Альберт Мальц. Дүниедегі ең бақытты адам
Қазір менде бір ғана ой бар. Ол – ақша табу...
Альберт МАЛЬЦ – америкалық жазушы, драматург және сценарист. ХХ ғасырдағы әлеуметтік бағыттағы әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1908 жылы Нью-Йорк қаласында дүниеге келген. Колумбия университеті мен Йель университеті сияқты беделді оқу орындарында білім алған.
Альберт Мальц шығармашылық жолын драматургиядан бастап, кейін проза мен кино сценарийіне бет бұрды. Оның ең танымал шығармаларының қатарында «The Cross and the Arrow» (1944), «The Underground Stream» (1940) және «A Tale of One January» (1967) бар.
Мальц сондай-ақ Голливудта сценарист ретінде де жұмыс істеп, кино саласында үлкен табысқа жетті. Алайда оның тағдыры Маккартизм дәуірі кезінде күрт өзгерді. Ол «Голливуд ондығының» (Hollywood Ten) құрамына кіріп, саяси көзқарастары үшін қудалауға ұшырады, түрмеге жабылып, ұзақ уақыт бойы қара тізімге ілікті.
Соған қарамастан, Альберт Мальц шығармашылық қызметін тоқтатпай, әділет пен адамгершілік мәселелерін көтеруді жалғастырды. Ол 1985 жылы дүниеден өтті.
(Әңгіме)
Джесси жылардай болған еді. Ол кішкене кеңседе Томды күтіп отырды. Бәтеңкесі аяғын қажап, табаныы тасқа тиіп, шаршап келген еді. Тынығып, рақат тапқандай болды. Мұның үстіне алдан үміт минутын күтті. Қазір Том келіп: «Жарайды, Джесси, жұмысқа кіріс, қолыңнан келгенінше істерсің» дер деп қуанды.
Джессидің үйінен шыққанына бүгін екі жеті. Оның үйі Миссури штатындағы Канзас-Сити қаласында еді. Сонан ол мұнда, Оклахома штатындағы Тулси қаласына жаяу келді. Екі жеті бойы күн демей, түн демей, жауын-шашынға, ыстық-суыққа қарамай, үнемі жүріп отырды. Ұйқысы қанбаған, тамағы тоймаған, шаршап-шалдыққан кездері болды. Оны да елемеді. Өйткені, әлгі үміт минутын медеу етті.
Міне, Том кеңсеге келіп кірді. Қолына бір топ қағаз ұстап, аяғын жедел басып, төрге өрледі. Тұсынан өтіп бара жатып, Джессиді көрді. Сәл көз тоқтатып қарады. Танымады. Бұрылып кетті... Том Бреккет Джессидің қайнағасы болатын.
Танымаған себебі не екен? Жұпыны киім, келіссіз әлпет кесір етті ме? Мана Джесси бақшадағы фонтан түбінде аялдап, өзін кісі әлпетіне келтірмек еді. Сақал-мұртын қырды, киімін қағып, тазартты. Бірақ, қуанғаннан жүрегі лүпілдеп, қолы қалтырап, бетінің бір-екі жерін кесіп алды. Ол дәл мысық тырнаған тәрізденіп қалды. Киімін қаға-қаға екі қары талды. Алайда, жаңбыр суымен сары шаңды кемзалынан кетіре алмай қойды... Әлде өзім сонша, кісі танымастай өзгергенмін бе?
Бұлардың көріспегеніне бел жыл болған еді. Том бірақ кексе тартқаны болмаса, өзгермепті. Сол бұрынғы түрі. Ойпыр-ай, расында өзім кісі танымастай өзгеріп кеткем-ау, шамасы?
Том телефон тұтқасын іліп қойып, айналмалы орынтақтың арқалығына арқасын тіреп шалқая беріп, Джессиге қарады. Дөңңгелек, шегір көк көзінен оның әрі жақтырмағаны, әрі сәл шүбәленгені байқалды. Том қырықтың ішіндегі, орта бойлы, жуантық келген, толық, сұрғылт, қатал бетті, қызылша келген май мұрынды кісі еді. Көрген кісі бірден тұлғалы, инабатты, қолынан іс келетін адам дерлік еді. Том Джессиге селқос, тіпті салқын қарады. Онымен сөйлесіп, уақытын босқа өткізгісі келмегені байқалып тұрды. Аузындағы сағызын шайнауынан да Джесси оның қысылып, кемсініп отырғанын айқын сезді.
