
Адамның ішкі дүниесін ашуға құрылған мұндай сәтті қадамның бір ғажабы, әркім барымен көзге ұрып, шынайы болмысымен танылады. Содан да бәзбір шығармалардағыдай жақсы мен жаманға жіктеп тастай алмайсыз-ау тіптен. Қылаусыз көркемдік заңына жүгінсек, мұншалықты қазымырлықтың қажеті бар ма екен өзі. 
«Алпысты алқымдаған, айналасына алқын-жұлқын қарап, әлдеңені ойлап қоятын, ылдым-жылдым әйелдің аты – Мүстән екен... Сұп-сұр бетінде бір түйір қан жоқ. Бірақ, денсаулығы мықты екені көрініп тұр... Алпысты алқымдаған апайлдардың жүзінен мейірбандық төгіліп тұрса ғой, шіркін. «Құдайымның да жаратуы қызық қой» деп ойлады Санжар. Елуге жете қоймаған мына Айгүлдің тырнағына дейін шуақ шашып тұрыпты да, Мүстән апайдың жанарында жылу жоқ-ау, жылу жоқ».
Сөзге мұқият қарап, сүліктей сезіммен сылап жазу, сарабдал ойға бөлеп жазу – лирикалық-философиялық прозаның төл қасиеті. Мұндағы әрбір сөздің мазмұнға бай келуі, ырғақ пен үйлесімнің кезектесіп ләззатқа бөлеуі кез келген қалам шеберінің маңдайына жазыла кетпейді. Жоғарыда сөзімізді дәйектеу үшін келтірілген мысалдардың басым көпшілігінде аллегориялық мазмұн, символдың ишара жиі кездеседі. Меніңше, М.Байғұтовтың соңғы кітабы «Қорғансыз жүрек» деп, тектен-тек аталмағанға ұқсайды. Кітапқа ат қоюға келгенде, ұзақ толғанантынын да айтып қалды өзі бірде. Мен тұспалымның дұрыс шыққанына қуанып кеттім. Иә, жазушы айтса-айтқандай, замананың оның үстем көзқарасының алдында адам баласы қашан да қорғансыз. Жүрек қалауымен басқаның тіптен санасқысы келе бермейді. Жазушы М.Байғұтов осынау «қорғансыз адамдарды» құлай жақсы көретінін, содан да олар қаламына жиі ілінетінін жасырмады сол жолы.
Бұған қосарым, Махаңның тап осы пікірінде адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты өзінше пайымдаған күрделі диалектика қылаңытады. Шынында да, адам тағдырын жырлай отырып, қайбір қоғамның болмысына бойлауынша батып шығуға әбден болатын секілді. 
Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Санжар амалсыздан неміс тілінен сабақ беруге мәжбүр. Себебі, төрт жүз мыңдай халқы бар облыс орталығында қазақ мектебі екеу ғана... Сая да бір сөзінде: «кәсіптік-техникалық училищеде қазақтың қайбір тәуір қызы оқыды деп неге секем алмайсыз осы», – деп қарап тұр. 
Мұнан шығатын қорытынды: адамның сол өзі өмір сүретін қоғамның бір бөлшегі екенін жалайырға жар салмастан-ақ көркем бағамдауға әбден болатыны. Психологиялық талдауға бейімділік дегеніміз адам тұрмысының көңіл-күйіне әсер ететін жағын суреттеуге құмбылдық қой екшеп келгенде.
«Мына дүниеге, жер жүзіне, Машат өңіріне осы екеуі жараспайды, бөтен-бөгде көрінеді, кірікпейді деп ашық айтатындар тағы жоқ. Қайта бұл екеуінсіз оң көпір мен сол көпір, Алма бақ пен Қыземшек түбек, марал кешкен машаттардың бойлары – бәрі түп-түгел тұл қалардай, әрине, мұны ешкім де ашық, адамдарға естіртіп айта қоймас. Тек іштей ғана мойындап, шын мәнінде тыңдар, сезінетіндер, түсінетіндер жоқ емес. Ал, бір-біріне, екі-екісіне басқаша баяндап, аян етіп, айыптап бағатын». 
