Абзал Балқыбек. Неге осы әуен ойнайды құлағымда?

Бәлкім ақын емеспін-ау, мен осы, Бәлкім бұл ай – сәуір де емес шығар, ә?!.

Aug 8, 2026 - 21:26
 11
Абзал Балқыбек. Неге осы әуен ойнайды құлағымда?

Абзал БАЛҚЫБЕК – ақын. 2008 жылы 15 қаңтарда Түркістан облысы, Түлкібас ауылында дүниеге келген. Т.Рысқұлов атындағы мектептің түлегі. Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті.
Республикалық «Ақберен», Абай оқуларының жүлдегері, «Зейнолла Сәнік тағылымы» мүшәйрасының II орын және «Алматы – арман қала» мүшәйрасының III орын иегері.

Мәңгі аяу

Сәрсенбі таңы.
Торғай шырылы.
Маң баяу,
…қаралы хабар жетті елге.
О, тәңір, сенің аяуың қандай мәңгі аяу,
Сенбеймін әжем кеткенге.

Қара нар ағаш түбінен сынды өткен жыл,
Кейуана ажалын көргендей.
Гүлдей ме қайта тозаңы бітіп, бөрткен гүл,
Қайғыра ала ма ол мендей?

Әжем айтпақшы: «Өмір өтеді, өтермін»,
Басталар жалғыз елес мұң.
Көңілін аулап жүремін сосын көкемнің,
Жұбатпаса да оны ешкім.

Кінәлі таң ба қауызын жарған қағілез,
Сорды да кешкен неше ауыр.
Үкімет тегін жер берген сынды соңғы кез,
Молаға толды осы ауыл.

Кейпінде әжемнің кезіп даланы көпес үн,
Осылай, міне, тағдырым.
– Торғайым неге шырылдамайды, әкешім?!
Сәрсенбі емес пе дәл бүгін…

Оятпаңдар сәбиді ұйқыдағы

Оңашада жұлдызбен ұғыстық па?!
Ымырт кеш те – құдайдың сый, тұмары.
Ұлы ойлар туады тыныштықта,
Оятпаңдар сәбиді ұйқыдағы.

Бесік жырын шырқап тұр тамұқ әрең,
Аққулар қанат қаққан көлде күнгей.
Таңдайына тамшыдай тамып өлең,
Маңдайы іңкәр айдын келбетіндей.

Қатыгез бе адамдар ұяңында,
Жамандыққа жандайын жеткен ары.
Наркескен жатыр әне қиялында,
Жүрегі қатаймаған еттен әлі.

Мәрмәр теңіз бойында жағалау бар,
Жауһарлардан жиналған көш келеді.
Бетіне тіке күле қарамаңдар,
Ол әлі білмейді ғой ештеңені.

Айналса жаһан барша күміс құтқа,
Көңілімде көмескі күй тұнады,
Ұлы ойлар туады тыныштықта,
Оятпаңдар сәбиді ұйқыдағы.

Азаттық хақында

Мен қазақпын!
…көшкенде керім айлар,
Жаным даяр тұратын жұбануға,
Күл астында тарихым,
«Елім-ай» бар...
Неге осы әуен ойнайды құлағымда?

Құрық тимей өтсе де тұяғыма,
Тұғырынан ұлтымды құлатты кім?!
Үрпегін қыран-бүркіт қияды ма,
Ескі үйірін аңсайды, бірақ, құлын.

Ол ұясын қорғаштап тұрды үнемі,
Туған жері – әрине Алтын Орда.
Бәйтерек пе, құдай-ау, кім біледі,
Азаттықтың сүйегі бәлкім ол да…

Қорғайды елін өлсе де мәңгі бәрі,
Өткенімде қан жұттым, маздап та алдым.
Бұл күні ауыл у да шу ән қылады,
Үні қалған далада боздақтардың.

…Ахмет,
…Қайрат,
…Әлихан,
…небір айбар,
Аңсап өткен Азаттық, тұр алдымда.
Қанмен жазған тарихым, 
«Елім-ай» бар…
Неге осы әуен ойнайды құлағымда?..

***

«Қайрылыста қайырымды жаз қалды ынтық, 
Көше – тұман, көрінбейді алдым түк. 
Жаз шықпайтын шығар биыл, ал көктем 
Алматыдан кеткен болар мәңгі үркіп»
Есенғали РАУШАНОВ

Көкек айы келді, наурыз, қош аман!
«Өмірінде не түйеді осы адам?..
Тасбауырлап жатыр бірі өз жанын,
Күн келбетін лақтырып тасаға…»

Көшіп жүрмін алай-дүлей көшкінмен,
Өкінемін, несіне ерте ес білгем?
Ескі ауылда құса болып жүр ана,
Сағынышы құшағына тек сіңген.