– Ал, не айтасыз? – деді бір кезде Том.
Джесси ішінен: «Жоқ, мұнысы теріс болмады. Түсіне қарағанда, мұнан да жаман бірдеңені дүрс еткізе салуы мүмкін еді» деп ойлады. Ол кеңсені екі бөліп тұрған прилавкаға жақындап келіп, дудырған шашын сауасағымен тарап, селқостау:
– Сен мені танымадың ба, Том? Мен Джесси Фултонмын ғой, – деді.
– А? – деді Том. Басқа ләм демеді.
– Мен – Фултонмын. Элла саған сәлем айтты.
Том орнынан тұрып, прилавкаға жақындады. Джессимен бетпе-бет келді. Ол Джессиге қадалып қарады. Оның бойынан күеу баласына ұқсайтын қандай да бір белгі таппақ болды. Томға бетпе-бет тұрған – отыздың ішіндегі, ұзын бойлы, келісті, сұңғақ денелі адам. Бұл жағынан ол күйеу баласына біраз ұқсайтын тәрізді. Бірақ, жүдеулігі, жұпыны киімі келмейді. Күйеуу баласы толық болушы еді, әсем киінуші еді... Бір кезде көзіне көзі түсті. Көзі таныс екен: ұялшақ, қой көз. Баяғыда өзіне күйеу баласының көзіндегі осы ұялшақтық ұнайтын. Бұл байсалды, инабатты адамның белгісі деп ойлайтын.
Джесси сұлық тұрды. Бірақ, іші қазандай қайнап тұрды. Том мені арық малды айналдырып қарағандай қарады деп налыды. Назары аяған адамның назары сияқты көрінді. Бұл Джессидің одан бетер ашуландырды. Кісі шошырлықтай сонша сиықсыз емес шығармын деп ойлады.
– Иә, дұрыс, көзім жетті. Сен Джесси екенсің. Бірақ, тіпті өзгеріп кетіпсің, – деді Том.
– Көріспегенімізге көп болды ғой. Әуелде де екеуміз бір-екі-ақ рет кездескен едік, – деді налыған пішінмен Джесси. Ал, ішінен ттісін қайрап, ашу, ұялу аралас келген бір сезім басып: «өзгерсем өзгерген шығармын. Дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ, бәрі өзгереді. Қанша өзгерсем де, мен тірі адаммын ғой?» деп ойлап тұрды.
– Сен толық, мықты болушы едің. Жүдегенсің бе, қалай? – деді Том, әлі баяғы таңданған, сеніңкіремеген үнімен.
Джесси жауап қатпады. Том оған өте қажет адам еді. Сондықтан бірдеңе десем, ашуландырып алам ба деп қорықты. Қайтып Том да ләм демеді. Екеуі де үндемей қалды. Бұл қалып біразға созылып, біртүрлі көңілсіздікке айналды. Том қызарып кетті. Әлден уақытта ол асығып-үсігіп:
– Әй, мен қылып тұрмын? – деді де, прилавканың есігін ашып: – Мұнда кір, отыр, – деді. Джессидің қолын алып, қатты қысты. – Көріскенімізге мен қатты қуаныштымын. Сен ренжіме. Түрің тым арып-ашқан кісінің түрі сиқты екен.
– Оқасы жоқ, – деп күңк етті Джесси. Сөйтті ңде орындыққа отырып, өзіңің шиыршықталып, ұйпаланған шашын саусағымен бір тарап қойды.
– Немене, сен аяғыңды ақсай басасың ба? – деді Том.
– Иә, табанымды тас қажап тастады, – деп Джесси аяғын үстел астына жасырды.
