«Түсінісу теоремасы»: рухани кештен тағылым

«Мархабат» әдеби бірлестігі – шығармашыл жастардың басын қосып, өңірдегі әдеби ортаға серпін беру әрі рухани-мәдени шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру мақсатында құрылған жоба...

Jun 4, 2026 - 12:49
Jun 27, 2026 - 12:50
 1
«Түсінісу теоремасы»: рухани кештен тағылым

Қазақ поэзиясының қайсар мінезді, қайраткер ақыны Мұхтар Шахановтың шығармашылығы бір емес, бірнеше буынның рухани тәрбиесіне ықпал етті десек, артық айтқандық емес. Адамгершілік, ар-ождан, достық, махаббат пен ұлттық құндылықтарды арқау еткен оның шығармалары халық жадынан өшпейтін рухани мұраға айналды.
Осы орайда Әл-Фараби қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Түнгі кітапхана» жобасы аясында кітапхана ұжымы мен «Мархабат» журналының бірлесіп ұйымдастыруымен ақын шығармашылығына арналған «Түсінісу теоремасы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кешті кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова ашып, жиналған қауымды рухани басқосумен құттықтады. Ол өз сөзінде Мұхтар Шаханов шығармашылығының бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталып, ақын мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы тағылымды пікірлерімен бөлісті. Ал ғылыми қызметкер Жанар Оразалиева Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы мазмұнды баяндама жасап, ақын мұрасының қазақ әдебиетіндегі орны мен маңызын жан-жақты саралады.
Әдеби-сазды кеш барысында «Мархабат» журналының жанынан құрылған «Мархабат» әдеби бірлестігінің мүшелері өнер көрсетті. Атап айтқанда, Айдос Мәлік, Иса Шаншар, Асель Алиханова, Тәттімбет Керей, Қанат Жолдасбек, Нұрасыл Сералиев және Бекзат Сәкенұлы Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқып, әндерін орындап, көрермендерге әсерлі рухани кеш сыйлады.
Айта кетейік, «Мархабат» әдеби бірлестігі – шығармашыл жастардың басын қосып, өңірдегі әдеби ортаға серпін беру әрі рухани-мәдени шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру мақсатында құрылған жоба. Бұл бастаманы «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай көтеріп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мархабат Байғұттың рухани мұрасын дәріптеу және оның жолын жалғастыру мақсатында қолға алған болатын.
Кеш соңында арнайы қатысқан ардагер журналистер Пердеш Есенбек пен Қабыл Дүйсенбі сөз алып, Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерімен бөлісті. Олар ақынмен араласқан жылдардан сыр шертіп, оның азаматтық ұстанымы, қайраткерлік болмысы мен әдебиеттегі биік тұлғасы жөнінде тағылымды әңгімелер айтты.
Сондай-ақ кешке қатысқан барлық өнерпаздар мен белсенді қатысушылар Әл-Фараби қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының арнайы алғысхаттарымен марапатталды.
Рухани кештен кейін жиналған қауым ақын рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
Қазақ сөз өнерінің қадірін арттыруды мақсат еткен «Мархабат» журналы мұндай әдеби кештер мен мәдени жобаларды алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырып, оқырман мен қаламгер арасындағы рухани байланысты нығайта бермек.

Сезім МЕРГЕНБАЙ