Жанна Елеусіз. Менің елім – Аспан шығар...
– Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп, Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...
***
...Сен де мендей жаныңды мұңға малып
көрдің бе, Ай секілді түнде ағарып?!
Түн ылғи шошытады дүниедегі
Ең жақын адамымды ұрлап алып...
Уақыт та алып кете алмай өзін бұрып.
Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік...
Қараңғылық түскенде неге адамдар
Қарсы алуға тиісті көзін жұмып?..
Бәлкім, тылсым түс болып қашықтады?
Бәлкім, сол ма күткені, асыққаны?..
Неге сосын соншама жап-жарықта
Жүреді олар жанарын ашып бәрі?..
Солқылында өмірдің, тынысында
Жаным әзер ілініп тұр ұшында...
Мен алаңсыз ұйықтар ем! Менсіз өмір
сүре алмайтын жүректің бұрышында...
Мазасыз жан таба алмай Жер, Көктен де,
Мұң ба, әлде, бірдеңе меңдеткенде
– Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп,
Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...
***
Қара суық желге бердім сыртымды.
Жүрегімде – мәңгі жасыл бақ заңғар...
Қызғанбашы менің жылы күлкімді,
еріп бара жатқан Қар...
Жымиғаным сәнді етеді ернімді
Көзімдегі жұмсарады ренішім...
Шыршама іліп қоям сенің белгіңді,
еріген қар, соның бәрі Сен үшін...
Кешіктік біз, сен де, мен де. Көген жыр.
Ол да байғұс табар сылтау күлерге.
Қаңтарда емес, Наурызда келер Жыл –
қадірімізді білер ме?..
Еріген қар тротуарлар шетінде,
қара суық жасап жатыр тірі мұз.
Ол қағаздың, мен өлеңнің бетінде,
жымиямыз бірімізге-біріміз...
***
Сен де бөтен. Мен де саған бөтенмін...
Өз мұңымды өзім үнсіз көтердім.
Сен де қиын. Мен де саған қиынмын...
шілдедегі аспандай сап тыйылдым.
Сен де жаңбыр. Мен де сондай жаңбырмын!
Жауғызбаған, жауа алмаған тағдырмын...
Сендегі аспан, мендегі көк тамаша.
Тек оңаша жылайтының болмаса...
тек оңаша жылайтыным болмаса...
Сен де кешір, мен де сені кешіргем...
кетпейтінім болмаса тек есіңнен...
кетпейтінің болмаса тек есімнен!..
***
Керек емес ештеңе. Ешкім. Өлең,
Мен болайын әндерін естімеген.
Күле алмадым қосылып көп тобырға,
сорыма орай, олардан естірек ем...
Келмейді енді оралғым ортасына,
жүре берсін бөленіп торқасына.
Жалғыз дауыс шығады «қайдалаған?»
ол да күмән – шыны ма, жортасы ма?!
Сүрем үнсіз бір ғұмыр. Іздемегін.
Туа бермес мендей қыз Күз дегенің...
Бір ағашқа жан бітсе биыл көктем,
бұл тірліктен сол – күдер үзбегенім!
Бақытыңды жырлаңдар қурамаған…
Біреулерге ұнағам, ұнамағам.
Бір қыз осы – қайдам, өмірінде...
Өлеңінде ешқашан жыламаған...
***
Қызғалдақтың – даласы бар.
Гүлзар бақтың – қаласы бар.
Өз ортасын таба алмаған
менің Жаным аласұрар...
Адамдардың – ауылы бар.
Алаңдардың – қауымы бар.
Қайда менің өз Отаным?
Жүрегімді тауып, ұғар...
Дос біледі. Ол – ғапылдан.
Жау күледі – жақыннан.
Ақын:
– Қоғам! Ортам!.. – дейді.
Мен шошыдым ақыннан...
Айдалаға қашқан шынар –
талдар шымшып, тастар сынар.
Аспан шығар – менің Елім?
Менің елім – Аспан шығар…
...көп қарайды маған Көпсіп.
көк қарайды маған Көксіп.
– Өлесің ғой... – дегендерге,
– Өлеңмін! – деп барам өксіп.
***
Халымды сұрамаңдар.
Жүрегімде белгісіз бір алаң бар!
Бір түсінсе, түсінер мені жалғыз –
қара жерге аспаннан құлаған Қар.
Сынамаңдар!
Азабына пейіштің шыдағам бар.
Алып-ұшып мен-дағы жетіп едім,
Періштесіп мұнда да жүр адамдар...
Ұнамады.
Бұларың ұнамады.
Бақыттарың бар болсын құрамалы!
Көктем сайын еритін мен бе десем...
Адамдардың екен ғой Күнәлары!
Қайғыларың Құдайдан үлкен бе еді?
(Құрсыншы... түртем нені...)
– Қарамын мен! Ағартшы, – дей алатын
қарапайым сағындым бір Пендені!