Джесси аяғындағы бәтеңкесін көрсетуге ұялды.Бұл бәтеңкені ол жұмыссыздарға жәрдем беретін бюродан алған еді. Екі жеті бойы жаяу жүргендіктен, оның сау-тамтығы қалмады. Осыдан бүгін таңертең ол жас балаша қиялданып, көңілі тасып, ақша алған соң, алдымен тііпті кәстөм алмай тұрып, жақсы бәтеңке аламын деп, өзіне-өзі ант еткен еді.
Том шетке қарады. Ол Джессидің ұялып отырғанын сезді. Оны қатты аяды. Кісінің төбе шашы тік тұрғандай! Тоом мұншалық күйзелген адамды көрген емес еді. Қарындасы жеті сайын хат жазып тұратын. Бірақ, ол еш уақытта мұндай күйге түскенін айтпаған.
– Қой, енді өздеріңде хал нешік? Элла қалай? Соны айтшы! – деді Том.
– Элла ма? Ол брі күйде, – деп сасқалақтап жауап берді Джесси.
Джессидің үні ұялшақ көзі сияқты ұяң, құлаққа жағымды еді. Ол әңгімені неден бастасам екен деп ойлап отырған.
– Ал, балаларың қалай?
– Балалар да жақсы, – деді Джесси. Сәл бөгеліп: – Тек кішкенеміз әлі жүре алмайды. Кескек кигізіп қойдық. Бірақ, өзі ақылды. Сурет салуды жақсы көреді. Тегі, өзі болайын деп тұрған бала.
– Онысы жақсы екен, – деді Том. Тағы бірдеңе айтпақшы болды да, бөгеліп қалды.
Екеуі де үндемеді. Джесси именгендей болып, іші қалтырап, құррыстанып отырды. Қазір дәл әңгіме бастайтын кез еді. Ол табан астынан имене қалды. Том еңкейіп, Джессидің тізесіне қолын қойып:
– Джесси, маған Элла күйіміз нашар деп жазбады ғой. Жазса, мен көмектесер едім.
– Қой, ол не дегенің? Сенің өзіңнің де күйің аса жақсы көрінбейді ғой, – деді Джесси баяу ғана.
– Солай, – деп Том шалқайып, орындыққа сүйенді. Бет-әлпеті қасіретті, бақытсыз адамның бет-әлпеті сияқты көрінді. – Өзің білесің, бұрынғыдай дүкенім жоқ, – деді ол.
– Білем ғой, хатыңда жазғансың. Сол үшін айтып отырмын ғой, – деді Джесси таңданған пішінмен.
– Есімнен шығыпты. Одан пайда түспеді. Соңғы үш жыл ішінде үнемі зиян шектім. Сонда да жекеменшік, өз ісім деп айырылғым келмеді. Қалай айырылғаныма әлі сене алмай жүрмін, – деп күлді Том. Күлкісі көңілсіз болып шықты. Сөйтті де: – Оны қой, өзің туралы әңгіме айтшы. Сен қалай жұмыссыз жүрсің? – деді ол.
Джесси асып-сасып, біраз булығып:
– Ол жөнінде кейін айтам, Том, менің әзір сенімен мынадай бір мәселе жөнінде сөйлескім келеді, – деді.
– Әлде Элламен келісе алмай жүрсіңдер ме? – деп үрейленді Том.
– Жоқ, атама. Бұл қайдан ойыңа келді? – деп, Джесси түзетіліп отырды. –Біз Элла екеуміз... – деп, шашалып күлді. – Элласыз мен өзіме дүниеде серік таппаған болар едім. Мен оны жақсы көрем, Том. Сол үшін жасаймын.
– Ендеше, таппадым. Ғапу ет! – деп, Том ыңғайсыздана күліп, шетке қарады.
– Том, құлақ қойшы. Мен саған әншейін келгенім жоқ, – деп, Джесси өзінің шашын бір сипап қойды.
Том манадан соны күткен еді. Қатты күрсініп:
– Жаным-ау, мен саған жарытып көмек көрсете алмаймын ғой. Жетісіне әрең дегенде табатыным отыз доллар, – деді.
Джесси асығып-аптығып:
– Білемін, білемін, – деді. Бүгін таңертең ойына келген тәті қиял тағы бойын биледі.
