Ақмарал Леубаева. Шым-шытырық шығарма – өмір деген
Жүрегі жоқ адамдардың ішінен, Іздеп жүріп тауып алған жүрегім!..
Ақмарал ЛЕУБАЕВА – ақын, композитор, айтыскер ақын. 1969 жылы, 10 қазанда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылында дүниеге келген. Филология ғылымдары-ның кандидаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013ж), ҚР Мәдениет саласының үздігі (2017ж), Бәйдібек ауданының Құрметті Азаматы (2009ж).
«Сіз үшін», «Ақ шынар», «Сенің атың жақсы адам», «Ақмарал ғой...» атты кітаптардың авторы.
Қазіргі таңда Әдет ғұрып салт дәстүр орталығының ғылыми қызметкері.
Абырой
Басынуға айналғалы көп ісің,
Басын шұлғып тұрса дейсің сен үшін.
«Шылбырыңды ұстат», – дейді, – «қолыма»,
Шеңберінен шығармайтын өрісің.
Өз шындығын жасыратын сендегі,
Өтірікке бере алмаймын келісім.
Шаңын сүрте қоймады деп ренжиді,
Босағадан төрге озған кебісің.
Саған несін өкпелеймін, барың ғой,
Көкте жалғыз төрешіміз әділ ғой.
Тақ, қызметтің құны қымбат сен үшін,
Қисық біткен түзелмейді таным, ой.
Ал, мен үшін адам болып қалумен,
Ақындықты сақтап қалу абырой.
Орамал
Сезем... мүлдем бәрінен бейхабарсыз,
Әрі кетсе, ел айтқанды айта аларсыз.
Жауабын да күтпестен қайта-қайта,
Көп сауалды тек іштей қайталарсыз...
Жас адамның көрсетпесе заңдылығын,
Кінәсі жоқ Ақмаралдың жаулығының.
«Еңсесін көтерсін», – деп ескерткенің,
Есіме көп жағдайды салды бүгін.
Елден ерек күйім емес дараланған,
Жаным аулақ жұрт ойлар жорамалдан.
Арымның адалдығын қорғау үшін,
Орамалмен осылай орап алғам.
Мүмкін жанға айналғанмын басқа, білем,
Жұмбақ болып барамын досқа кілең.
Бір тал шашым секілді көрінбейтін,
Құпиямды жасырдым ақ шәлімен.
Адамды адам ар керек сүймегі үшін,
Тура жолды табу мендік күйдегі сын.
Ұялта да алмайды ешкім мені,
Ұятымның кимешек кигені үшін.
Бәрі тозар, өзгертер түсін, мейлі,
Тек орамал тозбайды, кішірмейді.
Абыройдың аманат бұл пердесі,
Ешқашанда еңсемді түсірмейді!
Үнсіздің әлемі
Үндемейсің неліктен үн қатпайсың,
Тыныштыққа тұншығып тіл қатпайсың.
Талай қызық табарсың тіршіліктен,
Бірақ мендей тап-таза мұң таппайсың.
Себебі.
Әлсіз сезім, аяғын нық баспай түк,
Әрі-сәрі, тастаған ұқпастай ғып.
Бүгін сенің жүрегіңе жазу жазам,
Енді есіңнен ешқашан шықпастай ғып.
Бүгін саған арнаймын таң күліп те,
Бір-ақ сілтеп қолымды бар күдікке.
Биігінде шығарған қалу үшін
Бүгін сені босатам мәңгілікке.
Тылсым сезім
Жаратқанмен астасқан бір күй сезім,
Жан-тәніммен тауып алдым үйлесім.
Мені әуреге салады кеп, күн-түні,
Әлде осылай болады ма сүйгесін?
Деген көңіл, деген өлең... өмір сол,
Жұмыс, тұрмыс, бәз баяғы қоңыр жол.
Мен алданып қала берем баладай,
Төгіп жатыр ащы жасын төзім сор.
Ал жүректі алақұйын шер жейді,
Шерлі жанды білмеймін, кім емдейді?
Өлең жазу, қолдан басқа келмейді
біздің...
Дауыл сезім
Қалың ойдың қазығына байланып,
Күні-түні тек сен жайлы ойланып.
Күннен күнге жүрегімнің барасың,
Бөлінбейтін бөлшегіне айналып.
Сезім дауыл дейді «ақылға жеңіп көр»,
«Жеңе алмасаң бұдан былай ерік бер».
Уысымда от пен мұздың күресі,
Сенбейсің бе?
Өз көзіңмен келіп көр.
Аллаға аян, шипа болған бұл емім,
Бағбаны жоқ, шала-жансар гүл едім.