***
...Мені көру – міндетті емес.
Қызықпа...
Бағалама қарап – киім, түр-өңге.
Аты жоқта жер өртейтін бұзықтар
онсыз да жетіп жатыр мына Елде...
Бір Ертегі бар еді өлмес.
Мен сенер.
Көрем талдан үлкен Жұмбақ.
Ой гүлден...
– Жанымды шын түсінгің келсе, егер,
жырымды оқы! –
демей-ақ қойдым мен...
Мүмкін, оқшау.
Үнсіз ғұмыр кешермін...
Мекенімді әуреленбе білгің кеп.
...өзім әбден ығыр болған көшемнің
Көгершіні ғана таныр:
– Жүрдің, – деп.
Мүмкін, мүлде құшағына алар мұң...
Мен туралы Жерден сұрай көрмеші.
...өзім іштей сүйіп өтер Ғаламның
өтініші аз мен шығармын пендесі...
Тірлігің мен Төңірегің.
Бә-әрі – у боп.
Бар өмірің кешсе күйін бөтеннің!
...бір Жып-жылы сәулелерді Дәру ғып.
Өлең болып.
Өзім – іздеп жетермін...
***
...Бүгін –
менің келеді мұңаймағым!
Күн де, Түн де төксінші шырайларын!
Бір әдемі-і Сәуле боп төгілсінші!
Ренжіткен, шаршатқан жыл-айларым...
Бүгін –
менің келеді мөлдірегім!
Тамшыдан да бір Нәзік, Мөлдір едім.
Қамшы басқан жүйрікке бір Жүректің
Жалауы боп келеді желбірегім!
Бүгін маған болмайды өкпелеуге!
Амалым жоқ... бұл күнге өтпе деуге!
Бүрін желден жасырған Қайыңға ма?
Бара ма, әлде, айналып Шөпке кеуде...
Өткен күндер – бірі ойлы, бірі мұңды.
Бүлдірмеңдер, өтінем, Бүгінімді!..
***
Мен Өлеңді аяймын. Сендер кімді?
Алдына оның барасың жылап қалып.
Тағдырыңнан теперіш көргеніңді,
болмағанын тірлігің тұрақталып.
Тағы айтасың жаныңда бір Мұң барын,
сыздайтынын кеудеңді жарып оның!
Түз-өмірдің тағылау тұрғындары,
тап осылай іздейді бәрі жоғын.
Жөргемінде алысқан, жарысқанның,
мен қиналсам жұтатын Дем ең соңғы –
еліктейін осылып арыстанның,
азуында бара ма Өлең сорлы!
Болсын дей ме, лайым, тоқ бөрісін –
ағызғанда қанынан ғазал-бұлақ,
көкпар қылып тартқанға көк терісін,
ақ көңілі аспаннан қарар жылап…
***
...Қаладан Жырақ кетсем,
ұмыт болар секілді бәрі-бәрі:
(Түн.
Тыныштық.
Ой.
Сана.
Жан әлемі...)
жүрегімді бір Сәуле қарығаны,
өмір, өлім дейтіннің бар әлегі,
көліктер де қарсы ағып, жанұшырар,
адамдар да – бірі алыс, бірі жақын,
сағаттар да – уақыттың жарысы бар,
көшелер де – үнемі түрі ғапыл...
...қала сырты – Жанашыр, Қорғаушым.
Қалған дүние – суықтау, жалғандылау...
Әлем,
сені жоғалтып алмау үшін
әдемі бір суреттей Тәңір салған
өз ішіме көшіріп алғанмын-ау...
***
...Өзім бе мынау,
Өзің бе?
Өмірге Ғажап қана алмай,
Жаңбырдың жүрген көзінде
Жанымды төгіп алардай...
Қаумалап әрбір тұстан мұң,
Қайтер ең, кетсем оралмай?
Қанаттарында Құстардың
Келіп ап...
Жерге қона алмай?..
Көкке де тиген Маңдайым
Көпке де Жарық болар шам.
Қайтер ең, соңғы қардайын
Ертелеу еріп, Жоғалсам?
Биікте және Тереңде
Өлеңнен өмір өргем Дүр!
– Сағыныш күтті... – дегенге,
Сағыныш ем ғой келген бір...
Бір жылдың бір Ай, Күнінде
Бұлт болып жүрмін көшкелі.
Аспанның жұмбақ Тілінде
Сөйлеумен кетсем – КЕШ мені...
***
Адам – қоғамның емес,
Құдайдың баласы...
Кезі жоқ шаттанбаған, күрсінбеген,
Мен деген Жүрекпін ғой дүрсілдеген!..
Көңілімнің көшесін сүйген
Жанға,
Жүректің ойып тұрып бұрышын берем!..
Бұлақтай қосыла ағар күлкіңменен,
Мен деген Бүйрекпін ғой бүлкілдеген!..
Өзін-өзі тыңдауға мұршасы жоқ,
Өмір өтіп барады күңкілменен!..
