Мұхтар Күмісбек. Бұл сапар – сағыныш сапары
Сия-сия саусағын дүниенің, Жырмен жуып кетіре аламын ба?
Мұхтар КҮМІСБЕК – 1995 жылы, шілденің 25 күні, Алматы облысы, Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің түлегі. «Арман тамшылары», «Алфавиттегі алты әріп» атты қос жинақтың авторы. Республикалық және облыстық жыр мүшәйралардың жүлдегері.
Мяу-мяу дүние
Бұл мысықтың үйі қайда, үйшігі,
Көрші әжей кеткені несі күл шашып.
Бұл қаланың аспанына құрт түскен,
Бұл қауымның шатырына бұлт асық.
Сүйек тастап, сипалайды қара шал,
Қара шалға жасарасың қарасаң.
Адам емес, заман шығар сәл осал,
Тек…
Тек соңынан санасаң.
Сынық ойға себеп емес ол да аса,
Қожайынның түн ұйқысы қанбаса.
Деуші еді ғой үй иесі балажан,
Әйелінің бедеулігі болмаса.
Бала мысық тағдырына түн ие,
Түн кімдерді жылатпады.
Кейіме.
Мезі қылды мені де маң ғұмырым,
Мяу-мяу дүние!
Маған да өмір – мәтіби,
Әйтсе де жас, от кеуде!
Ішім пысса жем шашамын кептерге.
Жалдап тұрған пәтерімде мысықтай,
Терезеден көз қыдыртам өткенге.
***
Жоқ,
Жер сілкінген жоқ,
Менің жүрегім ғой!
Қайбір жылғы қайғымды қайта қозғап,
Жазагерін тағдырдың айта жаздап.
…
Домалақтап былтырғы күнтізбені,
Күнтізбені – көрінген бұлт іздері.
Қайта-қайта жолына оратылып,
Қайта келмес күндердің бір тізбегі.
Сағынғаннан,
Сүйгеннен,
Жалыққаннан,
Қолсағаты уақыттан қалып қалған.
…
Кезек күткен науқастай емханада,
Ажалына адаспай тауып барған.
Мылқау құсты мәпелеп керең гүлді,
Өлтірердей қинайды өлең түнгі.
Қатар қосып шайына бал мен тұзды,
Ауа-райын болжаған келер күнгі.
Білемісің сен оны,
Көктем көкем?!
Келер күнгі күй таныс,
өткен бөтен.
Құдайыма із кесіп кеткен едім,
Ал, ол мені үйімде күткен екен.
Жоқ,
Жер сілкінген жоқ,
Менің жүрегім ғой!
Ботаторғай
Мені қайта оятшы, ботаторғай,
Бір сағыныш арқама бататындай.
Сыйынайын саған-ақ,
сыйы болсын,
Дүниенің думаншыл аты аталмай.
Аты аталмай арудың сапардағы,
Менің елсіз кеудемнің қаһарманы.
Тағы алдыма оңаша келіп тұрып,
Сүйетінін айтуға бата алмады.
Оны қандай әлсіздік тұтқындады,
Маған қарсы ойнай ма жұрттың бәрі.
Көзқарасы уақыттың өзгергендей,
Келмейтінін көзінен ұқтырғалы…
Соқшы, соқшы жанымның барабанын,
Өзім ашқан майданда жарадармын.
Жол шетіне жеткенде ойладым ба?
Жасайды деп сатқындық сол арманым.
Мені қайта оятшы, ботаторғай,
Бір сағыныш арқама бататындай.
Көлеңкемді басамын аяғыммен,
Кері жүрсем артымнан ататындай.
Ботаторғай!
Мені қайта оятшы…
Ақын қанша тұрады, даяшы қыз?!
Мен ойыннан шығамын.
Шақырмаңдар!
Шақырмаңдар, бұл маңға ақын жандар.
Сау тағдырын сауалға батырғандар,
Сөйте тұра…
сұлуға сатылғандар.
Мен ойыннан шығамын.
Мен ойыңнан шығамын сенің, құрбым,
Сенгенімдей уәдеге сенімдімін.
Шанағынан күй қашқан шаттығымның,
Жалғыз шегін тартады өміргүлім.
Қандай ғажап!
күн кешу бәрі балдай,
осы жолы бір бақыт жолығардай.
Ертегісі таусылған әжем сынды,
Ойдан құрап қалғанын әрі қарай.
Ақын қанша тұрады, даяшы қыз?!
Дәтім қанша тұрады, даяшы қыз?!
Өтіп кетер болсаңыз жүрегімнен,
Өткен күннің есігін жәй ашыңыз.
Өзім бе екен бұл тұрған жар алдында,
Өлең бе екен іліккен қарауылға.
Сия-сия саусағын дүниенің,
Жырмен жуып кетіре аламын ба?
Мен ойыннан шығамын.
Шақырмаңдар!
***
Бұл сапар – сағыныш сапары,
Бұл қадам – алдыға шегіну.
Өмірді басынан қайталау
Өлеңнің еркіне берілу
Бір сәтте бәрінен айрылу,
Бір сәтте бәрімен қауышу.
Өткенге ертеңгі қайрылу,
Өзіңді оңаша тауысу…
Бейтаныс ойлардың биіне,
Тербеліп бозбала пікірім.
Өзімді қамаймын үйіме,
Өзімнің кесемін үкімін.
Қайдасың кездейсоқ,
Қайдасың аңғалым…
Көрмеген көздерім,
Жүрмеген жолдарым.
***
Оның өмірбаяны – Ван Гогтың
портретіне ұқсайды.
Мен – негізі, әртүрлімін.