Жүрегі жоқ адамдардың ішінен,
Іздеп жүріп тауып алған жүрегім!
Көңіл жүйрік
Ойлай берем неге осы күн-түні?!
Көңілімнің ілінбестен кірпігі.
Қалай, қашан, неге бәрі қай жерден,
Түсінбеймін бастады өзі кім мұны?
Жаным қалап тұрған соң ба ұмтылып,
Жүрегімнің басылмайды ынтығы.
Таусылмайды көрсем деген көзімнің,
Сылтау іздеп, себебінің мың түрі.
Менде сондай, сенде қалай білмеймін,
Көңіл жүйрік талай басын іркіді.
Сенде солай болған сәтте ойланбай,
Сөйлесуге келдім дейсің бір күні!
Мүмкін саған көрінемін күлкілі,
Ертегінің басталғандай мың түні.
Ұмыттырып жіберетін мұңыңды,
Осы болар тәтті арманның шіркіні.
Жазылғанын жаным сезді өмірдің,
Жарасының қалып кеткен тыртығы.
Өз-өзімді кінәлайтын пенде едім,
Санамдағы ойды үнін сілкіді.
Сылтау айтып «шай ішем» деп бір шыны,
Сөйлесуге бара салам бір күні!
Тәтті сезім
Бірауыз жылы сөзіңнен,
Бүршік атып, жайнағаным үшін.
Дауысыңды естіген сайын,
Дыбысына тоймағаным үшін.
Сеніміме ұя салып,
Сертіңнен берген таймағаның үшін.
«Тез жатталар тәтті өлең жаз», – деп,
Намысымды қайрағаның үшін.
Бәрі қолымнан бір-ақ сәтте,
Келетініндей ойлағаның үшін.
Сезімді суық үрлеген сайын,
Өшіріп алмай ойнағаның үшін.
Пайдасыз мұңды ысырып тастап,
Кеудемді жырмен жайлағаның үшін.
Қазандай оттан түспеген кейде,
Түбінен сөздің қайнағаның үшін.
Қойшы, несін айта берейін,
«Қой» дегім келмейтінін біліп,
қоймағаның үшін.
Сені жақсы көрем, ақымақ!
Ақдана ғой....
Таңданыс
Қиялы ұшқыр ой дейтұғын жүрдектің,
Ду-дуынан алыс едім дүрмектің.
Адалдығын көріп қойсаң адамның,
Сүйгің келіп кететінін білмеппін.
Жып-жылы боп ерігені ішімнің,
Астарынан кінә іздемей ісімнің.
Шынайылық көрген кезде адамнан,
Құшақтағың келетінін түсіндім.
Мұны қалай деп тұрмастан айтамын,
Түсініксіз күйге түсіп жай, халің.
Өр кеуденің өз-өзінен басылып,
Өз кеудең боп кететінін байқадым.
Ғажайыбын сезіндіріп ғұмырдың,
Биіктігін білдіргендей құныңның.
Иесіне исінетін тұлпардай,
Иісі сіңіп қалатынын ұғындым.
Заты текті болғаны ғой заңғардың,
Ақжүрегін тілегінен аңғардым.
Жеңе білсе тым тәкаппар тұлғасын,
Тау да басын иеді екен таңғалдым.
***
Біреудің аспандағы асылымын,
Біреудің жұртта қалған жасығымын.
Қасым АМАНЖОЛОВ
Ақылға салған адамдар,
Алақан тосты жолыма.
Жара салған жарандар,
Қиқуын қосты соңыма.
Күндестік дейтін қоңырау,
Қазақтың біткен сорына!
Жаныма жақын жақсы еді,
Танытты жаман жат қылық.
Алды-артын ойлап қойғаны,
Көрсетті көпке сақ қылық.
Қақ ортасында теңіздің,
Кемеден кетті лақтырып.
Етіме тісі өтпейтін,
Епсіздерге қойды қаптырып.
Өзі кем ғана көре алмас,
Өзгенің мысқал артығын.
Жасырып әуре жақсының,
Тот баспайтын «алтынын».
Қайталай алмай құр сүлде,
Жем ілген қыран қарқынын.
Қызыл ет көрсе қарғалар,
Күшейтеді қарқылын.
Көкірек көзі ашылмай,
Көрсоқыр болған көп пенде.
Кімнің дос, кімнің дұшпаны,
Білінеді екен өткелде.
Өзгенің халін түсінер,
Өз басынан өткенде.
Көл екеш көл де мұңаяр,
Аққуы ұшып кеткенде.
Ғазиз басымды «хан» дерсіз,
Қадіріме жеткенде!
