Серік Сейітман. Қазір қиялдануға уақыт жоқ

Біз кешегі отарлық кезеңде көп дүниемізді жоғалтқан халықпыз...

Dec 26, 2025 - 18:12
Dec 26, 2025 - 18:42
 21
Серік Сейітман. Қазір қиялдануға уақыт жоқ

Серік СЕЙІТМАН – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ізденуші. 1982 жылы 6 қаңтарда Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. 2003 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін, 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын,  2021 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің докторантурасын бітірді.
2006-2018 жылдар аралығында Қазақ радиосында редактор-жүргізуші, шолушы, «Руханият» бас редакциясы Бас редакторының орынбасары, «Шалқар» ұлттық радиосының Бас редакторы, Қазақ радиосының директоры, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2018-2024 жж. «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасының жетекшісі, Жастар театрында Әдебиет бөлімінің басшысы, Мемлекет тарихы институтында ғылыми қызметкер, бөлім басшысы лауазымында болды. Бүгінде өзі негізін  қалаған «ALQA» радиосының бас редакторы. 
«Қырсық қызға қолтаңба», «Қазақтың қаны», «Қарашаңырақ», «Домбыра», «Қамшының сабы» жыр кітаптарының авторы.
Ұлттық код, Алаш әдебиеті тақырыптарында бірнеше ғылыми мақаласы жарық көрген.

– Серік Мықтыбекұлы, көптеген әдеби іс-шара, конкурстарда қазылық етіп жүрген жайыңыз бар. Айтыңызшы, қазіргі жас ақындардың бет алысы қандай? 
– Жастардың бойынан табылатын жастық  максимализм, жігер, ыстық қайраттың бәрі  қай дәуірде болсын қоғамды алға сүйреуші, қанаттандырушы ерекше күш болған. Тәуелсіздік жылдарының басында әдебиетке араласқан алдымыздағы «алтын көпірліктерде» де, біздің буында да  экспериментке барған азаматтар болды. Эксперимент  көп жағдайда нәтижесін бере алмаған шығар. Дегенмен арасында өзінің стильдік ерекшелігімен, жаңашылдығымен танылғандар да бар. Сол сияқты, бізден кейінгі жастарда да осы үрдіс байқалады. Олардың әдебиет саласында жасап жатқан қадамдары қаншалықты нәтиже берерін алдағы уақыттар айқындай жатар. Ал тақырыптық қырына келсек, жалпы қазіргі жастардың ізгілік пен отаншылдықты жырлауға талпыныстары сүйсінтеді. Мұны Тәуелсіздіктің жемісі демеуге хақымыз жоқ. Кеңес үкіметінің сызып берген шеңберінен шығып, көркем шындықты қағазға түсіру үдерісі әлдеқашан басталып кетті. Бұл кешегі Алаш арысы Мағжан аталарымыздың жолы.

–  Тәуелсіздік демекші, дербес мемлекет болғалы, яғни 1991 жылдан бері  жазылған қазақ әдебиетінің басты туындысы ретінде нені атар едіңіз?
– Біз кешегі отарлық кезеңде көп дүниемізді жоғалтқан халықпыз. «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!» деп ақын Қадыр ақын жырлағандай, әсіресе төл тарихымыз бен әдебиетіміз, тіліміз бен дініміз – жалпы идеология саласы бұрмаланып, қазаққа өз деңгейінде оқытылмады. Ал жылымық кейбір кезеңдерде қаламгерлеріміздің арасынан тарихи шығармаларға қалам тербегендер болды. Бұл тұрғыда Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» тарихи романдардың бірегейі деп сипаттасақ жөн шығар. Халқымыздың қилы тағдырын астарлап жазған қалам иелері де бағасын өз дәрежесінде алар күн алда деп білемін. Ал ғылым мен қаламгерлікті қатар ұстанған, бозбала кезінен төл тарихымызға бойлап, хандық дәуір әдебиетін халқымызға таныту жолында қаншама қағажу көрген Мұхтар Мағауиннің бүкіл еңбектерін ерекше бағалаймын. Ол кісі Тәуелсіздік жылдарында тіпті, туған елінен жырақта жүріп, тарихымызды түгендеп беріп кеткен кесек тұлға.

– Жалпы, қазіргі әлем әдебиетінің негізгі бағыт-бағдары, тенденциясы қандай? Еуропа, Америка мен Азияның заманауи ақын-жазушыларын қандай тақырыптар қызықтырады? Бүгінгі заманның Бальзагы, Шекспирі, Достоевскийі, Есенині деп атайтындай тұлғалар бар ма?
– Өзіміздің классиктерді түгендеп, Алаш әдебиетін зерттеп жүргендіктен болар, әлем әдебиетін ара-тұра парақтап қойғаным болмаса, терең үңіле бермейтін қазақпын. Әйтсе де Еуропа, Азия әдебиеті деп тармақтап, талдап бере алмасам да мына бір тенденцияны байқаймын. Қазір әлем халқы ізгілікке, мейірімге шөлдеген секілді. Сондықтан осы бағыттағы өмірдің кішкендай детальдарын суреттейтін шағын әңгімелер көп оқылып жүрген секілді. Сондай-ақ адамға мотивация беретін шығармалар да бүгінгі заманның сұранысында деп айта аламын.  

