Ханбибі Есенқарақызы. Қазір ақындар қаңсыған қазанда өзін-өзі қайнатып жатыр
Мен өзімшіл емеспін. Бірақ өз пікірімнің адал қорғаушысымын...
«Ұлтқа қызмет ету – біздің парызымыз», – дейді Ханбибі Есенқарақызы. Ал ақынның өзі сол парызды қалай түсінеді? «Алланың сіздерге берген дарынын жүз пайыз халыққа таратуыңыз ләзім» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған қаламгер шығармашылық жауапкершілігі туралы толғанғанда: «Сонда біз қарыз-парызды қашан, қалай қайтарамыз?!» – деп, әріптестеріне де, өзіне де сауал тастайды.
Өмірін өлеңге, еңбегін елге арнаған қаламгермен әдебиеттің бүгінгі жай-күйі, жас ақындардың мұңы, Алаш мұрасының аманаты және шығармашылықтың жауапкершілігі туралы әңгімелескен едік. Қаламгердің шығармашылық пен қызмет жолында кездескен қиындықтары, «Ақжолдың» 25 томдығын жарыққа шығару жолындағы табандылығы және уақыт сынынан өтетін туынды туралы ойлары оқырманға да ой салады деген сеніммен сырлы да салмақты әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
Айта кетейік, Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ – ақын, жазушы, журналист, қоғам қайраткері. 1949 жылы 30 маусымда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 1972 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, баспасөз және мәдениет салаларында қызмет атқарған. Қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосып, әдеби-мәдени мұраны зерттеу және насихаттау бағытында еңбек еткен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері.
– Ханбибі Есенқарақызы, бір сұхбатыңызда «Өлең – қайғысы мен мұңы, қуанышы мен шаттығы алма-кезек алмасып отыратын өмірден туады», – деген екенсіз. Сонда өлеңнің шынайылығы ақынның басынан өткерген өміріне соншалықты тәуелді ме?
– «Тәуелді» деп айтуға болмас, дей тұрсақ та, өлеңнің тінінде ақын тағдырының көлеңкесі түсіп тұратындығы рас. Қазақта «басынан өтпегеннің қасынан өтпе» деген бар. Бұл – әрбір ақынға тән қасиет.
– Жалпы ақынның өмірлік тәжірибесі көбейген сайын өлеңі тереңдей түсе ме? Әлде уақыт өте келе кейбір сезімдерді сол күйі қағазға түсіруден тартыншақтай бастай ма?
– Ақынға байланысты. Өмірден көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, көпшіліктің қалай қабылдайтынын ішкі интуициямен саралап барып, оқырманға ұсына білуінде. Уақыт – ақындарды шыңдап отырады. Бірі – тереңдікке ұмтылса, енді бірі – сол қалпында қалады. Ал, сезім дегеніміз – өлеңнің жаны. Оны жасыра алмайсың.
– Біз әдебиетті дамыту туралы көп айтамыз. Бірақ дәл қазіргі қоғамда шын мәнінде әдебиетті дамытатын не нәрсе? Мемлекет қолдауы ма, оқырман сұранысы ма, әлде ешкім қолдамаса да жазудан танбайтын қаламгердің амбициясы ма?
– Әдебиеттің дамуына мемлекеттік қолдау қажет. Қазіргі қоғамда ақындар қаңсыған қазанда өзін-өзі қайнатып жатыр. Оқырман сұранысы төменгі деңгейде. Олар поэзия әлеміне сапар шегуден гөрі, тезірек нан алатын дүңгіршікке жетуге асығады.
Алла ақын етіп жаратқаннан кейін ол үнемі іздену, жазу үстінде болуы шарт. Жауапкершілік мәселесіне келсек, мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Анам шай үстінде маған тесіле қарап: «Осы сенің отар-тар қойың да, үйір-үйір жылқың да – бір там толы кітабың. Демек, бұл сенің байлығың. Ендеше сен неге кітаптарыңа зекет бермейсің?» – дегені. Сасып қалдым. «Салық полициясы үйден шықты ғой», – деп қалжыңдадым. Бірақ, ол кісінің сөзі ойымнан шықпай қойды.