Дәруіштен сөгілгенде күнде іргем,
Құлазимын сая таппай бұл күннен.
Анам, әкем қол жаяды бесінде,
Қалай өлмей жүрмін мен?..

Сен ешқашан көнермейсің жыр-ана,
Оқта-текте жолым қыңыр, бұралаң.
Бәлкім ақын емеспін-ау, мен осы,
Бәлкім бұл ай – сәуір де емес шығар, ә?!

Жапырақ жан

Құстар да тыныш, бізді ұнатқан ба,
көтере ме олар еңсеңді.
Тылсым нәзіктік. Күзгі бақтарда,
ең алғаш және ең соңғы.

Махаббат лирасы жырлансын енді,
шырқай алмайтын, мен сорлы.
Келеді бізге де гүлбаршын белгі,
ең алғаш және ең соңғы.

Сақтап тұрғанымен теңдігін жырым,
Жапырақ жаның теңселді.
Сияны төктім мен бүгін,
…Гүлім,
ең алғаш және ең соңғы.

Соңғы рет сүюге жан асыққанда,
құшақтайыншы, келші енді.
тоғысып үлгерсін қарашықтарда,
ең алғаш және ең соңғы.

Ынжық көңілдің өңген әйнегі,
сыйладың сәтті ең шерлі.
сол түні сені көрген ай ма еді,
ең алғаш және ең соңғы.

Сия алмай кеттің тар қыз арманға,
соңғы кездері белсенді.
өлеңімді оқы, жалғыз қалғанда,
ең алғаш және ең соңғы.

Тығылмақ

Бүр атып лаулаған нұр, күн ырғақты, 
Елжіреген жүрегім жымың қақты. 
Шевцова көшесі. 
Ымырт кеште,
Бір үміт шықты ойнауға тығылмақты.

Пай, аңғал балалық-ай, бозүнді күн,
Кірістім де ойнауға, езілді мұң. 
Қалқатай қарағыштап, таңда деді, 
 – Алма болсын!
 – Алма-өмір, көзіңді жұм…

Көше тыныш.
Құстар да тыныш. 
Бәрі, 
Біреу «әй» деп, әлдене дыбыстады. 
Қайдан, қала шықты деп, бұл дауыстар, 
Жанымның түкпірінде ой туыстады.

Ғұмырдан алғанда аяп еншімізді, 
Тұманға жұтқызбайық сертімізді.
Тығылмақты ойнасам мен үнемі,
Іздеуге тырысушы ем көрші қызды. 

Гүл әуені, 
«әй» деген көрші ару ғой, мұңы әдемі,
Қанша тұлпар қалауы – құлагері,
Құлап еді…
Балконда телміремін үнсіз күйде,
Мұңсыз күйде ұмытпан бірақ, оны.

Жаныма ұялаумен хабар бөтен,
Тәтті елесті енді мен табар ма екем.,?
– Әй, әй, ымырт кеш болды. Оян, балам!
Түс екен ғой, алдымда анам, көкем. 

Көрші арудың естіліп үні ырғақты, 
– Мама, неге ояттың, дүріл қақтың.,?
Бір үміт кетті содан көшесіне, 
Ойнау үшін қайтадан тығылмақты…

Шевцова көшесі…

Алматы. Ару қыз

Алатау…. 
Қарағайлар теңселген,
Жалғыз тұрақ өзің болдың мен сенген.
Ең алғашқы махаббатым өлшенген,
Алматының ақша бұлтын еңсерген.

Қиылыстар….
Қарашықтар, үн балдай,
Балдай үнді сен және мен тыңдардай.
Панфиловта жарық шамдар жарқырап,
Аялдама бізді күтіп тұрғандай.

Көк-Төбе…..
Алматының портреті бар күзде,
Арбаттардан іздеуші едік ән біз де.
Аяқ асты қалмасын деп сезімдер,
Метро да салынғандай дәл бізге.

Медеу жақта….
үнсіз ғана жалғыз қап,
Өңі өзгерек маңайға қар жауғызды ақ.
Бар ғазалы сіңген махаббаттарға,
Енді Алматы қандай әуен салғызбақ?!

