Серік Сейітман. Адам бақыт таба алмайды Отансыз
Бақыт деген – бейбіт күннің таңында Отан Ана құшағында ояну.
Аға сыйлау әдебі
Арда жұртқа орнасын деп абат күн,
Жебесіндей жауға атылған садақтың.
Керей ханды ақ киізге көтерді
Жәнібектей көргенді ұлы Барақтың.
Жаратқаннан кім қаншалық сый күтті?
Сый күткеннің көкейінде күй күпті.
Ал қазақтың жігіттері дархан ғой,
Ағасына берді інісі билікті.
Елдік туын жықпау еді басты арман,
Одан өзге іздемеңіз астар-мән.
Алаштағы аға сыйлау әдебі
Сонау атам замандардан басталған.
Саналыға қажет емес күш батпан,
Саясаткер болу артық тіс қаққан.
Ел тізгінін, елдікті ойлап, Керей де
Ұлына емес, інісіне ұстатқан.
Біреулердің жетер-жетпес дарыны,
Біреулердің жетер-жетпес қарымы.
Керей хандай жөн білсе екен бар аға,
Жәнібектей жол білсе екен әр іні.
Төл тарихта толып жатыр ірілер,
Ірілерден үлгі алыңдар, тірілер.
Әке тұрып, ұстамаймыз басты біз,
Аға тұрып сөйлемейді інілер.
Анамның кілемі
Серік еткен иманы мен ибаны,
Ес білгелі сауап қана жиғаны,
Жас күнінде өзі иіріп тоқыған
Жан Анашым қол кілемін сыйлады.
Қу тірлікте төзе жүріп езгіге,
Сол кілемге берген еді көзді де.
Тарту етті төсек тартып жатқанда,
Көп кешікпей көз жұмарын сезді ме?
«Әй, қарағым, бұл сәтіміз десек той,
Ойлағаным ертеңгілік есеп қой.
Керегіңе жарар ескі болса да,
Еденіңе естелік қып төсеп қой.
Адам біткен Күндей нұрлы жарық боп,
Бірін-бірі жүргені жөн дәріптеп.
Асханада бүктеліп тұр,
Бар-дағы,
Астанаңа осы жолы алып кет!».
Сол жатқаннан Анамды Алла ап кетті,
Ал сыйлығы Астанада қап кетті.
Кілеміне Күн ораған Қымбаттым
Жүрегіме сөнбес сәуле сап кетті.
Алты бөлме жайнаса да арайлы,
Келген қонақ сол кілемге қарайды.
Табаныма тиген сайын әр қылы,
Тал бойыма бір жылылық тарайды.
Болмаса да осы кілем сірә дәу,
Жан жылытар бар секілді нұры алау.
Қалдырғаны кілем емес Анамның,
Аялаған алақаны шығар-ау…
Қарлығаштың ұясы
Сүйіншілеп оралғандай даладан,
Таңдайынан бір тамаша тамады ән.
Біздің үйдің биігіне ұшып кеп,
Қос қарлығаш ұя салды жаңадан.
Саудыраған сабан қосып лайға,
Үй тұрғызды жеткізбей-ақ бір айға.
Байыз таппай бұлай бейнет кешуге
Айтыңдаршы, кім көрінген шыдай ма?!
Аталығы аналықтың ғашығы,
Аналығы аталықтың асылы.
Аз күннен соң құрылысшы қос тұмсық
Шөжелерге шыбын-шіркей тасыды.
Азық іздеп кезіп жүрген Аспанды
Құсқа қарап жанарымнан жас тамды.
Әрбіріміз осылардан үлгі алсақ,
Ешбір сәби болмас еді-ау тастанды.
Емінгенде балапандар сарыауыз,
Еске түсті балапандай баламыз.
Біздер-дағы жем тасыған Әкеміз,
Біздер-дағы ұя басқан Анамыз.
Көзге әкелген көңілімнің дүрбісін,
Әр жыл сайын оралса екен жыл құсым.