Көп ұзамай, бір кісінің қырық күндік асында дін өкілі, имам Ахметжан Керімбекұлына жолығып қалып, анам айқан сөзді қайталадым. «Мұндай сұрау бірінші рет қойылып отыр, – деді Ахметжан жымиып. – Бұл құранда бар. Ақындар мен алымдар (ғалымдар) Алланың ерекше жаратқан құлдары. Олар үшін зекет мөлшері «жүзге – жүз! Таратыңқырап айтсақ, Алланың сіздерге бергенін дарынын жүз пайыз халыққа таратуыңыз яғни беруіңіз ләзім», – деді. Ой салатын сөз екен... Біз соны орындап жүрміз бе? Көк желкеден тартатын жалқаулық бар, ертең жазармын деген кеңқолтықтығымыз бар, тым құрығанда уақыттың тапшылығына жабамыз. Сонда біз қарыз-парызды қашан, қалай қайтарамыз?!.
Әр минутын, сағатын үнемдеп, қаламға адалдық танытқан Қадыр Мырзалиев, Мұқағали, Фариза сияқты жанкештілікке бара алдық па? Осы сұрауды барша әріптестеріме қойғым келеді.
– Сіздің ақындығыңыздан бөлек, қайраткерлік болмысыңызбен де бүгінгі ұрпақ жақсы таныс деп ойлаймын. Оған бір ғана «Ақжол» газетінің бар-жоғын түгендеп, 25-томдық еңбек жазып шыққаныңызды дәлел етіп көрсете аламыз. Ендігі осы жерде жалпы қаламгерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі қай жерден басталып, қай жерден аяқталуы тиіс деп ойлайсыз?
– 1920-26 жылдары Сұлтанбек Қожановтың бастамасымен Ташкентте басылған «Ақжол» газетінің барлық санын тауып, 25 том кітап етіп шығардық. Бұл біздің «елім, жерім, тілім» деп, қара жанын құрбандыққа шалған, Алаш қайраткерлерінің алдындағы қарызымыздың бір парасы ғана.
Қазақ елінің алты жылдық тарихын көз алдыңа әкелетін басылымда (газетте) – тағдырымызға таңба салған, қаралы ақтаңдақта, кеңестік зорлықшылардың шұрайлы жерлерді орыс мұжықтарына тартып алып беруі, қолдан ашаршылық жасап, қазақ халқын қынадай қырғандығы жайлы мақалалар мен күнделікті информациялар айтылады және үздіксіз беріліп отырған.
Әз басын құрбандыққа тіккен Алаш қайраткерлері мен бүкіл, жазықсыз жапа шеккен саяси репрессияға ұшыраған мыңдаған ұлт жанашырларының әруақтары ауа жайылып жүрген шақта, еліміз тәуелсіздік алып, сол әруақтардың басын қосатын орын – Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып салынған Музей үйі болды. Олардың құжаттарын іздеп-тауып, осы музейдің төрінен орын алғанын көріп отырмыз. Осыдан 25 жыл бұрын саясат құрбандарының тікелей ұрпақтары, жыл сайынғы 31 мамырда осы жаққа асығатын. Атылып кеткен әкелерінің құжаттарын алақанымен сипай отырып, көз жастарына ерік беретін. Бұл музейді – «әкелеріміздің әруақтарының дамыл тапқан жері» деп, өздеріне төркін санайтын. Талай көз жасына куә болдық. Бүгінде тікелей кіндігінен тарғандар сиреді, тіптен қалмады десек те болады. Олардың орнын немерелері мен шөберелері иеленді. Енді олар музейге келгенде, аталары туралы жазылған «Қан жүректі қайғылым», «Шыдам бер, сабыр қылайын», «Алаш қайраткерлері» т.б. кітаптарынан білетін болады.
Ал қаламгерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы айтсақ, қолына қалам ұстаған кезінен бастап, көзі жұмылғанша деген болар едім. Өйткені, ұлтқа қызмет ету – біздің парызымыз.
– Бір сұхбатыңызда осы көлемді еңбегіңіз жайлы айта отырып: «Алаш құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді парыз санадым», – деген екенсіз. Қалай ойлайсыз, бүгінгі ұрпақ осы бір Алашқа арман болған аяулы құндылықтардың қадірін танып, бағасына жетіп жүр ме?