– Қазір әлеуметтік желілерде зиялы қауым өкілдерінен бастап, лауазымды азаматтардың өзі бір-бірімен жаға жыртысып, бірін-бірі қаралап жатқан жағдайларды көріп жүрміз. Қалай ойлайсыз, әлеуметтік желілер ақпараттық майдан алаңына айналып бара жатқан жоқ па?
– Өкінішке қарай, бүгінге дейін солай болғаны рас. Осындай айтыс-тартысты көріп, өңірдегі кейбір ағаларыма хабарласып, «бітпейтін ырду-дырдуға уақытыңызды, біліміңізді, қажыр-қайратыңызды жұмсағанша, ғылыммен айналысыңыз, сіздің оған потенциялыңыз жетеді» деп жанашырлық ниетімді танытқан кездерім де болды. Алайда әркімнің жан қалауы әртүрлі ғой. Шешім қабылдауды еріктеріне қалдырдым. Ал жеке өзіме келер болсам, әу баста «әлеуметтік желіде көп отырмаймын» деп шешім қабылдағанмын. Ондағы мақсатым белең алған осы айтыс-тартыстың ортасында жүрмейінші деген сақтық шарасы еді. Дегенмен жақсылықтың жаршысы болу мақсатында анда-санда жазбаларымды жариялап отырамын. 
Білесіз бе, меніңше қазір әлеуметтік желідегі оқырмандардың саяси сауаты, мәдениеті артып келе жатқандай көрінеді. Кейінгі кездері желі қолданушылары талас-тартыс, бос әңгімелерден де шаршаған секілді. Сондықтан әлеуметтік желіге түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, жерден жеті қоян тапқандай әсірелеп, хайп қууды доғаратын уақыт та алыс емес деп ойлаймын.  

– Әдебиет саласына қатысты жасанды интеллекттен нендей өзгерістер күтесіз?
– Данышпандарымыз «Әлемнен, Еуропадан ғылым-білімді алу керек, бірақ сенің дүниетанымың төл руханиятыңа байлану керек» дегенді көп ескертеді.  Елімізге озық технологияларды тартып, ғылымға ерекше қолдау білдіріп отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қазір осы ұстанымда деп ойлаймын. Жасанды интеллект – әлемдік үрдіс. Сондықтан біз одан қалыс қалмауымыз керек. Себебі жасанды интеллекттен аларымыз көп. Тек ғылымның жаңа мүмкіндіктерін ұлттық мүддемен, қазақы дүниетаныммен ұштастырғанымыз абзал. Қазір компьютерлік дизайнерлер ЖИ-дің көмегімен ұлы тұлғалардың бейнесін «тірілтіп» жүр ғой. Маған осы бір жаңашылдық ерсі көрінді. Шынымды айтсам, аузы-басы жыбырлап тұрған Абай хакімнің бейнесі көңіліме қонбады. Олар Абайды осы арқылы қазаққа жақындатып жатырмыз деп ойлайтын шығар. Бірақ, шын мәнісінде, мына түрімен Абай бізден алыстап кетеді.  Сондықтан  ЖИ-ді  игерген  әрбір қазақтың, әрбір азаматтың көңіл төрінде бір үлкен редактор отырғаны дұрыс секілді.  

– Жазушы Мұхтар Мағауин  «Мұсылман діні күшейіп келе жатыр» деп қуанып едік, бұл қазаққа жау болып шықты» деген екен. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Мағауиннің бұл сөзі еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы діни ахуалға байланысты айтылды деп ойлаймын. Небір нәубетті басынан өткізген қазақ  қиын-қыстау замандарда да дін мен дәстүрін қатар сақтап қалған ұлт. Сондықтан тұрмыс-салтымыз бен ұлттық болмысымыз байланған дәстүрлі исламнан біз қандай күнде де алшақ кете алмаймыз. Қазір қоғамда әсіреұлтшылдар – исламды, ал әсіредіншілдер – ұлттық дәстүрімізді қаралап жатқан жайттар бар. Біз осы екі тенденцияның ортасында тұрған халықпыз. Бір жағымызда әсіреұлтшылдар, бір жағымызда әсіредіншілдер. Осы екеуін біріктіретін, қазақтың дәстүріне, дүниетанымына негізделген  бір механизм, жүйе керек секілді деп айтқаным бар еді. 
Жақында Президент Жарлығымен бекітілген Ішкі саясат қағидаттарында еліміздің тұтас идеологиялық ұстындары айқын көрініс тапты. Мұнда Сіз сұрау салып отырған дін саласы да өте жақсы қамтылған. Енді осы құжаттағы қағидаттардың қатаң сақталуын қадағалай алсақ, көп нәрсе шешімін таппақ. Жалпы, қазір мемлекетіміз идеологияға қатты көңіл бөле бастады. Оны Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қаринмен шағын құрамда өткен 3 сағаттық еркін пікір алмасуда да айқын аңғардық.  

