Кәусар Жаныбекқызы. Көңіл деген – көп ұқпас ұяң ғалам
Қасіреттен өлеңді тапқан да – мен, Қасіретті өлеңге көмген де – мен!
Кәусар ЖАНЫБЕКҚЫЗЫ – ақын. 2008 жылдың 5 маусымында Абай облысы, Семей қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан Абай Ұлттық мектебінің 11-сынып оқушысы, жас ақын. Халықаралық Абай оқулары, Республикалық жыр мүшәйралары мен көркемсөз байқауларының жеңімпазы. Алғашқы өлеңдері «Мөлдір бұлақ», «Мөлдір сана» журналдарында жарық көрген.
Ертіс-ау
Ертіс-ау,
ағыл-тегіл ағасың-ау,
Өр болар ма өзіңсіз қала осынау?!
Қашан да ақын біткеннің саған жеткен
Әдеті ғой жыр жазып, дауа сұрау.
Еркіне бағындырар ерке-Ертісім,
Ешкімге ашпас сырымды шертермісің?
Өзім нанбас сөзіме сенермісің?
Өтіріктен, о, қанша өртенді ішім!..
Табиғаттың пенде деп заңына құл,
Ертіс-ау!
тасысаңшы тағы да бір.
Отын көрсең күйіктің – жуып-шайып,
Ақын келсе алдыңа – жабыға біл.
Шомылып тұрсаң-дағы Ай нұрына,
Ағысыңды тежей біл қайғылыға.
Тыңдаушы ғанасың ғой,
бәлкім, содан,
Түсінесің ертерек жайды мына.
Мұңдас та сен, дос та сен, емші де сен!
(дерті де сен, көңілдің көншімес ең).
Құшағыңа кіріп-ақ кетердеймін,
Толқыныңа тіл бітіп, «келші!» десең…
Ертіс-ау,
көмейге алғаш енген әнсің,
Семейде, сосын мына менде барсың!)
Менің тамшы жасымды жатсынбашы,
Жерге тамып түскенше сенде қалсын.
Бір уыс мұң
Мен өткенді келмейді қазбалағым,
Қазбаласам, бәріне назданамын.
Сен жіберген, нақ бүгін, мен жіберген –
Онсыз да қателіктер аз ба, жаным?
Әлденені келмейді жүрекке алғым,
Әлде мені тастайды түнекке әркім.
Бейберекет көңілдің күдігін де
Мен әлдебір сеніммен күреп салдым.
Бағамын деп басқаның қас-қабағын,
Көңіл, шіркін, ақыры аш қалады.
Өткен екен, өмірден сызды өткеріп,
Сол өмірдің іздеткен босқа мәнін.
Өткен екен, санамда өңмеңдеген,
Серт те бекем!
Қалғанша кеудемде дем.
Қасіреттен өлеңді тапқан да – мен,
Қасіретті өлеңге көмген де – мен!
Жасы тамған жарлының күйінішті
Дүниенің келмейді суын ішкім.
Еншімде – қоржынына мың ырыстың
Айырбастай алмайтын бір уыс мұң…
Мен өткенді келмейді қазбалағым,
Қазбаласам, өзіме назданамын.
Кім біледі, бір мезгіл жабығармын,
Жөн еді деп мұны да жазбағаным.
Онсыз да қателіктер аз ба, жаным?
Ұшқыш
Жайдары ауыл, жусан дала, жасыл маң,
Жаз күні еді, аспан шайдай ашылған.
Жүгіріп кеп жалғыз жүрген апама,
Қысқа сауал қойдым сонда тосыннан:
– Апа, менің атам бар ма?
(Айтса екен тек жасырмай),
– Тоба, сұрақ бола ма екен осындай?!
Жасқанбастан аңтарылған жүзінен,
Жалт беріп: – Ол қайда?, – деймін тосылмай.
Сұрағымның жерде жоқтай жауабы,
Байғұс апам аспанға ұзақ қарады.
Белгідей бір ұшақ көріп алыстан,
Нұрлы үмітке толып екі жанары:
– Атаң сенің ішінде ана-ау ұшақтың!
Деді де апам, ашып келді құшақты.
Кіріп кеттім, бала көңіл, қайтейін…
Мәз боп тұрмын жауап алған құсап шын.
– Демек, атам ұшқыш қой!
(Ойда едім мен сонда ізгі),
Қазір, айтшы, көріп тұр ма ол бізді?