– Иә, парыз санағаным рас. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ел бүгіншіл, менікі ертеңдікі», – деп кезінде айтып кеткен болса, тірі тарих – «Ақжол» бүгінге де, ертеңге де қызмет етпек. Тарихқа қызығатын студенттер мен магистранттар (соискатели), тарихшы, әдебиеттанушылар, жас ғалымдардың сұрау-талабына толыққанды жауап бере алатын да осы – «Ақжол». Өйткені, ізденушілердің бүгінгі таңда, Мәскеу, Өзбекстан архивтеріне, басқа да қалаларға сапар шегуі, архивке қол жеткізе алуы өте қиын. Бұл еңбектерді тапқан жағдайда, материалдарға тісі батуы екіталай. Себебі, ол арап әліпбиіммен жазылған. Осындай қиындықтар тудырмау үшін бүгінгі кирилл харпіне транскрипция жасадық. Және кітап етіп дайындап беру – болашақ ұрпақтар үшін үлкен олжа болып қалмақ.
Қазірдің өзінде Қазақстан тарихы бойынша, 2020 жылы жарық көрген бұл кітаптардың көмегімен ондаған кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды.
«Ақжол» жарық көрген мезет «Коронавирус» пандемиясы етек алған кезең еді. Оған қарамай, Алматы, Астана қалаларында кітаптардың тұсау кесу рәсімі жасалынды. Түркі елдері ғалымдары онлайн халықаралық конференциялар ұйымдастырды.
2024 жылы Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетінде осы тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оған Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Мәскеуден, Алматы, Астанадан 25 ғалым-тарихшылар қатысып, баяндамалар жасалынды. Кітаптың құндылығына баса назар аударылып, оң баға берілді.
Алаш тарихына өз үлесін қосқан бұл еңбек алдағы уақытта да өз құнын жоғалтады деп ойламаймын.
– Бүгінде жеңіл өлеңдер мен әндер цифрлық ортада жылдам тарайтыны жасырын емес. Қазір шығарманың танымалдығы мен құндылығының арасы алыстап бара жатқан жоқ па? Сондай-ақ егер сізге ел ішіне кең танылған туындыларыңыздан бөлек, өзіңіз үшін аса қымбат, бірақ көпшілік әлі жеткілікті бағаламаған бір өлеңіңізді таңдау ұсынылса, қай шығарманы атар едіңіз?
– Ол рас. Біз енді уақыт талабымен қоғамға енген «жасанды интеллектіден» (ЖИ) қашып құтыла алмаймыз. Тек оның өзімізге қажет, пайдалы жағын ғана алуымыз керек. Уақыт – реактивтен жылдам өтуде.
Шығармашыл жандар да осы жүйеге иек артуда. Өлеңдер мен әндердің, жалпы шығармашалықтың барлық салалары ЖИ-дің арқасында тез әрі кеңінен таралуға мүмкіндік алып отыр. Бірақ, жылдам таралу – шығарманың ұзақ өмір сүруіне және классикалық туындыларға айналуына мүмкіндік жасай алмайды. Кепілдік бере алмайды. Ол – оқырман мен тыңдарманның интеллектуалдық қабылдауына байланысты. Адамның өз көзқарасы, дүниетанымы, сана-сезімі, сыни бағдарламасы автоматтандыруға бағына бермейтіндігі белгілі.
Сондықтан да, сапалы жазу, тереңнен толғау әрбір қаламгердің жауапкершілігі мен міндеті болуға тиіс.
«Өзіңіз үшін аса қымбат, көпшілікке жете қоймаған бір өлең» дейсің бе?
Ақын үшін бар өлеңі қымбат. Бірақ, ол көпшіліктің қалай қабылдауына байланысты. Мәселен, «Нурикамалдың» сөзі – менің орташа өлеңдерімінің бірі. Бірақ, оны көпшілікке түсіндіре алмаймын ғой, «менің одан да жақсы өлеңдерім бар» деп. Қай нәрсені болсын, уақыт туғызады. Шығарманың жұлдызы жанып тұрса, айды етегіңмен жаба алмайтыныңдай, жұлдызға да өктемдік жүргізе алмайсың. Шығармаң сенен кетіп, жұртқа жеткен соң, оны қайтара да алмайсың. Ал өзіме мұңдылау, қарапайым, айтары бар өлеңдер ұнайды. Мәселен:
«Қарлығашы жанымның – өлеңдерім,
Ұясына бір соғып, келер дедім.