– Ақшалай көмектесе алмайсың. Оны өзім де білемін. Бірақ, сен маған басқа жөнінен көмектесе аласың. Осындағ сенде қызмет істейтін бір кісі біздің қалада болған-ды, мен онымен сөйлескен едім. Ол осыдан маған қызмет табылады деген.
– Ол кім?
– Осы хабарды сен өзің нег хатқа жазбадың? Қалай естідім, солай жолға шықтым. Жаяу екі жеті жүріп келдім.
Том тағы күрсінді. Онысы ыңыранған тәрізденіп шықты.
– Сонау Канзас-Ситиден осында мен жұмыс тауып береді деп, жаяу келдің бе?
– Әрине, Том. Амалым қанша. Басқа мүмкіндік болмады.
– Өй, әттеген-ай! Бекер болған. Қазір қайдан жұмыс болсын, Джесси! Осы күнде бізде бірқалып, жайбарақаттық болып тұр ғой. Оның үстіне сен мұнай жұмысымен таныс емессің. Ол мамандық керек етеді. Менің осында біраз дос-жараным бар. Бірақ, қазір олар да ешқандай көмек көрсете алмайды. Тырнақтай мүмкіншіліктері болса, мен олардан сені орналастыруын өтініп бағар едім.
Джесси төбесінен жай түскендей, сілейіп отырды. Екі жеті бойы медеу болып келген үміті үзілді. Аш қарынның түйіліп, шаншып ауырғаны сезілді. Ақырында ол дауыстап, езеуреп сөйледі.
– Ол маған сені қызметке кісі алады деген. Мен зорлағаным жоқ. Өзі айтты. Ол адам сенде, жүк таситын мәшинеде шопыр болып істейді. Ол сендерге қызметші әрдайым керек болып тұрады деді.
– О-о!.. Менің бөлімімде ме?
– Иә, сенің бөліміңде.
– Жоқ, менің бөлімімде сен қызмет істемейсің. Мұны сен менің бөлімімдеггі жұмыстың қандай екенін білмей айтып отырсың. Білсең, сұранбақ түгіл қашар едің, – деді Том баяу ғана.
Джесси Томның сөзін бөліп:
– Айтай-ақ қой, мен бәрін білемін. Ол маған мән-жайын әбден түсіндірді. Сен диспетчер болып істейсің. Динамит таситын мәшинелерді басқарасың.
– Джесси, ол кім, айтшы?
– Ұмытпасам, оның фамилиясы Эгерт болу керек.
– Эгберт.
– Иә, Эгберт. Ол маған өтірік айтпаған болар деймін?
Том езу тартып күлді. Оның күлкісі бұл жолы да көңілсіз болып шықты.
– Жоқ, өтірік айтпаған, – деді Том. Артынша дауысын өзгертіп: – Осынша жерге жаяу келгенше, әуелі маған хат жазуың керек еді. Мән-жайын сұрап білуің керек еді.
– Мен саған әдейі хат жазбадым. Сенің осылай жоқ деп жауап қайтаратыныңды білдім. Том, ол маған «жұмыс бар, бірақ қауіп-қатерлі жұмыс» деген еді. Қандай қауіп-қатерлі болса да маған бәрібір.
Том жұдырығын түйді. Үлкен, толық, қатал беті онан бетер қатал түс алды.
– Джесси, не десең, о де, мен сені жұмысқа алмаймын.
– Қой, Том. Саған не болды? – деп, Джесси жалынышты дауыспен айқайлап жіберді.
Том өзін жұмысқа алмайды деп Джессидің ойына кіріп-шыққан емес еді. Ол Тулсиға жетсем болды. Барысымен жұмысқа орналасамын деп ойлаған.
– Жұмыс бар. Эгберттің орыны бос тұр. Алам десем, сені сол орынға ала салар едім. Алмаймын.
– Ол шығып кетті ме?
– Жоқ, өлді.
– А-а...
– Джесси, ол жұмыс істеп жүріп өлді. Анығын білгің келсе, өткен түнде өлді...
– Солай де... Мейлі!
