Жадыра Көшенқызы. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының көркем туындыларда бейнеленуі
Жадыра ОРАЗАЛИЕВА – әдебиеттанушы, филолог. Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищені үздік дипломмен тәмамдаған. 1995 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих-филология факультетін бітірген. 1996 жылы аталған университеттің магистратурасын «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша аяқтап, 1996–1997 жылдары осы оқу орнында оқытушылық қызмет атқарған.
2000 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдаған. 2002–2005 жылдары аталған университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. 2005–2016 жылдары Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде аға оқытушы қызметін атқарды. 2019–2026 жылдары Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында қызмет етті. Қазіргі таңда Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының ғалым хатшысы.
(З.Қыстаубайұлының «Тұман» романы бойынша)
Қазақ еліндегі Сталиндік кезеңдегі жаппай саяси қуғын-сүргін ұлтымызға үлкен нәубет әкелді. НКВД және ГУЛАГ қапастарында жазығы жоқ миллиондаған адамдар опат болды. Тарихи деректер бойынша Қазақстан аумағында 1931 жылы құрылған Қарағанды лагері (Қарлаг) болды. Әр жылдарда саяси айыппен қуғындалған мыңдаған тұтқындар ГУЛАГ-тың осы алып лагері арқылы өтті. ...Ақмола облысының аумағында қасіретімен белгілі болған АЛЖИР – Отанын сатқан опасыздардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері ашылды. Онда КСРО бойынша, соның ішінде Қазақстандағы да белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері мен қыздары қамау мерзімдерін өтеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын зерттеуге тарихи деректер негізінде біршама көркем шығармалар да жазылғаны белгілі. Соның бірі жазушы Захардин Қыстаубайұлының жаңа шыққан «Тұман» романы. Романда автор Кеңестік кезеңнің репрессия, зобалаң жылдар сілемі, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі қасыретті жылдардан 1964 жылға дейінгі аралығына әлеуметтік, көркемдік, философиялық барлау жасайды.
Шымкент уезінің қазағы Елемес Жәрменовтің өмірі арқау болған романда Дәрменовтердің отбасылық трагедиясы суреттеледі. Туынды кейіпкерлері Есенәлі Дәрменов (Елемес Жәрменов) «халық жауы» болып атылып кетсе, әйелі Айжамалдың да жас өмірі АЛЖИР түрмесінде өксікпен өтеді. Ал балалары, әсіресе үлкені Көсемәлі «халық жауының» ұлы ретінде тағдыр теперішін көп көріп, Ұлы Отан соғысына жасы жетпесе де өз еркімен сұранып, фашистер тұтқынына екі рет түссе де, көрер жарығы бар екен, өз Отанына оралады. Алайда Отанына аман оралғанда, «Отанын сатқан» деген айып тағылып, жергілікті биліктен тағы қуғын-сүргінге түсіп, жол апатынан ажал құшады. Романдағы Есенәлі Дәрменов прототипі – Елемес Жәрменовтің өмірі мен қоғамдық қызметі, қайраткерлігі туралы «Әділет» газетінде жазушы З.Қыстаубайұлы «Темірланда тоғысқан тағдырлар» деген көлемді мақаласында «Осы жұрт Жәрменовті біле ме екен?» деген тақырыппен жариялады. Сол дерек бойынша Е.Жәрменов 1893 жылы Шымкент уезіне қарасты №8 ауылда дүниеге келген. 1937 жылғы 1 желтоқсанда ұсталып, үштіктің қаулысына сай ату жазасына кесіліп, үкім 3 желтоқсанда жүзеге асырылыпты. Кезіндегі «Қазақ» газетінің 1914 жылы 16 қаңтардағы нөміріне шыққан мақаласында «Хұсайнийа» медресесінде қаржылық жағдайы қиындығына қарамастан оқығанын жазады. Семинарияны бітірген Е.Жәрменов өзінің Темірлан ауылындағы жаңаша қазақ мектебінің меңгерушісі, үш жылдан кейін уез орталығы Шымкент қаласындағы мектепке меңгеруші болып ауысады. 1924жылы Шымкент уездік атқару комитетінің төрағасы, 1926-27 жылдары Қызылорда қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтының директоры болып қызмет етеді. Ал Е.Жәрменовтен кейін сол оқу орнына С.Сейфуллин тағайындалыпты. 1927жылы Е.Жәрменов Ақтөбе қаласындағы техникум директоры, 1930 жылы Фрунзе қаласындағы Қырғыз өндірістік кооперативінің төрағасы, 1933жылдан қасіретті 1937 жылға дейін Алматыдағы Орман шаруашылығы комиссариатында шаруашылық бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. Жалпы Е.Жәрменовтің оқу, білім, тәрбие тұрғысындағы мақалалары ұлттық бағыттағы Алаш үнді «Қазақ», «Ақ жол» т.б. басылымдарда жарияланып тұрған.