...кейде – күннің кірпігімін,
...кейде – гүлдің бүртүгімін,
...аздап зілмауырмын,
...аздап күлкілімін.
сүйгенмін,
сүйместеймін,
күйгенмін,
күйместеймін.
Ешкіммен ұйқаспаймын,
Ешкімге үйлеспеймін.
Мен сондаймын...
ыңғайсызбын.
қол бояп,
маңдай сызғым
келеді.
Келеді кейде сөнгім,
Кешірші,
болмай тұрмын.
Мен сондаймын...
Мұң емес бастан кешкен,
Сыр емес достан көшкен.
Өмірім шимай-шатпақ,
Өлеңім астан-кестен...
Мен – бөтенмін.
таныс хәлмін,
Жауыма болысқанмын.
именбей таптап өтіп,
Илеуін құмырсқаның.
Мен – нүктемін,
жолайрықпын,
Жалғызбын,
Халайықпын.
Адалмын махаббатқа,
Жүрегім қарайыпты.
әттең…
Ұяңмын,
Дөрекімін,
Қиялмын,
Келекемін.
Сонда да бір бақыттың
сонымнан еретінін
Білемін.
Білмесем бүйтер ме едім.
…
Ғұмыр – ол, ит өлген жер!
Құдайға итермеңдер,
Тағдырға сүйкемеңдер!
Мен басқашамын,
Басқамын туысқандар.
Өтінем, өзгертуге
ешқашан тырыспаңдар!
***
«Біз үлкен оқиғалар мен кішкентай адамдардың
дәуірінде өмір сүріп жатырмыз»
Не жайлы түс көреді Мүсірәлі,
Неліктен сұлу көрсе қысылады.
Теңізді тербетеді тас лақтырып,
Жаңбырда батпырауық ұшырады.
Несіне мақтанады Мүсірәлі,
Үйірге қосылған ба қысырағы.
Бейтаныс біреу көмек сұрай келсе,
Шаруасын кейінге ол ысырады.
Томсарып көз ұясы.
Құс самайы,
Әлемге ауыл жақтан тыс қарайды.
Зиялы адамдарша киінеді,
Ұялы телефон да ұстамайды.
Тағдырға нанса сәби көкірегі,
Қайтеді,
қайрылмасқа бекінеді.
Өмірде жаман адам бар дегенге
сенбейді, сене қалса, өкінеді.
Дүние оған несін ұсынады,
Жалғайтын жанашыр жоқ ісін әрі.
Ауылда қалған жалғыз қазақ осы,
Түсінсем бұйырмасын осыны әлі.
Мүсірәлі дегенде Мүсірәлі…
***
Шешей қызық...
Әйел алып бермекші,
Сөйтіп менің қызығымды көрмекші.
Көздеп жүрген бір аруым бар еді,
Түні бойы жата алмадым дөмбекшіп.
Ал, айтып көр, апогейі арманның,
Біткен жері осы шығар шаруаңның.
Босағадан сығалайды боз дәурен,
Бойдақтығым тістелейді бармағын.
Бір қайнауы кем сияқты бұл істің,
Бақытымның бір жағына шығыстым.
Емес пе осы?
тегі бала таптыру,
Ең ауыры жұмыстың.
Бір басымды әрең сүйреп жүргенде,
Құлақ аспай саясатқа.
Үндеуге.
Осы сөзді естігелі xор қызы,
Ұялып жүр түсіме де кіргенге.
Біздің шешей сондай адам, далалық,
Көрген емес қиялы арып,
тоны арып.
Әбеқоңыр әңгімесі күн сайын,
Күнтізбедей отырады жаңарып.
***
Өтеуі жоқ секілді өткен істің.
Қысты уатып,
Күз құштым.
Көктем іштім.
Қалай сыйдым ішіне құмыраның,
Қалай шықтым ішінен кептелістің.
Көз алдымда балқиды бір уыс дем.
Мен бе?
Сен бе?
Сезімнің уын ішкен.
Жауа алмаған бұлттай жазды күні,
Көз ашпаған палуандай жеңілістен.
Қалай кірдім есікке құлыптаулы,
Қалай бастым қажымас биік тауды.
Бізді ұйыққа тартады бір көзқарас,
Соныңнан ұшқан құстың сүйікті әні.
Іштегі аңсар ойдың әлдиіне,
Білмеймін, бұл құлазу әлде үйірме.
Мен кеттім қош айтысып өткеніме.
Қол бұлғап сағынышым қалды үйінде.
Осымен аяқталды.
Осы көктем,
Көңілім босамады қасіреттен.
Бақбақтан тоқымады гүлдесте ешкім,
Ару да ұзатылды ғашық еткен.
***
Көңіл қалай қаласа,
Солай шалқы, солай сүй!
Бәрібір де жылайсың.
…
Сен әзірше адамсың,
Сен өзіңше құдайсың.
Септелесің жылдарға,
Жіктелесің ойларға.
Көбейтесің тағдырды,
Түрлі-түсті райларға.
Сен –
Үстеусің.
Шырайсың.
Өмір тегіс одағай.
Мазалайды махаббат,
Жазылмайтын жарадай.
Бұл недеген сын есім,
Бұл недеген шартты рай.
Көздеріңмен сүйесің,
Ерініңе жұқтырмай.
Үміт түбі еліктеу,
Өлім өздік етістік.
Қос нүктедей параллель,
Қауыштық та кетістік.
Қалай?
Қанша?
Кім?
Өзі?
Екі бөлек есімдік,
Күздің салқын мінезін,
Сүйдік.
Көндік.
Кешірдік.
Қарашаның назы бұл,
Сұрақ.
Жауап.
Леп белгі!
Соған шыдап әзер жүр,
Жүрегімнің көктемі.