Абылайхан Есімбай. Медакадемия студенті

…Қыз ұзатылып кетті. Достары ішті. Желкен ішпеді. Іші қанша күйіп тұрса да, татып алмады. Қазығұрттан Шымкентке таксилетіп қайтты. Тәні жерде болғанымен, жаны қара түнек аспанда...

Dec 5, 2025 - 16:55
Dec 5, 2025 - 16:59
 5
Абылайхан Есімбай. Медакадемия студенті

Абылайхан ЕСІМБАЙ – жазушы, журналист. 1994 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келді. Алматы облысындағы Сүлейман Демирел университетінің журналистика мамандығында бакалвр білімін алған. Көптеген облыстық, республикалық проза байқауларынан жүлделі болды. 2018 жылы Шымкент қаласының, 2020 жылы Түркістан облысының «үздік жас жазушысы» номинациясының иегері атанды. 2018 жылы «Қанат қақты» жас қаламгерлер жинағының редакторы болып, кітапты жарыққа шығарды. «Кедей қызы» әңгімелер кітабының аворы. Қазіргі таңда Oinet.kz республикалық ақпараттық-сараптамалық порталдың бас редакторы болып жұмыс істейді.

(Қарағандыда 5 жыл медакадемияда оқыған студенттің жол сөмкесінен табылған күнделіктің негізінде жазылды)

1 курс. 2013 жыл

Желкенге уақыт мүлде жылжымай бір орында тұрып қалғандай көрінді. Күн сайын телефонының күнтізбесіне қайта-қайта қарайды. Кеше 25-қазан еді. Бүгін 26-сы. Бар болғаны бір-ақ күн өткен. 
Азынаған сумақай жел қойны-қонышын аралап шықты. Тезірек оқу корпусына жетіп алуға тырысты. Таң азанымен сабағына бара жатқан беті. 
Жертөледегі кабинетке кіріп отырды. Жаңа туған иттің күшіктеріндей топырлаған студенттерге кабинет жетіспегендіктен, олар жертөлеге дейін түсіп алған жайы бар. 
Студенттерді түгендеп шыққан оқытушы бүгінгі тақырыпты түсіндіруге кірісті. Желкендер оны саусақтары майысып дәптерлеріне сүйкеп жатыр. 
Кабинет ішінен қор еткен дыбыс шықты. Желкен ыңғайсызданып қалды: бұл асқазанының даусы еді. Ыстық тамақ ішпегеніне бесінші күн. Сонша уақыттан бері күніне тек екі самсаны талғажау қылып, бір шыныаяқ кофе ішіп жүрді. Ішіне көптен бері ыстық тамақ түспегесін ағзасы сигнал беріп бастаған. Қор еткен дыбыс шыққан сайын өзіне қайта-қайта қараған группаластарынан қысылған Желкен «дүние күйіп кетсе де, бүгін түсте ыстық тамақ ішу керек» деді іштей.  
Сағат тілі 13:00-ді соққанда университет асханасына жетіп келді. Қабырғада ілініп тұрған менюге қарады.
Сорпа – 250 теңге;
Манты – 350 теңге; 
Бүгін осы екі тамақ түрі ғана бар екен. Қалтасынан дермантин әмиянын шығарып, ақшасын санап көрді. 1440 теңге ғана қалыпты. Бүгін сейсенбі. Бұл ақшаны келесі аптаға дейін жеткізу керек. Бүгінгі күнді қоса есептегенде әлі 6 күн бар. Ойша есептеп шықты. Күніне 240 теңгеден жұмсаса жеткізе алады екен. «Бүгін ыстық тамақ ішсем, сосын 4 күн самса жей тұрам. Шыдауға болады. Осы жолы 5 күн ішпей рекорд жасаппын. Бірақ 5 күннен артық шыдау мүмкін емес сияқты. Манты – 350 теңге тұрады. Манты алсам, жанына нан мен шай алсам 400 теңге кетіп қалады. Сонда 1040 теңге қалады. Оны жексенбіге дейін жеткізу қиын болады. Одан да сорпа алайын. Жанына нан алам. Екі тілім нан 10 теңге. Шай 25 теңге екен. Шай қажет емес. Краннан су іше салам».
– Апай, бір сорпа беріңізші, – деді Желкен бөшкедей семіз сатушыға. 
– Тағы не аласың?
– 2 тілім нан. 
– Шай? 
– Жоқ. 
Сатушы Желкенге таңдана-а қарады. Басын шайқап жүріп тәрелкеге жылып қалған сорпаны құйып берді. 
– 270 теңге. 
Тамақты көріп көңілі көтеріліп қалған Желкен «270 теңге» дегенді естігенде ұнжырғасы түсіп қалды. Әлгіндегі қуанышты сезімнің буымен тамаққа ақша төлеу керектігі есінен шығып кетіпті. Әмиянынан тиындарды шығарып қолы қалтырап санап берді. 
Тәрелкені подносқа салып, бос үстелдің біріне келіп отырды. Үстіндегі әбден тозығы жеткен күзгі күртешесін орындыққа іліп қойды. Кеше жең жағы жыртылып қалып еді, оны ине-жіппен баптап тікті. 
Өңешінен жылы тамақ өткенде жан сарайы жадырап сала берді. Бағанадан бері 3 метр жерге дейін естіліп жатқан асқазанының шұрылы сап тиылды. Нан бар жерде ән бар деген рас-ей! Көптен бері еңсесін езген ауырлықтан құтылғанын аңғарды. Бойы жеңілдеп ән айтқысы келді. Қазір Қарағандыда отырып алыстағы үйін сағынды. Үйде күнде тамақ ішіп, жылы киім киіп жүргені бақыт екен ғой. Мұнда қарны ашып, жаурап жүр. Қарағандыда қыркүйек айының ортасында-ақ салқын түсті. Салқын түскенде адам ашқарақ бола бастайды. Бірақ тойып тамақ ішпепті. 2 айдан бері ішіне картоп салынған самсаны қорек қылып жүр. Аптасына бір, кейде екі рет ыстық тамақ ішеді. Жатақханада балалар кейде ыстық тамақ жасайды. Бірақ табаға қуырылған пиязды нанмен жеу, макарон мен майонез деген бәрібір алдамшы нәрсе екен. Оған асқазан құрғыр жұбана қоймайды. 
Соңғы кездері жылы күрте алғысы келіп жүр. Мұнда қыс қазан айының ортасында түсетін секілді. Кеше қар қылаулап жауған. Енді алдағы 3-4 күнде борауы мүмкін. Күрте алайын десе ақшасы жетпейді. Ауылдағы ата-анасы ай сайын 25 мыңнан жіберіп тұрады. Бірақ бұл ақша жетпейді екен. Күнделікті тамақ, жолкүре, киім-кешектен бөлек, сабағына қажетті қалам-дәптер, кітаптар, принтерден шығаратын А4 қағаздары, тіс пастасы, шампунь, аяқ киім щеткасы, сабаққа киетін ақ халат пен бахила, айта берсе көп. Өмір сүруге қажетті ұсақ-түйекті санап біте алмайтын секілді. Осындай бітпейтін керек-жарақты түгендей алмай күйіп кететіні бар. 25 мыңды ары-бері тартқылап түкке де жеткізе алмайтынын түсінді. Тағы сұрайын десе ұялады. Ағасы Алматыда оқып жатыр. Оның жатақханасының өзі жылына 180 мың теңге болды. Оны бірден төлеу керек.
Және киім-кешегі, жүріп-тұрғаны, оқу құралдарының ақшасы және бар. Әйтеуір ата-анасы қарызданып-қауғаланып жүріп, ағасының жатақханасын төледі. Әйтпесе, әкесінің алатын айлығы 90 мыңға жетер-жетпес. Анасы 70 мыңның төңірегінде алады. Бұл ақшаны олар қос студентке салып, одан соң үйдегі інілері Нұрханға қажеттіні алып беріп, коммуналды шығындарды төлеп, бір ай бойы ас-суға жеткізу керек. Осыны ойлаған Желкен ата-анасына салмақ салмай, дымға жарымай жүргенін білдірмеуге тырысатын.   
Стипендиясы әлі түсер емес. Жылда стипендияны қазан айының соңында береді екен. Екі айдікін қосып. Сол күнге жеткенше үзіліп кететін шығар. Күн санап қалтырап жүргені сол. Стипендия түссе дереу базарға барып қыстық күрте мен етік сатып алуды жоспарлап отыр. Аяқ пен денеден өтіп бара жатқан суық жанын қоярға жер тапқызбай барады. 
Сағат 5-те сабақтар бітті. Желкен әдеттегідей ешкімге қосылмай жатақханаға жалғыз өзі жаяу тартты. Автобусқа ақшасын қимайды. Жатақхана мен оқу корпусы арасы бар болғаны 6 аялдамадай жер ғана. Жаяу 25-30 минутта жетеді. Соңғы 2 аптадан бері жаяу барып, жаяу қайтып жүр. Бір жағы денсаулыққа пайдалы, бір жағы үнем. 
Сөмкесінен бір пирәшкиін шығарып жеді. Таңертең асханадан сатып алған. Самсадан арзан жүреді. Біреуі 40 теңге. Желкен 120 теңгеге үшеуін сатып алған. Оны жатақханада түнгі 10-да бір, 12-де бір, 2-ге қарай бір жеп жатады. Осылай амалдамаса аштыққа шыдау қиын. 
Азанда күн бекерге түнермепті. Жолда жаңбыр құйып кеп берді. Желкен абдырап қалды. Жақын маңда паналайтын жер де жоқ. Жүгіре жөнелді. 5 минуттай жүгіріп, ескі аялдаманың панасына барып тығылды. Үсті су болып қалыпты. Бұтында жалғыз шалбар еді, жаңбыр суы одан өтіп, терісіне тиді. Денесі тітіркеніп кетті. Санындағы кірі езіліп жатқандай жағымсыз әсер алды. Жатақханадағы душтар онша дұрыс істемейді. Және қырғын кезек. Жердегі плиталары сынып, кір жабысып, адам көргісіз болып жатады. Сол себепті де айына 1, ары кетсе 2 рет қана душқа бір шайынып шығады. Кірлер ұзақ уақыт бойы денесінде баттасып жиналып тұра береді. Сол кірлерді мына жаңбыр ерітіп жатқанын қарашы. 
Аялдамада 20 минут тұрды. Жаңбыр басылып, жай себезгілеп тұрғанда ол жатақхана қайта жүрді. Күн де ұясына батып көз байланып қалыпты. Тротуар шетінде әлсіз жарық шашып тұрған шамдарға қарап ойланып келеді. Ойы сол, қалтасындағы 920 теңгені бір аптаға жеткізу. Осы оймен күні бойы арпалысып түбіне жете алмады.  