Көгімде қазым ұшып, қаңқылдаған,
Мен деген Бауырмын ғой аңқылдаған!..
Сарайлардан – салтанат салқындаған –
Сыбағам бар менің де тартылмаған...
Соңымнан ақ сабын боп сабылдың ба, Ой?!
Мен-дағы сағындым ғой, сағындым ғой!..
Жас болсам – жалғыз түйір Жасыңмын ғой!
Қан болсам – жалғыз түйір Қаныңмын ғой.
***
Дуалы ауыздарға ұшықталмай,
Дуадақ ұшқан көлге түсіп те алмай.
Даламды хош иіске бөлей бердім,
Пайдамды ойламадым пысықтардай...
Ай көбейген ауан шақ тұсында Айдың,
Жапан түздің жабайы құсындаймын.
Қарап тұрып өлемін аспаныма,
Көрінгенге өзімді ұсынбаймын...
Жылап келгем өмірге,
Жылап кетем.
Жылап сүйген тәңірім – жырақта екен.
Құдайдың құдіретімен шыққан гүл ем,
Алланың әмірімен қурап кетем!
***
Қайтқан құспын аспан жақты аралап,
Көздеріне түспей ұшқам көп елдің.
Ауырлаған қанатыма қарап ап,
Әуелдегі айылыма бөгелдім...
Талған қанат... тағдыр солай екен де...
Көркі болғым келіп түпсіз көлінің.
Қалып қойғам қысы-жазы мекендеп,
Иті тістеп, көзі түсті бөрінің...
Қолынан жем жеп көрмедім кісінің...
Дәметіп те көргенім жоқ мол құттан.
Үй құсына ұқсаса да пішінім,
Қолға үйренбей қойғандығым сондықтан...
***
Қамығып түссе қара түн,
Айналар жырға күндізгі ой...
Айдан да аппақ қанаты
Бұл пырақ біздей бір қыз ғой!
Қабағын бермей кейде үміт,
Жүрегімізден жүн түтіп!
Тіріде «ақын» дейді жұрт,
Өлгеннен кейін пір тұтып.
Жанымыз – кітап көнерген,
Жарығы – сонау жұлдызды із!
Жұбатып елді өлеңмен
Көрінбей жерде жүрміз біз.
Жаны таза, жүрегі сезімтал еді
Қазақтың сыршыл ақыны Жанна Елеусіздің өмірден өтуі әдебиетсүйер қауымды қабырғасын қайыстырған қаралы хабар болды. Өзіндік үнімен, терең ойлы, мұңға толы жырларымен танылған ақын туралы оның замандастары мен қаламдас әріптестері естеліктерімен бөлісіп жатыр. Сол жазбалардан ақынның өзгеше болмысы, кіршіксіз тазалығы мен жұмбаққа толы жан әлемі аңғарылады.
Жазушы Думан Рамазан Жанна Елеусізбен Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде бірге оқыған. Оның айтуынша, ақынның өлеңдерімен кейінірек танысып, «мөлдіреген мұң мен асқақ рух араласқан сиқырлы әлеміне» тәнті болған.
«Жырлары жалынды еді... Амал не, тәкаппар да нәзік ғұмыры қысқалау болды. Дүниеден озғанын естігенде, көкірегімді өкініш өрті шарпыды», – деп жазады Думан Рамазан.
Қаламгер ақынның өмірде еленбей, қиындық көргеніне де алаңдаушылық білдіріп, оның тағдыры арқылы қоғамның талантты тірісінде бағалай білуі керектігін еске салады.
Ақын Бағашар Тұрсынбайұлы да Жанна Елеусіздің әдебиетке шексіз берілгенімен, әдеби ортадан алшақ жүрген ерекше жан болғанын еске алады. Оның жазуынша, Жанна жалғандық пен жасандылықты жат көріп, өзіне ғана тән рухани әлемде өмір сүрген.
«Еркіндік бұйырған бақытты жанмын» деген еді. Сол пендеуи қарым-қатынастың, есеп көңілдің шырмауына түспеді. Азат болды», – деп жазды Бағашар.
Ол ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп: «Оның өлеңдері қазақ лирикасының тағы бір елеулі өрнектері еді. Оның тілі қазақ поэтикалық тілінің тағы бір айшықты суреттері еді», – дейді.
Айта кетейік, Жанна Елеусіз – ақын, журналист. 1970 жылғы 22 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолында аудандық «Шалқар» газетінде тілші болып қызмет атқарған.
1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада жүлделі орын иеленген. 2004 жылы «Мен сүйетін дүние», 2011 жылы «Тіршілік трилогиясы» атты жыр жинақтары жарық көрген. Өлеңдері «Жәдігер» әдеби антологиясына және басқа да жинақтарға енген.
Жанна Елеусіз 2026 жылғы 12 қазанда 56 жасқа қараған шағында дүниеден өтті...