Темірхан Медетбек. Қайдан келдiңдер, торғайлар?
Шықпастан қалған үндердi жүректi мәңгi мекендеп, аспанға құлақ түргем-дi аққулар айтар ма екен деп...

Жылау
Ішек-қарыны ақтарылып,
Тұла бойына у құйылған, –
«Елім-айлап»! –
Ғаріп Қаратау жылады.
Ұры-қарақшысы көп
Мына бір қаскөй заманнан
Қорқып кеткен,
Үстіндегі
Бұлт-теңдерін қайтерін білмей –
Алып Алатау жылады.
Жылады!
Етек-жеңдері
Қара майдан
Сауыс-сауыс
Кәрі Атырау жылады.
(Көрде тұр,
Жылаудың
Соңы емес бұл әлі).
Жылады!
Жылады!
Діңгегі құлап,
Жапырағы шашылып
Жұлым-жұлым болған
Көкшетаудың кеудесінен
Кемпірбайдың көк ала үйрегі
Ұшып кетті.
Дүние бір демде суып,
Бір демде ысып кетті.
Өр Алтайым
Жетпіс жеті қабат
Қара бұлттай қайғы алды.
Дінім түнеріп,
Тілім
Тірі өлікке айналды.
Сарыарқаның
Омыртқа-белдері
Күтір-күтір етті.
Аспаннан
Әлдене бүркіп өтті.
Артынша
Әлдене сілкіп өтті.
(Мұндайда
Сезбеуің мүмкін емес
Жаратқан құдіретті).
Есілім егіліп ақты,
Ертісім сөгіліп ақты.
Жайығым қамығып ақты,
Сырдария жабығып жатты.
Боздағы атылды,
Сәбиі зорланды!
Бүкіл қазақ қорланды!
Оу, құдай-ау,
Бұл қалай деп
Алқалы топ пен
Аламан жұрттан сұрадым.
Жауап ала алмадым!
Сонан кейін
Алатау мен Каратау сияқты
Өр Алтай мен Көкшетау сияқты
Мен де еңіреп,
Егіліп жыладым!
Жыладым!
Жерлес теректерге
«Шевченко қаласының пионерлерi
Шымкент облысынан әкелiнген терек көшеттерiн отырғызды».
(Газеттен)
Сарғайған түздi сан жылдап
ораған жасыл желекке,
желпiнiп шықтың алдымнан,
балауса жерлес теректер.
Аспанның алау күнi өртеп,
бойыңды көмген шаңына,
қатқылдау тидi-ау бұл өлке
сендердiң табандарыңа.
Тойлаған әрбiр жеңiсiн,
ертеңiн күткен сан ойлап,
осынау ел мен жер үшiн
шырқалуы керек қалайда, –
бұлқынтқан тулап, қанды ұрып,
Қашаған айтқан өлеңдей,
айқайлап жатқан алқынып
Атырау дауысы денеңде!
Қаңсытып сенi жал құммен,
өртейдi әлi күн аптап,
шашаңды сүрткен шалғын мен
тамырың тартқан бұлақтар –
қалды ғой сенен үзiлiп
Қаратау қойнауларында,
балауса балғын қызығың
Сарыағаш, Сайрам бағында.
Қатулы аппақ сақалды
келсе де ақпан қыспенен,
жеңе алмас қатер атаулы
түркiстандықпыз бiз деген.
Өтiне қонып желдердiң
толғанар әлi ойланып,
бұтақтарыңда сендердiң
Маңғыстау бозторғайлары.
Бойыңнан балғын ән бiткен
төгiлсiн сыңсып, өбектеп,
түстiктiк қызу қандықпен,
шырқаңдар жерлес теректер.
***
Тыныстап, кейде тұншығып,
шыңдарға қарай тартамыз –
момақан ғана тiршiлiк
қым-қуыт шайқас, арпалыс.
Асығыс ұшып әуелеп,
дүрлiге көшiп жүр ағып –
реактивтi самолет
аспанның шаңын шығарып.
Кетсе тек шабыт бiр есiп
ақиық ақын сабазға, –
қаламның сүйрiк ұшына
қырық екi әрiп iлесiп,
жүгiрер аппақ қағазда.
Үзiлiп әнiн созғанда
табиғат тартқан дастаннан,
құйқылжып барып бозторғай
кетердей тамып аспаннан, –
ән етiп әр бiр тынысын
ақтарып бәрiн бүкпесiз,
шығып ап көкке күн ұзын
шырқайды үтiр, нүктесiз.