М.Байғұтов өз кейіпкерлерінің жанын түсініп қана қоймай, бедерлі суреттеудің принциптерін түрлендіріп, кейде ішкі әлемін тіке суреттеуден де бой қашырады. Оны басқалардың көзімен беруге тырысады. Санжар мен Саяның арасындағы ендігі түсіністік сөзге емес, би тіліне көшеді: «бір-біріне еркелей қарап, ендігі бір сәтте бір-біріне сағына ұмтылысып, жүгірісе жетіп, одан арыға бармай, бара алмай, билей жөнелетін. Ешқандай музыка әуенсіз-ақ екеуі дөңгеленіп билеуден шаршамайтын. Екеуі үшін айналаның бәрі әуенге толып тұрар».
Түптеп келгенде кейбір лириканың қайнар көзі – эмоция, сезім. Адамның жанына жақын лириканың түп қазығы, әлеуметтік, моральдық, пәлсапалық құнары татсаң таңдайыңнан кетпейтін көңіл-күйінде, астан-кестен бұрқақтата, шырқау шамырқаныста. 
«Сая Санжардың қолынан ұстап, иығына басын бір тигізіп қойды. Осы бір қылығы Санжарды есінен тандыра жаздайытынға айналды».
«Түбектің табанындағы марал қыз кешкен машат-бұлақтың суына да сәуле жүгіріп үлгерді. Түбектің жарлауыттанған беткейіне тырмысып өскен өріктің түп-түгел сарғайған жапырағы сау етіп бірден төгілді. Қия беткейдің қара шашындай аспанға шаншылған қара бұтақтар бүкіл өмірге мұң төкті. Сары орамалын әп-сәтте біреу сыпырып ала қойған сияқтанады». Осындағы пейзаж да, тебіреніс те, өрік те, қара шашты қия беткей де, сары орамал да басқамен шатастыруға күштеп көндіре алмайтын қазақы ұғым. 
Шырқау мен шырлау шынымен-ақ бойды ерітіп барады. Сонда бұл не? «Мүмкін махаббат болар бұлардікі. Мүмкін, бұлар бала махаббатты бастан кешпеген бейбақтар болар. Кешпеген болса, кешігіп жеткен махаббатқа бұлар кінәлі ме? Кінәлі ме, кінәсіз бе? Кім айта алар оны?»
Жанды жай таптырмаған жойқын қуаттың қуанышы тым қысқа, қайғысы қай ғұмырға да жетерліктей. Сіз неге Санжармен бірге шарқ ұрып Саяны іздейсіз, ал Саяны неге жасқаншақ немесе тұрақсыз деп кінәлай алмайсыз. Іштей елжірейсіз, ортақтасасыз. Иә, сүйіспеншілік ғұмырдың мәңгілік категориясы. Міне, бар пәлсапа!
Өнер мұраты – өнеге. Өнеге қайсы, өткінші ме, өзгеше ме? Байқаңыз: «Осылайша отырудан екеуі де жалықпайтынын сездіріп алды. Екеуі де бір мезетте ойлаған сияқты еді. Солай ойлағандарына дейін бірдей сезіп, бірдей біліп қойғандарына қатты ұялып, екеуі екі жақта қызарып сала берді. Екеуі де ыңғайсызданып, төмен қарады.
Түні бойы сол жымиыспен жылынып шықты. Осыны айтқан Санжар иығына Саяның самай шашы тиіп кеткеніне шаттанамын деп, арғы жағын айта алмай, ұмытып қалды-ау, қып-қызыл болып, бозбаладан бетер ұялыс тапты. Көпке дейін үн-түнсіз, әрқайсысы өз ойымен өзі, әлде бір-бірімен іштей тілдесе ме, өздеріне ғана аян-ды.
– Менен он бір жас кіші екенсіз, – деді бұл.
– Бағаналы бері үндемегендегі ойлап тапқаныңыз осы ма? – деді қыз. 