Сол сәт «Иә» деп бір сөзбен апашым
Сол ұшақты жүрегіме қонғызды.
Құлағымнан шығармай сол ескі үнді,
Әр ұшаққа елеңдеумен ес білдім.
Өз санамда жасап алған кескінді –
Жоюына жол бермедім ешкімнің.
Құмар болып өстім содан көкке мен,
Арнап өстім ақынмын деп көпке өлең.
Арманымның биіктігін сүйем де,
Алыстығын жек көрем.
Мен туғанда аспанға атып бөркін кеп,
Білдірмепті ол тірі жанға дертін де…
Соның бәрін нұрлана айтқан апашым
Еріксіз бар шабытымды келтірген.
– Көкте, – деді,
Жерге қонды демеді.
Еңсем биік болсын деді, себебі.
Мені алдауға қалай хақы болмаса,
Мұңайтуға солай дәті жоқ еді…
– Ұшақ көрсем, Ата, сені көремін!
Ғапыл
Тағатсыз көңілдің арманы,
Арманшыл көңілдің «әттеңі».
Тумаған өлеңнің тармағы,
Сүрмеген өмірдің сәттері…
Өтеді алдымнан боп сағым,
Кетеді барымды құнсыз ғып.
Үзілмес сықыры топсаның,
Ғасырға жалғасар үнсіздік.
Үнсіздік бітейтін құлақты
Көміліп қалды ма көздерде?..
Қайталап қойылған сұрақтың
Жауабы болды ма өзгерген?
Төбемнен төнердей тұмша бұлт,
Жауыннан жас ұрлап таққам жоқ!
Лайықсыз пендеге мұң шағып,
Лайықсыз күй кешкен шақтар көп..
Жүрмеген жүректің әмірі,
Жетпеген шабыттың шыңдары,
Бермеген бақтың да Тәңірі
Болуы тиіс қой бір мәні?!
Серті тек уақыттың – тоқтамау,
Сенімшіл сананың «шіркіні».
Қаламым жазбаған көп қалау
Маңдайға жазылар бір күні…
Үрей мен үміт
Шербетін тәтті жырдың қанып ішіп,
Мен де жүрген біреу ем бағым ұшып.
Қарайтын жұрт қай тасқа шалынар деп,
Қай жолдан кетер деп бұл жаңылысып…
Үмітті үзген де не, үзбеген не?
«Бәрі де оңалады» жүз дегенмен,
Күз қайтадан келтірді көз жасымды,
Мен сертімнен айныдым күзге берген:
Болмасын сәт көзге жас таққан деген,
Жалтарғанмен, өзімді сатқанменен,
Жүректе жоқ шүкірді жаудырдым кеп,
(Шүкірім де секілді жаттанды өлең).
Сан сауал тұрса есігін айқара ашып,
Суға толып қалады жай қарашық.
Ит үрген тар көшенің түрі мынау,
«Бұл да тұр ма менімен тайталасып?!»
Айналадан алмаған өшке мініп,
Отырғанда жөнелмей естен үміт,
Жарымжан пенде алдымнан өтті-ау, өтті!
Көзіме қалды, білем, кеш көрініп…
Қарашықтан құл-сенім сығалатып,
Бақсам деп ем жай-күйін бір,
О, уақыт!..
Бөгеле тұр, сенің мұң-балшығыңа
Біз барамыз.. барамыз тұра батып!
Әжім жоя алмаған өңін бала,
Жанды көрдім,
Сүйенетін жалғызы темір ғана.
Қызғылт күрте,
сұр шәлі,
жүріс арба…
Ешкім танып-білмейтін өмірнама.
Боларын неге ұқпағам бұрын анық,
Жырсыз да кей пенденің түні – ғаріп!
Кеудемнен бір сәт жерге тастасамшы
Кінәмшіл жүрегімді жұлып алып.
Тағдыр емес, сынақпен атойлаған
Мен екенмін қараған қате айнаға.
Көңілімді үрейден арылтқан сол –
Теміріне сүйенген тәтей ғана.
Білем, мама…
Білем, мама,
уайымға орандың жүз,
Болар-болмас жыртықты жамап жүрміз.
Жанарыңнан тек сенің тамар жас тең
Тамағымды тескенмен ағар жұлдыз.
Мен, қаламым кеппестей бұл күнде мен,
Жыр сыйладым мәртсініп кім-кімге де.