«Елемес Жәрменовтің қысқа ғұмырында халыққа білім беру, оқыту мекеме-мектептерін ашу-ұйымдастыру, қазақтарды ата қоныстарына орналастыру, толық отырықшы ұлтқа айналдыру, колхоздар көшін сара жолға салу, жалпы қазақ және қырғыз халықтарын сақтау, өркендету, тарихтағы өз орнына қондыру т.б. бағыттардағы атқарған жұмыстарын бір мақалада айтып түгесу мүмкін емес. Бұл тұтас кітап-жинаққа сұранып тұрған тақырып», – деп ескертеді қаламгер, зерттеуші З.Қыстаубайұлы.
«Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған», – деп күрсінген Абай ақын мұңы адам айтқысыз зор қасіреттер мен аз алданыштарға толы болашақ қазақ тарихындағы жүз жылдық сырын алдымн ала саралағандай. «Тұман» романында қаламгер қиын тағдыр шырғалаңдарын уақыт, орта сипатына тән нанымды штрихтар шиеленіскен тартыс, сюжеттік композициялық тиімді амал-тәсілдермен шынайы кескіндейді. Сталиннің зұлмат заманы, Хрущевтің «жылымық» деп аталған кезі қазақты жоспарлы түрде құртуға арналған алмағайып тұманды кезеңдер шындығы суреттеледі.
Жалпы З.Қыстаубайұлының прозасы өзінің дара келбетін танытып тұратындай. Ертеректе жазылған «Сүйріктің махаббаты» хикаяты терең астары бар символикалық туынды деуге болады. Бастан аяқ жылан көзімен баяндалатын шығарма сюжеті кім кімді болса да қызықтырары анық. «Тұман» романы да басты кейіпкер Кенжетай көзімен баяндалатын кеңестік идеология құрсауындағы қоғам бейнесі, сол қоғамдағы қазақ ұлтының басындағы трагедиясы: Дәрменовтер отбасының қасіреті, күйеуі Есенәлінің «халық жауы» ретінде атылып кетуі, әйелі Айжамалдың АЛЖИР түрмесіндегі тауқыметі, ұлдары Көсемәлінің «халық жауының» баласы ретінде өмірден теперіш көруі, тағдырлар адасулары көркем шындықпен өріледі. «Құдай-ай, менің не жазығым бар еді осынша қорлайтындай? Әкем жазықсыз атылды. Шешем жазықсыз лагерьде отыр. Екі бауырым анау, өздерінің кім екендерін де білмейді...», – деп неміс оғынан аман қалғанына сенбей, қорлана ашынған Көсемәлінің монологынан сол кезең шындығын, қатыгез қоғам бейнесін танығандайсың. Осы романда назар аударарлық тағы бір көркемдік деталь бар. Соғыстан оралған Көсемәлінің өзі тәрбиеленген Қарағандыдағы жетімдер үйіне қос бауыры інісі мен қарындасын іздеп барған кезде соғыстан қираған қалаларды қайта қалпына келтіруге Ресейге аттандырып жібергенін директор аузынан естуі – сағынышының үстіне мұздай су құйып жібергендей күйге енген нақ сол сәттегі диалогтан үзінді келтірсек:
«Партия Қарағандының бір жетімдер үйіне қарап қалып па? Қазақстанда проблема жоқ па?
