Мәрлен Ғилымхан. Ноталар қалықтайды

Сөйлейтіндей жалғыздықта – Қобыздар мен домбыралар...

Apr 28, 2026 - 16:55
 23
Мәрлен Ғилымхан. Ноталар қалықтайды

Мәрлен ҒИЛЫМХАН – ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Ол 1998 жылы, 4 наурызда, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультетінде білім алған. «Төбелер стихиясы», «Үнсіздік айқайы» кітаптарының авторы. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты. 

(поэма)

Бейіш үні зыңылдап құбылады,
Көзге елестеп, құлаққа құйылады.
Жас жүрекке орнығып, бойыңды алып,
Жерде еместей көрінер адам жаны.
Бернияз Күлеевтің «Ән-күй» өлеңінен

1

Қамсыз күндер. Қосуақтам, 
Толқытты өзен жосыла аққан. 
Ән салуды дала кезіп, 
Өзі ұнатқан... досы ұнатқан.

Көкте құстар сайрады ма,
Бала-көңіл жайнады ма?
Тамшылардың тырсылы да,
Апарғандай ой бағына. 

Тебірентті желдің үні, 
Әуенсіз күн – шерлі күні. 
Қариялар жиі айтатын,
Толғандырды ел ғұмыры. 

Тыныш заман. Мамыражай, 
Бала біткен жамырамай,
Ілім қуған молдалардың,
Жайғасатын жанына жай. 

Олар солай білім алды,
Танып өсті ұлыларды. 
...Әннің бала кезде естіген,
Ұмытылмас үні мәңгі. 

Тыңдай берді дауылдарды, 
Тыңдай берді жауындарды. 
Сол шақтарда әнші-күйші, 
Аралайтын ауылдарды. 

Бұл бір үлкен мейрам еді, 
Жұрт жақынын жиған еді. 
Осындайда таңға дейін,
Төгілетін күй де әдемі. 

Кіл талантты жандар еді, 
Бақ-жұлдызы жанған еді. 
Осындайда таңға дейін,
Шырқалатын ән де әдемі. 

Жанға шырақ жағылады, 
Шаттанады... қамығады. 
Айтылатын әңгіме де, 
Неткен мәнді-мағыналы.

Жұрт әншіге сый береді,
Бір ғаламат күйге енеді. 
Ахмет құтты қонақтардан,
Көп нәрсені үйренеді.

Ел қорғаған ұл туралы, 
Ұзақ-ұзақ жыр тыңдады. 
Жырда жұрттың – жылағаны, 
Жырда жұрттың – құлпырғаны.

Ахмет содан үлгі алады.
Көрген кезде бұл баланы, 
Ойлы Қуан күлімсіреп, 
Бибішынар нұрланады. 
 
Қандай ғажап балалығы, 
Толғантады дала мұны:
Әрбір тасы, әр төбесі, 
Әрбір көлі, әр алыбы. 

Күй көңілін тербетті ме,
Есейді ме... ержетті ме?! 
Таланттыға талап керек,
Оқу керек енді ептіге. 

Қамсыз күнді жиыны көп, 
Сағынатын жиі жүрек.
Сол сағыныш «Көгершін» боп,
Ұшып кетті кейінірек...

2

Үлкен-үлкен қалаларда, 
Өзін-өзі таба алар ма?!
Ауылды ойлай жөнеледі,
Көшелерге қарағанда. 

Үйренеді... шыңдалады, 
Кітапты оқып кіл бағалы.
Басқаша екен қала жақтың,
Ұстаздары, тұлғалары. 

Өз уақыты... өз сабағы...
Ноталарға көз салады. 
Сол уақытта кезіп кетті, 
Небір-небір сөз сананы:

«Талай әуен... талай мұра,
Қағазда жоқ қалай мына?!
Ноталармен ойнаймын ғой,
Скрипка, гобойды да. 