Достық 13….
алыс болсын жол мейлі,
Алыстығы жан жараңды емдейді.
103-нөмірдегі біз мінген,
Автобустан неге түскің келмейді.,?

Таңғы кофе….
себелеген жаңбырлар,
Бұрылыстар, балауса өмір, бар мұңдар.
Саған арнап жыр жазайын деп едім
Ойым түгел қала кезіп қаңғырды-ау...
Біз кешпеген тағдырлар.…

Жұлдыз аққан түн

Бір жұлдыз ағып еді сәрсенбіде,
Қайғыға көмдім содан еңсемді мен.
Жұлдыз ағу балаша тілек тілеп,
Үзіліп кететұғын ең соңғы дем.

«Ақты» дейді-ау…
Кім ақты?
Не үшін ақты?
Бақыты ұшып кетердей есі қатты.
…бір үміттің, шырағы сөнді сосын,
Үнсіз ғана өмірдің кеші батты.

Кейіпкердей жасаған мың қателік,
Бейіттерге құяды мұңды әкеліп.
Түнгі өзен де жарқырап, жұлдызды аспан,
Қалай оның қайғысын тұр көтеріп?

Жалғыз басты атам жүр мұңды бағып, 
Қайтсін енді жазғырмай түнді ғаріп!
Менің атам – аспан ғой...
...Ал аспанның
жүзінен бара жатыр жұлдыз ағып.

Жұлдыз ақты, кім енді алаңдар көп,
Атам бар ғой, салмаңдар санамда өрнек.
Бәлкім ол да кетеді,
кеткеннен соң,
(Жас ақын қозғар осы тақырыпты)
«Жұлдыз ағып барады, қараңдар» деп.

…Менің әлі бітпеген тілегім бар.

Тамырынан жұлмаңдар қара ағашты

Туған жер!
…Сен бересің нақ бағамды,
Сұм қала жатыр бүгін таптап арды.
Ауылын сағынғанмен Алатау бар,
Аңсауы жібермей жүр ақ балаңды.

Қу тірлік те тынымсыз сабылысып,
Кеңсайда анау ағалар қабірі үсік.
Алматының қаздары қайтқан күні,
Мен де қайтам анашым, алып-ұшып.

Іңгәлап сәби ғұмыр, жанып ішім,
Айналам бәрі түнек, бәрі мүсін.
Пәк бесігім, тербетші қайта мені,
…Самсаған сағынышым!

Бәрі де балғын шақтың тілермені,
Қарт әжейдің бақытты үрейлері.
Жатқанда түн өлгелі, бұл ауылдың,
Алдымнан шығар ма екен жүгермегі?

Қайран ауыл!
Өзгердің табан асты,
Әй, ағалар, бұл тірлік жарамас-ты,
Ол мендік балалықтың куәгері,
…Тамырынан жұлмаңдар қара ағашты!

…Қадіріңді білдім бе әсте сенің?!
(Кей-кейде тілазар ем, баскес едім)
Жусан аңқыған далаңа қанша келем,
Ғұмырын кешсем дағы тас көшенің!

…Тек тамырынан жұлмаңдар қара ағашты!

Түнгі диалог
(Элегия)

Естелік етемін жазып сөзімді,
Пойыздың іші. Түн. Ұйқы,
сенен көргенде нәзік сезімді,
шығады сұлу лирика.

Лирика бүгін ес білмей өлді,
Орындалмайды ән дара.
сиқырлы үнің естілмейді енді,
Ескірмейді өңді баллада.

өлеңім бе еді біздерді қосқан,
мінезің бе әлде көркем тым.
сезім бақтарда іздер адасқан,
айтшы, мен неге өртендім?

Кірбің көңілден қатқанда басым,
шашады толы таң мұңын. 
Сәби жанардан аққан ба жасы,
Жаңбырдай жауды дәл бүгін.

Пойыздың іші. Ойым да сенде,
Сынық әйнектен жел coғаp.
Құлазып, еріп ойлы, әуес әнге,
ем жыр жазылды, ең сараң.

Қалайтыныңды сұраңыз деумен,
Әңгімелестік мақпалдай.
Түн болды. Ұйықта. Тұрамыз, сәулем,
Махаббат таңы атқанда.

Аңғал көңілге сия алдам, құрғыр,
жіберіп алған шапағат.
кетемін бүгін... қия алмай тұрмын,
пойызда қалған махаббат.