Кiм жатсын жылы төсекте,
бүгiнен түскен асықтай,
момақан тiрлiк десек те
тұра алмас, сiрә, асықпай, –
қап-қара түндi жарып кеп,
зымырап ұшса ентелеп,
ертеңге қарай қара Жер
кеңiстiкпенен дөңгелеп!
Ќараша да келіп ќалыпты..
Оңтүстік жағымды
Сұп-суық
Күз алды.
Солтүстік жағымды
Сірескен
Көкпеңбек
Мұз алды.
Шуағым азайды.
Көлеңкем ұзарды.
Үйкүшік боп алдым:
Аяққа тұсау салынғандай.
Жан-жақтан
Құрсау қағылғандай.
Күні кеше ғана
Үйге сыймайтын едім,
Үй түгілі
Дүниеге сыймайтын едім.
Сөйтіп мен
Екі көзі төрт болып
Жолымды тосқан
Бәйбішем Шолпанды
Қинаудай-ақ
Қинайтын едім.
Бүгінде, міне,
Мен жүретін
Маршруттардың
Бәрі де жоқ болып,
Мен мінетін
Көліктердің
Бәрі де тоқтаған…
Басқаша айтуға
Амалым жоқ қой,
Осылай ақталам…
Бір кезде
Аспанға шапшып
Лаулап жанатын
Жанымның оты
Өлеусіреп тынғандай.
Жапырақсыз
Анау ағаштардың
Желмен қозғалған
Жалаңаш бұтақтары
Мен байғұсты
Мошқап тұрғандай…
Күмән мен
Күдік жайлаған
Кеудем ішінде –
Түсініксіз! –
Қауіп тұр.
…Ал сыртта
Қар аралас
Жаңбыр жауып тұр…
Қараша да
Келіп қалыпты…
***
Шықпастан қалған үндердi
жүректi мәңгi мекендеп,
аспанға құлақ түргем-дi
аққулар айтар ма екен деп?!
Жұтынып, сыңсып болғаны
айта алмады ол-дағы.
Жататын қайғы, шер iздеп,
кеудесiн шайқап көтерген
қарадым көкбет теңiзге
толқындар айтар ма екен деп?!
Жартасқа шапшып болғаны
айта алмады ол-дағы.
Ыңырсып соғып ырғағын
жататын қауiп-қатерде,
жападан жалғыз тыңдадым
ормандар айтар ма екен деп?!
Желменен шулап болғаны
айта алмады ол-дағы.
Кетемiн үнсiз күнiне
мезгiлдi ғана мекендеп, –
қашан бұл тұйық дүние
шешiлiп сөйлер екен деп!
Бiздер үшiн таусылған жоқ әлi күн,
таусылмаса бiтпегенi жарығың.
Өмiр қысқа деп ойлайды –
кiм болсын –
жиырма, мейлi,
жүз жасасын бәрi бiр.
Жазылмас ед тiрлiк жайлы өлең де,
суыр едi, махаббат та денең де.
Өзге түгiл,
өзi үшiн күреспес
өмiр ұзақ деп ойласа егер де.
Өмiр қысқа болған соң ба,
арқамыз
ауыр жүктен қайысқанша артамыз.
өмiр қысқа.
Сондықтан да тiршiлiк
алыс-жұлыс,
шалыс-шайқас,
арпалыс.
Содан ба екен бiр жалыңдап, бiр өшiп,
жатыр бәрi тайталасып, тiресiп, –
жүйрiктердей жүз метрге жүгiрген
секундтардың бөлiгiнде күресiп.
***
Қайдан келдiңдер, торғайлар?
Қайдан?
Қай жақтан?
Сендегi жүректер тоңбай ма,
осынау жалаңаш аймақта?!
Өсетiн үйiмнiң алдында
жалғыздық дегендi аластап,
жамырап қондыңдар
жалғыз түп ағашқа.
Таласып жатасың
өкiнiп, өтiнiп
келе алмай шешiмге –
бұтақтан-бұтаққа секiрiп
әңгiмелесесiңдер.
Талқылар көктемгi қамыңды
мәжлiс пе әлде басталған? –
кiшкене камзолдай түймесiз
қозғайсың қанаттарыңды
шешiм тастардай.
Үй маңын талас қып қонасың...
ұшасың...