Сағынады, сарғая көзден ұшып,
Үміт деген кеудемде өлерменім.
Оралмадың. Ұяң бос. Толқытады,
Сенсіз өмір көңілсіз, жарты тағы.
Жас балалар тасымен атар-ау деп,
Аш баланың кесегі қорқытады.
Ұяң сенің биікте, қарлығашым,
Неге салдым биікке, жарлы басым?
Биік жерге алдымен жел жетеді,
Күн шалады биіктің қарлы басын.
Дауыл соқса, биікті құлатады,
Күн ысыса, тауыңды жылатады.
Иір бұтақ еменге берген өмір,
Қайшылықты неліктен ұнатады?
Тайың озса, қуанар қай ағайын,
Аман болсын, бәрібір, бар ағайын...
Қалғып кетсем, егер де, қарлығашым,
Қанатыңмен желпіші, оянайын»
Өлең актуалды. Қарлығаштарымды сағындым...
– Сіз ғұмырыңыздың көбін ақын ретінде де, журналист ретінде де, басшы ретінде де елге қызмет етуге арнадыңыз. Дегенмен осы қызметтеріңіздің қай-қайсысында болсын өзіңіздің ұстанымыңызға қайшы келетін шешім қабылдауға тура келген кез болды ма? Ондайда қай тараптың талабын бірінші орынға қойдыңыз?
– Қайсыбірін айтайын? Қайшылықтар көп кездесті ғой. Мен өзімшіл емеспін. Бірақ өз пікірімнің адал қорғаушысымын. Зейнетке шыққанша еңбек өтілім 50 жылды құрапты. Оның 25 жылы – нанын жеген, тегін білім алған, дәрігерлік көмегін көрген Кеңес кезеңіне, келесі 25 жылы – Тәуелсіз мемлекетімізге арналыпты. Осы 50 жыл – қамырдан қыл суырғандай, оңай әрі тез өткен жоқ. Қызмет бабындағы арпалыстар мен пікір қайшылықтары шыңдады. Өз идеяң, өз пікірің үшін адал күресу әрқашан жеңіске алып келді. Бірақ, өте қиындықпен.
Жұмыс істеген «Қазақ тілі» қоғамындағы ана тіліміз үшін, табандылықпен күресудің нәтижесін халық та, мен де көре алмадым. Бұдан жүз жыл бұрынғы Алаш қайраткерлерінің де мақсат-мүддесі орындалмады.
Ал, мәдениет басқармасын басқарған уақытта «жекешелендіру» деген ылаң басталды. Кітапханалар мен клубтар жабылып, не деген мәдениет сарайлары арзымайтын теңгеге сатылып жатты. Халық рухани мәңгүрттікке бет алды. Сол кезде «Алматы» телеарнасынан берген сұхбатымда жекешелендірудің механизімін жасап алмай, іске қосқан премьер министр Қажыгелдинді «мәдениеттің бас алар жендеті» дегенім бар. Көп ұзамай, өзінің де қарасы батты.
Облыс орталығындағы филармония ғимараты да жекешелендірудің тырнағына ілінді. Дұрыс еместігін айтып, жергілікті сотқа бердім. Қайран болмаған соң, республикалық сотқа бердім. Үш рет сот отырысы өтіп, соңында филармонияны мемлекет меншігіне қайта қабылдаттым. Менің вердиктім – мәдени ескерткіштер жекеленуге жатпайтындығы болды. Бұл айтуға оңай.
Осы «Ақжолды» шығаруағы қиындықтар да аз болмады. Биліктегі сауатсыздау бір басшы: «Сізге не үшін керек осы Ақжол?» – дегенімен қоймай, «Музейдің жарғысында кітап шығару деген тармақ жоқ!» – деп безеріп отырып алғандарды да көрдік. Облыс бюджетінен бір тиын бөлгізбеді. Он томдығын өз қаражатымызға (20-30 тиыннан билет сатамыз) шығардық. Жетпеген жеріне зейнетақымды қостым. Бірақ, қаржы жоқ деп, қарап отырмадым. Іздену жұмыстарын жалғастыра бердім. Түбінде қаржы табылатындығына сенімді едім. Себебі, оның халық үшін қажеттігін сездім. Кітаптың 25 томын шығару үшін, итке сүйек қарыз болып, демеушілерге алақан жайғанымды айтпай-ақ қояйын. Нәтижесін көріп отырсыздар.