***

Таңертең ерте оянды. Табаны тас болып қатып, денесі тоңазып қалыпты. Сөйтсе бөлме іші азынап тұр екен. Терезеге қарап еді, сыртта жапалақтап қар жауып жатыр. Терезенің бір саусақ сиып кететіндей тесігінен аяз лебі бөлмені алып барады. Желкен көнетоз көк футболкасымен терезені бітеді. Қолының терісіне қарап еді, суықтан қотырланып кетіпті. 
Қарағанды аппақ көрпеге оранып жатыр. Аспан да көз қарықтырардай аппақ боп тұр. Жер дүние аппақ. Алғашқыда осыны көріп жаны жадырады. Қарағандының алғашқы қары. Бірақ ұзақ қуана алмады. Әлі қыстық күрте алған жоқ. Етігі де жоқ. Күздік бәтеңкемен жүр. Алуға ақшасы болмай тұр. Стипендиясы әлі түсер емес. Бүгін сабаққа қалай барады? Осыны уайымдады. «Автобуспен барам. Үш қабат нәски киіп алам». 
Сағат тілі 7 жарымды соққанда жатақханадан шықты. Шыққаны сол, пышақтың жүзіндей қылпылдап тұрған аяз бетін осып жіберді. Дала мұншалықты суық деп ойламапты. Аялдамаға жеткенше қатып қала жаздады. Автобус та бірден келе қоймай, 10 минут кешікті. Осы 10 минутта Желкен бір орында тұра алмай, секіріп, қос аяғын кезек-кезек көтере берді. Әйтпесе жердегі суық бүкіл денесіне тарап кетеді.  
Автобус та оңып тұрған жоқ. Іштегі жолаушылар бүрісіп әзер отыр. Олар күздік күрте киген Желкенге таңдана қарап қалыпты. Орыс кемпірлер «бедные студенты» деп бастарын шайқап отыр. 
Кешке сабақтан келгесін жылы көрпеге оранып жата қалды. Жатақханаға жылу әлі келмепті. Қазандықты қашан қосары белгісіз. 
Дәл осы жүріс 2 күн жалғасты. Күнде таңертең сабаққа автобуспен барып, автобуспен қайтады. 3-ші күні таңертең орнынан тұра алмай қалды. Денесі зіл батпан. Көтертпейді. Басы зеңіп тұр. Денесі күйіп-жанып барады. Ауырып қалғанын түсінді. Қанша жерден ауырса да бұл мектеп емес. Университет. Сабаққа бару керек. Өзін қинап орнынан тұрды. Тұрғанда көзі қарауытып, басы айналды. Тәлтіректеп жүріп сабаққа барды. Жаурап әзер барушы еді, бұл жолы одан да қиын болды. Сол күнді әзер батырды. Сабақ үстінде қалай құлап қалмағанына таң қалды. Сабақтан шыққан соң жақын маңдағы дәріханаға соқты. 920 теңгеден 580 теңге ғана қалған. Соны 3 күнге жеткізу керек еді. Бірақ дәрі алмаса болмайын деп тұр. Асқынып кетеді. Екі Фервекс алды. Әр данасы 150 теңгеден. Сонда жалпы 300 теңге болды. Сосын 50 теңгеге парацетамол алды. Қалтасында 230 теңге ғана қалды. Екі күн пирәшки жеп амалдай тұрамын деп шешті. 
Ыстық су қайнатты. Оны кесеге құйып Фервексті ішіне төгіп кеп жіберді. Сораптап отырып ішіп алды. Шекесінен тер бұрқ етті. Осы қалпында төсекке оранып жатты. Азанға дейін борша-борша боп терлесем жазылып кетемін деп үміттенді. Сағат әлі кешкі 9. Ұйықтауға ерте. Ойланып жатқанда телефоны шыр етті. Қараса – мамасы. Телефонды көтергенде:
– Алло, Желкентай, қалайсың?, – деді ар жақтағы дауыс иесі бастырмалатып. 
– Жақсы, өздеріңізде?, – деді Желкен. 
– Жақсы бәрі, ауырып қалғансың ба? 
– Жоқ, – деді Желкен ауырғанын білдірмеуге тырысып. – Ұйықтап жатқан едім. 
Мамасымен ұзақ сөйлеспеді. Желкен әңгімеге онша жоқ. Басқа балалардай аса әсершіл емес. Құдды робот сияқты. 
– Ақшаң бар ма? Бізге айлық әлі түспеді. Осы аптаның соңы түсіп қалса жібереміз, – деді мамасы.  
 – Ақша бар, жетеді, – деді Желкен қалтасының түбі көрінсе де оны білдірмей. 
Сөйлесіп болған соң ұзақ ойға батты. Кеше үйден ақша сұрамақшы болып оқталып еді сұрамағына қуанды. Үйдегілер де қиналып жатыр екен. Егер сұраса әкесі қарызданып болса да, ақша тауып салып жіберер еді. Бірақ үйдегілер қарызға батқанын қаламады. Арықтығын білдіргісі келмейтін бөрі секілді жүнін қампайтты. Осылай жүріп өтірікші болып кететін болды. 
Ауырғанын да білдірмеді. Бұрын 10 сыныпта оқитын кезде қатты ауырған. Ішектеріне жара шығып күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. Әкесі оны емдету үшін бармаған жері қалмады. Қазақстанды қойып, Қытай асты. Сонда әкесі бұны ойлап, бойына ас-су сіңбей әбден азып кеткен еді. Кейін бір орыс бақсы Желкенді қыздар өзіне қарату үшін дуалаған деп диагноз қойған. Әйтеуір нақты неден ауырғаны сол күйі белгісіз болып қалды. 

***

Құдай бар екен! Бүгін ақ түйенің қарны жарылды. Жаратушы ие әр пендесін жарылқайтын кездер болады ғой. Бүгін стипендия түсті. Осы ақжолтай хабарды естіген Желкен дереу жақын маңдағы банкоматқа жүгірді. «Ақша түсті» дегенді естігенде ауырып жүргенін де ұмытып кетті. «Әлемдегі ең мықты дәрі – ақша» деген рас екен ғой, шіркін! 
Стипендия бүгін, сенбі күні түскені қандай жақсы болған. Центркредит банкоматының алдында кезек көп екен. Студенттер мәз-мейрам болып банкоматтан ақшаларын шешіп, қуаныштары қойындары сыймай жүр. Оларды көріп өзі де ақшасын тез шешкісі келді. 
Әзер дегенде кезегі келді-ау. Екі айда 15 мыңнан есептегенде 30 мың теңге түсу керек. Мұнша көп ақшаны қазір алатынын ойлағанда басы айналды. Осы қуаныштан саусағы еркіне бағынбай, пин кодты қате терді. Карточканы банкоматтан шығарып қайта салды. Осы бір операция үшін банкомат оның бір мыңнан аса теңгесін жеп қойды. Қолына 28 мың 950 теңге тиді. 1050 теңгесін банкомат жеп қойғанға қатты ашуланып, мысы құрыды. 1050 теңгені 3 күнге еркін жеткізетін еді. 
Жол бойы 1050 теңгені ойлап базарға көңілсіз келді. Кондукторға 30 теңге төлеп базар маңындағы аялдамадан түсіп қалды. Әр сатушыдан сұрап жүріп ең арзан күртені тапты. Материалы нашарлау дегені болмаса киюге болады. Жып-жылы. Күртені кигенде өне-бойы балқып кеткендей болды. Күрте жанына майдай жақты. Қарағандының қатал қысынан осы күрте аман алып шыға алатын секілді. Саудаласуға жоқ Желкен сатушы сұраған ақшаны санап берді. 9 мың теңге болды. Қолда 19 мың 950 теңге қалды. Бұл ақшаны бос нәрсеге құртпай ең керекті нәрселерді алу керек. Кезек күттірмей алатын қат нәрсе – етік. Басқа-басқа, Қарағандыда жылы етіксіз қыстан шығу мүмкін емес. Тағы да базарды екі айналып шығып, арзан етік тапты. Құны 8 мың теңге тұратын етікке ойы кетті. Аяғына құйып қойғандай. Бірақ қымбаттау секілді. Оның жанында 5 мың теңгелік етік бар екен. Бірақ ол кеңдеу әрі аса жылу бермейтін сияқты. «Егер шұлықты қабаттап кисем, табанына қалың ұлтарақ қойсам аяғым жаурамайтын шығар» деп ойлады. Бірақ көңіл құрғыр бәрібір 8 мың теңгелік етікке ауып тұрды. Әттеген-ай. 8 мыңға осы етікті алса, қалған ақшаны жеткізе алмай қалатын сияқты. 3 мың теңге деген де әжептеуір ақша ғой. Оны үнемдеп жұмсаса 10-12 күнге жеткізе алады. 
Ақыры ақылға салып 5 мың теңгелік арзандау етікті алды. Аяғы жаурамас үшін шұлық-шұлғауды қабат-қабат орап киетін болды. 3 жұп қалың шұлық алды. Шұлықтар әрқайсысы 300 теңгеден болып 900 теңге төледі. Сосын 500 теңгеге ұлтарақ сатып алды. Әрмен қарай базарды тағы аралап, қат деген заттарды түгендеді. Ине-жіпті ұмытпады. Ол Желкен міндетті түрде қолданатын керек-жараққа айналған. Жаңа киім алуға ақша жетпейді. Үстіндегі киімдер жыртылып қалса ине-жіппен тігіп алып кие береді. Өткенде жатақханаға кіре берісте күзгі сырт киімі есікке қыстырылып қалып, қолтығы сөгіліп кетті. Екі елідей. Жылап жібере жаздады. Күртесі енді жарамсыз болып қала ма? Осыны ойлағанда іші удай ашыды. Бөлмесіне келіп, инемен тігіп алуға болатынын түсінді. 3 сағат тапжылмай отырып, күртесінің қолтығын хирургтар секілді тігіп, қайта киіп алды.

