Дәулет Жадырасын. Ағатай, жан қалтаңда бұлтың бар ма?
Жалғыз гүлі Тәңірдің, қасымда қал, жалғыз қылы жанымның жұлынғанша!

Дәулет ЖАДЫРАСЫН – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1999 жылы 5 ақпанда Қызылорда облысы Қазалы ауданы Кәукей ауылында дүниеге келген. Көптеген республикалық әдеби байқаулардың жеңімпазы. 2024 жылы маусым айында «Тығылмақ ойнамаймын» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген. Өлеңдері республикалық әдеби басылымдарда жарияланған.
Біздің Алматы
«Алматының жарты бұлты – менікі!»
Қуаныш ЖАЗАЙ
Сарқып сенің, Алматы, дәрменіңді,
Түсіргенін қарашы хәлге мұңды.
Анау тартып, бір жақтан мынау тартып,
Қалдырмады-ау қалалық сау жеріңді.
Көшкін-көшкін толассыз көшеңде шу,
Керек те емес ешкімге есендесу.
Тұншықтырып жатқандай сені бәрі,
Жұтарға ауа, қалдырмай кесеңде су.
Қайран қала, сен солай қаңсығанда,
Тапжылмаған – қашаннан таңсық Арға.
Жерден күдер үзген соң, көкке қарап:
– Түсші, – деймін қап-қара тамшыларға.
Қап-қара бұлт шамданды күрт бүлініп.
«Әй, қайтесің бейкүнә бұлтқа ұрынып».
Қуан ағам жүзінде жұмбақтай сыр,
– Кеттік, – деді кенеттен кілт бұрылып.
Ағам еді аяғын аңдап басар,
Анау сыры салмаққа салмақ қосар.
Кетіп бара жатамыз үнсіз екеу,
Алматының жұртынан аулаққа сәл.
Тоқтап бір сәт тапқандай жалған кілтін:
–Аппақ бұлтты кірлетіп алған жұртың, –
Дейді-дағы шетінен шығарады,
Қалтасына сығымдап салған бұлтын.
Иесімен алғандай құп келісіп,
Қолындағы кетпейді тіптен ұшып.
Будақ-будақ жыр оқып екеуара,
Отырамыз оңаша «бұлт шегісіп».
– Алматыны ақ бұлтпен жабайын, – деп,
Ақтарады тылсымның талайын кеп.
Жібереміз ешкімге айтпас сырды
Алатаудың басына қарай үрлеп.
Аппақ сырлар аспаннан жаңбырша ағып,
Ғажайыпты сезсін бе ел мұншалық.
Алматыға қайтады үнсіз екеу,
Ақ жаңбырдан жатқанда Жер бусанып.
Жан да тірі, ендігі тал да тірі,
Құстар әсем әніне салды ақыры.
Қош айтысып қалады Қуан ағам,
Құшағына жасырып Алматыны.
Ұстағалы тылсымның «кілтін» қолға,
Тіс жармаймын досқа да, сылқымдарға.
Алматыны сағынып мен келдім ғой,
«Ағатай, жан қалтаңда бұлтың бар ма?».
Қорқамын
(Сақташы, Құдай, ол қызды мұңнан,
Бар оның ізгі арманы).
Қорқамын сенің жалғыздығыңнан
Жанымда отырғандағы.
Сезім де терең тілсіз білінген,
Тыныштық – жанның арманы.
Қорқамын бірақ үнсіздігіңнен
Жанымда отырғандағы.
Жасқанба тіпті жылап қалудан,
Жұбату – жардың арманы.
Қорқамын сенің жырақтауыңнан
Жанымда отырғандағы.
Түкпір бөлме
Ұмыта алман ешқашан, ұмытпадым әлі оны,
Бала кезім болса да ішке жұттым «бәлені».
Біздің үйде – ескі үйде үлкен әрі әдемі,
Маған жұмбақ, құпия түкпір бөлме бар еді.
Түкпір бөлме ішінде көкем, жеңгем, қос інім,
Той тойлатып жатқандай жауып алып есігін,
ынтық қылған. Ол мейлі болмаса да мұратым –
Бір тылсым күш сол жаққа тартатын да тұратын.