Жыл сайын 31 мамырда қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары музейге келіп, аталарының әруағына тәу ететін. Сондайда 300-500 адамға дастархан жайып, облыстық мешіттен имам шақырып, әруақтарға бағыштап құран оқытқаным да қарсылыққа тап болды. «Сіз басқарған мекеме – діни мекеме емес!» – деп те тиіскен. Онда да өз ісімнің дұрыстығын дәлелдеп шыққам.
«Баланың қай жылағаны есіңде?» дегендей, талай-талай сынақтан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып өттік қой. «Қып-қызыл оттың ішінде жүрмін...» – деп өлеңімді жазып қойып, қиыншылықтардан бас тартпай, үзеңгісі биікке жалтақтамай, ешкімге салмақ салмай-ақ, осы жасқа келіп қалыппын. Зейнетке әйелдер 58 жаста шығатын болса, мен 68 жасқа дейін еңбектендім. «Ақжолдың» толық санын жазып бітірген соң, рахметімді айтып, 15 жыл қызмет атқарған музей ұжымымен қоштастым.
Үйге келіп, «Бітті ме бәрі?» деп, еркіндікке қолым жеткендей қуанғаным бар. Үлкен қызым Дана: «Мама, Ұлы Отан соғысы 5 жыл болса, сен 50 жыл соғыстың ғой, – деп күлді де, – Енді қалған уақытыңды қаламға жұмса!» – деп тағы бір тапсырманың басын қылқитты.
– Қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру уақыт пен күшті талап ететіні мәлім. Сіздіңше, осы жолда ең үлкен құрбандығыңыз қайсысы болды? Мәселен жеке уақытыңыз, тыныш өмір сүру мүмкіндігі, әлде кейбір шығармашылық ойлардың кейінге қалуы дегендей...
– Сұрауыңды түсіндім. Майдан құрбандықсыз болмайды дейсің ғой. Менің әу бастағы принципім: «Қолың көтермейтін шоқпарды беліңе байлама!». Шығармашалық пен қызметтен өзге отбасы, балалар бар дегендей. Бәріне бірдей уақыт тапқаныма қазір таңқалам. «Қалауын тапсаң қар жанар» деген рас-ау деймін. Істің қиюын қиыстыра алмайтындар да бар-ау. Ең негізгісі – алдыңа биік мақсат, тұғырлы мұрат қойсаң, жеңіске жету мүмкіндігі алдыңнан күліп шығады екен. Оябын тапсаң, өгізді де өлтірмеуге, арбаны да сындырмауға болады.
– Кей жиындарда замандастарыңыз жаппай жастарды сынап кеткенде, жастар жағына араша түсіп жүретініңізге куәміз. Олардың мұңға жақын, солқылдақ өлеңдеріне де түсіністікпен қарау керектігін айтып жүресіз. Сонда бүгінгі жас ақындардың мұңы мен сіздің буыныңыздың мұңының табиғатында қандай айырмашылық бар?
– Жас ақынның аты – жас ақын. Ол әлі отқа қақталмаған. Өз басынан өткенін өмір осы екен ғой деп, тұжырым жасайтын, әлі буыны қатпаған балауса жан. Оның сүйетіні де, алданатыны да, оны кішкене кеудесіне сыйғыза алмай, өлеңге жүгінуі де сондықтан. Оларды «сүйдім, күйдімнен» аса алмайды деп кінәлау артық. Олардың бастан кешкені, «өмірдің соңы осы екен» деп түңілуін де түсіне білу керек. Олардың сезімі ластанбаған, жазғандары шынайы.
Уақыт оза, шығармашылыққа қалыптасқаннан кейін, әлгі өлеңдеріне өздері де күле қарайтын болады. Ертең төселген ақын болған кезінде ғана өмірдің өлең еместігін түсінеді, мойындайды. Сондықтан да жас ақындар (әсіресе қыздарды) орынсыз сынның қарауылыныа ала бермеу керек. 18-25-тің арасында елдің бәрі ақын болатындығын әсте ойдан шығармау керек. Қазақта «қой ақсағымен жүз» дейді. Келе-келе, потенциалы кемдер өздері-ақ кемеден түсіп қалады. Қазіргі кезде Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері мыңның үстінде. Олардың бәрін Шахановша қырудың қажеті жоқ. Мұхтар ағаның қателігі – қалам ұстағанның бәрі өзіндей болу керек деп талап қойғандығы.