Құлақ қойшы, Джесси. Сен жолға шығудан бұрын мынаны білуің керек еді. Біз динамит тасымаймыз. Мұнай бұрғылауда динамит сияқты қатерлі зат қолданылмайды. Ол қолданылса, қуанар едің. Ол динамиттен де қауіпті.
– Том, сен оны мен білмейді екен деме. Мен білемін. Ол маған бәрін айтқан.
– Аз ғана сабыр ет, тыңда! – деп Томм ашуланып, Джессиді иығынан басып қойды. – Нитроглицерин арнаулы сауытпен ерекше тәсілмен тасылады. Соның өзінде де көзің түссе, яки жөтеліп қойсаң болды, бұрқ етіп от шығады. Ол – өлдің деген сөз.
– Тыңдашы, Том...
– Сабыр ет, Джесси. Әбден ойлан. Әрине, сенің ертерек жұмысқа орналасқың келеді. Бірақ, тұратын жұмысың қандай, соны күні бұрын білуің керек емес пе?! Бұл затты арнаулы жүк мәшинесімен түнде тасиды. Қала арқылы жүруге болмайды, өзіне арнаулы жолмен ғана жүру керек. Жолда тоқтау керек болса, арнаулы гаражда тоқтау керек. Мұның мән-жайын аңғарамысың? Өте қауіпті екенін байқаймысың?
– Мен сақ жүремін. Жүк мәшинесінде жүруді мен жақсы білемін. Өте жай жүремін.
– Эгберт сақ жүрмеді ғой деймісің? Ол мәшине жүргізуді білмеді деймісің?
Джесси біраз басылып, салмақты түрде:
– Том, сен мені қалай десең де, ешнәрсемен де қорқыта алмайсың. Қазір менде бір ғана ой бар. Ол – ақша табу. Эгберт айтқан еді: шақырымына бір доллардан аламын. Жұмысқа күнара шығамын. Айына бес-алты жүз доллар табамын деп. Маған да солай төлей ме?
– Әрине, солай төлейді! – деп, Том терісіне сыймай ашуланды. –Шақырымына бір доллар! Сол дүние ме екен! Сен компанияның неге олай көп ақша төлейтінін білесің бе? Болмашы нәрсе! Ал, бірде болмаса, бірде тасқа сүрінсең, не дөңгелек жарылса, не көзіңе шөп түсіп, рөлді бостаып алсаң, іс бітті, Эгберт сияқты жоқ боласың! Біз Эгберттен не болды деп сұрай алмаймыз: өзі де, мәшине де жоқ! Ертеңгі күні мәшиненің болмашы қалдығы жүгері арасынан табылар. Ал, шопырдың іздеудің де қажеті жоқ. Тырнағын да таба алмайсың. Әдетте біздің білетініміз: мәшине келмей қалды деген хабар. Бақса түгін білмейміз. Полиция бөлімінен мәлімет күтеміз. Кеше қалай болғанын білемісің? Оқиға көпір үстінде болыпты. Қалай, не болғанын ешкім де білмейді. Әйтеуір бүгін көпір де жоқ, мәшине де жоқ. Эгберт те жоқ. Енді түсінемісің? Міне, саған шақырымына бір доллар! Қарғыс атсын оны!
Екеуі де үндемеді. Джесси ауызын болар-болмас ашып, ұзын саусақтарын біртіндеп бүктеп отырды. Беті азап шеккен адамның бетіндей жиырыла қалды. Бір кезде ол көзін жұмып:
– Том, маған бәрібір. Қауіптілігін айтып ескерттің, қарызыңнан құтылдың. Енді мені есірке. Жұмысқа ал, – деді.
– Жоқ, алмаймын! – деп Том үстелді жұдырығымен қойып қалды.
Джесси баяу ғана:
– Том, тыңдашы мені. Сен менің жайымды ұқшы, – деп көзін ашты. Көзінде мөлтілдеп жас тұрды. Том бұрылып, шетке қарады. – Том, сен өзің маған, үсті-басыма қарашы. Осылай жүруге бола ма? Мені көргенде, сен өзің не ойладың? «Мына қайыршыға не жоқ екен? Осы аулақ жүрсе қайтеді?» дедің. Осы рас па, Том? Мен енді бұлай жүре алмаймын. Менің де адам сияқты жүргім келеді. Басымды жоғары көтеріп, көкірегімді керіп, мақтанмен жүргім келеді.