Жүрегіңе құйдың сен, білем, мама,
Жастың бәрін мендегі сүртілмеген.
Содан болар,
кеткені сиреп күлкің,
Күлкің бүгін көрінер сый боп, шіркін!
Мен құштар жолды іздеуден гөрі, мама,
Сен қысқан қолды үзбеуді үйрет бір күн.
Бұлдыр дүние сұрланып тұрғанда да ең,
Сұлу сенің, маматай, сұлбаңда әлем!
Жиі шалыс бассам да бұлданбап ең,
Әлде аттап жүрген бе едің жылдарды әрең?..
Жоқ, есейген мен шығар, мен құбылған,
Ал сенің бар қалпың сол, сол құның да!
Мұратынан жаңылып кетпес пе деп,
Жетпес пе деп… орынды қорқуың да.
Арқама артып өмірдің әр тізгінін,
Артта қалып барады қамсыз күнім.
Ажарыңды әжім кеп түртпектесе,
Білші, мама!
ол – менің әлсіздігім.
Сен деп білдім мықтыны көз ашқалы,
Шөгілген болса да кей кез асқарым,
Ағараңдап нұр бейнең байқалғанда –
Менің қара басымнан сөз аспады.
Желеп-жебеп дұғаңда балаңды әр түн,
Қалыпты көрінсе де алаң қалпың,
Сенде де арман көп қой, білем, мама,
Менікінен биіктеу олар бәлкім!..
Жеткізсін бе мүддеге асау ғұмыр,
Құлыныңда бар-жоғы осал дүбір…
Құзарға табаныңды нық тіреші,
Тірлікке құл боламыз қашанғы бұл,
Сенде де арман көп қой, білем, мама.
***
Үмітіңнің жалғамай үзген жібін…
Үмітімнің жалғамай үзген жібін…
Бір бақыт жырақтады бізден бүгін –
Сен келіп үлгермедің күзден бұрын,
Өксігін жасыра алмай түн жылады,
Жылдарым өте берер жылжымалы.
Мен болсам ақ парақты жүз шимайлап,
Отырмын жаза да алмай бір жыр әлі.
Білмеймін, немді әкеттің, нені бердің?
Кеше мен батқан күннен сені көрдім.
…Кірпігімнен үзіліп еріген мұң:
Телмірген сан мың көзге тура қарап,
Тек сенің жанарыңнан жеңілермін…
Деген ем, ұзақ және қараған ем,
Хаттарың жолданатын маған әрең.
Бір бақыт жырақтады бізден бүгін,
Мен жазып үлгермедім саған өлең.
Таяу арман
Босап шығар
менің де тордан құсым,
Біз жүрген жоғалтқанда жолдар күшін.
Аңсатып ап, жетуге таяу болсам,
Аласара беретін арманбысың?
Бейуақытта жарысқан мезі үндерден,
безінгем мен! (серттен де өзің берген),
Тірілтіп өлең шіркін алмағанда,
Нұр болып қалар ем ғой көзіңде өлген…
Нұр болып қалар ең ғой көзімде өлген…
Жүрек – бүтін,
Ми – бүтін,
Ғазал – жарты.
Тұмандайын тап осы кез алды-артым.
Сен де, мен де жаралдық жазмыштан,
Жазмыштан, жарығым, оза алған кім?!
Асқақ тұрған табардай тағат жаның,
Тастап тынған сезімді тағы аттадың!
Кері жылжып барады сағат тағы…
Ұмытылар деген сайын әлі-ақ бәрі.
Жарығым-ай,
жаныма төккен арай,
Жарығыңның көпке де жетпегені-ай..
Маған жылу қонбаған жаттан бұлай,
Маған суық болмаған көктем олай.
Қойғаныммен сезімге мұнша құлып,
Қоя алмаспын қаламға құрсау іліп.
Бір сау үміт..
туа қап,
тым құрыса,
Мен жазатын жырларды тұр сағынып!
Көңіл деген – көп ұқпас ұяң ғалам,
екеумізді екі өзге күй арбаған.
Таңдап алған тағдырға жас төккем жоқ,
төгілген сиям ғана.
Саған да сезіліп бір, сірә, тылсым,
айдан,
күннен,
жұлдыздан жыр оқырсың.
..Мен өлеңге көшіріп алам сені,
өмір көзін бір сәтке іле тұрсын...