Ұтылам ба... ұтамын ба,
Жабырқадым... жұтадым ба?
Қанша қымбат қазына бар,
Затаевич кітабында?!

Енді құстай ұшайын ба, 
Үлкен-үлкен іс – ойымда.
Рахмет саған, Оспан ишан,
Шексіз алғыс Құсайынға!

Беу, қазақтың ұлылары! 
Құрманғазы құбылады. 
Ұға алмаған секілдімін,
Дәулеткерей мұңын әлі. 

Сейтекпенен шалықтаймын,
Себебін де анықтаймын. 
Дина апама құлақ түрсем,
Көк жүзінде қалықтаймын.

Тәтті мұңмен табысқаным – 
Тәттімбетпен танысқаным. 
Қазанғаптан аңғарамын,
Асау өзен ағыстарын. 

Ал, Байсерке алдамайды, 
Абыл төгер жанға арайды.
Тыңдай берем... тыңдай берем...
Ықылыс пен Сармалайды. 

Жан түсінер... жан ұғынар,
Үйренуге бәрі құмар. 
Дархан қазақ даласының 
Әлі қанша алыбы бар?!

Талай тұлға күйінді ме?!
Әніңді де, күйіңді де... 
Асыл қазақ, арда қазақ, 
Жеткіземін кейінгіге!»

Бұл бір ауыр жұмыс еді, 
Айтқандары дұрыс еді. 
Ахмет енді тыңғылықты, 
Шаруасына кіріседі. 

Өз ұлтының өткеніне, 
Сапар шегіп кеткені ме?
Сөйтіп Ахмет аттанады,
Алатаудың бөктеріне. 

3

Көп ойланды... көп ізденді, 
Кешті мұхит, теңіздерді...
Ол түсінде домбыра мен
Бебеулеген қобыз көрді. 

Жүрді дархан даласында, 
Тек музыка – санасында.
Тебіренді әншілер мен
Күйшілердің арасында. 

Біржан салмен сырласады, 
Талай-талай қырды асады. 
Абайынан ақыл сұрап, 
Мұхитпенен мұңдасады. 

Ойларына бекінді нық,
Алматыда еркін жүріп, 
Балуан Шолақ балбыратты, 
Жаяу Мұса желпіндіріп. 

Мәди үшін мың ашынды, 
Аңсап-аңсап шын асылды.
Ыбырайға құлақ асты, 
Жаямын деп құлашымды. 

Бұлар жайлы білген бе өзге,
Ойнақ салған іргеңде өзге...
Құлтумаға басын иді, 
«Тау қиялап» жүрген кезде. 
 
Шабыт атын ерттей берді, 
Ахмет бәрін зерттей берді. 
Дала кезген дарындылар, 
Домбырасын шертпей ме енді?! 

Шеберхана аштырады, 
Жанарына жас тұнады. 
Алматыға жиналады,
Ойдың-қырдың жақсылары. 

Бұл көңілін босатады, 
Бірнеше аспап жасатады. 
Кейбіреудің іші күйіп, 
Тасалардан тас атады. 

Ахмет бәрін бақылады, 
Тәуекелшіл... батыл әрі. 
Домбырашы, қобызшыны,
Сырнайшыны шақырады. 

Олар айтып тағдыр, мұңын,
Сайратады жан бұлбұлын. 
Ахмет болса көтереді, 
Оркестрдің барлық жүгін. 

Өнерліге ел не деді,
Тебіреніп, тербеледі. 
Бұл оркестр халық жанын,
Әнмен, күймен емдеп еді. 

Әр қағысқа үңіледі, 
Ертеңі үшін жүгіреді. 
Осылайша қазақ әні,
Қазақ күйі тіріледі! 

Күй тартылды дала жайлы, 
Ән айтылды дала жайлы. 
Бұл оркестр тыным көрмей, 
Жер-жаһанды аралайды. 

Аралады сан қаланы,
Тыңдағандар таңғалады. 
Аспаптардың айтқандарын,
Түсіне алмай дал болады. 

