Асылзат Арыстанбек. Ақын қашан да өзін-өзі тәрбиелеуі керек
Мемлекет ақын-жазушының жағдайын жасап, қаламақы төлейді деп күтіп отыратын кезең келмеске кетті. Оны мойындау керек...
Жуырда Түркістан қаласында өткен «Шымкент–Түркістан: Қаламдастар қауышуы» атты әдеби-мәдени кездесуде ақын-жазушылармен сұхбаттасуға мүмкіндік туды. Әдебиет төңірегіндегі ойлы әңгімелердің бірінде ақын Асылзат Арыстанбекпен тілдесіп, бүгінгі әдебиеттің бағыт-бағдары, қаламгердің қоғам алдындағы жауапкершілігі, шығарманың уақыт сынынан өтуі және дәстүрлі поэзияның бүгінгі сипаты жайында әңгіме өрбіттік.
Айта кетейік, Асылзат АРЫСТАНБЕК – 1978 жылы, 26 ақпанда Қызылорда облысы, Жа-лағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген. Мектепте оқып жүрген кезінен бастап өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып келеді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультетінде білім алған.
«Бесінші маусым» атты жеке жыр жинағы жарық көрген.
– Біз әдебиетті дамыту туралы көп айтамыз. Бірақ шын мәнінде әдебиетті дамытатын не? Мемлекет қолдауы ма, оқырман сұранысы ма, әлде ешкім қолдамаса да жазудан танбайтын қаламгердің амбициясы ма?
– Меніңше, біздің ақын-жазушыларымыздың барлығы бірдей қазіргі заманға бейімделе алмай жатқан сияқты. Егер олар ел оқуға тұрарлықтай тұшымды дүние жазған болса, оны өздері дамытып, әлеуметтенуі керек. Мемлекет ақын-жазушының жағдайын жасап, қаламақы төлейді деп күтіп отыратын кезең келмеске кетті. Оны мойындау керек. Аңсай бергеннен пайда жоқ. Оны аңсап жүргендердің көбі – сол заманды көрген, естіген соңғы ұрпақ, үлкен кісілер ғой.
Біз де қазір орта буын болып қалдық. Бізден кейінгі буында өздері талпынып, тіпті үлкен-үлкен халықаралық деңгейдегі жобаларда бағын сынап жүрген жазушылар да бар. Өз шығармашылығын ағылшын тіліне аудартып, түрлі жүлделерге ілініп, стипендия алып жүрген, ешкімнің қолдауынсыз өзінің жеке шығармашылық кештерін ұйымдастырып, тіпті жеке бастамасы арқылы, шығармашылығы арқылы нан табудың көзін тапқандар да бар. Және осылай жан-жақты өзін де, шығармашылығын да дамытуға күш салуды өте жақсы тенденция деп ойлаймын.
– Уақыт жақсы шығарманы өзі іріктеп ала ма, әлде оның тағдырын бүгінгі әдеби орта қалыптастыра ма? Мәселен, бүгін оқылмаған шығарма ертең оқылуы мүмкін бе?
– Мүмкін. Әрине, мүмкін. Мәселен, өз дәуірінде дүркіреп аты шығып, танылған авторларды біздің қазір мүлде танымауымыз мүмкін. Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбеков сияқты мықты жазған ақындар бүгінде көп атала бермейді.
Шығарманың жақсы-жаман екенін автордың өзі шешеді, оқырман шешеді деп айта алмаймын. Дегенмен уақыттың өзі іріктеп алуы әбден мүмкін. Кейбір ұлы суретшілердің жертөлелерде шаң басып жатқан картиналарының шаңы сүртіліп, қайта жарқ ете қалатын сәті де туады.
Соған қарамастан, қай дәуірде болсын жазушы өз шығармашылығында бүкіл адамзатқа ортақ, өлмейтін дүние жаза алған болса, ерте ме, кеш пе, өзінің лайықты бағасын алады деп ойлаймын. Мысалы, Гомерді әлі күнге дейін ұлықтап, шығармаларына фильм түсіріліп, театр сахнасынан түспей келе жатқанының өзі соның дәлелі секілді. Оны да өз заманында мойындамағандар, сынағандар, тіпті менсінбегендер де болған шығар. Сол сияқты ғасырлар бойы оқылатын, талданатын шығармалар жазылады және олар жерде қалмайды деп ойлаймын.
– Қаламгердің қоғам алдындағы жауапкершілігі қай жерден басталып, қай жерде аяқтлады?