– Бар! Бар болғанда қандай! Ол проблема – мына сен! Сен сияқты иттер!
– Мен сені доңыз деуге ұялып тұрмын.... Сенен емес, шошқадан. Ол «мені кімге теңедің?» деп, қорсылдап, торсылдап өкпелеп қалады ғой», – деген Көсемәлі жауабы, оның үстіне директордың танымағандай түр танытуы, Халық жауының баласы екенін есіне түсіре сөйлеуі намысын ойнатып, ақыры директорға Көсемәлінің стол лақтыруымен аяқталады. Романда Көсемәлінің анасы Гүлжамалдың да қасіретке оранған тағдырына бей-жай қарай алмайсың. «АЛЖИР, Қарлаг сияқты тозақтарда адамдардың санасы, болмысы, жады, жүрегіндегі сезімдер өзгермейді ғой. Ойда балалар тұрады. Бауырлар сақталады.... Ең ауыры да осы. Күш беретіні де осы...», – дейді Ақмола ауруханасынан өзін шығарып, ауылына алып келе жатқан жолда қайнысы Есенбекке айтқан толғанысында. Соғыс біткеннен кейін айықпас дертке ұшырауымен байланысты Айжамалды қамаудан босатып, өзінің шаңырағына оралғанымен де оның дімкәстігіне қарамай, қайнысы Есенбек екеуі қайта-қайта тергеуге алынып, ұлы Көсемәліні «Сендер жасырып отырсыңдар» деп, НКВД адамдары бүкіл ауылдың шаңын қағады. Айжамалды ауданға апарып тергеу үстінде талықсып кетуі, үйіне бөгде адам келсе өз-өзінен үрейленіп есін жоғалтуы, тіпті соңғы сәттерде түнде үй айнала күбірлеуі, кенеттен күліп, бірде жылап жіберу сияқты психологиялық ауытқулары өз қамқорлығына алған қайнысы мен келінін де алаңдата бастауы, барлығы сол тұстағы саясаттан келген зауал еді. Ең соңғы өмірінің таусыншақ кезінің өзінде жанында адам баласы емес, сезімтал иті Алыпсоқтың қалуының өзінде терең сыр жатқандай. Иесінің үй алдындағы алма ағашының діңіне сүйеніп отырған күйінде үзіліп кеткенінен бейқам Алыпсоқ иттің көршінің үйінен жаңа піскен таба нанын ұрлап әкелген сәттегі сюжеттік детальдан келтіре кетсек: «Ыстығы басыла қоймаған нанды тізесіне қойды. Дәмді иіс алманың айналасына жайылып, өмірдің қымбаттығы туралы сыр шерте бастады. Айжамал былқ етпеді.
Алыпсоқ бірінші рет иесінің қолын жалғады. Сұп... Кері шегінді. Қайта жақындады. Бетіне тұмсығын тигізді абайлап. Сұп-суық. Төбеттің есі шықты».
Соңыра Айжамал қазасына ит ұлуының қосылуы оқырманның да жанын тітіркендіргендей. Алыпсоқтың кейін де сол үйді айналсоқтап жүргенін автор: «Айжамал жазылмаған жан-жарасын Алыпсоққа тастап кеткендей», – деп суреттеуі жазушы шеберлігінің бір қыры ретінде атап өтуге болады. Міне, сөйтіп Айжамал қазасымен Дәрменовтердің қара шаңырағы қаңырап қалды. Жалпы, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннен қаншама ауыр бейнет, төзбес тауқыметпен қазақтың талай шаңырағын шайқалтқаны тарихтан белгілі.
«Тұман» романы сюжеті бүгінгі уақыттан басталып, бас кейіпкердің (Кенжетай) лирикалық ой шегінісі арқылы өткен жылдары балалық шағынан бастап, есейіп оқу бітіріп, жас журналист болып, еңбекке араласқан кезімен аяқталады. «Тұманды» оқығанда Т.Ахтановтың «Боран», Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» («Тұманда» Торыайғыр, Айқасқа бәйгі аттары) романдары еске түседі. Қос туындыда да кеңестік кезеңдегі билік тарапынан жүзеге асқан асыра сілтеудің қасіреті бейнеленеді. Сондай-ақ романда тылсым күштер құпиясы да жүреді. Яғни романнан мифтік, мистикалық элементтерде таба аламыз. Туындының 8-9 тараулары тылсым құбылысқа толы («Төретам» ауылы, Дәрменовтер ұрпағы кейіпкер Амантұр қойшының жыландар көшіне кезігуі, бауыры Көсемәлінің жыланға айналған рухымен сөйлесуі т.б.)