– Енді сіз бірнеше буын ақын-жазушылардың шығармашылығын көрдіңіз ғой. Жастардың шығармашылығын қаншалықты жиі бақылап отырасыз? Қазіргі әдебиетте бұрынғыдан кеміген қандай қасиет бар деп ойлайсыз? Немесе керісінше, бүгінгі буынның алдыңғы буыннан артықшылығы болуы мүмкін бе?
– Қазіргі жастар аз оқиды. Ол шығармаларының жұтаңдығынан аңғарылады. Мен өзім көп оқыдым. Қазіргідей «таңдап оқу» деген жоқ. Оны айтқан ұстаз да болмады. Қолыма қандай кітап түссе, соның бәрін оқи беретінмін. Соның зиянын көрген жоқпын. Қазіргі жас ақындардың миын кітап емес, компьютер, интернет, ондағы информация ағыны жеп қойып жатыр. Сондықтан да, жастар қамын ойлаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев баршаны кітап оқуға үндеп жатқандығының бір сыры осында.
Қазіргі буынның артықшылығы – техниканы терең игергендігі. Сауаттылығы. Дәл қазір қазақ әдебиетінің алтын ғасырын жасағандардың дені өмірден озды. Қалмады десе де болғандай. 60-80 жас арасындағы ақындар әлсіреді. Көбісі бұрынғы жазғандарына малданады. Не өлілерге, не жастарға арқа сүйерін білмей дал. Кейбірі өлең жазудың техникасын меңгеріп алғандықтан өлең түрткен болады. Онда не сезім, не адамды баурайтын құбылыс жоқ. Мен де соның бірімін. Қазір прозаға көштім. Түркияда болғанымда Мұхтар Мағауинмен кездескенім бар. «Аға, елге қайтпайсыз ба? Оппонентіңіз кетті ғой, – дегенімде: – Жүйе қалды қалды ғой», – деді. «Қазіргі поэзияға қалай қарайсыз? – деп сұрағанымда: – Поэзия өз миссиясын атқарды, енді проза дамитын болады», – деп еді.
Меніңше, қазақ барда өлең өлмейді!
– Сосын әдебиеттегі қызғаныш пен күндестік туралы бұрын да пікір білдіргенсіз. Жалпы қаламгерлер арасындағы бәсеке шығармашылықты дамыта ма, әлде кейде әдеби ортаның өзіне зиян келтіре ме? Әдеби ортада шынайы қолдаудың мәдениетін қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қызғаныш пен күншілдікке бой алдырған ақын немесе жазушы – ұзаққа шаба алмайыды. Ақынның ішіндегі жанып тұрған шыраққа күншілдің әлі жетпейді. Керісінше күншіл жан күйе-күйе жанып тұрған ошаққа өзі түсіп күйеді. Күйік шалған жаннан татымды дүние шықпайды. Әр автордың қаламы бөлек, кеңістігі, отбасы бөлек, сондықтан, мықтыларға сыртқы күш ықпал етпеуге тиіс. Өзіңе сен, қаламыңды қарайтпа, бос уақыттан қашық бол. Халықта «Еңбек. Еңбек – бәрін жеңбек» деген бар. Әр ақын (автор) өлеңін өлтіріп алмау үшін, үнемі жазу жағдайын жақсартып отырса ғана, өзі армандаған биікке шығады.
– Сіздің «Парасат» пен III дәрежелі «Барыс» ордендері сынды марапаттардың иегері екеніңізді білеміз. Бұл ұзақ жылғы еңбектің мемлекеттік деңгейде мойындалуы екеніне шүбә жоқ. Бірақ қаламгердің шығармашылық жолында марапаттан да маңызды, ешкім байқамағанымен өзі үшін аса бағалы бір сәт болуы мүмкін. Сіздің өміріңізде осындай бір сәттер бар ма?
– Марапаттан, атақ-даңқтан артық нәрсе – өзіңсің. Абай атамызда «Өзі артық даңқынан» деген жолдар бар. Ол үшін «Ар байлығың – бар байлығың» болуға тиіс!