***

Қараша айын итшілеп жүріп бітірді. Бұл айда Қарағандыда күн шектен тыс суық болады екен. Алған етігі сапасыз болып шықты. 2 аптаның ішінде тігісі ажырай бастады. Ажыраған жерден өкпек жел өтіп денесін қарыды. Желкен енді қабаттап 2 шұлық емес, 3, кейде 4 шұлыққа дейін киетін болды.  
Қатты азып бара жатқанын аңғарды. Ауылдан келгенде 58 келі еді. Өткенде аялдама шетінде бір уыс болып отырған орыс кемпірдің таразысына түскенде 52 келі болып қалғанын көрді. Егер үстіндегі күртесі мен етігінің салмағын шегерсе 48-50 келі арасына дейін азған. Бетінің томпақтығы кетпесе де, иығы қушиып кеткен. Аптасына екі-ақ рет ыстық тамақ ішетіні әсер етті. Самса деген бәрібір ас болмайды екен. Осындайда ауылын сағынады. Мамасы берекелі етіп тамақ дайындайтын. Тоймай қалса кәстрөлден құйып алып түнімен ішіп жүре береді. Ауылда бір күнде 4-5 порция тамақ жеп қояды. Ал мұнда сол 4-5 порцияны екі апта жейді. 
Асқазаны қайта шұрылдады. Ертең туған күн болатыны жанына жұбаныш. Бір тойса сол туған күнде тояр. Топтарында оқитын Бауыржан деген жігіт 18 жасқа толады. Соны қаладағы дөнер жасайтын орталықта атап өтпек. 4-5 ұл баланың басын қосып отырады. Үлкен қылып жасайтын жағдай жоқ. Сол себепті де ол Желкендерге: «Өзіміз болып отырып тамақтанып қайтайық», – деп ұсыныс айтқан. Желкендер келісті. 
«Егер жырғап отыратын болсақ, кемі 1500 теңге тастап кететін сияқтымыз ғой» деп бір жағы мұңайып қалды. Бір жағы тойып тамақ ішкісі келіп «мейлі, өлмеспін» деп өзін жұбатты.  
Кешкісін сабақтан соң 5 жігіт жатақханаға емес, бірден орталықтағы «Дәмді» деген дөнерханаға тартты. Дөнерхана маңына келгенде тамақтың иісі мұрындарын жарды. Қазір іштеріне ел қонатынын ойлап көңілдері бал мен лимон қосылған ыстық шайдай демделді. Бесеуі шетте бос тұрған үстелге жайғасып отырып алды. «Дәмді» – дөнерхана деген аты болмаса, кішігірім кафе. Мұнда дөнер, лаваштан басқа сорпа, манты, палау секілді ыстық тамақтар бар. Жандарына даяшы келгенде бесеуі не тапсырыс беретіндерін білмей састы. Кафеге айына-жылына бір-ақ рет келеді. Мұндай жерде өздерін қалай ұстауды да білмейді екен. 
– Қазір біз менюді көріп алайық. Тапсырыс беретін кезде өзіміз шақырамыз, – деді Бауыржан. 
Бәрі жабылып менюді қарады. Мұнда тамақ бағасы университет асханасындағы бағалардан 1,5-2 есе қымбат екен. Мысалы университет асханасында сорпа 250 теңге тұрса, мұнда 450 теңге. Ал манты, палау секілді қою тамақтар 500-600 теңге арасында. Бұл бағаларды көрген Желкеннің басы айналды. «Тапсырыс бермей-ақ қойсам ба екен». Қалтасында 17200 теңге бар. Кеше қарашаның стипендиясы түскен. Ал қалған 2500 теңге өткен айдан қалған ақшаны үнемдеп бүгінгі күнге дейін жеткізгені. Соны енді шашып жібермек пе?!
– Мен дөнер аламын, – деді Бауыржан. – Сендер ше?
– Мен бір кішкентай лаваш және орташа бір дөнер, – деді Ерсұлтан. 
– Менде сөйтемін-ау, – деді Нұржан. 
Достарының бәрі алып жатқанын көрген Желкен тапсырыс бермеуге қысылып: 
– Жарты лаваш, – деді. 
Достары оған таңдаңа қарап: 
– Жартыға тоясың ба?, – деді. Желкеннің ішкі жан-дүниесіндегі ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны сезген Бауыржан: 
– Жігіттер, өзімізді шектемей ала берейік. Жетпей жатқанын өзім көтерем, менің туған күнім ғой, – деп көңілдендермек болды. 
Осылайша Бауыржанның демімен бәрі тапсырыс беріп, кішкентай дастархандарын толтырып тастады. Лаваш, дөнер, төрт сорпа, екі үлкен Пепси кола, тіскебасарлар самсап кетті. Көптен бері дәл мұндай көп тамақты көрмеген 5 студент тамақтарды апыл-ғұпыл асауға кірісті. Желкен аштықтан лавашын бас салып жеймін деп, күртесінің жеңіне май тамызып алды. Оны салфеткамен сүртіп жіберіп, тамақтануын жалғастыра берді.   
«Кедей мен студенттің тойғаны – шала байығаны» емес пе?! Желкендер қарындары қампиып алған соң жағалары жайлауға жетті. 
– Жігіттер, – деді Бауыржан тісін шұқып. – Мен Қарағандыға алғаш келгенде өзімді жапандағы жалғыз үйге тап болғандай сезіндім. Базарым тарқап кеткендей көңілім ортайды. Бірақ сендердей алтын жігіттерді көріп, араласып бауыр болғаныма қазір қатты қуанып отырмын. «Доссыз өмір – тұзсыз тамақ» дейді емес пе?! Мына сұрқай қалада жаныма қуат беріп жүрген өздерің ғана. Қала суық, сабақ қиын. Оқытушылар қатал. Ақша жоқ. Проблемадан-проблема. Егер сендер болмағанда бұл жақтан баяғыда безіп кетер ме едім? Сендер жаныма шуақ сыйлап тұрсыңдар. Осылай жұбымыз жазылмай, мынау қиындықтарды бірге еңсеріп жүре берейікші, – деп группаластарына деген жүрекжарды лебізін білдірді. 
Бәрі шетінен сөйлеп шықты. Бір-біріне алғыстарын айтып, ішінде толып қалған шер-шемендерін тарқатты. Желкен де өзін осы достарының арасында судағы балықтай еркін ұстайды. Әйтпесе мектепте өзін жетім қозыдай сезінетін. Сыныптастарының бәрі жоғары сыныпта кілең бандитттерге айналған. Ал Желкеннің болмысы оларға мүлде сәйкес келмеді. Ол сыныптастарынан үй жағында тұратын көршілері Серік және Оразбен ғана араласты. Оның өзінде Серікпен көп араласа алмады. Өйткені Серік 9-сыныпты бітірген соң колледжге кетіп, 1 жылдан кейін қайта оралып, бандит сыныптастарына бір қосылып, бір айрылысып, өз-өзін іздеп таппай жүрді. Ораз ғана Желкенді арнайы іздеп келіп, әңгіме-дүкен құрып кететін. Желкен торыққан кезде күнделік арнап, оған ішкі сезімдерін түсіретін. 10 сыныпта қатты ауырып, 1 жарым айдан соң алғаш рет мектепке барғанда оның жағдайын қыздардан тек Жанар сұрады. Сонда Желкен мәз болып қалды. «Жанар жағдайымды сұрады. Қуанып қалдым» деп күнделігіне түртіп қойды. Жанарға деген ықыласы ерек болды. Әрине, бұл ешқандай да махаббат емес. Жай ғана оның басқа сыныптас қыздарда жоқ әділеттігіне деген сүйіспеншілік еді. Әйтеуір, Жанарға жүрегі бұрып тұрады. Кішкентай кездерінде әкесі «Жақсы оқитын қызбен араласыңдар, солармен бірге отырыңдар, соларды жақсы көріңдер», – деп жиі кеңес айтатын. Бәлкім сол сөз санасында қап кеткендіктен бе, оқу озаты Жанарға деген құрмет бөлек. 
Сол жылы 25 мамырда төсек тартып жатқан атасы қайтыс болды. Оны да күнделігіне түртіп қойды. 
«Бүгін атам қайтыс болды. Қатты қайғырдым».   