ап-арық бұтағын ағаштың
саусақпен шымшып бiр қысасың.
Үнсiз мен тыңдаймын басылып,
сөйлеуге бата алмай қатты бiр –
сендер боп кетердей шашылып
жалғыз түп ағаштан
шаттығым.
Бўлт жылады
Бұлт жылады.
Бауырын қара тасқа талқандап ап,
Қағып ап тамшыларды толғанды алап.
Кең дала айқыш-ұйқыш жолдарымен,
Бұл тауды тастапты ғой арқандап-ақ.
Қос терек бiр-бiрiне мың қарасты,
Бас шайқап ақырында кiнәласты.
Ақ бұлақ асығыс кеп аңтарылған,
Тырнап ап құзар шыңды тұра қашты.
Қара түн сипайды тау арқасынан
Жоғалтып ай – теңгесiн қалтасынан.
Құзға кеп тiрелген жол тұрып қалды,
Шорт кесiп ақ балтырын ортасынан.
Қарашы сонау жатқан тау соқпағын,
Лақтырып тастағандай дәу шоқпарын...
Самалмен жәй теңселген кәрi емендер
Кезенер бiр-бiрiне саусақтарын...
Зират үстіндегі жаңбыр
Аспан да бұлтын қуып бiр
осынау тұсқа жинапты.
Ақ нөсер төпеп құйып тұр
үстiне мұңлы зираттың.
Сел етiп көк-жер арасын,
аламын дей ме сауабын –
жуады нөсер моласын
әкелер менен ананың.
Қаталап ернi кезерген,
әманда ойлы пiшiнде,
шомылып тұрды нөсерге
мәрмәр, қола мүсiндер.
Iздерi қалған iсiнде,
жаққан сан жүрек оттарын,
шомылып тұрды мүсiндер
ардагер азаматтарым.
Найзағайлары жалтылдап,
Нөсерге көбiк сапырған
шомылып тұрды марқұмдар –
әншiлер, доктор, ақындар...
Сағағын бiр гүл қозғап тұр
көзiне күннiң асық боп –
моласы-ау жап-жас боздақтың
үлгермей кеткен ғашық боп.
Ғаламат сиқыр дастандай
төкшi сен, төкшi, төк, жаңбыр, –
әнiңдi айтып тастарға,
дененi сiлкiп толғандыр.
Қалсыншы олар қауышып
бiр сәтке еске ап даласын,
есiтсiн нөсер дауысын
сiмiрсiн көктем ауасын...
Нөсерiм бiттi тынды деп
ашылды кенет аспаным.
...Айнала үнсiз,
тұрды тек
жапырақтардан жас тамып!
Түнгі қалаға оралу
Жұлдыз болып ағып сенiң төбеңнен
ойларыммен
арман
қиял,
өлеңмен, –
отқа бөгiп отпен сөйлеп жататын
қала, саған келем мен.
Келем саған жағып үмiт шақпағын
есiгiн аш аэродром – қақпаның.
Үрейден бе, күлкiден бе, құдай-ау,
неге сонша дiрiлдейдi оттарың?!
Бiр кездерде қондырып ап көзiме,
жүрегiме,
арманыма,
сөзiме
оттар алып кеткен едiм мен сенен
сол оттарды ап келемiн өзiңе.
Жараспайды саған мұң мен қапалық,
аш қақпаңды.
келем саған от алып.
Сол оттарды қояйыншы iлiп мен
отсыз қалған тұстарыма апарып.
Аш қақпаңды!
Мен өзiңе енейiн!
Енейiн де, аралайын, көрейiн!
Отсыз қалған бар болса егер жүректер
оттарымды үлестiрiп берейiн.
Долы қуат өлеңдерiн төкпеген
тыпыршиды,
тықыршиды от денем.
Берейiн деп саған бүкiл отымды
келе жаттым осылайша көкте мен.
Ал төменде машинаның шамдары
секiлдi бiр менiң үмiт, арманым –
қиырларға құшақ-құшақ оттарды
бара жатты, бара жатты ап қашып,
қиырлардан қалаға
келе жатты құшақ-құшақ от тасып.
Түркістанның базары
Күн шықпастан сайрататын саз, әнiн,
күн шықпастан қайнататын қазанын,
қүн шықпастан тойлататын қазағын
Түркiстанның базарын айт, базарын.
