Жеңісбек Мәуленқұов. Мақамы бөлек Мақаң еді
Қанша шыңға шығандаса да, туған ауылынан кіндігі ажырамаған Махаңның қаламынан шыққан дүниелерде сол ауыл адамдарының күнделікті күйбең тірлігі қоғам өмірімен біте қайнасып, адамзат баласына ортақ үлкен мәселелерді қозғап жатқандай әсер қалдырады...
Кей адамдар болады, күні бойы көлеңкеңдей қасыңда еріп жүрсе де, бар-жоғы білінбейді. Ал, тағы бір адамдар болады, сәл ғана көзге шалынбай қалса, өзіңнен өзің соны іздеп, төбесін көріп қалар ма екенмін деп алағызасың. Оңтүстіктің төрінде өткен қайсыбір жиын-жиналыста болсын халыққа қадірі артқан қазыналы қарттардың қатарынан орын алып, үнсіз ғана жылы жымиып қарап отыратын Махаңның – елінің ардақтаған Мархабатының да орны ойсырап, осылайша «келіп қалар ма екен» деп елеңдеткеніне де жылға жақындапты...
Қазақ қаламы қайратты талантты қаламгер-жазушыдан кенде емес қой. Бірақ, от демді оңтүстікте, соның ішінде көркіне көз тоймайтын Түлкібас ауылының Пістелі ауылында дүниеге келіп, осы ғажайып өлкенің бар сыршыл мінезін бойына дарытып өскен санаулы ғана қаламгердің бірі, бірі ғана емес-ау, бірегейі Мархабат Байғұттың орны тым бөлек еді. Түлкібас – менің де кіндік кесіп, кір-қоңымы жуған туған жерім болғандықтан, арамыз екі жас қана болса да, Махаңды мен аға тұтып, арқаланып жүруші едім. Кездескенде қауқылдаса амандасып, жылы сұхбат құрып тұратынбыз. Ол өзіне тән сабырлы, салмақты да салиқалы мінезімен жылы жымия отырып, оңтүстіктегі қарттардың жайын сұрап, қажет болған жерінде облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысын ілгерілетуге қатысты ұсыныс-пікірлерін де айта отыратын.
Мен өзім аса қадірлеген осы Мархабат Байғұттың шығармашылығын қашан да қалт жібермей, прозалық еңбектерін де, өзі көп жылдар еңбек еткен ел газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мәнді мақалаларын да назардан тыс қалдырған емеспін. Өйткені, оның ешкімге ұқсамайтын жазу мәнері еліктірмей, елітпей қоймаушы еді. Расында, Махаңның өзі куә болған оқиғаларды әңгімелеу мақамының өзі бөлек екенін жазушының шығармаларымен аз да болса таныс болған көзіқарақты оқырманның бәрі жақсы білуі тиіс. Ал, публицистикадағы қолтаңбасы қазақ журналистикасының ерекше бір шыңы дер едім. Әрине, ол мұндай биігіне бірден шыққан жоқ. Туған жерінің тау-тасын тоздыра жүріп, табиғаттың тылсымына қанып өскен балаң жігіт қолына қалам ұстауды үйренгеннен-ақ көзімен көріп, көңілімен түйсінгенінің бәрін қағаз бетіне түсіріп, көркем дүниеге айналдыра білген сияқты. Осы жазу-сызуға құмарлығы оны мектеп бітірген соң елдегі сол уақыттағы ең беделді оқу орны – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне алып келсе керек. Университет қабырғасында да дүрмекке ілесіп, думан қумай, қаламын талмай ұштай берген болар. Олай дейтініміз, оқуын бітірген соң, әскери борышын өтеп келген бойда Түлкібас ауданының талай тарланбозды тәрбиелеп шығарған «Шамшырақ» газетіне жұмысқа орналасу үшін де қаламының қарымы мықты болуы шарт емес пе?!
Осы газетте корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі болып еңбек ете жүріп, Түлкібас өңірінің өзекті тілген көкейтесті мәселелерін көптің талқысына салып, мақала жариялап қана қоймай, сол көрген-білгенін әр әңгімесіне арқау ете білгенін бүгінгі қазақ әдебиетінің алтын қорына енген дүниелерінен де жиі байқаймын. Қанша шыңға шығандаса да, туған ауылынан кіндігі ажырамаған Махаңның қаламынан шыққан дүниелерде сол ауыл адамдарының күнделікті күйбең тірлігі қоғам өмірімен біте қайнасып, адамзат баласына ортақ үлкен мәселелерді қозғап жатқандай әсер қалдырады. Жазушы-публицист ретіндегі оның шеберлігі де, міне, осында. Ауылдағы астық алқабы, егістік алқапта кемедей жүзіп бара жатқан комбайндар, талай жыл табан тоздырған аядай ауылы, ауылдың қарапайым салпыетек әйелдерінен ақ күміс сақалды қартына дейін әдемі, тартымды. Жазушы шығармаларындағы осы суреттерді оқып емес-ау, көзбен көргендей боласың да, алыс қияндағы ауылға деген сағынышың оянып, көлігіңе отыра қалып, туған жерге тартып кеткің келеді.