5 курс. Ақпан айы

Бүгін ішкі дүниесінде аласапыран. Дәл бұлай 1-ші курста алғаш университет табалдырығын аттағанда толқып еді. «Бұл жақ қалай екен? Қандай группаластар тап болады? Олар мені қалай қабылдайды?» деген ойлар санасын шырмап, түн ұйқысын төрт бөлген. Ал бұл жолы тіптен жүрегі атқақтап бір орында тұра алмады. Жүрек дүрсілінің қаттылығы сонша, өзінен 2 метр ары тұрған адам еститіндей шығып жатыр. 
Сағат 8-ге 10 минут қалды. Тура 8-де кездесеміз деп келісіп еді. Уақыт жақындаған сайын мазасыздана бастады. 
«Келмей қалса ше? Жоқ. Келу керек. Ол келемін деген. Ендеше келеді. Өтірік айтпайтын шығар».
Желкен экраны сынып кеткен телефонының камерасымен бетіне қарады. Төсқалтасынан тарақ шығарып, шашын оң жағына тарады. Көзілдірігін бір шешіп, бір киді. Шешкен кезде ештеңе көрмей қалды. Киіп жүре беретін болып шешті. Қолында гүл. Гүл алғанда өзін біртүр-лі сезінген. Өмірінде қызға гүл алып көрмепті. Бұл алғаш рет. Бар сезімін іште сақтап өлтіретін ол Сапарайымға деген махаббатын булықтыра алмады. Ол Сапарайымды алғаш көргенде ішінде бір толқын жүріп өтті. Қайта-қайта қызға білдірмей қарай берді. Қыз деген әккі халық емес пе?! Ол Желкеннің өзіне қарай бергенін теріс қарап тұрса да сезді. Кейде жалт бұрылып жігітке қарайды. Сол кезде Желкен ұсталып қалғанына қысылып, басын бұрып әкетеді.
Екеуі 5 курста танысты. Оған дейін тек оқу корпусы мен жатақхана һәм пәтер арасында жүрген Желкен қыздарға мүлде қарамайтын. 5 курста әр топтағы студенттерді бір топқа жинаған. Сол кезде Желкен мен Сапарайым бір топқа түсті. Осыны Жаратушы Иенің өзі ұйымдастырғандай. Желкен Сапарайымды бір көргеннен ұнатты. Сапарайым группадағы үздік студент Желкеннен: 
«Желкен, биохимиядан мына дәрісті жазып үлгермей қалып едім, дәптеріңді бересің бе? Мына сабақты түсіндіріп жібересің бе?», – деп қыз Желкеннен жиі көмек сұрайтын болған. Желкен сондайда ынта-шынтасымен түсіндіреді. Кейде Сапарайым 2-3 күндеп Желкеннен ештеңе сұрамай қалады. Сонда Желкен өзін біртүрлі сезініп, жаны жабырқап қалады. 
Осылай қызға көмектесіп жүргеніне жарты жылға жуықтапты. Желкен бұлай жүре беруге болмайтынын түсінді. 5 курсты бітірулеріне 4 жарым айдай ғана уақыт қалды. Егер осылай жалғаса берсе қыздан айрылып қалатынын түсінді. Әрекет жасау керек. Бірақ әрекетті қалай жасарын білмей ұзақ қиналды. Бір күні бойына бар батылдықты жинап алды да, кешқұрым Сапарайымға телефон шалды. 
– Сапарайым, сәлем. 
– Сәле-е-м Желкен!, – деді қыз Желкеннің телефон соққанына қуанышын жасыра алмай.  
– Ертең жексенбі екен, – деді Желкен бір құпияның ұшын шығарып. 
– Иә, – деді қыз әлі ештеңенің байыбына бармай. 
– Ертең не істейсің? 
Желкен осы сұрақты қойғанда қыз бірдеңені сезгендей болды. Себебі бұл жолы Желкеннің даусы жарықшақтанып шықты. Үнінде қобалжу бар. 
– Білмеймін, үйде болатын шығармын. 
– Егер ертең қауырт жұмысың болмаса киноға барсақ қалай болады? «Адасқандар» деген жақсы кино шығыпты. Басқа группадағылар барып көріп мақтап жатыр.   
Қыз не дерін білмей қалды. Осы уақытқа дейін әңгімелері тек сабақ төңірегінен аспап еді. 
– А-а, білмей тұрмын. Егер аяқасты бір шаруа шығып қалмаса баруға болады, – деді қысылып. 
– Ок. Онда ертең хабарласам, – деп Желкен телефонды қойып қойды. 
Желкен қолы дірілдеп жатқанын көрді. Тісі-тісіне тимей сақылдап кетті. Қолы да, тісі де еркіне бағынар емес. Іші де қыбыжықтап кетті. 
Алғаш рет қызды кездесуге шақырды. Қыз болса келісті. Мәссаған! Бұндайды күтпеп еді. Пәтерге сыймай, Қарағанды көшелерін жүгіріп шыққысы келді. 
Пәтерде бір бұрышта үн-түнсіз ноутбугына шұқшиып отырушы еді, бұл жолы аузы жабылмай сөйлей берді. Желкеннің мұндайын көрмеген Нұрдәулет, Ерсұлтан, Бауыржандар қатты таң қалды. 
– Бәрі дұрыс па Желкен? – деп Нұрдәулет оған таң-тамаша кейіппен қарады. 
Өзінің тым еркелеп бара жатқанын аңғарған Желкен жинала қойды. Дәл бұлай үйінде ғана еркелеуші еді. Ағасы Ертай мен інісі Нұрханды аяусыз балағаттайтын. Мамасы оған «дәретхана ауыз» деп ұрсатын. Әкесі де Желкенге ештеңе демейді. Керісінше, ортаншы ұлының осылай өзін еркін, ұстауы оның жанына майдай жағатын. 
Қазақта «әкеңнің үйінде жатырсың ба?» деген сөз бар ғой. Дәл сол сөз Желкенге арналып айтылғандай. 
«Сыртқа шығып келейін» деп Желкен күртесін киіп көшеге шықты. Дала суық болса да Желкен аязды сезінер емес. Денесі қыж-қыж қайнап келеді. Осы уақытқа дейін дәл мұндай төрт құбыласы түгелденгендей бақытты күй кешпепті. Қазір өзін 100 пайызға бақытты сезініп келеді. Ал бірінші курста алғаш рет тойып тамақ ішкенде 90 пайызға, ұшып кеткен грантына қайта іліккенде 95 пайызға бақытты сезінген. Грант демекші, студенттік өміріндегі ең ауыр кезді 2 курста бастан кешті. 2 курстың бірінші жартыжылдықтағы сессия өте ауыр өтті. Биохимия деген сабақ қандарын сүлікше сорып алған. Түнімен осы сабаққа емтиханға дайындалып, көзі кіртиіп кетті. Бірақ бар дайындалғаны бекер болды. Емтиханнан үш деген баға алды. Бұл – гранттан ұштың деген сөз. Грантта қалу үшін өлдім дегенде төрт алу керек. 
Гранттан ұшқанын естігенде өңі бозарып кетті. 
Шақшадай басына қан бармай кеуіп кете жаздады. Сонда енді стипендия алмай ма? Қалай күн көрмек? Мұнда үйдегілер салған ақшаға стипендиясын қосса да әзер жүр еді. Енді қайтпек? 
Пәтеріне келіп жатып қалды. Қайта-қайта анальгин іше берді. Бәрібір басы шыңытып ауырғанын қояр емес. Шарасыздықтан көзінен жас шығып кетті. Стипендиядан ұшқанын аса ауыр қабылдады. Бар болғаны 2-ші курс. Алда әлі 5 жыл оқу бар. Ең бірінші кезекте үй-ішін ойлап қайғыға батты. Бұны естісе олар ауыр қабылдайтын болды. 15 мың теңге деген де әжептеуір көмек қой. 
Соңғы кездері қатты жетісіп кетіп еді. Екі күнде бір ыстық тамақ ішіп кеткен. Енді бұны тоқтату керек. Дәл 1 курстағыдай аптасына ары кеткенде 2 рет қана ыстық тамақ ішеді. Ақшаны барынша қысып ұстап үйдегілер жіберген ақшаны жеткізген жөн. 
Грантқа қайта ілігу үшін барын салып сабақ оқыды. Кей түндерді ұйқысыз өткізіп, таңертең сабаққа ұйқылы-ояу кетіп бара жатушы еді. Байғұс пендесінің әбден азаптанғанын көрді ме, Құдай қарасып келесі жылы екінші жартыжылдықта, яғни тура бір жылдан соң қайтадан стипендияға ілікті. Сонда қазына аралын тапқандай қуанғаны-ай! 
Бірақ ол кезде қиналғаны ештеңе емес екен, 4 курс оқып жүргенде стипендиясы да жетпейтін болды. Үйден жіберетін ақша да азайған. Себебі мамасы жұмыстан шығып қалды. Енді үйде ақша табатын жалғыз әкелері ғана. Оның жалғыз жалақысы үш баласына қалай жетеді?! 
Және інісі Алматыға оқуға түскен. Оған жатақханасын төлеуге, үстіне бірсыпыра киім алуға әжептеуір қаржы кетіп қалды. Университет бітіріп, қолына дипломын алған ағасы Ертай жұмысқа тұрған. Әзірге еңбекақысы мардымсыз. Алғашқы айда 20 мың теңге қаламақы алған. Тұрақты жалақыға ілігуге әлі біраз уақыт бар. 
4 курстағы өмірі ауыр өтті. Сол жылы Нұрдәулет, Ерсұлтан, Бауыржан төртеуі бірге пәтер жалдамақ ойға бекінді. Орыстың ескі екі бөлмелі пәтерін 30 мыңға жалға алды. Ортадан 5 мыңан ақша шығарып, 20 мыңға бір айлық азық-түлікке жұмсады. Сондағысы макарон, картоп, пияз, май. Және бар болғаны 2 келі ет. Осыны бір ай бойы талғажау қылды. 
Жалпы тек Желкендер емес, Қарағанды медакадемиясында оқитындардың барлығы тым жұпыны тұрды десе болады. Бәрі мұнда провинциялардан келген. Қарапайым отбасының балалары. Бірақ бәрінің рухы мықты еді. Қанша қиындық көрсе де сынбады. Табадағы ыстық майға нанын батырып жеп жүре берді. Жүздерінен күлкі жоғалмай. Желкендер де пәтерде тату-тәтті тұрды. Кешкісін бәрі дастархан басында сол күнгі қызықтарды айтып мәз-мейрам болып отыратын. Бүгін де осылай мәз-мейрам болып отыруы керек еді, Желкен оларды тастап, маңызды шаруамен кетіп қалды. 
Зәулім сауда үйінің алдына келді. Ішіне кіріп бір аралап шықты. Кинотеатрға кіріп кинолары бастаталын уақытты қарады. Әлі бір сағат бар. Есік алдына шығып, жол жиегінде жапырақсыз тұл қалған талдың түбінде тұрды. Тротуарда кетіп бара жатқан әрбір адамға үңіле қарап. Кішкене күтсе осы адамдардың арасынан таныс бейне көрінеді. Сапарайымды тек университеттен көрген соң ба, оны сауда үйінің алдынан көретіне сене алмай тұр. Сапарайым тек университетте жүретіндей. Оны басқа жерде жүргенін көзіне елестете алмады. 
Ымырт қараңғысы қоюланып, көз байланып барады. Көшеде жарықшамдар жанып, төңіректі нұрға бөледі. Жарықшамнан қылаулап қар жауа бастағанын аңғарды. Соңғы мәрте қар осыдан 1 апта бұрын жауған еді. Қолын көкке тосты. Қолына тиген қар сол мезет еріп кетті. 
Ең бастысы, аяз жоқ. Қар жауа бастағанымен күн-райы жылы.   
Көліктер зу-зу етіп әлдеқайда асығып жатыр. Мұнда Алматы, Шымкенттегідей адам қарасы мол емес. Қалт-құлт етіп тұрған әжей секілді қала десе болады. Шаһарға тек провинциялардан келген студенттер жан беріп тұрғандай. Егер медакадемияны басқа қалаға көшірсе, Қарағанды босап қалатыны анық. Тек орыстың шал-кемпірлері өмірінің соңғы күндерін кешетін өлімші қалаға айналады. Қарағанды – Желкен секілді сөмкесіне пирәшкиі мен бір бөтелке жылы суын салып алып шапқылып жүретін жоқ-жұпаналарға рахмет айту керек.   
Осылай ойға батып тұрғанда Сапарайымды көрді. Сонадай жерден бұған қарай тез-тез адымдап келеді. Үстінде ақ-сұр күрте. Желкен шаттанып қалды. Күртесі өзіне жарасымды. Университетке барғанда көз қиығымен осы күртені киген қызды іздейтін. Қара-қоңыр күртелер арасынан менмұндалап көрінеді. Сонда шаттанып сала береді. Яғни бүгін Сапарайым сабаққа келді. Осы жанына күні бойы дәт беріп тұрады.   
– Сәлем, Желкен!, – деп қыз күлімсіреп жанына келді. – Көп күтіп қалмадың ба? Біраз кешіктім. 
– Жоқ, – деді Желкен даусы дірілей. – Ішке кіреміз бе? А-а, айтпақшы мынау саған, – деп қолындағы үш тал қызыл раушан гүлді қызға ұсынды. 
– Ой, – деп қалды қыз абдырап. – Рахмееет Желкен!   
Қыз гүлді иіскеп келеді. Оның гүлді көргенде қуанғанына Желкен де дән разы. Гүлді сатып алғанда Сапарайым оны қабыл алмай қоятындай қорыққан. Жырымдап үнемдеген стипендиясының 1800 теңгесіне осы 3 тал гүлді алды. Әрқайсысы 600 теңгеден. Сосын киноға 2 билет алған. Ол 1600 теңге болды. Сонда 3400 теңгесі кетті. 
 Киноның басталуына әлі 20 минут бар екен. Осынша уақыт құр тұра беруге ұялып:
– Қарның ашты ма?, – деп сұрады қыздан. 
– Жоқ, – деді қыз. Шындығында ашып тұр еді, бірақ жігітті ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келмеді.
Желкен қыздың осы ойын сезді ме:  
– Киноға әлі 20 минут бар екен. Кел, мына жерге отыра тұрайық, – деп бургер алаңшасындағы үстелді нұсқап. 
– Не тапсырыс бересіздер?, – деп даяшы жетіп келді. 
– Сапарайым, бірінші сен тапсырыс бере бер, – деп менюді қызға қарай жылжытты. 
– Сен ше? 
– Мен бағана үйден тамақтанып шығып едім, тойып тұрмын. 
– Мен де тамақтанып шыққам. Онда кофе ішейік.
– Жақсы, – деп Желкен даяшыға бұрылды. – Бізге 2 кофе бере салыңыз. 
Жігіт пен қыздың жарытып тапсырыс бермегеніне қапа болған даяшы тәкаппарлана бұрылып кетті. 
Екеуі бір-біріне қарап үнсіз отырып қалды. Қыз әңгімені жігіт бастасын деп басын сәл төмен салып отырды. Желкен әңгімені неден бастарын білмей, миы атала болды. 
– Ертеңгі анатомияға дайындалдың ба? 
– Иә-ә, дайындалдым. 
– Дұрыс. Ал «сараптамаларды талдау» сабағына ше? 
– Бәріне дайындалдым, – деді Сапарайым сабақ туралы сөйлескісі келмейтінін аңғартқысы келгендей. 
– Дұрыс. Айтпақшы, осы жерге қалай жеттің? Күн суық еді. Жаурамадың ба? 
– Жаурадым. Кешке автобус жүрмейді екен. Жаяу келдім, – деді қыз күліп. 
– Мә, алыс қой. Шаршаған шығарсың? 
– Шаршады-ы-ым. 
Ары қарай әңгімелері жарасып кетті. Желкен Сапарайымға: «Қайтарда үйіңе дейін шығарып салам. Әйтпесе қалада ұры-қарылар көп. Олар түнде жалғыз жүрген қыздарды аңдиды. Солардан қорғаймын», – дегендей ойларын айтып қуантып қойды. Әңгіме қызып, киноның басталғанын да ұмытып кетіпті. Киноға 15 минуттай кешігіп кірді. 
Бірақ Желкен не кино көріп отырғанын түсінбеді. Ойының бәрі жанындағы қызда. Ал қыз экраннан көз алмай отыр. Кейде қорқынышты сәттерде бетін басып, Желкеннің білегінен бірер секунд ұстап қолын қайта тартып алып отырды. Қыз білегінен ұстағанда Желкеннің бойын қуаныш кернеп, өзін батырдай сезінді. 
Қайтарда Желкен Сапарайымның: «Үй мына тұрған жерде ғой. Жаяу 40 минутта жетеміз», – дегеніне қарамай такси ұстады. Жандарына зыр етіп ескі көлік кеп тоқтады. Рөлде орыс екен. 
– До улица Гоголя, – деді Желкен тілін сындырып. 
– Дом какой?, – деді шопыр. 
Желкен Сапарайымның үйінің нөмірін білмейді екен. «16-үй» деді қыз Желкенге сыбырлап. 
– 16-дом, – деді Желкен шопырға қарап. 
– Сколько дашь?, – деді шопыр. 
Желкен қандай баға айтарын білмей тұрды. Қыздың алдында майдаланғысы келмеді. 
– Незнаю. А сколько будет?, – деді бағаны қоюды шопырдың еркіне қалдырып. 
– 400 будет? 
Қыз «қымбат қой» деп сыбырлай беріп еді, Желкен оны тыңдамай: 
– Хорошо, – деп есікті ашты. – Сапарайым, кел отыр. 
Желкен бүгін белсенді. Саудаласар емес. Оның мәрттігіне риза болған қыз көлікке шат-шадыман болып отырды. Жып-жылы көлік ішінде, өзіне қамқорлық танытып үйіне дейін шығарып салып жатқан Желкеннің жанында өзін тым жайлы сезінді. Басын Желкеннің иығына қойып маужырап ұйықтағысы келді. Өзін әзер тежеді.  
Такси үйге жақындағанда қыз жігітке «машина үйдің алдына кірмей-ақ қойсын. Дүкеннің алдынан түсейік», – деп сыбырлады. 
– Здесь остановите, – деді Желкен шопырға бұйрықты үнмен. Желкеннің іс-әрекетіне қарап, енді қыз-жігіт жүре бастаған жұп екенін түйсінген шопыр бұларға айнадан ыржия қарап, басын шайқап дүкен алдына тоқтады.   
Екеуі көліктен түсті. Үйге дейін 100 метр ғана. Бұл 100 метр Желкенге бір жағы өте ұзақ, бір жағы өте қысқа көрінді. 
Әлгінде олар кинода отырғанда қардың қарқыны күш алып кетіпті. Әжептеуір төпеп тастаған екен. Жүрген сайын бырт-бырт еткен қар дауыс шығып жатыр. Желкен бұрын Мұнарлан тобының «Аппақ қар» әнін ұнататын. Есіне алғашқы шумағы орала берді:  
Әппәқ-әппәқ қар, жер бетiнде суық ызғары, 
Жұлдызға қарап, төнiп тұрған сонау шыңдағы.
Аяндап келем, қасымда сен ақырын басып 
Жүрек соғады, саған деген көңiлiм тасып. 
Үйге 2 жарым метрдей қалды. Желкен «жаяу қайта салуымыз керек пе еді? 40 минут бойы әңгіме айтып қайтар едік» деп ойлады. Іштей өкінді. Сапарайыммен түк те сөйлеспеген секілді. Шөлі қанбай қалған адамдай. 
– Желкен, бүгінгі күн үшін рахмет!, – деді қыз тура подъезд алдына келгенде группаласына күлімсірей қарап.
– Оқасы жоқ. Енді анда-санда осылай жолығып тұрайық, – деді Желкен. Қызбен тағы кездескісі келгесін осы сөз аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды. 
– Мақұл, – деді Сапарайым. – Мен ішке кірейін. Желкен, тағы да рахмет!, – деп ашық тұрған подъезд есігінен ішке жүгіріп кетті. Жігітпен қоштаспады да. 
Жүгіріп бара жатқанда үш тал гүлінің бірі жерге түсіп қалды. Бірақ оны Желкен де, Сапарайым да аңғармады.