Романның соңғы тарауында жазушы: «...Арса-арса екі ағаш дүниеде мәңгілік ештеңе жоқтығын айту үшін қалқайып тұрғандай...», – деген суретті жолдар береді. Иә. Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Сондықтан өмірдің бұралаң жолының тұманына адаспай, адамгершілік қасиеттен ауытқымай, өз бағыт-бағдарымызды айқындап, сол биіктен табылуды меже тұтсақ деген авторлық ой ұшқыны да байқалады. Ең бастысы адам санасы тұманданбасын. Сонымен бірге, жазушы З.Қыстаубайұлы романда «тағдыр» деген ұғымға салмақ сала суреттейді. Тіпті осы ұғым мағынасына тереңдете пәни мен жалған, өмір мен өлім мәселелеріне философиялық тұрғыдан ой таразылауға барады автор.
Жалпы, романның «Тұман» деп аталуы жайдан-жай емес. Автор туындыда былайша толғанады: «Айтпақшы, тұман демекші, ол табиғаттың бір құбылысы ғой, күнде орын ала бермейді, кей-кейде түседі, көпке бармай сейіледі. ...Биліктің қолдан жасаған тұманы сананы бір басса, тарқауы қиын. Санасы тұманданған пенде өзі ғана адасумен шектелмейді, басқаларды да тура жолдан тайдыруға белсенді атсалысады. Билікке керегі де осы. Қажеттілігіне орай тұманның неше түрін іске қосып отырады. Қорқытып-үркіту тұманы! Арбап-алдау тұманы! Марапат тұманы!»
Кеңестік тоталитарлық үстемдік пен оның жүйесі халықтың санасын онан сайын тұмандатып, адастырып жібергені ащы да болса шындық. Аласапыран кезеңде біреудің сыртынан сөз тасуға орын берілді. Қолдарына қамшы ұстаған шолақ белсенділер, кедейлер комитетінің мүшелері және сол тектес «қайраткерлер» пайда болды. Қарулы адам заманның бас тұлғасына айналды. Жұрт ешкімге сенбестен, іштей тынды. Бұқара халықтың қоғамдық санасын, алдымен интеллектуалдарды нысанаға алып жою жолымен, екіншіден, бүкіл майдан бойынша кең ауқымдағы идеологиялық шабуылдың көмегімен улауға қол жеткізгені тарихи деректерде айтылады. Кеңестік тоталитаризм дейтін дарақы саясаттың экономикалық саладағы нәтижес – ашаршылық, мал басын жаппай дерлік құрту, қауымды ыдырату болды. Ал идеологиялық тұрғыда Қазақстанда тоталитаризмді орнату, барлық салада әміршілік-төрешілдік басқару әдісіне көшу, мәдени революцияны тұқырту, әдебиет пен өнер, қоғам мен мемлекет қайраткерлерін қудалау және жазалау болатын. Саяси жазалаудың басы 1931жылдан басталып, 1937-1938 жылдары жалған айыптаулар негізінде Қазақстанның барлық көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері жазаға тартылып, сонымен қоса Қазақ елінің ғылымы мен мәдениеті де орны толмас шығынға ұшырады. Алаш тұлғалары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедов т.б. арыстарымыз «Үлкен террордың» құрбандары болды. Міне, сондай қуғын-сүргін құрбандарының бірі болып, жазықсыз атылғандардың қатарында шығармадағы Есенәлі Дәрменовтің өмірдегі прототипі темірландық Елемес Жәрменов те болғанын жазушы «Тұман» романы арқылы әлеуметтік философиялық көркемдікпен таразылайды.