Іштей тынып, содан соң «кеткендігін есемнің»,
Ұмытамын ұйықтап құшағында шешемнің.
Қос ініме «заң» – «жұмсақ», маған – «қатал» неге тым?
Сонда әйтеуір баруға кедергілер көп-етін.
Мысалы, әжем ентелеп ене кетсем бөлмеге,
«Емешегің үзіліп бара ма?», – деп сөгетін.
Ашу келсе әжеме жағдайың қиындар,
Кіргенменен ол жақта қалуға ұзақ тыйым бар.
Қайтып шығам түсінбей, сол тыйымның сырын түк,
Көңілімде қалатын басылмаған бір ынтық.
Ешкім жоқта кіремін, аласы бар адамдай,
Дал боламын ішінен жоқ нәрсені таба алмай.
Бозбала шақ келгенде, (өкінерім сол, әттең)
Көшіп кеттік басқа үйге әкем, анам және әпкем.
Жұмбақ болып қалды ойда ескіргенше сол бөлме,
Жұмбақ болып қалды ойда ес білгенше сол бөлме.
Кейін білдім, қиыны, жеңге менен көкенің
мені өмірге әкелген әке-шешем екенін.
Сырын білдім, о, солай, маған кемшін теңдіктің,
Әжем неге ұрысты? Ұрысыпты (енді ұқтым):
«Жеңешесі құшаққа алып қояр ма екен», деп,
Байғұс бала екеуін танып қояр ма екен», деп.
Той тойлатып жатса да жауып алып есігін,
Бір тылсым күш сол жаққа жібермейді осы күн.
Жасырғаны секілді түкпірдегі бөлменің,
Тұншығады бір ойлар түкпірінде кеуденің.
Ер жеттім де, ел кезіп, тұрақтадым жыраққа,
Түк бір маза бермеді түкпірдегі ой бірақ та.
Бәрін тастап өзіңе барам десем, Сыр елім,
Бір тылсым күш ұстайды перзентіңнің жүрегін.
Саған барсам, туған жер, болатындай «ұятты»,
Ескі үйдегі баяғы түкпір бөлме сияқты.
Суық қабырға
(Шерхан Талапқа)
«Бабаларының» туып тағында,
Басшы боп кеткен абайсыз
суық адамдар. Суық қабырға.
Жаурамай жүрсіз қалай Сіз?
Жарық күн нұры жалынға орамай,
Сіресе қатқан сан ғұмыр.
Министрліктің қабырғалары-ай.
Мезгіл бар мұнда «мәңгі» бір.
Аяйды, бәлкім, арайлы нұрын,
Қарайды Күн де жирене.
Бастығың тағы қарайды қырын,
– Алмадың, – дейді, – игере.
Айтпаймыз мүлде сөзімізді ұят,
Жүзбейміз қарсы ағысқа.
«Құлдар» көп мұнда өзіміздей-ақ,
«Құран» бар және орысша.
Сызыл, парақтар. Зырла, қаламдар,
Жазыңдар «аят» бір әйгі.
Құдайсыз емес мұндағы адамдар,
Ұстаймыз қамап «Құдайды».
Келдім мен Сізге түршігіп тағы,
«Қиямда» тұрып былғандым.
Қабыл боп жатыр «құлшылықтары»,
«Сәждеде» жатқан құлдардың.
Берейік сәл-сәл санаға мұршат,
Доғарып «іштің» жосығын.
Шығайықшы, аға, далаға бір сәт,
Қажытып бітті осы «дін».
Сені сүйдім
Сен қайдасың, жарығым?
Жүректесің.
Сүрлеуінен сезімнің кім өтпесін?!
Жалғыздыққа қош айттым, сені көріп
Жалғыз қылы жанымның дір еткесін.
Саған қарай жетуге болам да асық,
Жалғыз қылын жанымның қалам басып.
Алай-дүлей ақ боран жұлқынады,
Менің күйім секілді саған ғашық.