***

Ертесіне Сапарайымды дәріс залында көрді. Құрбысымен бірге кітапқа үңіліп отыр екен. Есіктен кіріп келген көрген Желкенді көріп күлімсіреп сала берді… 
Сапарайым алдыңғы қатарда отыратын. Артқы жақтағы орынға барып отырған Желкен оның желкесінен көз алмай қарады. Осы уақыт-қа дейін онша мән бермепті, шашы, мойны, иығы, бәрі әдемі екен. Құдай оны әдемі бір қалыпқа құйып жаратқандай. Сұлулықты да аямай берген. Оның осыншалықты тартымды екенін бүгін байқады. Осынау сұлулық иесі енді өзінікі екенін ойлағанда төбесі көке бір елі жетпей қалды.
Күн өткен сайын группадағы қыздар Желкенге қулана қарап ыржиятынды шығарды. Желкен ақымақ емес. «Сапарайым шет-жағасын айтқан-ау» деп топшылады. Өйткені соңғы аптада Сапарайым қыздармен жиі шұқырласып отыратын болған. Әйтеуір бітпейтін әңгіме. Біреңені талқылайды да жатады. 
«Әй, сол әңгімелеріне арқау болып жатқан – өзім-ау». 
Бірақ оған ренжіген Желкен болмады. Сапарайым Желкен екеуінің қарым-қатынасы туралы құрбыларына айтқаны – жақсылықтың нышаны. Егер жігітте ойы жоқ болса мүлде айтпас еді ғой. Группалас қыздарының да бұған деген көзқарасы түзу. Енді олар Сапарайымға Желкенді мақтайтын шығар. Қыз құлағымен сүйеді емес пе?! Құрбылары Желкенді мақтаған сайын Сапарайым бұған байлана түседі. Осындай болжамдарға бой алдырған Желкен танауы делдиіп жүрді.
…Әмиянының түбі көріне бастаған. Соңғы 4 жарым мың теңгесі қалыпты. Бұл ақша ештеңеге жетпейтінін түсінді. Алғаш рет досы Бауыржаннан қарыз сұрады. 
– Бауыржан, 2 аптаға 3 мың теңге бере тұрасың ба? Үйдегілер ақша салып жібергенде қайтарам. 
Өмірінде ешкімнен қарыз сұрап көрмеген Желкеннің бұнысына таңқалған Бауыржан «жоқ» дей алмай: 
– Иә, әрине, – деп күртесінің төсқалтасынан 2 мың теңгені суырып берді. – Менде бары осы ғана. Бола ма?
– Болады. 
– Тыныштық па Желкен? Бірдеңеге ұрынып қалған жоқсың ба?, – деді сосын үрейлене. 
– Жоқ, бәрі дұрыс. 
Желкен орталыққа дейін жаяу барып, ойыншық сататын дүкенге кіріп, кішкентай қонжық сатып алды. 
Азық-түлік сататын дүкеннен бір дана киндер сюрприз алды. 
Гүл сататын дүкеннен әдеттегідей 3 тал гүл алды.  
Бүгін – 6 наурыз. Халықаралық қыз-келіншектер мейрамының қарсаңы. «Дәл 8 наурызды күтпей бүгін құттықтай берейін». 
Автобуспен Сапарайымның үй жағына келді. Қолындағы пакетке салынған қонжықты, гүлді подъезге қарама-қарсы өскен талдың артына жасырып қойды. 
– Сапарайым, мен келдім, – деп ватсабына жазып жіберді. Таңертең оған «кешкісін қыдырайық» деп хабарласқан болатын. Қыз келіскен. 
– Қазір, – деп жауап жазды қыз оқи сала. 
Желкен ауланы аралап шықты. Осы аулада Сапарайым талай жүрді ғой. Мына ағаш түбіндегі сәкілерде күздің, көктемнің жылы күндері талай отырған шығар. Сол сәт мына ауланы өз үйінің ауласынан да жақсы көріп кетті.
Бір кезде бойын балалық билеп кетті. Діңі жуан талдың артына тығылды. «Қазір Сапарайым шығады. Сонда мен…». 
Осыны ойлағаны сол, расында да Сапарайым подъезден шықты. Жан-жағына қарап Желкенді іздеді. Ал Желкен жоқ. Ұшты-күйлі. Қыз телефонына үңіліп саусағымен әріптерді тере бастады. Дың етіп хабарлама келгенде Желкен де телефонына үңілді.
«Желкен шықтым», – деп жазыпты. 
Желкен қызбен тағы ойнағысы келді. 
«Мен кетіп қалдым», – деп жазып үйінің алдында тұрған Сапарайымға қарады.  
Сапарайым телефонынан көз алмады. Телефонға үңілген күйі бір орында қатып қалыпты. Қозғалар емес. Сәлден соң саусақтары қозғала бастады. 
«Неге?»
Желкен қызды бұдан әрі қинай алмайтынын түсінді. Әрі аяп кетті. Қолына гүлі мен қонжығын алып, Сапарайымға ту сыртынан жақындап келіп: 
– Сапарайым! – деді.  
Сапарайым селк ете қалып, артына бұрылды. Түрінде реніш пен қуаныш реңктері қатар тұр екен. Сонсоң ренішін қуаныш реңкі жеңіп: 
– Адамды тентек қылдың ғой, – деп бұртиды. Группаласының қолындағы гүл мен қонжықты көріп: 
– Мә-ә, – деді көзі шарасынан шығардай. – Маған ба?
– Иә. 
– Не үшін? 
– Мейрамыңмен! 
– А-а, иә, айтпақшы, – деп Сапарайым сыйлықтарды қабыл алып жатып. – Мә-ә, сүйкімдісін-ай, – деді қонжықты көргенде жас баладай шат-шадыман болып. 
Желкенге бұл дүниеде Сапарайымның осылай қуанғанын көру-ден асқан артық көрініс жоқ. Өмірде үш нәрсеге мәңгі қарап тұра беруге болады дейді ғой: біріншісі – жанып жатқан отқа, екіншісі – ағып жатқан суға. Және ең маңызды үшіншісі – қуанып тұрған Сапарайымға.   