Мархабат Байғұт осы қанатын қатайтқан аудандық газеттен түлеп ұшып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ауысқан соң да көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, оқырмандарына талай тамаша дүниелерін ұсынды. Сабырлы да сауатты, адамдармен жылы араласып, тез тіл табыса білетін жарқын жүзді азаматтың облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған жылдары да ел есінде жақсы сақталған. Ешкімге дауыс көтеріп қатты сөйлемейтін, мүмкіндігінше әр нәрсенің тігісін жатқызып, ең дұрыс және жалғыз шешімін табуға ұмтылатын адал да әділ жанның айналасына өзі тәрізді саналы, көзі ашық азаматтар да көп жиналды.
Әсіресе, ол Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің жетекшісі, облыс әкімшілігі аппаратында ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, облыстық тіл басқармасының бастығы, одан кейінгі жылдары облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, кейінірек осы басқарманың бастығы қызметтерін атқарғанда халық қамын өз қарақан басынан жоғары қоятын, қалам құдіретін таныған қарымды азаматтың екінші тынысы ашылғандай болды. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында орын алған қиындықтар мен жағаға шыққан балықтай сандалып қалған халықтың жай-күйі тағы да жазушының өткір қаламына ілінбей қалмады. Онсыз да ілдебайлап өмір сүріп отырған жұртшылықты сең соққандай еткен жекешелендіру, көрінгенге қолды болған шаруашылықтың мал-мүлкінен қағылған қарапайым елдің жай-күйі, нарық заманына ілесе алмай, түрлі кедергілерге тап болған ауыл адамдарының көңіл толқыныстары Махаңның сол жылдарда жазылған әңгімелерінен менмұндалап тұрады.
Жазушылығы мен журналистігі қатар жүретін оның көптің көкейіндегісін жеткізсем деген ниет-ұмтылысы елдің еңсесі көтеріліп, малы түгенделе бастаған кейінгі жылдардың бедерінде де толастай қойған жоқ. Әр заманның өз даусы, өз бояуы болады. Ел аман, жұрт тынышта да бүйірден тиген жаудай жаныңды шырқыратып, тыныштығыңды бұзатын қоғам қайшылықтары аз емес. Соның қай-қайсысын да Махаңның жазған-сызғандарынан адаспай табасыз. «Мақамы бөлек Махаңның әңгімелерінде бүгінгі күннің кейіп-кескіні, көркем шындығы көз алдымызға көлбеңдеп оралады. Қияндағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі әлеуметтік өткір сарынмен суреттеліп, азаматтық жанайқайы жазушының бүкіл шығармашылығының құлақ күйіне айналған. Өйткені, ол қоғамның тамырын басып отырып, оның олқылығын сынау, туған жерге деген жанашырлығын әйгілеп, дамуына тұсау болатын келеңсіз жайттарға сөз жебесін қадауды қаламгердің парызы деп біледі», – деп жазыпты бұл туралы танымал ғалым-түрколог әрі Түлкібастың тағы бір дала көңіл перзенті Дархан Қыдырәлі ініміз.
Мархабат Байғұттың қайраткерлігі 2005-2008 жылдар аралығында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы қызметін атқарған уақытында да айрықша танылды. Сол жылдары мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында аянбай жұмыс істеп, көптеген соны бастамаларға ұйытқы болған ол кісі барлық мекеме-ұйымдардағы іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне көп күш салғаны есімізде. Осы бағыттағы шаралардың аясында жер-жерлерде арнайы рейдтік тексерулер жүргізіліп, «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талаптарының орындалуын ғана емес, қазақшаланған атаулар мен жарнамалардың сауатты аударылып, жазылуына да ерекше мән берілді. Бұл жұмыстарға М.Байғұт өзімен қатар-тең, тізе түйістіре қалам тербеп жүрген қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерін, тіл мамандары мен құқық қорғау органдарын да тартып, нағыз тіл жанашырларының көмегімен халықтың тілін де, ділін де қазақыландыруға көп тер төкті. 2008 жылы басқарма басшылығынан кетіп, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша арнаулы тілшісі қызметін атқарған жылдары да қайраткер азаматтың қоғам өмірін жалаңаштай көрсетіп, жыртығын жамауға көмектескен дүниелері аз болмады.
Барлық қаламгерлік, қайраткерлік сын-сипатын былай қойғанда, ол ең алдымен есімін үлкен әріптермен жазуға тұратын арда туған Азамат еді. Небір көшелі орталарда орынды ой, орнықты пікірімен, терең парасат-пайымымен тыңдаушысын ұйытып, ұтымды ұсынысына бас изетпей қоймайтын Махаңның былайғы уақытта артық сөзге бармай, әдемі әзілімен, күміс күлкісімен жаныңды жылытып отыратын сәттері естен кетпейді. Кейде ол кісіні сағынғанда көзі тірісінде жарық көрген «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Ақпандағы мысықтар», тағы басқа кітаптарын парақтап, газеттің сарғайған беттеріндегі күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған мақалаларын сан қайтара оқып шығамын.
Мархабат Байғұт – оңтүстік әдебиетінің сарқылмас қазынасы болса, Байдулла Қонысбеков – оңтүстік журналистикасының мұзтауы еді. Бірінен кейін бірі мәңгілік өміріне асыға аттанып кеткен осы қос алыптың орны ойсырап, оңтүстіктің зиялы қауымы көшбасшысыз қалғандай, ізінен ерген ізбасар шәкірттері мен оқырмандары жетімсіреп жүргендей көрінеді маған...
Бірақ, біз сізді ұмытпаймыз, өлмес-өшпес дүниелеріңіз барда сіз оқырмандарыңыздың жүрегінде мәңгі жасай бересіз, мақамы бөлек Маха!