– Хан апа, егер сіздің өміріңіз бен шығармашылығыңыз туралы зерттеу жазатын жас ғалым ертең алдыңызға келіп, «Сіз туралы жұрт біле бермейтін, бірақ білуге тиіс бір ақиқатты айтыңызшы» десе, қандай ақиқатты айтар едіңіз?
– Диплом жұмысын қорғағысы келген студенттер мені көп жағалаған. Оларды Нармахан ағаңа (ред. Нармахан Бегалы), Мархабат ағаңа (ред. Мархабат Байғұт) бар, солардың еңбегі туралы жаз деп шығарып салатынмын. Себебі, сол студент сенің кітабыңды оқып, кім екеніңді танымай келеді. Сосын мазаңды алады. Мықты, болашағы бар жастар, өзіңді көрмей-ақ, еңбектеріңмен танысып жаза берсін. Оған менің қатысым қанша? Мақтауға, атақ шығаруға онша құмбыл емеспін.
– Мархабат Байғұт екеуіңіздің араларыңызда терең, рухани жақындық пен бір-біріңіздің шығармашылығыңызға деген ерекше құрмет болғанын білеміз. Екеуіңізге ғана мәлім, бүгінге дейін есіңізден кетпейтін бір кездесу немесе әңгіме бар ма?
– Қара жерді қатар басып жүргенде, қадірін оншалықты білмеппін ғой. Махабат ағамен бірге жүре береміз деп ойлаппын. Махаң шығармаларыма ерекше ықылас танытқан жан. «Зер қадірін зергер біледінің» нақ өзі. Біз көптеген кездесулерге егіз қозыдай берге баратынбыз. Бір кездесуде: «Аға, әлі жарық көрмеген, жаңа шығармаңыз туралы айтсаңыз», – деген сұрау қойылды. «Мен әлі жарық көрмеген, жазып жатқан шығармам туралы айтқым келмейді. Әрі қарай жаза алмай қалуым мүмкін», – деп еді. Сол сөзі маған өмірлік сабақ болды. Себебі, әлі жазылып бітпеген «Жібек» деген повесім туралы бір кездесуде айтып беріп, сол шығарманы 18 жыл бойы жаза алмағам.
Махаң – өте байсалды, салиқалы, төзімді (толерантты), ақылды, талантты жан еді ғой. Салмақтылығы сондай, менің кейде шектен тыс еркелігімді де көтеретін. Менің шығармам, болмысым туралы көптеген мақалалар жазды. Мен оны солай болуға тиіс деп қабылдаппын. Бір күні сәл жымиып: «Сен туралы көп жаздым, ал сен ештеңе жазбадың ғой, – деді. Сонда: – Маха, 80 жылдығыңызда жазамын», – дедім. Жаздым да. Өкініштісі, ол көрмеді. Кейде осылай кешігіп жүретін әдетім.
Соңғы жылдарында «Бозарықтан-Бозторғайға дейін» деген жаяу марафон ұйымдастырды. Бозарық – менің мекен-жайым (саяжай). Бозторғай – жазушының ауылы Пістелідегі атау екен...
Мен алған марапаттың бәрі болды онда. Соңғы «Барыс» орденін екеуміз қатар алғанда, көпшілікке қарап: «Еркек барыстан әйел барыс мықты болады!» – деп, жұртты ду күлдірген.
...Несін айтайын, туған ауылы – Пістеліге жол түскенде, ол жоқ еді. Құдай қосқан қосағы – Қыздаркүл жеңгеміз молынан дастархан жайып, жарын еске алып егілгені есімде. Қайтар кезде маған қарап:
«Ханбибі, Мархабатты сағындың ба? – деп сұрады. – Сағындым! – дедім. – Мен де сағындым» – деді Қыздаркүл жеңге...
Махаңды бүгінде ел сағынды.
– Сөз соңында «Мархабат» журналының оқырмандарына айтар ұсыныс, пікір, лебізіңіз болса – мархабат!
– Міне, бүгінде Мархабат Байғұт атында журнал жарық көріпті. Ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болғай! Бұл – Махаңның өмірінің жалғасы!
Әңгімелескен
Сезім МЕРГЕНБАЙ