***

Таң азанымен вокзалға келді. Сағат 7.30. Қазір 25 минуттан соң Астанадан шыққан «Астана-Сарыағаш» бағытындағы пойыз Қарағандыға келіп тоқтайды.  
Күту залындағы бос тұрған темір орындыққа келіп отырды. Тастай суық екен, үш қабат шалбарынан өткені денесіне сезілді. 
Жан-жағына қарады. Жолға шыққалы жатқан жолаушылар таңғы қара суықтан бұйығып, мауығып отыр. Диспетчер әйел әр бағыттағы пойыздардың уақытын самбырлап айтып жатыр. 
– Құрметті жолаушылар! Астана-Сарыағаш бағытындағы пойыз сағат 7.55-те екінші жолға келіп тоқтайды!, – деп пойыз туралы кішігірім ақпарат бере кетті.
Алғаш бірінші курсқа түсер кезде Қарағандыға мүлде аяғы тартпады. Туған жерінде – Түлкібасында қалғысы келді. Алыс жаққа кетуге жүрегі дауаламады. Бірақ оған жол жоқ. Жаңа өмірге қадам басу керек. 
Бәрі есінде. Жаз мезгілінің соңғы күндері. Бұны Қарағандыға әкесі ертіп барғалы жатыр. Үйге такси шақырып, вокзалға бір чемодан жүгін сүйретіп кетпек. Үйдегілер ананы-мынаны іздеп, жолға қажетті заттарды түгендеп ала-шапқын болып жүр. 
– Бәтіңкені салдың ба?, – деп әкесі бұның мамасынан сұраған. 
– Салдым. 
– Етікті ше? 
– Ой, қойыңызшы, болды, кеттік, – деп Желкен әкесімен ерегісе кетті. – Етікті сол жақтан ала салам.
– Жаурайсың деймін. Ол жақ Шымкент емес. Қар ерте түседі, – деп әкесі бәйек болып жатыр. 
 Дауласып жүргенде такси келіп қалды. Ауыр сөмкені арқаланып әкесі мен ұлы сыртқа асықты. Таксиге отырып көз ұшынан жоғалды. Мамасы қол бұлғап қалды. Кәмелет жасына толғанша жанында жүрген ұлы енді алыс қалаға аттанып кетті. Енді сирек көреді. Осыны ойлағанда мамасы өзін ұстай алмай жылап қалды. Ертай мен Нұрхан «әлі келеді ғой» деп мамаларын жұбатты. 
Әкесі екеуі Қарағандыда келгенде университетке жақын жерден пәтер жалдап орналасты. Базарға барып оқуға қажетті түрлі керек-жарақты қарыштап, Желкенді бірсыпыра киіндірді. Үйде батырсынып жүргені бекер екен, мұнда балапандай үркектеп жүрді. Тым орысша қала екен. «Қалаға сіңісе алмайтын шығармын»
Ертесіне әкесі екеуі университтке барып құжаттарды тапсырып, жатақхана орналасты. Күні бойы ары-бері шапқылап жүріп кешті батырды. Түнге қарай әкесі ауылға қайтады. 
– Балам, енді жылы киініп жүр. Қарның ашса тамақ іш. Өзіңді шектеме, – деді әкесі. 
– Жарайды. 
Әкесі қалтасынан ақша шығарып Желкенге берді. 
– Керек нәрселеріңді аларсың. Қиналып қалма. Жетпей қалса телефон соғып айт. Салып жіберемін. 
Вокзал мен жатақхана арасы жақын. Әкесі қазір автобуспен кеткелі тұр. Автобус та жақындап қалыпты. Сонадай жерден қарасы көрінгенде Желкен жүрегі бөлшектеніп бара жатқанын сезді. Дәл қазір Қарағандыда әкесінен жақын ешкім жоқ екен. Бірер минуттан соң әкесі кетеді. Бейтаныс жандар арасында жалғыз қалып кетейін деп тұр. Жанын жалғызсыратпай жүрген әкесі екен. 
– Ал, балам, мен кеттім. Жақсы жүр, – деп Желкенді құшақтап, автобусқа мінді. 
Желкеннің тамағына өксік тығылды. Әкесі бүкіл ауылды көшіріп алып бара жатқандай. Бұл дүниеде әкесінен артық ешқандай қамқор жан жоқ екен. Бар жылы-жұмсағын аузына тосып қанатының астында өсірді. Барлық жерде жанында жүрді. Қытайға барғанда да әкесінен бір елі ажырамады. Емделіп кеткенше жаны тыншымады. Осында келерде де сөмкесіне барлық жылы киімдерді тықпыштаған еді. Желкен әкесімен дауласып жүріп біраз киімдерді тастап кетті. Сонысы бекер болды-ау. 
Жүгіріп жүріп ағасын грантқа түсіруге барын салды. Қыстың көктайғақ аязында Шымкентке барып ғылым кандидаттарымен сөйлескен. Ал өзі ҰБТ тапсырған кезде бар қолдан келгенін жасады. ҰБТ демекші, биылғы жаз өте ауыр өтті. ҰБТ-дан орыс тілінсіз 86 балл алды. Бұл хабарды естігенде ал кеп уайымдасын. Бұл балл грантқа түсуге жете ме? 10-тамызға дейін уайым шегіп жүрді. 
«Егер грантқа түспесем автослесарь болам» деп жоспар құрды. Медакадемияда бір жылдық оқу ақысы – әкесінің 6 айлық жалақысы. Бұны төлей алмайды. Әрі үй ішіне салмақ салу жігіт басына жараспас. Көлік жөндеп табыс тауып оқуына өзі ақша жинауға шешім қабылдаған. 
Бір күні түнде компьютерден фильм қарап отыр еді, көршісі Бақыт: «Желкен, грантың құтты болсын!» деп сүйінші сұрады. Бастапқы кезде Бақытты әзілдеп тұрған шығар деп сенбеді. 
«Шын айтам. Сенбесең міне» деп Бақыт оған грантқа түскендер тізімін жіберді. Бақыт хакер ғой, газет шыққанға дейін бір күн бұрын тізімге қол жеткізіпті. 
Ішінде Желкен грантқа түскендердің ең соңғыларының бірі болып жүр. Бұны көргенде жүрегі жарылып кете жаздады. 
– Мама, – деп ұйықтап жатқан анасын оятып, грантқа түскенін хабарлады. Сонда анасы қуаныштан секіріп кете жаздады. Дереу телефонға жармасып, төркініне қоңырау шалуға асықты. 
Әкесі де бұл хабарды естігенде әбден қуанған. Бұл дүниеде расында да әр нәрсенің қайыры бар екен. Әке-шешесі ешкімнің ала жібін аттамаған, Құдай деген адал жандар. Әкесі 40 жыл дәрігер болып жүргенде ешкімді ренжітпеді. Керісінше бәріне қолдан келген көмегін аямады. Соның ырзығы болар, ағасы екеуі де грантқа түсті. Егер ағасы да, өзі де ақылы бөлімге оқуға түскенде жағдай қалай болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты.

***

Жер үйде жұмыс бітсін бе?! Бір күні ағасы Ертай, інісі Нұрхан, мамасы төртеуі бақшада бір бұрышта тау болып үйіліп жатқан сиырдың қиын бақшаның келесі бір бұрышына тасуға шықты. Сол кезде Желкен мамасына биыл немесе келесі жылы үйленгісі келетінін хабарламаққа бекінді. 
«Мама, биыл үйленсем деп еді. Қалай қарайсыздар? Қыз Қазығұрттыкы. Бірақ анасы екеуі қазір Астанада тұрады. Есімі – Сапарайым. Жақсы қыз. Сіздерді тыңдайды. Көптен бері сөйлесіп жүрміз» деп айтқысы келді. Бірақ, белгісіз бірдеңе оны тежей берді.  
 – Мама, осы үйлену тойға қанша кетеді?, – деген сөз аузынан шығып кетті. Қысылып қалды. Қазір мамасы құпияның бәрін біліп қоятындай. Бірақ ойына ештеңе алмаған мамасы: 
– Шамамен 1 жарым миллион теңгедей кететін шығар. Бірақ бұл тек тойға. Одан бөлек бірнеше жөн-жоралғы бар. Қалыңмал, киіт апару, құдалық, беташар сияқты ырың-жырыңның бәріне кемі 2 жарым миллион теңгедей ақша керек екен. Тойдың 1 жарым миллионың қосқанда 4 миллионға барып жығылады ғой, – деді. 
«4 миллион» деген сөз Желкенді құлақ шекеден қойып қалғандай болды. Әкесі мен анасының алатын айлығы 150 мыңнан әзер асады. Той жасайтын кезде сата қоятын тышқақ лақтары да жоқ. Әкесі ескі, салдырлаған Фольксваген көлігімен жүр. Үйлерінің түрі мынау. 1990 жылғы үлгіде салынған. Бөлмелері бөлек-бөлек емес, бір-бірін қуған қума тамдар. 
Желкен 1 ай бойы әбден ойланып жүрді. Мамасынан тойға қатысты сұрақтарды жиі сұрап тұрды. Мамасы телефонмен сіңлілерімен үйлену тойы туралы әңгіме айтса құлағын түріп жанында тыңдап отырады. 
Егер Сапарайым екеуі үйленсе қайда тұрады? Әке-шешесі пәтер жалдауларына ақша тауып бере ала ма? Олар ағасы Ертайдың да пәтеріне ақша тауып беруі керек. Ағасы, Сапарайым үшеуі бір пәтерде тұра алмайды. Осыларды ойлай келе Желкен үйленуге материалдық тұрғыда дайын емес екеніне көз жеткізді. Шаңырақ көтеруді интернатураны бітіргенше 2 жылға шегермек болды. 2 жылда жағдайлары дұрысталар.