Адамзатқа алып-ұшқан кейпімен
Адамдықтың көрсеткендей үлгісін…
Қубас аттың өлімі
Көз салып шартарапқа, шолсам қырды,
Қиялым қияларға жол салдырды.
Тағдырын Тарбағатай таңбалаған
Тағылымы Қубас аттың тамсандырды.
Қубас ат жан серігі Қабанбайдың,
Тарихтан мұндай тұлпар таба алмаймын.
Жігітті қырық жылдай жауға салған
Түлікті хас батыр деп бағамдаймын.
Тау сынды тірек болған шалқайғанда,
Қабанбай Қубас атсыз марқайған ба?
Жануар жер бауырлап жатып қапты
Қалжырап қартайғанда, әл тайғанда.
Сертіне сәйгүліктің сый болардай,
Ерлерге кеңес берді би Боранбай:
«Айдаңдар «Қабанбайлап» үйір жылқы,
Болмаңдар қылқұйрықты қинағандай».
Үйренген аламаннан жеке келіп,
Текті екен тәні-рухы өте берік.
Жануар Жаратқанға жан тапсырды
Шатқалды шың басына жете беріп.
Қайратсыз айғыр көрсем үйірінде,
Келмейді көңілімнің күйі мүлде.
Өңірде шыққандар көп шың басына,
Өмірде қалғандар аз биігінде.
Асудан қамшы салмай асқан дара,
Қубас ат арқау болар дастанға да.
Тасынан асқар таудың жастық тапқан
Басынан биік оның Аспан ғана.
Тұлпарлар тұла бойын терге малсын,
Сұңқарлар самғап ұшып, өрге барсын.
Жалғанда қай биікке кім шықпайды?
Жігіттер, әз басыңыз төрде қалсын.
Кітап жайлы хикая
Асыл әкем мәңгілікке тынықты,
Кімде қандай ойдың барын кім ұқты?
Жан бергенде жастығының астынан
Баласының жыр кітабы шығыпты.
Жалған емес, солай болған расында,
Тағзым еттік төсек тартқан асылға.
Астанада арман қуып жүрген ұл
Қарт әкенің бола алмады қасында.
Қойған кезде тағдыр қилы сұрағын,
Қамқоршымның ақылы еді шырағым.
Естігенде кітап жайын ел-жұрттан,
Естен танып, егіл-тегіл жыладым.
Сезім кешпей өткен адам – адам ба?
Пәк сезіммен арта түсер бағаң да.
Маған деген махаббатын әкемнің
Көзін бұлап мойындады анам да.
Оянғанда әр таңымда қас қағып,
Ойлай берем жанарымнан жас тамып.
Қанша ақынның жыр кітабын қанша әке
Жұрттан тығып жатыр екен жастанып?..
Мәһр
Адам болып туғандағы хақым не?
Абайламай, айналмайын кәпірге.
Келіншегім,
Қиылғанда некеміз,
Қиын нәрсе талап етті мәһрге…
Туған жерге келін түссе ибалы,
Тақуаның аппақ неке қиғаны.
Салт бойынша сұрау салды бізге де
Арыстан баб мешітінің имамы:
«Жойылмасын көне дәстүр құрметі,
Ол да, сен де пайғамбардың үмбеті.
Ал, келінжан, қалауыңды айт, қанеки,
Қар жандыру ер жігіттің міндеті»…
Несібеммен несиемді төлеймін,
Ауылы да алыс еді кең үйдің.
Рухани қысым болды
Молданың
Мына сөзі баласына кедейдің.
Парасатсыз сезім оты алаулап,
Парықсызға қалмады ма арандап?
Жаяу Мұса секілденген жігіттің
Жағдай-халі «жип» сұраса не болмақ?!.
Асыл жарым адам екен байсалды,
Өтініші өмір бақи ой салды:
Өзгелердей дүниеге құнықпай,
«Сезім менен Сенім керек!» дей салды…
Содан бері өтті жылдар сабылып,
Ақталғандай асыл арман, ақ үміт.