Аралап көр,
арала сен бар-дағы,
не iздесең табылады –
бар бәрi:
домаланса шарлар құсап қарбыздар,
тамсандырар өрiк, шие, шабдалы.
Сөрелерде моншақ құсап тiзiлген
күлiмдейдi күн нұрынан жүзiм де, –
«бiттә-бiттә» үзiп жесе өзбегiм,
қазағым тұр бiр жегенде жүзiн жеп.
Көсiлiңiз сәкi үсiне жата қап,
көк шай дайын шөлдесеңiз қаталап.
Мына жеңгей тым жуандап кетiптi –
белiнде оның бес шақырым мата бар.
Насыбайды қағып салып бiр атым,
нар шабандоз жетегiне ап жүр атын.
Қара қасын қағып тастап келiншек
сапырады қымызы мен шұбатын.
Мына алқа топ бiрiн-бiрi сүйреп жүр,
қара көздер қара көздi түйреп жүр.
Ақ қалпақты бейсенбайлар ән салып,
ала шапан тәшiметтер билеп жүр.
Қара, қара,
қарашы сен аруға,
ару көзi жалын болып жануда.
Алмай-ақ қой алмасын да, жаңғағын,
базарға адам келмейдi тек алуға.
Алмай-ақ қой жүзiмiн де бiр үзiм.
Алмай-ақ қой...
қара сен тек қызығын.
Ап қайтасың құшақ-құшақ сағыныш
саба-саба қуаныштың қымызын.
Құйрықты жұлдыз
Ғаламат отты дастандай
құйрықты жұлдыз құйғыды,
шұбалып жатты аспанда
қып-қызыл ұзын құйрығы.
Жаралып жалын тасқыннан
шексiздiкпенен сабылып,
қап-қара аспан астында
шаңытқан от жүр ағылып.
Өтсе ол түнге бұрғы сап
сұлулық одан көрерсiң.
Жүректен аққан жыр құсап
ағады аспан денесi.
Келмесiн деймiн жақын ол
үрей де бар ғой денемде,
өртенiп бара жатыр ол
өртеймiн сенi дегендей.
Құйрығын сiлкiп бұлғаған
оранып отты жалынға,
құйрықты жұлдыз –
зулаған
аспанның айдаhары ма?!
Осы деп тағдыр бұйрығы
өттi де түндi тiлiп ол,
шұбалтып ұзын құйрығын
құрдымға кеттi сiңiп ол.
Сезiндiм бәрiн денеммен,
сескенiп отты дүлейден,
ол кеттi сiңiп,
дегенмен
айықпай тұрмын үрейден.
Тiрлiктi өртеп жердегi,
бұзатын аспан қақпасын,
ұшатын темiр денелi
айдаhарлардан сақтасын!
***
Жалғыз жүрсем –
менi қажап ойнама!
Жалғыз жүрсем мен егер
жалғыз қалды Темiрхан деп ойлама!
Жалғыз жүрсем –
айналам мен қоймаға.
Сол қойманы ашамын мен ақтарып,
ашам оны мақтанып та, шаттанып.
Жатар онда бақытымның бақтары,
жанар онда арманымның оттары.
Шығар одан достарымның күлкiсi,
дауыстары, сөздерi мен түр-түсi.
Табиғаттың шуылы мен қызығы –
аюлары, жолбарысы, түлкiсi.
Жатар онда –
көлдерiм де, шалғын да,
жатар онда –
шөлдерiм де жал, құм да.
Жалғыз жүрсем, әйтеуiр,
туған жерiм жатар көздiң алдында.
Жалғыз қалсам тар бөлмеде, шынында,
жүр де менi –
Арқа, Алатау, Қырымда,
ойымменен бәрiн кезiп шығам мен –
орман, алқап, бөктерi мен шыңын да.
Шықсам бәрiн көрiп оймен қайталап,
жалғыз қалдым деп қалайша айта алам.
Жалғыз жүрсем
кездесiп мен өлеңмен,
жалғыз жүрсем керемет бiр ой табам.
Кеудем менiң базар болар қайнаған.
Жалғыз жүрсем, әйтеуiр,
жалғыз қалды Темiрхан деп ойлама!
айналам мен қазыналы қоймаға.
Жалғыз жүрсем
тыңдап әлем үндерiн,
ұғам соның ойлары мен тiлдерiн.
Жалғыз жүрсем
бәрiмен де жалғасам,
жалғыз жүрсем –
бәрiмен де бiрiгемiн!