– Есіңнен аңылған шығарсың сен, – деп Том күңу етті. – Бізде жыл сайын орта есеппен шопырдан бір шопыр өліп тұрады. Осындай қызметке тұруға бола ма? Ойланшы!
– Ойланғанда, осылай өмір сүруге бола ма? Біз үй ішімізбен аш-жалаңашпыз. Мені жәрдем алушылар тізімінен шығарып тастады.
– Оны кезінде хабарлауың керек еді, – деп Том ашулы дауыспен айқайлап жіберді. – Өзің кінәлісің. Үй ішің аш отырғанда ұялудың қажеті қанша? Мен біреуден қарыз ақша аламын. Соны Эллаға телеграфпен жібереміз. Сен өзің жайлап барасың. Ұзамай сені жәрдем алушылар тізіміне енгізеді.
– Ал, одан кейін не істеймін?
– Одан кейін біраз күте тұрасың. Сен еңкейген кәрі емессің. Несіне асығасың. Кезі келгенде жұмысқа тұрарсың.
– Жоқ, – деп Джесси орнынан ұшып тұрды. – Жоқ, болмайды! Мен де бұрын солай үміт етуші едім. Қазір ол үміт үзілді, – деп айқайлап жіберді. – Маған жұмыс табылмайды! Сенің дүкенің енді қайтпайды! Мен өз мамандығымды жоғалттым. Білгенімді ұмыттым. Линотипте мамандықсыз жұмыс істеуге болмайды. Алты жыл жәрдем алып күн көрдім. Әлдеқалай жұмыс табылса, тек күрекпен істейтін жұмыс қана табылды. Сәті түсіп, көктемде жұмысқа тұрдым. Жұрт мені асқан линотипші деп ойлайса керек. Ол қолымнан қайдан келсін! Мәшинелер жаңа! Жұмыс сәл саябырсып еді, мені айдап шықты.
– Айдап шықса, қайтуші еді? Тағы жұмыс табылмас деймісің? – деп Том ашуланды.
– Табам деп ойламаймын. Алты жыл бойы табылмады. Енді іздеуге батылым бармайды. Жүрегім шайлығып қалыпты. Жәрдем алушылардың тізіміне қашан кіргізгенше көп өмір өтеді.
– Жасыма, бекін, жақсылық күт!
– Жасымауын жасымаймын, бірақ, үміт жоқ. Алты жыл күттім, үміт еттім. Енді бәрі таусылды, сенім қалмады. Менің ендігі сенетінім – тек сен!
– Шатаспа! Мен сені жұмысқа алмаймын. Сен Элланы ойла!
– Мен оны ойламай жүр дейсің бе? – деді Джесси ақырын ғана Томды жеңінен тартып. – Том, мен сол Элланың қамын ойлап, осы жұмысқа кіруге бел байладым, – деді. Үні баяу, бірақ салмақты шықты. – Эгберт біздің үйде болған күні түнде мен Эллаға үңіліп қарадым. Өмірімде бірінші рет көрген кісіше қарадым. Сен ол әлі баяғы қалпында, әсем, сұлу деп ойлайсың ба?
Том басын шайқап, үстелден сәл аулақ кетті. Джесси солқылдап, әрең дем алып, Томның қасына барды.
– Том, бұл оңай ма? Есіңде ме? Элла үріп ауызға салғандай сұлу еді. Көшеде жүргенде оған айналып қарамайтын адам болмас еді. Ол әлі отызға жеткен жоқ. Алайда, онда бұрынғы сұлулықтың бірде-бір нышаны қалған жоқ.
Том шаршап, еңсесі түсіп, орынтаққа отырды. Екі қолын тарақтап, бүкіл денесін үстелге артып, төмен қарап, мөлиіп отырды.
Джесси Томның жанына келіп тұрды. Жалынып-жалбарыну, төменшілікке түсу оның булығып, сәл қызарған ашаң, жүдеу бетіне келіссіз бір рең түсірді.