Жұбайымның жанарында шат күлкі
Жүрмесе де інжу-маржан тағынып.
Жанды уайымға салмайтұғын серіңнің
Тал бойында болады екен төзім мың.
Ұл-қызымыз гүл-қызғалдақ секілді
Жайнап өскен бақшасында сезімнің!
Шын шаттықтың табылғандай дерегі,
Егіз жүрек ертеңіне сенеді.
Болашаққа біздің үйдің бақытын
Сезім менен Сенім бастап келеді!
Сабалақ
Осы кейде түсінбейсің халықты,
Дымсыз адам бола қалар даңқты.
Бала жастан жетім өскен Абылай
Төле бидің түйелерін бағыпты.
Жап-жас бала жанын бақса құлдықта,
Жаның қалай төзеді бұл сұмдыққа?
Соншалықты адамдықтан бездік пе?
Соншалықты надан болып тындық па?!
Жо-жоқ, досым!
Би бабамыз асыл жан!
Тектілікті қорғау үшін тасырдан,
Сап-сау ұлға Сабалақ деп ат қойып,
Ер жеткенше жау көзінен жасырған.
Бала кезден біз де бақтық түлікті,
Қатал тағдыр шыңдайды екен жігітті.
Жалшылықта жан сақтаған жан баба,
Жаныңызды сірә мендей кім ұқты?!
Хан Абылай, жүрегің кең Ел деген,
Жырақтарда жүрген жоқсың сен менен.
Бар қазақтың басын қоссам деп өттің,
Нар қазақты жырға қосып мен келем!
Оқығаным, тоқығаным шалдардан:
Сәтін салса, Сабалақтай самғар жан.
Мал ішінде жүрген адам жақсы ғой,
Адамдардың ішіндегі малдардан...
Отан
Отан деген не дейсің ғой, немене?
Ол жайында кітаптар көп сөреде.
Ал мен үшін Отан – алтын шаңырақ
Көтеретін уықтар мен кереге.
Отан деген – әркім емес, бір-бірің,
Шаңырақты шайқалтпайтын бірлігің.
Күн көзінен сәуле сауған ел едік
Киіз үйдің түріп тастап түндігін.
Отан деген қымбаттымның жанында,
Қымбат емес кеудемдегі жаным да.
Отан, Отан – махаббатым ол менің,
Жұдырықтай жүрегімнің барында.
Ерке самал елжіретіп бетімді,
Балалығым даналыққа жетілді.
Адам бақыт таба алмайды Отансыз,
Құс қанатсыз ұшпайтыны секілді.
Туған елдің күні – кербез, айы – ару,
Сол аруға тең келеді қай ару?
Бақыт деген – бейбіт күннің таңында
Отан Ана құшағында ояну.
Адам мен ақбөкен
Қойдың құны төмен екен өгізден,
Ойдың түбі терең екен теңізден.
Қиялымда ақбөкендер жөңкиді
Бір-бірінің төлін теліп емізген.
Мүйізі алтын, өз бағасы тиын-ды,
Талай тағдыр жебе ұшында қиылды.
Жануар-ай, жаны сұлу жезкиік!
Балажан ғой, бөкен қандай мейірлі!
Төбесінен төнсе-дағы зеңбірек,
Төлдеріне тұратұғын елжіреп
Ақбөкенде неткен адамгершілік!
Жезкиікте, о не деген, кең жүрек!
Адамдардай олар бала сатпайды,
Ешбір лақты өгейсітіп жатпайды.
Құралайдың қай-қайсы да сондықтан
Жетімдіктің кермек дәмін татпайды.
Шарасызды шарпытатын жалынға,
Пенделігім сорым ба, әлде бағым ба?
Қаладағы адам қандай қатыгез,
Даладағы ақбөкеннің жанында...
Ақынмен сұхбат: Серік Сейітман. Қазір қиялдануға уақыт жоқ