Бір-бірінің кім екенін, арғы-бергі тарихтары мен тағдырларын ешқандай санаусыз да, сұраусыз, ағынан жарыла ақтарысып айтып та тастаған. Ештеңесін де бүкпей, бұлыңғырламай әңгімеледі екеуі де. 
Түн ортасы ауған шақта бір-бірін қимай қоштасты. Екеуінің таң атар-атпаста, елең-алаң мезетте, бір мезгілде, бірдей дерлік, кенет оянып кеткенін ешкім де білмейді. Білгенмен сенбейді. Сенгенмен, дәлелдеп, дәйектеп, себеп-салдарын саралап, түсіндіру мүмкін емес. Бір-біріне еркелей қарап, енді бір-біріне сағынысып ұмтылысып, жүгірісе жетіп, одан арыға бармай, бара алмай, билей жөнелетін. Керісінше, осындағы адамдардың нағыз шынайы сезімділері ерін тигізіп, емеурін білдірумен ғана танып, одан арыға бармай, бара алмай, би алаңын аттап өте алмай жүрген бейбақтар осы екеуі шығар, кім біледі. Құстай ұшып келгенімен, асығып жеткенімен, сағыныса табысқандай көрінгенімен, бір-бірінің саусақтарын ғана сипап тынады. Бір-біріне сөйтіп жүріп-ақ, аймалай қарап, еркелей алыстап бара жатады. Басы ауырып, айналғандай тәлтіректеп кетті. Сая шыдай алмай, жүгіріп жетті. Қолынан ұстады, кеудесіне мұрнының ұшын ғана тигізіп қойды. Сонысының өзінен тоят тауып, қайтадан өңінен түсіне ауып, аяңдап кете барды. Сая алақандарын бір-бірінің үстіне қабаттап қойып, екі қолын да мұның иығына асып, екеуі қатар аяңдап келеді. Бірақ, енді қанша уақыт бірге жүрер. Бұл күндер де бұл-бұл ұшып өтер де кетер. Бір сағат, бір минут болса да бірге жүріп,бір күліп қалсын да бейбақтар. Бірі жатып, бірі отырып, саусақтарының ұшымен ғана ұғысып, жаңбыр үніне құлақ түріп, әлсін-әлсін әңгіме айтып, таңның атып келе жатқанын да білмей қалды. Тәжірибесіз, түк көрмеген, түк білмейтін, бастарынан ештеңе өткермеген бала махаббат иелеріндей толқып-қорқып, дірілдеп-қалтырап, жүректері тарсылдай соғып, тоңып, таң қараңғысында екеуі қатар отырып, бір-біріне қарасты тағы. 
– Қараңғыда қалай көріп отырсың?! – деді Санжар.
– Сезіп отырмын, түк те көріп отырғаным жоқ».
Өңештемей қоя тұрсақ болмай ма, өнегесі тұнып тұрған өңкей келісім осы-ақ болар. 
Кітаптан кітапқа ауысқан сайын кемел тарту, соныға мегзеу, шеберлік ұштау – қайбір қаламгердің қабырғасын қайыстыратын қатпар үмітті, қат күдікті қиямет-қайым тірлік. Көркемдіктің астарында шынайы шеберлікті уысында мықтап ұстаудың азабы мен ауырын қатар арқалап дітінен де шығару ерлік емес пе? «Машаттағы махаббат» секілді ғазал дүниені жазып шығу Махаңның кәдуілгі ерлігінің бірі деп есептегенмен, оның қаншалықты қымбатқа түскенін әуелі тәңірім, сонан соң «толғақ иесі» білер. Қиындығы сол, осы күні ғашықтық тақырыбына әркім де батыл, тіпті мұндай топан дүниелерден тоқмейіл тарта бастағынымыз ешбір құпия емес. Ал, Мархабат Байғұтовтың «сиқырлы таяқшасы» дем берген «Машаттағы махаббат» – оқылықты дүние.
Түйін сол, қалам құдіреті сыртқы жарқылында, демек сөз ойната білуде емес, кісіні баурап алатын, әммеге түсінікті қарапайымдылығында.

«Сөз мүсіні» кітабынан,
1995 жыл