– Том, Элла жақсы тұруға жаралған жан еді. Мен оның тұрмыны оңдай алмадым. Енді жұмысқа тұрсам, соның тұрмысын тым болмаса мұнан былай түзеймін бе деп ойлаймын. Мен – ісі оңынан келмеген бір жанмын.
– Не болса, соны ойыңнан шығара берме! – деді Том жуасыған, аяған үнмен. – Ісі оңынан келмеген деген не? Сонда, шамасы, мен де ісі оңынан келмеген жанмын ғой? Қазір миллион адам осы күйде. Бәріне кінәлі – дағдарыс. Яки басқа атымен айтсақ, әлгі... депрессия, – деп боқтап жіберді.
Джесси қайғылы үнмен:
– Жоқ, ол басқа біреуге дәлел бола алар. Маған дәлел бола алмайды. Өз тұрмысымды оңдап құру менің қолымнан келетін еді. Мен өзімнен басқа ешкімді, ештеңені кінәламаймын.
– Бекер сөз. Сен кінәлі емессің.
Джессидің беті теңге шұбарланып кетті. Іскен тәрізді көрінді. Ол ренішті дауыспен:
– Бәрібір. Енді маған бәрібір. Мен енді сенің жұмысқа алмасыңа қоймаймын. Осы азап шеккенім жетеді. Мен де адам сияқты жүруім керек. Сен не десең, о де, мен кіші баламның аяғына қарап: «жұмыс болғанда ауырмайтын еді» деп отыра алмаймын. Оның әрбір аттаған адымы: «Мен аурудан осындай болдым. Бұған сен кінәлісің. Сен мені асырай алмадың» дейді. Ойпыр-ау, Том, сен өзің қалай ойлайсың? Мен қолымды қусырып, ауру баламның бетіне қарап, тағы алты жлы отыруым керек қой, шамасы?
Том орнынан ұшып тұрды:
– Отырсаң несі бар екен? Отыр! Сен осының бәрі Элла үшін дейсің. Ертең сен апатқа ұшырағанда он не айтады? – деді.
– Бәлки, апатқа ұшырамаспын. Сәтсіздікті менің маңдайыма жазып қойып па? Менің де ісім бір оңынан келетін болар, – деді Джесси жалынышты пішінмен.
– Жұрттың бәрі әуелі осылай ойлайды. Жұмысқа кіріп алған соң, аяқ аттаған сайын өлім күтіп, жанын шүберекке түйіп жүреді, – деді Том.
– Не болса, ол болсын! Әйтеуір, өлгенімше біраз ақша табамын. Өзіме бәтеңке аламын. Көремісің, менің киім-кешегім қандай? Жаңа кәстөм алам. Жәрдем бюросынан берілді деп айқайлап тұратын қап киіп жүрмеймін. Папирос тартатын боламын. Балаларға кәмпит аламын. Өзім де кәмпит жейтін боламын. Иә, иә. Менің де кәмпит жегім келеді. Күніне бірер шөлмек сыра ішкім келеді. Мен Элланың бүтін, жаңа киім-кешек киюін тілеймін. Мен Элланың жетісіне үш-төрт рет ет татуын тілеймін. Менің үй ішімді ертіп киноға барғым келеді, – деді Джесси.
Том орынтаққа сылқ етіп отырып, әлсірген үнмен:
– Қой, жаным! – деді.
Джесси қызып, жігерленіп:
– Жоқ, қоймаймын! Сен мені қалай да жұмысқа аласың! Құлақ қой, Том! Мен бәрін есептеп шығардым. Ай сайын жүз доллар алсам, оның біразын үнемдесем, ол көп дүние ғой. Үш ай емес, бәлки екі жыл істермін. Элланың бүкіл өміріне жететін ақша жинаймын, – деді.
Том оның сөзін бөліп:
– Сен сондай қауіпті жұмыста жүргенде Эллаға оп-оңай болады ғой, шамасы, – деді.