– Біз отбасымызбен шығармашылыққа жақынбыз. Екі ұлым менің жолымды қуып, қазір ақындық жолда жүр. Басқаларға айта алмасам да, соларға: «Сендердің шаштарыңның ұшына дейін ақын болуы керек», – деп айтамын. «Шашының ұшына дейін» дегенде, олардың жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен ақын екені сезіліп тұруы керек.
Мысалы, біз Махамбеттің өмірде қандай болғанын білмейміз ғой. Бірақ өлеңдерін оқып отырған кезде көз алдымызға оның психологиялық портреті келеді. Сол секілді барлық ақынның психологиялық портреті өлеңдері арқылы ашыла алуы қажет.
Бүгінде мынадай бір тенденция бар: «Ақын да пенде. Оның пендеуи дүниелері көп болса да, шығармашылығы құнды болуы мүмкін» деген. Осы дүние мені үнемі ойландырады. Біз неге оны кешіре саламыз деп ойлаймын. Ақын болмаса болмай кетсін, «азамат болу – міндетің» дейді ғой. Сол секілді ақын қашан да өзін-өзі тәрбиелеуі керек деп ойлаймын. Сөзі мен ісі сәйкес келуі керек. Бұл, әрине, менің ұғымымдағы дүниелер. Әркімнің өз философиясы бар ғой.
– Әдебиетте қаламгерге шындықты айту міндет пе, әлде оны астарлап болса да жазып кетуі міндет пе?
– Бұл сұраққа да екіұдайы пікірде қалып тұрмын. Осындай әңгіме қозғалғанда Төлеген Айбергеновтің: «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деген өлең жолдары еске түседі ғой. Иә, ақын деген – үзіліп түскен жапыраққа да жаны ауыратын, болымды-болымсыз дүниенің бәрі толғандыратын, соның бәрін жүрегінен өткізетін, сол арқылы бәлкім аз жасайтын шығармашылық иелері ғой.
Алайда біз ақындардың бәрін демократ ақын, ағартушы ақын, қолбасшы ақын деген сияқты бір ізге салып қарастыра алмаймыз ғой. Ол бәлкім лирик шығар, бәлкім балалар әдебиетінің өкілі шығар, бәлкім ол шындықты шыңғырып айтпаса тұра алмайтын қайраткер ақын шығар. Сондықтан ел басына іс түскенде «Ақындар қайда қарап отыр?» деп жаппай бәрін айыптай беруге болмайтын шығар.
Себебі қайраткер болмаса да, қазақ әдебиетінің қоржынын байытып, өлмейтін, мол мұра қалдырып кеткен ақындар бар. Ал олардың еңбегін қайраткер болмағаны үшін ғана жоққа шығара алмаймыз ғой. Сонымен қатар шын қайраткер ақындардың да аузына қақпақ болмауымыз керек деп ойлаймын. Жалпы, олардың қай-қайсысын да айыптауға біздің құқымыз жоқ.
– Әр дәуір өз әдебиетін қалыптастырады. Бүгінгі дәуір ертеңгі әдебиетімізге қандай із қалдырып жатыр?
– Оны білмеймін. Оны болжайтын әулиелігім жоқ (күліп). Дегенмен қайта құру кезеңдерінде ақындар шоқ-шоғымен, лек-легімен қаулап шығып жатты. Біз сол кезеңнің қарлығаштары едік. Олардың ішінде Танакөз Толқынқызы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Азамат Есалы, Толқын Қабылша, Дәурен Берікқажы, Талғат Ешен секілді ақындар шығармашылығымен де, болмысымен де, қайраткерлігімен де әдеби ортаға дендеп еніп жатты.
Қазіргі ақындар да сол атам заманнан бері келе жатқан үрдісті жалғастырады деп ойлаймын. Мұқағали айтқандай, қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарып жүрген халық қой ақын деген.
Дегенмен менің жалғыз тілегім – сол дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан сөз өнерінің іргесін қазіргі заманнан ажыратпай, тілді шұбарламай, қаймағын бұзбай ертеңге жеткізсек екен деймін. Дәстүрлі поэзия жаңадан дендеп енген ағымдардың көлеңкесінде қалып кетпей, жаһандану дәуірінің ығына жығылып кетпей, жасанды интеллектінің жеміне айналмай, ертеңгі әдебиетімізге жетуі – ең ұлы мұрат.
Себебі біз қазір баламыз қазақша сөйлесе қуанатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Және сол жауапкершілік – жастар, сіздердің мойындарыңызда шығар деп ойлаймын.
– Шынайы әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Сезім МЕРГЕНБАЙ