Қай періште күйіме күнә жазбақ?
Соңғы жұлдыз тамардай, шуақ аз қап
Зорға тұрмын алдыңда ақ бораным
Жалғыз қылын жанымның жұла жаздап.
Тұрмын солай ернімді «күнә» малып,
Сені сүйдім, сол анық – бір-ақ анық!
Аппақ қарда із қалып барады енді,
Ақ бораным іштегі тына қалып.
Қатқан ғұмыр не керек тұғырларша,
«Боранды» бір артыңда жырың қалса!
Жалғыз гүлі Тәңірдің, қасымда қал,
Жалғыз қылы жанымның жұлынғанша!
Саған дейін
Құдай-ау, қалай сүргем осы өмірді?
Үй күңгірт, жұмыс қатал, көше мұңды.
(Бүгінің қайталаса кешегіңді,
Неліктен жинау керек төсегіңді?!)
Құдай-ау, қалай сүргем осы өмірді?
Оятқыш, ванна, таңғы ас, киім сәнді,
Қорқатын есептеуге тиын соңғы.
Аялдама, автобус, талас-тартыс,
Қол – қысқа, ойың – «озық», миың – сорлы.
Жолығар жолдар, жүздер таныс тағы,
Өткенмен бара жатсың қауышқалы.
Білім бар бүгініңе жеткілікті,
Дінің бар жүрегіңде ауыспалы.
Күнде осы көретінің, әлем де осы,
Әлемің көрінеді «көлемде» осы.
(Бүгінің қайталаса кешегіңді,
Керек пе адамдармен сәлемдесу?!)
Ырықсыз тағдырың бар жел көшірген,
Құлайсың (шығармайсың Жерді есіңнен).
Құдай-ау, қалай сүргем осы өмірді?
Құдай-ау, осы өмірді мен бе сүрген?
Елетпей ермеліктен «ермекті» өзге,
Жадау күн жатып алған шел боп көзде.
Жарығым, қалай сүргем осы өмірді,
Қалай мен сүрдім екен Сен жоқ кезде?
Әке. Үнсіздік.
Өкініш, әке, көп екен бізде,
Сезбеппін өткен кезді онша.
Ағыл да тегіл сен екеумізде,
Айтылмай қалған сөз қанша…
Біздегі сырды білмеген әркім,
Білсе де, біздей ұқпайтын.
Кеудемде қырсық бірдеңе бар-тын,
Сіресіп сыртқа шықпайтын.
Ел сөйлегенмен, мен үнсіз қалдым,
Ей, менің момын ғұмырым.
Дақпыртпен соққан дарынсыздардың,
Қарашы биік тұғырын!
Қырсық шалды да, мен үндемедім,
Жеткенмен бірақ білімім.
(Сіресіп маған берілмеп едің,
Бейуақта қара жібуін).
Алыс кетпеді әлі қасымнан,
Қаралы біткен күз былтыр.
Білесің бе, әке, дабыра-шудан,
Артықтау екен біздің тіл.
Басталды менің дүмпу қанымда,
Ендім бір ерен кейіпке.
Ұлыңа сөйлер Күн туғанында,
Айналдың Айлы бейітке.
Білмеймін енді кімге сөйлеуді,
Сөздерді қайтем жан қысқан.
Аңсадым үнсіз тілдесулерді,
Шаршадым талас-тартыстан.
Кеш мені, жаздым, жаңылдым, әке,
Даурыққан күннен жауырмын.
Үнсіз кездерді сағындым, әке,
Үнсіз сөздерді сағындым
Жеміс
Түбі анау
асқақ таулар қозғалатын секілді,
Таулар шөккен кез болатын секілді.
Жұмыр бас Жер таз болатын секілді.
Тек ауада қауырсынша қалқыған
Сөз қалатын секілді.
Қауырсындай жеп-жеңіл,
Қорғасындай ап-ауыр,
Сөздер сонда бейкүнә
Қаға-қаға қанатын,
Кез болардай
Жер бетіне қонатын.
Қонған сөзден топырағы нәр алып,
Бір жаңа ұрпақ шығатындай жаралып.