***

Бұл хабарды естігенде Сапарайым не дерін білмеді. 
Ол биыл тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген. Өткенде Желкен «дайындала бер» деді емес пе? Енді неге сөзінен тайқып жатыр? Ол биыл тұрмысқа шығатынын жақындарының бәріне жеткізіп қойды емес пе? Енді қайтпек? Мейлі, 2 жыл күтсін делік. Одан кейін Желкен тағы 2 жылға созбасына кім кепіл?
– Желкен, – деді ол жігітінің бетіне тіке қарап. – Неге олай дейсің? Дайын емеспін деген бола ма? Жағдайымды жасап алайын дегенің қалай? Біз екеуміз бірге көтерілеміз, жағдайды бірге жасаймыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. 
– Жоқ, – деді Желкен нық шешімге келгенін көрсетіп. – Біз екеуміз көзді жұмып үйленіп кетсек, әбден қиналамыз. Ана Ерсұлтан мен Айжамалды қарашы. Қа-а-андай қиналып жүр. Екеуі күнде ұрысады. Дүниеге келген ұлдарының памперсін алуға ақшалары жоқ. Біз группа болып талай рет керек-жарақтарына ақша жинап бердік. Солай қиналып жүргенімізді қалайсың ба? 
– Желкен, сен қателесесің. Керісінше, осындай қиын жағдайлар арқылы бір-бірімізге деген махаббатымыз артып, ара-қатынасымыз беки түседі. Мен сенімен бірге отқа да, суға да түсуге дайынмын. Тек қасымда болсаң болды. Сен мені қолдасаң, мен сені әрқашан қолдауға дайынмын. 
– Жоқ, – деп Желкен тағы көп аргументтер айтты. Ол үйленуді кемі 2 жылға қалдыратынын мәлімдеді. 
Жігітке бәрібір шығар. Ал бұл қыз ғой. Қыз бала жасы 22-ден асқан соң тезірек тұрмысқа шығып кету керек. Желкенді күтсе жасы 25-тен асып кеткелі тұр. Ол кезде Желкен бұны тастап кете ме? Бір Құдай біледі. 
Желкеннің қазіргі алған бетінен қайтпайтын қырсықтығынан қорқайын деді. Қанша түсіндіріп айтса да еш көнер емес. «Үйленбейміз» деп табандап тұрып алған.
Сапарайым 1 жарым айдай Желкенге «Ақшада тұрған ештеңе жоқ. Лашықта тұрсақ та, қара суды талғажау етсек те, қасыңда боламын» деп әбден айтты. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бір күні шыдамы таусылып: 
– Желкен, мен 2 жыл күте алмаймын. Биыл болса тұрмысқа шығуға дайынмын, – деді. – Егер мені биыл алмайтын болсаң, мен басқа жігітпен шаңырақ көтеремін. 
Осы сөзі естісе Желкен батыл шешім қабылдар деп ойлады. Көзірі осы сөз болды. Желкен үнсіз қалды. Сапарайым қойған ультиматумға Желкен не деп жауап берерін білмей келе жатыр. Бір кезде:  
– Жоқ, – деді дауысын нығарлап.  Желкен «болды, осы соңғы сөзім, тағы бірдеңе айтып миымды ашытпа» дегендей. 
Сапарайым бұл жолы ештеңе демеді. Желкенге ілесе алмай, бір орында тұрып қалды. 10 метрдей алға кетіп қалған Желкен артына бұрылып қарап еді, қыз жерге қарап тұр екен. Денесі селк-ете етеді. Желкен қасына келіп оның білегінен ұстап еді, қыз оның қолын қағып жіберіп бұрылып кетті…   