– Президент IV Ұлттық құрылтайда мемлекеттік, ведомстволық  марапаттардың жайын көтерген болатын. Айтыңызшы, наградалардың саны, түрі көбейгені дұрыс па және оларды біз дұрыс үлестіріп жүрміз бе? Әр орден-медаль өз иесін дұрыс тауып жатыр ма? 
– Мемлекет басшысының марапат мәселесін көтеруі бекер емес. Өйткені бұл салаға да жүйені жетілдіру маңызды секілді. Бір ғана «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақты талдап көрейікші. Дәл осы награданы бүгінге шейін көп жағдайда өнерде жүрген азаматтар алып келді. Қынжылтатыны сол, бұл атақ кейбір жағдайларда нағыз лайықты жандарға бұйырмай келеді. «Alqa»  радиосына қонақ ретінде үлкен өнерпаздарды, зерттеуші мамандарды көп шақырамыз. Көбісі алпыс пен жетпістің арасындағы аға-апаларымыз. Яғни бар өмірін өз саласын дамытуға арнап келеді. Тыңдарманға таныстырайын десеңіз, сол телегей-теңіз білім иелерінің жөні түзу атағы жоқ боп шығады. Сол секілді, кезінде бар өмірін ұстаздыққа арнаған мұғалімдеріміздің де тым болмаса біреуіне осы атақ бұйырды ма? Ал елге жеңіл жолдармен танылып алған жап-жас шоу-бизнестің айналасындағы «таланттар» шын таланттарға бұйырмаған атақтарды иемденіп алған. Бәлкім, үміткерлерді марапатқа ұсынып жатқан ұйымдардың ниетін бір саралап көру керек шығар. 
2021 жылы  Президенттің бастамасымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» деген мемлекеттік награда  тағайындалды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұлағатты ұстаздар «Ақорда» төрінде марапатталып жатыр. Желіде осы марапатты алған түркістандық ұстаздың видеосы тарады. Әріптестері мен шәкірттері әуежайдан күтіп алғанда әлгі мұғалімнің қуаныштан еңіреп жылағаны баршамыздың жүрегімізді елжіретті. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын бір өңірден бір мұғалім алғанның өзінде, осы жағдай оның әріптестеріне, шәкірттеріне ерекше қанат бітіреді емес пе. Ал оның арғы жағында ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағы тұр. Марапат деген осылай, нағыз лайықты мамандарға  берілсе, әрине қуанамыз. Ел билігінің осындай реформалары менің көңілімнен шықты. 
«Жауырды жаба тоқуға болмас», қазір  жеке ұйымдардың тарапынан беріліп жатқан наградалар да бар. Оған анда-санда бізді де қонақ ретінде  шақырады.  Несін жасырайын, бала-шағаның несібесі ғой деп қаламақымды алып, қатысып қайтамын. Іс-шара барысында баяндамамды оқып, марапат иелерін отаншылдыққа шақырып, құлақтарына жақсы дүниелерді құюға құлшынамын.  Мұндайда марапат үлестіріп отырған жеке ұйымдардың мақсаты қандай деген мәселені өздерінің ар-ұятына қалдырамын.

– Оқырмандар жырларыңызды сағынып қалған секілді. Жуық арада жеке шығармашылық кешіңізді өткізу жоспарыңызда бар ма?   
– Шынымды айтсам, дәл қазір қиялдануға уақыт жоқ. Ресми қызметтен қол қалт еткенде кітапханаға тартып, ғылымыма шұқшиям. Алла берген ұл мен қыздың жақсы ортаның тәлім-тәрбиесін көріп, жақсы білім алып, заман көшінен қалмауы да үлкен жауапкершілік. Оның үстіне кеш өткізу қаражатқа келіп тіреледі. Мемелекет тарапынан қолдау болып жатса, неге халықты рухани сусындатпасқа. Менің жырларым ұлттық бояуы қанық, мемлекетшілдікке үндейтін бейбітшілік рухындағы шығармалар. Сол себепті, мұндай шығармаларды ұлт санасына құю – ұлттық идеологияның бір бағыты болуға тиіс деп ойлаймын. Бірақ кабинет аралап, әркімнің есігін қағып, табалдырығын тоздырып жүруге жаным қас. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Ақынның өлеңдері: Серік Сейітман. Адам бақыт таба алмайды Отансыз