P.S: Бірі боп кетпесеңіз көп пенде...
Шабыт керек
Шабыт керек... шуақ жыр шашпақ үшін,
Қуаныштың құшағын ашпақ үшін.
Көңіл дейтін жүйрікті іздеп жүрмін,
Жүрегімнің сағынышын баспақ үшін.
Уақыт керек... сынақтан өту үшін,
Уәденің үйіне жету үшін.
Бал іздеймін ұрттатқан баяғы өмір,
Удың дәмін ұмытып кету үшін.
Сезім керек... сезіне білу үшін,
Қарап тұрып көзіңе күлу үшін.
Сабыр дейтін соқпақпен аяңдадым,
Ең бақытты жанға ұқсап жүру үшін.
Күту керек... кезегін келер бақтың,
Мекенжайын келсе шын егер тапқың.
Шым-шытырық шығарма – өмір деген,
Тәңір деген – жазушы шебер-ақ тым.
Сөз құны
Жәбірлей бергін,
Жәбірлеу келер қолыңнан,
Ештеме бірақ өзгере қоймас оныңнан.
Жалп еткен оттай өшіре мені бергенмен,
Жарқ етіп талай шығармын әлі-ақ жолыңнан.
Жаныма жара,
Жел сөзің талай салғанмен,
Адыра көңіл,
Қайтейін сенен қалғанмен.
Құнымды сұрар,
Қазағым барда күн туар,
Дәл қазір саған,
Бір тиын құным болғанмен.
Өзімнің құным,
Жаратушыма жүгініп,
Көзімнің құны,
Көрсетпей жылар тығылып.
Сөзімнің құнын,
Сұраған кезде ел-жұртым,
Жауабын таппай,
Тұрарсың тауың жығылып!
– Жағдайың қалай шырағым?..
Жай ғана емес бұл жолы,
Жанашыр жан байқадым,
Көп сұрағын көңілдің,
Көзіңе жиып сұрадың.
Түсінемін жел сөздің,
Кім білуші ед тұрағын...
Күндегенін кешіріп ем пенде деп,
Тілдегені ауыр тиді «мынаның».
Шекпен үшін, қолындағы шен үшін,
Қайталайды жауабы жоқ сұрағын.
Тәңірімнен сабыр тілеп сәт сайын,
Өткерсем деп күш сұрадым сынағын.
Есебіне тура келмей тірлігім,
Есі шығып кеткенін де ұғамын.
Дәрежесі дүниеге тәуелді,
Дәрменсіздің баса алмадым құмарын.
Жүрегімнің тыныштығы мекенім,
Қорықпаңыз, одан биік тұрамын.
Алла берген адал ризық несібем,
Өлең дейтін жарқырайды шырағым.
Алты алаштың ақ батасы бойыма,
Абыройдың тағып берген тұмарын.
Тақ түгілі, бәтеңкемнің бауын да,
Бір Алладан сұрадым!
Мен бір бақша бұлбұлы
– Сенбісің бұл?
Қайда кеткен баяғы айтыс дүлділі?
...Жолықтырдым құрбыны,
Желпілдеген көңіл дейтін құрғыры...
– Осындамын...
Өлең туды. Сендей ұғар кім мұны...
Ақын дейтін мен бір бақша бұлбұлы,
Кеудесінің шырылы өлең – шындығы.
Өз сауытын өзі соққан батырдай,
Жауынан да көрсем дейтін құндыны.
Алла сынақ берген екен,
Кешірім
сұрасын деп күнәсына бұл құлы.
Жаратқанға жайған қолым бос қайтпас,
Дертке шипа сұрағаным күн-түні.
Түрілгенде тәтті мұңның түндігі,
Оянғандай дүр сілкініп қыр гүлі.
Жанарыммен сүйіп бүтін әлемді,
Жарқ етермін бір күні!
Айна
Кім ойласын бізді де жас болған деп,
Дода көрсе қақ ортасын жарған деп.
Етектегі ел қарайтын қызығып,
Тау басына таңғалдырып барған деп.
«Ханмын» деген тәкаппардың көңілін,
Тәрк етіп көп әуреге салған деп.
Тілдескеннің дірілдетіп тізесін,
Тірескеннің зәре құтын алған деп.
Кім ойласын бізді де қыз болған деп,
Қыдыр дарып, ел батасы қонған деп.
Жылуынан жұмсақ жүрек жылынып,
Ызғарынан қатал жүрек тоңған деп.
Бәрі де елес, бәрі қиял-ертегі,
Айна да айтар, мұның бәрі жалған деп.
...әжім-әжім әрлеп қойған әдемі,
Әншейін бір кемпір осы қалған тек...