Ярослав Гашек. Айықты

Ертеңінде Натал дарға асылды. Өйткені, қазір оның денесі дарға асуға жарарлық еді...

Aug 8, 2026 - 21:39
 3
Ярослав Гашек. Айықты

Ярослав ГАШЕК – чехтың көрнекті жазушысы, сатирик әрі журналист. Ол 1883 жылы Прагада дүниеге келіп, 1923 жылы дүниеден өтті. Мыңнан астам әңгіме, фельетон жазып, әлемге «Дүниежүзілік соғыс кезіндегі бравый солдат Швейктің бастан кешкендері» романы арқылы танылды. 

(Новелла)

Наталдың ісі оңбады. Ол дарға асылатын болды. Бұл ауыр қайғы ғой. Алайда, ол езуін жимады, Үнемі күледі де отырады.
Натал ертең дарға асылады деген күні абақтының қызметшісі оның бөлмесіне бір шөлмек шарап пен уылжыған бұзау етінен пісірілген қуырдақ алып келді.
– Бұл маған ба?
– Иә, сізге, өміріңіздің ақырғы минутында бір кенеліңіз, ішіп-жеп, тойыңыз. Қазір нан мен салат әкелемін. Бәрін бірден алып келе алмадым. Күте тұрыңыз. Тез келемін, – деді қызметші есіркеген пішінмен.
Натал орындыққа жайғасып отырды, шарапты анда-санда бір жұта отырып, қуырдақты дәмдеп, сәндеп жей бастады. Бұл Наталдың өмір қадірін жақсы білетінін, бір минут та болса өмірдің қызығын көріп, ләззатын татып қалғысы келетінін аңғартты.
Ас ішіп отырып, Натал сәл ойға шомды. «Осы адамның бәрі де менің кешірім сұраған өтінішімді кешіруге болмайды, ойлану, толғану, ауыс-түйісін айыру үшін үкімнің орындалуы 24 сағат кешіктірілсін, деп бүгін таңертең жауап берген адамдар да, мені дарға асатын адамдар да, мені асқанда қарап тұратын адамдар да – бәрі де осы күйінде жасайды. Тек мен болмаймын, мен мұның бірін де көрмеймін...», деп ойлады.
Осылай ойға шомып отырып Натал қуырдақ пен шарапты тауысты. Қызметші нан мен салат алып келгенде, ол керіле дем алып, енді темекі тартқысы келетінін білдірді. Қызметші Наталға темекіні өзі салып, тұтатып берді. Ол темекі тұтатып жатып:
– Құдай деген мейірімді, бұл дүниеде жарылқамаса, ол дүниеде жарылқайды, талмаңыз, Құдайдан үміт үзбеңіз, – дегенді айтты.
Сәлден соң, Натал бір порция ветчина мен бір литр шарап сұрады.
– Не тілейсіз, тілегіңізді сұраңыз, сіз сияқты қайғылы кісіден ешнәрсе аямаймыз, – деді қызметші.
– Олай болса, екі бөлек шұжық пен бір литр сыра да ала келіңіз.
– Қазір бәрін алдырамын. Тілегеніңізді ішіп-жеп, рақаттаныңыз. Адамның өмірі де қысқа. Осы қысқа өмірде көруге мүмкін болған қызықтың, рақаттың бәрін көріп қалу керек, – деді қызметші.
Қызметші Наталдың сұраған тамақтарының бәрін алып келді. Сүйтті де өзі отырды. Ол түрлі насихат айтып, Наталды жұбатты, талмаңыз, қамықпаңыз дегенді айтты. Натал оған инедей қамықпайтынын айтты.
Натал үстелдегі тамақтың бәрін ішіп-жеп болып:
– Енді манағыдай қуырдақ пен ірімшік, май болса, тым жақсы болар еді, – деді.
– Қазір бәрі болады. Сіздің ішіп-жегеніңізге бір түрлі қуанып отырмын. Тағы бір-екі шөлмек сыра алып келейін...
Үйдің ішін тамақ иісі алып кетті. Натал оларды бірінен соң бірін жайпап, ішіп-жеп жатты. Натал тағы ойға кетті. «Тұтқыннан босаған екенмін, қала шетіндегі мәйханалардың бірінің верандасында отыр екенмін, тамыз айы екен, терезеден Күн сығалап, жапырақтар сыбдырлап тұр екен, қасымдағы жуан қызметші мәйхананың бастығы екен, ол маған өсиет айтып отыр екен», деп ойлады ол...
Күзетшілер жиналды. Наталды абақтының ауруханасына алып барды. Аурухананың кезекші дәрігері басын шақады. Кешке жақын Наталдың денесі оттай жанды. Түн ортасында дәрігерлер оның халін тіпті нашар деп тапты. Бәрі бір ауыздан уланған екен деген қорытындыға келді.
Төсек тартып қатты ауырып жатқан адамды дарға асу әдетте жоқ. Сондықтан, ол күні дары бос тұрды.
Дәрігерлер Наталдың ішінен ішкен-жеген асын сарқып алды, зерттеді. Шұжықтың сарқындысы онда у бар екенін көрсетті. Дәрігерлер: «шұжық жылы жерде сақталыпты, содан оған у пайда болыпты. Натал содан уланыпты» деді. Содан кейін шұжық сатушының қалай сақтайтыны тексерілді. Оның шұжығын жылы жерде сақтағаны, ып-ылас сақтағаны анықталды. Мұның ісі прокуратураға тапсырылды. Прокурор тез тексеру жүргізді.
Абақты ауруханасындағы дәрігерлердің ішінде бір мінәйім, мейірімді жас дәрігер болды. Наталды сол емдеді. Наталдың ауруы әрі қызық, әрі ауыр еді. Сондықтан, ол Наталдың кеселін бастан аяқ зер салып зерттеді. Наталды күндіз-түні мәпелеп күтіп жүрді. Қалайда жазуға тырысты. Ақырында ол төрт күн дегенде Наталға:
– Сіз айықтыңыз, – деді.
Ертеңінде Натал дарға асылды. Өйткені, қазір оның денесі дарға асуға жарарлық еді.
Наталдың өмірінің он төрт күнге созылуына себепші болған шұжық сатушы тазалық сақтамағаны үшін үш айға абақтыға кесілді. Ал, Наталды жазған дәрігерге заң министрі алғыс айтты.

Аударған
Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