Таланттылар қаптап барды, 
Аспаптарын баптап барды. 
Ахмет солай қазақ әнін,
Қазақ күйін сақтап қалды. 

4

Үңілетін әр жылына, 
Тартысы көп тағдырына. 
Жалғыздықта туады екен, 
Туындының барлығы да. 

Талмай жұмыс істеді ме, 
Ахмет аттан түспеді ме?
Сансыз кітап жайғасыпты, 
Оның жазу үстеліне.

Кейбір парақ жыртылған ба,
Кейбір сурет қырқылған ба? 
Кей жазуды бояп-бояп,
Өшіруге ұмтылған ба? 

Күйшінің де суреті бар,
Әншінің де суреті бар.
Жалғыздықта жазғандары, 
Қай уақытта, кімге оқылар?!

Өткен шақты қопарар ма, 
Бай мұраны қотарар ма?!
Жинақтарды аша қалса,
Қалқып ұшар ноталар да. 

Нота ұшады аспанына,
Қонғаны ма... қашқаны ма?! 
Ахмет сонда шабыт қысып,
Қол созады аспабына.

Көңілі қалай жайланады, 
Амал кәні, айла кәні?! 
Жан сезімі, жүрек сөзі, 
Музыкаға айналады. 

Күй жүрегін тулатады, 
Жан дүниесін шулатады. 
Ахмет сонда күбірлейді,
Ахмет сонда тіл қатады:

«Құрманғазы – алып тұлға, 
Бүкіл әлем танып тұр ма?! 
Ауық-ауық қол созамын, 
Жырақтағы жарық нұрға. 

Ой сыйлады өмір маған,
Дала нұсқап, жол ымдаған. 
«Қызыл қайың» қандай әсем, 
Оқап күйші орындаған. 

«Бас ақжелең», «Балбырауын», 
Қандырады жан құмарын. 
«Көбік шашқан» – халық мұңы,
Маңызы зор әр мұраның. 

Күйлерінің көп түрлері, 
«Сарыарқасы» екпінді еді. 
Осы күйде – топан суы, 
Осы күйде – өткір желі. 

«Балқаймағы» қандай жылы,
Ұмыттырар бар қайғыны. 
«Назым» қысқа күй болса да, 
Жан айдынын жалмайды үні. 

Өз-өзіне сия алмаған, 
Армандаған... қиялдаған. 
Саранжаптай қалмаққа да,
Құрманғазы күй арнаған.

Толқытады кейде осы не,
Қорқытады кейде осы не? 
«Ақсақ киік» ұқсайды екен,
Қиналғанның бейнесіне.

«Кісен ашқан» – базыналы,
«Терісқақпай» – қазыналы. 
Құрманғазы туралы сөз,
Әлі талай жазылады...»

Ойын Ахмет боратыпты, 
Алматыда таң атыпты. 
Бөлмесіне сыйғандай ма,
Ұлан-байтақ дала, тіпті...

5

Ән – алданыш саналыға, 
Ән – жұбаныш жаралыға. 
Жалықпастан жауап берді,
Ғазизаның сауалына: 

– Алыптарда арман бар ма-ай,
Ғасырларға жалғанғандай. 
Ескі әндерім, есті әндерім, 
Жойылуға сәл қалғандай?!

Соны ойлатар таң шырайлы, 
Қалай оған жан шыдайды?! 
Айтшы, әкетай, әндер жайлы,
Айтшы, әкетай, әнші жайлы?! 

– Лақтырғандай заман құрық,
Әрине, бұл – жаман қылық. 
Айыпталып кетті көбі,
Адал күліп... адал жүріп... 

Мына дархан даламызда, 
Не істемеген бабамызға?!
Жазаланды жазығы жоқ,
Құдайберген ағамыз да. 