Мүлдем жаңа басталардай тіршілік
Сөз аңқыған кеңістікке қамалып.
Сөзден өліп, сөзден кеше тірілген,
Бір қауымның жемісімін бүгін мен.
Мына таулар, мұхиттар мен құрлықтар,
Жасалуы мүмкін ғой,
Бір ессіздің ерніндегі күбірден.
Бүгін таулар қозғалғандай секілді,
Мұхит суы аз қалғандай секілді.
Жақсы сөз айт, жарығым...
Келдік біз де дүниеге адамзаттың көшімен,
Тағдыр бізді ендігі таңғалдырар несімен?
***
Бір сұлулық керек боп жаралдың-ау сен осы,
Бір сұлуға құмартып келгенмін-ау осы мен.
Қанша қауым сүрді өмір, дәуір кешті не түрлі,
Осы ғасыр – тек біздің ғасырымыз секілді.
Осы жылдар әдейі екеумізді тосқандай,
Осы жолдар әдейі екеумізді қосқандай.
Осы көше қиылысып, өттің, сірә, жанымнан,
Осы қала әдейі екеумізге салынған.
Бақыт берді – сезіндік, қайғы берді – қамықтық,
Сағынсын деп жаратты-ау Ғаламшарды алып қып.
Жаралмаған ғаламда тектен-текке түк те осы,
Бақыт деген – жолдардың қиылысқан нүктесі.
Құдіретті Құдайдың санамызда сауалы,
Сауалының, жан сәулем, табылады жауабы.
Саусағың мен саусағың түйіскенде табылар,
Ерінің мен ерінім сүйіскенде табылар.
Құдай қазір тылсымды, сенші маған, ғашығым,
Жүрегіме жыр қылып жазып жатыр жасырын.
Сезе тұра неліктен қымсынасың, асылым,
Мынау – сенің ғасырың, мынау – менің ғасырым.
Осы ғасыр – тек біздің махаббаттың ғасыры!
«Біздің ішу»
Ішу, ішу, бұл ішу – бөлек ішу,
Ал сізге, аға, расында, керегі – шу.
Біздің ішу – танысу, тіл табысу,
Сіздің ішу – қырылу, ерегісу.
Біздің ішу – мұң ішу, күйік ішу,
Сіздің ішу – көп ішу, сүйіп ішу.
Біздің ішу – біреуге құйып ішу,
Сіздің ішу – біреудің сыйын ішу.
Шалқып ішу, біздікі, балқып ішу,
Қанат жайып аспанда қалқып ішу.
Сарқып ішу, сіздікі, артық ішу,
Қолдан келсе, біреуден тартып ішу.
Сіз ішсеңіз, ештеңе өзгермейді,
Мазақ болып атыңа сөз келмейді.
Біз ішкенде – байқағыш жұрттың бәрі,
Сіз ішкенде – көрсоқыр, көзі көрмейді.
Тозақта – бал ішімдік, жұмақтағы – у,
Жанға дәру, сіз үшін бірақ – қару.
Біздің ішу – біреуге сыр ақтару,
Сіздің ішу – бірдеңе сұрап қалу.
Бізді ішкізген нәрсені тағдыр дейді,
Сізді ішкізген нәрсені жан білмейді.
Біз ішкенде бұзамыз «ой шектеуін»,
Сіз ішкенде елдегі заң жүрмейді.
Біз ішкен соң сөз бенен өсек қалар,
Сіз ішкен соң қыз бенен төсек қалар.
Қызды «түскіш» дейді де қармаққа өзі,
Бізді ішкіш көреді, десек те олар.
Солай солай... бар бізде қос түрлі ішу,
Бірі – момын, ал бірі – тасқынды ішу,
Біздің ішу – тежеулі, тоқтамды ішу,
Сіздің ішу – ежелгі «дәстүрлі» ішу.
Бір мәйхана. Сен, бірақ, қиырдасың!
Ең жақын һәм ең жырақ жиындасың.
Кенеземді кептіріп тастаса да,
Сізбен ішу «бақыты» бұйырмасын!