– Мен бұл жағын да ойладым. Мен оған ештеңе сездірмеймін. Тек айына қырық доллар аламын деймін де, соны оған беріп отырамын. Қалғанын сен оның атына банкке салып тұрасың.
– Қой, жаным, айтпа деймін! Сен жолым болар дедің ғой. Болсын. Бірақ, минут сайын, өңіңде де, түсіңде де өлім ойыңнан шықпайды. «Ертең өліп қалам ба?» деп ойлайсың да жүресің. Өте-мөте жұмыстан бос күні қатты қиналасың. Бізде шопырлап бір күн істеп, бір күн дем алады – есін жинайды. Сонда олар жер-көкке сыймайды. Тек бөлмесінде жатып, дөңбекши береді. Іші пысады. Міне, осы бақыт болып па?!
Джесси күліп жіберді:
– Әрине, бақыт. Мұнан артық қандай бақыт болады. Мен осылай жүрсем, бақыттымын деп біліп, қуанышым қойныма сыймай, өлең айтып жүрер едім. Жеті жылдық өмірімнің ішінде алғашқы рет: жұмыс істеп жүрмін деп, мақтаныш етер едім, – деді.
– Қой, тоқтат, – деді Том. Кеңсе іші жым-жырт болды.
Сәлден кейін Джесси сыбырлап:
– Том! Қоймаймын, қоймаймын! Жұмысқа алмасаң, қоймаймын! – деді. Тағы жым-жырт болды. Том қолын көтеріп, екі шекесін екі алақанымен басып, тұнжырап отырды. Джесси: – Том, Том! – деді.
Том қатты күрсініп:
– Е, құрысыншы! Не болса, о болсын! Алайын! Тілесең, қызметке бүгін шық! – деді. Дауысы жүдеп, қарлығып шықты.
Джесси үндемеді. Бірауыз сөз айтуға шамасы келмеді. Том бетіне қарады. Оның көзіне жас толып тұр екен. Джесси сілекейін жұтып, бірдеңе айтпақ болды. Онысы сөз емес, бірқилы өксік болып шықты. Том әлгі жүдеген, қарлыққан дауыспен:
– Мен Эллаға жеделхат жіберемін. Сенің жұмысқа тұрғаныңды хабарлаймын. Екі-үш күнде жол қаражатын жіберерсің. Оған дейін егер... төзсең, саған ақша төлейді. Өй, есуас неме! – деді.
Джесси үндемеді. Тек бас изеді. Жүрегі ат шапқандай дүрсілдеді. Соны тоқтататындай, екі қолы кеудесіне қойды.
– Мына ақшаны ал. Барып, тамақтан. Сағат алтыға кел, – деді Том.
– Рақмет, – деп сыбырласы Джесси.
– Кідіре тұр. Менің мекенжайымды ал, – деп, Том кішкене қағазға мекенжайын жазып, Джессиге берді. – Былай қарай жүретін трамвайдың кез келгеніне отыр. Қай жерден түсетініңді билет кесушіден сұра. Моншаға түс. Ұйқыңды қандыр!
– Рақмет, рақмет, Том! – деді Джесси.
– Жарайды. Жолың болсын!
– Том!
– Не?
– Мен... – деді де Джесси тұтығып қалды.
Том Джессиге қарады. Оның көзінде әлі жас бар екен. Бірақ, жүдеу көзі бейне бір жарық түскендей жайнап тұр екен. Том көзін басқаға аударды. Джесси:
– Мен жұмыс істеймін! – деді.
Джесси кеңседен шықты. Көз жасы арқылы дүние алтындай жарқырады. Аяғын сылтып басып, кетіп бара жатты. Қуанғанынан шеке тамыры соғып, жүрегі алып ұшты.
Өзіне-өзі:
– Менен бақытты адам жоқ! Дүниедегі ең бақытты адам – мен, – деді.
Том Джессидің артынан ол бұрыштан айналып кеткенше қарап тұрды. Біраз иығын қомдап, басын екі қолымен ұстап отырды. Жүрегі тозған, тот басқан мотордай соқты. Ол осы күңгірт, ауыр, жағымсыз үнді тыңдады. Басын қос қолдап қысып, тапжылмай отырып қалды.
Аударған
Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