Интернатура. 2017 жыл

Бүгін Сапарайымның тойы. Қазығұрттан Астанаға ұзатылмақ. Сапарайым тойына Желкенді де шақырды. Шақырмайды деп ойлап еді.  
Кешкісін сабақтан келген соң шифоньерден пиджагын алып киді. Айнаға қайта-қайта қарады. Залда кітап оқып отырған ағасы Ертайға барып:
– Қалай, бола ма? – деп сұрады. Інісінің дәл бұлай пиджак киіп айна алдында ұзақ бөгелгенін көрмеген ағасы: 
– Тыныштық па? Бір жаққа барайын деп жатсың ба?, – деп сұрады.
Желкен оған жауап бермеді. Бірақ ағасы қадалған жерінен қан алмай қоймайтын сөзуарлығы бар, қайта-қайта сұрай берді. Шыдамы шегіне жеткен Желкен тойға барайын деп жатқанын айтып құтылды. 
– 15 минуттан кейін группаласым Бауыржан келеді. Соның машинасымен Қазығұрт жаққа тойға барамыз, – деді. 
Телефоны шырылдады. Бауыржан кеп қалыпты. 
Көлікте Бауыржан әңгіменің тиегін ағытып, аузы-аузына жұқпай сөйлей бастады. Дегенмен Желкен әңгіме айтуға құлқы болмай, қысқа-қысқа жауап беріп, терезеден батып бара жатқан күнге телміре қарап ой құшағына батты. 
Бір жағы тойға жеткенше асығып отыр. Бір жағы мүлде аяғы тартпай отыр. Айтып суреттей алмайтын біртүрлі сезімге тұншығып отырған жайы бар. 
«Неге ақымақ болдым» деп Желкен іштей өзінің оңбай қателескенін мойындады. Сапарайымды күтеді деп ойлады ғой. Сол сәт Желкен өзін жек көріп кетті. Неткен қырсық еді. Осы қасиеті өзіне де ұнамайды. 
Екеуінің таныстығына 1 жарым жыл өте шығыпты. Осыдан 1 жарым жыл бұрын ғана Қарағандыда екеуі бірге жүруші еді. Сұп-сұр Қарағанды Желкен мен Сапарайым бірге жүргенде шие гүлдеген ерте көктемдей жайнап сала береді. Қыз күрмеуі қиын бір мәселеге кезіксе болды Желкенді іздейтін. Есінде, Сапарайым сессияның соңғы күнінде ауырып қалған. Жазғы маусым айының алдамшы жылымығына алданып қалды. Кешкісін Желкенмен кездесем деп жеңіл көйлек киіп шыққан. Екеуі орталық саябақтағы көлшік маңында сырласып отырған. Кешкі самал қыздың нәзік денесін сипалап өткен. Сол күні түнде қыз төсегіне сұлқ түсті. Суық тиіпті. Тамағы қарлығып, басы шыңыды. 
Таңертең сүйіктісінің ауырып қалғанын көрген Желкен зыр жүгіріп дәрі тасыды. Оның дәріні уақтылы қабылдағанын қадағалады. 
«Жылы киініп жүрсеңші». 
Сонда Сапарайым тез жазылған. Мынадай тасбауыр қалада жанашыр жан бары көңіліне сеп болып кеселден құлан-таза айықты. 
Жалпы Желкен қызға қамқорлық танытуға аса жоқ. Расында да Сапарайымды қанша сүйіп тұрса да, оған дүниедегі тәтті сөздерді айтқан емес. Қыз да жігітінің осы бір кемшілігін білетін. Бірақ оған ренжіген емес. Ең бастысы ол Желкеннің адалдығын ерекше бағалайды. Желкен қызды ешқашан қиын жағдайға қалдырған емес. Басында мәселесі көп болса да, қызға ешқашан білдірмейді. 
Ол Желкеннің қасында өзін еркін сезінетін. Болашақта оған арқа сүйей алатынын нәзік жүрегі аңғарған. Ол семьядағы бүкіл мәселені өгіз секілді сүйреп шыға алады. Өйткені Желкен бүкіл сессияны өз күшімен жауып, ілініп-салынып жүрген группаластарына талай шарапатын тигізді.
5 курсты бітірген соң Желкен туған жеріне келді. Интернатураны Шымкентте оқымаққа бекінген. Пойыздан түскен күні Шымкентке құжат тапсыруға тартты. Сонда ағасы ғана емес, мамасы да Шымкентте жұмыс істеп жатқан. Онкологиялық аурухананың асханасын жүргізуді қолға алған. Бұл уақта ағасы шайлығына жететін жалақыға ілікті. Мамасы да жеткілікті деңгейде табыс таба бастаған. Былайша айтқанда көкке іліккен. 
Кешкісін Желкен құжат тапсыру жұмыстарын бітіріп, үйге қайтпақ болды. Ол әкесі, мамасы, ағасы төртеуі «Қиял әлемі» жақта кездесіп, Нұрсәттегі пәтерлеріне қарай Фольксваген көлігімен жол тартты. Жол бойы Желкен терезеден көз алмай қаладағы ғимараттарға тамсана қарап отырды. Нұрсәттегі 9 қабатты Көк үйлерді көргенде таң-тамаша болды. Бұрын қаладан бұндай еңселі үйлерді көрмепті. Шымкентке соңғы рет осыдан 5 жыл бұрын келген екен. 
– Мына үйлер қашан салынған? – деп сұрады Көк үйлерден әлі көзін алмай.
– Екі жылдай болып қалды, – деді ағасы. 
– Күшті екен. 
Қарағандыда мұндай жаңа үйлер жоқтың қасы. Барлығы дерлік Совет Одағынан қалған 5 қабатты Хрущевка үйлер.
Бір кезде көлік 9 қабатты жаңа үйдің алдына келіп тоқтады. Семьясы көліктен түсе бастады. 
– Келдік, – деді мамасы Желкенге қарап. Желкен алғашқыда сенбеді. Сонда олар осындай жаңа көпқабатты үйде тұра ма? 
Пәтерге кіргенде есінен танып қала жаздады. 10 секундтай кіреберісте қатып тұрды. Пәтер жап-жаңа, тап-таза. Жақында ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгені көрініп тұр. Едені ағаш емес, плинтус. Қабырғалары жаңа боялған. Жиһаздар да су жаңа. Жылтырап тұр. Аяққа жылы тиетін кілемін айтсаңшы. 
Дәретхана есігін ашып көріп еді, унитаз аппақ. Қарағандыдағы пәтеріндегілей сап-сары емес. Ванна бөлмесі бөлек екен. Онда да сән-салтанат белгісі сезіледі. 
Мынандай ен байлықты көргенде Желкен аузы ашылып қалғанын аңғармай қалды. Ол кәдімгі Хрушевкаға кіреміз деп ойлап еді. Қарағандыдағы жалдап тұрған пәтерлері тым ескі еді. Табалдырықтан аттаған сәттен-ақ пәтер ішінен ескіліктің исі бұрқ ете қалатын. Едені шиқылдап, құлақ етін жейтін. Төселген палас қырық тесік. Жиһаздары да үгітіліп түсуге айналған. Түсқағаздары жыртылып, боялып түгі қалмаған. 
– «Тұрғынүйбанктің» ақшасына осы үйді алдыңыздар ма?, – деді Желкен таңданысын жасыра алмай. 
– Иә, осы үй, – деді мамасы қуаныштан бал-бұл жайнап. – Ұнады ма? 6 жылға жеңілдетілген несиеге алдық. 50 пайызын құйып құйдық. 
– Жақсы екен, – деді Желкен бастан кешкен жай-күйін мойындап. 
Желкен үйінің жағдайы тым ауыр деп ойлап еді. Қателесіпті. Осыдан бір жыл бұрын ғана шынымен де қиын еді. Биыл жақсарыпты. Мынандай хан сарайындай пәтерге тұру деген бақыттың ұшар шыңы ғой. Мамасы бұрын «қалада қуықтай болса да пәтеріміз болса» деп армандаушы еді. Қалаға барғанда сіңлілерінің пәтерінде түнеп қалатын. Сонда сіңлілері кейде мамасына «шаңырақ менікі» дегендей қатты сөйлеп жібереді. Оған мамасы шамданып, іштей қапа болып қалатын. 
– Сіңлілерімнің қас-қабағына қарамай, қалаға барғанда өз пәтеріме барып жатсам ғой, шіркін, – деп күйінетін. 
Бірақ, қаладан пәтер алу деген аспандағы ай, қолжетпес арман. Солай көрінетін. Бірақ, арман деген орындалады екен. Нұралиевтер отбасы қаладан пәтерлі болыпты! Желкен қуаныштан тамағына өксік келгенін аңғарып, жұтына салды. 
«Сапарайымға бекер «кейін» деп айттым ба?».
...Сапарайымды алғаш рет кинотеатрға апарғаны есіне түсіп кетті. Сол кезде ол Желкенге рахмет айтып подъездіне қарай жүгірген еді. Сол кездегі тылсым сырға толы «рахметі» әлі есінде. Махаббаттары да сол кезде бүршік жарғантұғын. Міне, бүгін соңғы нүктесі қойылды.
Бірақ подъезге кіре берісте түсіп қалған бір тал раушан гүлін сол кезде қыз да, жігіт те байқамады. Жалпы Желкен сол күні ештеңе байқамады. Қыздың жан дүниесіне терең бойлай алмады.
Сол күн қыз пәтеріне жүгіріп кірген соң залда тұрған диванға жатып алып әбден жылады. Сыртта Желкенмен қоштасып үлгермей жатып асыққаны сол. Көзіне кілкіп келіп қалған жасты жігіт көрмесін деді. Әрине оны Желкен білмейді.  
Желкен сол күйі сезімін білдірмей кете ме деп уайымдаған болатын. Желкенді көрген сайын бірінші болып амандасып, өтірік сабақ сұрап, сабақты сылтауратып әңгімеге тартып талай ишара білдірді. Бірақ Желкен 6 ай бойы қыз ишарасына жауап бермей берді. Қыздың үміті үзілуге айналды. Жай ғана дос, жай ғана группалас болып қалатындарын ойлап, тағдырға бой ұсына бастаған.
Көктем жақындағанда ғана бұны кездесуге шақырды. Сол кезде қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздап еді. 
Кездесуге не киіп барамын деп әбден басы қатты. Айнаның алдында киімдерін мың ауыстырды. Ақыры өзін де, Желкенді де ұялтпайын деп кең джиынсы шалбар, қоңыр свитерін киіп шыққан. Көйлек киіп сән-салтанат жасамайын деді. Сосын екі сағат отырып боянды. Боянбай шыға салса, Желкенге бір жері ұнамай қалса ше?  
Сағатқа қараса тура кездесетін уақыттан асып кетіпті. Үйден атып шықты. Бір жүріп, бір жүгіріп Желкен шақырған жерге асықты. 
…15-20 метр жерде тал түбінде тұрған Желкенді көрді. Жүрегі атқақтап, жігітке сүйсіне қарап тұрды. Желкен жан-жағына қарап, алақтап тұр екен. Бұны іздеп тұр-ау. Қайта-қайта сағатына қарайды. Қыз кешіккен сайын дегбірі кетіп барады. «Неге кешіктің?» деп телефон соғады деп күтіп еді, Желкен телефон соқпады. «Жоқ, бармаймын», «келе алмайтын болдым» деген сияқты «қаралы» хабар естуден жүрексінген шығар. 
Қыз оған көп тұра беруге ыңғайсызданып, жігіт тұрған тал түбіне қарай асыға жылжыды. 
Расында да Желкен сол күні мәрттік танытты. Ол Желкеннің қалтасы тесік болса да өзінен қаржыны аямағанына дән риза еді. Кофе әперді, киноға билет және попкорн алды. Қайтарда таксимен жеткізді. Майда-шүйде болып көрінгенімен студент қалтасына ұратын шығындар ғой, әйтпесе. Желкенді бұрынғыдан да қатты жақсы көріп кетті. Әйтпесе, группаластарының ақшадан қысылып жүргенін біледі. 
Таксиді де үйіне 100 метрдей қалғанда әдейі тоқттаты. Үйінің алдында түсіп қалса да болатын еді. Бірақ ол осы 100 метр жолда Желкенмен сөйлескісі келді. Айтары көп еді. Сол кеште ол Желкенге көп нәрсе айтып үлгермеді. Бәрі ішінде қалып кетті. Соны осы 100 метр жолда сәл де болса шығарайын деген дәме еді.
Аз-кем жылап алғаны дұрыс болғандай. Ішіндегінің бәрі сыртқа шығып, жеңілдеп қалды. Терезеден қаланың түнгі күйбеңіне қарап отырды. 1 сағаттай тапжылмай отырған шығар. Есік сықырлап ашылып жатқан кезде есін жиды. Бірге тұратын құрбылары екен. 
– Сапарайым, не болды? Тыныштық па? 
– Тыныш бәрі, – деп Сапарайым көзі жылтыңдап.
Көзінен «айтарым бар, келіңдер, отырыңдар, асықпай шай ішейік» деген ой анық көрініп тұрды. ...Ол қыздарға бүгінгі күн қалай өткенін баяндап берді. 
– Айтпақшы сендерге гүлімді көрсетпеппін ғой, – деп дәлізде асықты. Гүлді тағы иіскелеп келіп қыздарға көрсетті. 
– Ойбу, мына жерде 2-ақ тал гүл ғой. Гүл деген тақ сан болу керек емес пе?, – деді құрбылары шоршып. 
– А-а, екеу ме? Желкен үшеу беріп еді, – деді Сапарайым абыржып, шекесіне әжімдер түсіп кетті. Оны көрген құрбылары: 
– Е-е, түсіп қалған шығар. Ең бастысы үшеу беріпті ғой. Онда бәрі дұрыс, – деп Сапарайымды жұбатты. 
Бірақ Сапарайым қанша жерден күлімсірейін десе де, қабағы жазылмай қалды. Оның санасында гүлдің жұп болуы – жамандықтың белгісі секілді қалып кеткен еді.
…Сапарайымның анасы қызы басқа жігітке тұрмысқа шығатынын білгенде қатты өкінді. Ол болашақ күйеубаласын Желкен деп білуші еді. Сапарайым анасына Желкенді талай мақтаған. Шай үстінде екеуінің әңгімелері тек Желкен еді. Томпақ жүзі қып-қызыл болып тұратын Желкенді қыздың анасы да ерекше жақсы көріп кетті. Құдай қызын осындай тамаша жігітке жолықтырғанына, биыл қызы сол жігітке тұрмысқа шығып бағы ашылатынын ойлағанда кеудесіне нұр құйылушы еді.
Бірақ Алланың дегені болады екен. Сапарайым соңынан 5 жылдан бері қалмай жүгіріп жүрген ауылдасына тұрмысқа шығатын болдым дегенді естігенде, есінен танып қала жаздаған. Аузына алғаш түскен сөзі:
– Желкен ше? Желкен?, – болды.

***

…Қыз ұзатылып кетті.
Достары ішті. Желкен ішпеді. Іші қанша күйіп тұрса да, татып алмады. Қазығұрттан Шымкентке таксилетіп қайтты. Тәні жерде болғанымен, жаны қара түнек аспанда. Бүгін аспанда ырымға да жұлдыз жоқ.  
Пәтерге құр сүлдерін сүйретіп кірді. Есікті Ертай ашты. Реңі боп-боз болып тұрған Желкенді көріп ештеңе демеді. Ол да інісің алай-дүлей жан дүниесін сезген шығар. 
Желкен шешінбестен бұрышқа барып құлай кетті. Есіне «Әппәқ қар» өлеңінің екінші шумағы түсіп кетті. 
Аппақ қар ерiп, көктем келер шуағын жайып, 
Кетiп барасың, барасың сен үнсiз мұңайып. 
Оралшы қайта, оралшы қайта сен өзiме 
Ұзақ қарашы, баяғыдай менiң көзiме.
…Таң бозарыпты. Өзін сергек сезінді. Қабыландай ырғып тұрды. Күн жан-жағына шапағын шашыратып атып келеді. Желкен сөмкесіне кітаптырды толтырып салып, такси шақырды. Сағат 8-ден кешікпей интернатурасына бару керек. 
Кешегі түндегі ертегі әлемінен шығып, бүгінгі күйбең жалғанға жұтылып кете барды…