Нәзіктік пен азаматтықтың биік өлшемін тең ұстаған...

Ол қазақ өлеңіндегі нәзіктік пен азаматтықтың биік өлшемін тең ұстаған қалам иесі еді...

Dec 5, 2025 - 16:35
 4
Нәзіктік пен азаматтықтың биік өлшемін тең ұстаған...

Биылғы жыл қазақ әдебиетінің жадында қаралы жыл болып қалары анық. Әдебиетіміздің бәйтеректері кеспей құлап, саясынан айырылып қалғандай сезім кешіп қалғанымыз рас. Енді, міне, сол көнекөз қаламгерлеріміздің соңынан аяулы ақын қазақ поэзиясының ақ гүлі – Күләш Ахметова да ілесіп кете барды. Ақын 2025 жылдың 14 қарашасында 80 жасына қараған шағында дүние салды. Ол қазақ өлеңіндегі нәзіктік пен азаматтықтың биік өлшемін тең ұстаған қалам иесі еді.
Күләш Ахметова – ақын, журналист, аудармашы. 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстан, Талас ауданындағы Киров ауылында дүниеге келген. Жамбыл облысы Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін мейірбике мамандығы бойынша бітірген. 1973 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша бітірген. 
Үшарал медпунктінде меңгеруші, Талас аудандық «Ленин жолы», 1973-1977 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде ре-дактор болды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. Жамбыл облысының құрметті азаматы. Парасат және Құрмет ордендерінің иегері. «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін ақын Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды.
«Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Жапырақ – жаздың жүрегі», «Жапырақ – жаздың жүрегі», «Мейірім», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Жасыл жағалау», «Арғымақтар даласы», «Сен жанымда жүрсең», «Наурыз нұры», «Күн шыққанда күліп оян», «Бақ», «Құт», «Махаббат», «Жайна Қазақстан», «Бақытты болыңдар», «Орман», «Менің сәулелі сәттерім», атты тағы да басқа кітаптардың авторы.