Ән де солай... жоқ айыбы, 
Ұмытылар қалай үні?! 
Ән ешқашан өлмесін деп, 
Өліп кетті талай ұлы...

Осы нені ұқтырады, 
«Кінәлі» боп шықты бәрі.
Солқылдатып ән шырқады, 
Сол заманның мықтылары. 

Ұрды... соқты... жықты ұлдарды, 
Сары неге тұтқындалды?!
Заман солай тұншықтырды, 
Жүректері түкті ұлдарды. 

Түрмеде мұң кешті ме жан,
Кісендерді шешті далам. 
Құдіретті қанға сіңген,
Құрта алмады ешбір адам. 

Ұнатады аспан да әнді, 
Ұнатады тастар да әнді. 
Естай әнші орындаған,
Толғаулар мен дастандарды. 

Әсет жырлап небір жайды,
Ән шырқады өмір жайлы. 
Ұлыларда болмайды ғой, 
Жеңіл уайым... жеңіл қайғы...

Тыңдағанда Нартай әнін,
Рахаттана шалқаямын. 
Әміремен әсерленіп,
Майраменен марқаямын. 

Киелі ғой сөз, қарағым,
Ән туралы ой қозғағаным.
Көпті көрген Кенен әнші – 
Бозторғайы боз даланың. 

Әнге ғажап күй қосылар, 
Мазалайды кейде осылар...
«Абай жолы» романында – 
Қосымжанның бейнесі бар. 

Сынаса да тағдыр таңы,
Әнге бөлеп әр қырқаны.
Міне, осылар өз жұртының, 
Бай мұрасын жаңғыртады. 

– Басталмаған сапары әлі,
Қызыңыздың қапалы әні... 
Ән-қасиет, ән-құдірет,
Мені қайда апарады?! 

– Алдымызда аппақ арай, 
Талантты жан бақ таба ма-ай?!
Тағдыр енді апармайды,
Сары барған жаққа қарай...
Сары барған жаққа қарай...

6

Қимас күнге жиыны көп, 
Құмартатын жиі жүрек.
Жан сезімі «Қарлығаш» боп,
Ұшып кетті кейінірек...

Бастан дәурен тез көшеді, 
Бұрын бәрі өзгеше еді. 
Ахаң жазу бөлмесінде,
Жалғыздықпен кездеседі. 

Саяқ қалу кімге ұнайды, 
Секунд... минут... жылжымайды. 
Сәулелі сәт... кескін... сұлба...
Сағым сынды бұлдырайды. 

Жарқырайды... жоғалады, 
Тыныштығы тоналады. 
Ескі күндер, естеліктер, 
Санасына оралады. 

Саясаттың қақпаны бар,
Жолданбаған хаттары бар. 
Латиф мұңдас, Латиф құрдас 
Абай жайлы ақтарылар... 

Шаршағандай әбден бүгін, 
Жабырқатар жанды енді күн.
Қатал соғыс басталғанда
Іздеді жұрт ән мен жырын. 

Жұрт жүрегін емдеп еді, 
Күй екен ғой – ең керегі. 
Елге өнері дәру болса, 
Дирижердің ерлегені. 

Қалай оны түйсігі алдар,
Бөлмеде әнші, күйшілер бар. 
Жалғыздықта сансыз сұлба – 
Жанжалдасқан, ши шығарған. 

Олар ұзақ сырласады, 
Шуласады, ымдасады. 
Екпінді күй тоқтағанда, 
Көңілдерді мұң басады.

Кезейік деп өр өлкені, 
Ерді ерке жел ертеді. 
Әбіш қайда, Хамит қайда,
Күндер қайда көлеңкелі?!

Кеш батуда... таң атуда, 
Қарамады сағатын да. 
Ағасын да аңсайды Ахаң,
Сағынады Науатын да. 

Шақыра ма жол бұралаң, 
Көңіл қалай орныға алар?! 
Сөйлейтіндей жалғыздықта – 
Қобыздар мен домбыралар...