Бинұр Қуанышқызы. Салқынын сездім Үлбінің

Тауларды әке қып, бұлақ деп анамды Ал өзім аршаға айналғым келетін...

Oct 22, 2026 - 16:37
 2
Бинұр Қуанышқызы. Салқынын сездім Үлбінің
Бинұр ҚУАНЫШҚЫЗЫ – ақын. Ол 2006 жылы, 18 ақпанда Абай облысы, Жарма ауданы, Қалбатау ауылында дүниеге келген. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Математика мұғалімдерін даярлау» мамандығында білім алуда. 
«Шуақты жырлар» өлеңдер жинағының авторы. Өлеңдері облыс жастарының шығармаларынан іріктелген «Кестелі орамал», «Отырар сазы» кітаптарына енген.
Өскемен кешінде
Қолымда сыйға алған ақ лала гүлдерім,
Келемін көшемен аяңдап.
Сағынып қалыппын Өскемен түндерін
Жүрмеп ем көп болды жаяулап.
Мұңыммен егіз боп аспан да жылады,
Сезілді жаңбырдың иісі.
Тамшылар көзден де, көктен де құлады
Кеткендей бәрінің күйісі.
Қайыңдар қалада салтанат құрғандай,
Тіктепті өзгеше бойларын.
Сезімі арбасқан мен ғаріп, сормаңдай
Иектей алмаған ойларын.
Көпқабат үйлердің сұр тартып кейіпі,
Сөнгендей әйнектер шырағы.
Бұл қала қаншама адамның бейіті,
Бақытты тұрағы.
Бір әйел қол жайып, дұға ете бастады,
Тұр екен мешіт деп балконды.
Мен оған қызғана бір назар тастадым,
Түймелеп пальтомды.
Себебі сенеді ол, сенеді ғайыпқа.
Бұйырған алады жүлдені. 
Ал менің шалдыққан дертімті айықпас 
Біледі ақ лала гүлдерім.
Құдайдың балалары
«Неге?» деген жиі қояр сұрақты,
Жалғыз өзі жағар сөнген шырақты,
Кішкентайдан еркелікті білмейтін,
Анасына көмектесер тұрақты,
Балалар бар дүниеде қаншама
Арқалаған ауыр-ауыр сынақты.
Жанарына үңілгендер мұң табар,
Есеюге олар ылғи күн санар.
Өз-өзіне қорған болған бүлдіршін
Ұйқы алдында ойлайды екен мың сауал.
Осы менің әкем қайда? 
Тірі ме? 
Соқпайды екен бір қоңырау күніне.
Маған сонда кім ойыншық әпереді?
О, Құдайым, құлақ салшы үніме!
Мені сонда апармай ма паркке?
Маған сонда әпермей ме әліппе?
Анам сонда гүл алмай ма мейрамда,
Тағы сұрақ қойды және көп нүкте…
Жүрегі ылғи күтетін махаббатты,
Күтетін «балам» дейтін азаматты.
Қадір түні әкесін дұға қылып
Тілгенде естілді азан қатты. 
Күрсінгендей болды ауыр ауыл түгел,
Кісінеді байлауда қоңыр күрең.
Қол жайып жұлдыздарға қарап жатып
Балақай қозылармен қалды түнеп.
Өмірдің оған бөлек жоспары бар,
Анасына етеді басқаны жар.
«Мен саған әке емеспін!» дегеннен соң,
Түсінді ол шындықты астары бар.
Иә, оларды қоғам көп алалады,
Жүректерін үмітпен жаралады. 
Алайда сол өкпелі бүлдіршіндер
Шындығында Құдайдың балалары!
Ол жақта уақыттың басқаша өлшемі
Ол жақта уақыттың басқаша өлшемі.
Күн ұзақ,
Түн ұзақ,
Бітпейтін ертегі.
Өң емес, 
түсімдей көрінді барлығы
Келді алғым қымтанып көрпені.
Байланыс үзіліп әлеммен қалыпты,
Көздерім көргендей ең алғаш жарықты,
Анадан туғандай беймәлім күйдемін
Себебі, мекенім – 
Өр Алтай, жарықтық.
Әуелде тоқтатқан қолсағат сыртылын,
Сезіндім иісін тұтанған шырпының.
Ол менің өртенген шүкірсіз жылдарым
Көрмеген табиғат тылсымын. 
Бұлттар да төбемде менімен кеңескен,
Тұрады шыңдардан кербұғы елестеп.
Бұл жақта өмірдің қарқыны басқаша,
Жаныңды жылытып жел ескен.
Шуағын алғашқы күн маған төгетін,
Пенделік кейпімді жоқ ешкім сөгетін,
Тауларды әке қып, бұлақ деп анамды
Ал өзім аршаға айналғым келетін.
Күз орала бастаған
Күз орала бастаған, байқадың ба?
Сенде келші, 
Оралшы, қайта мұнда. 
Сағыныштан жапырақ үзілгендей,
Менің саған таусылмас айтарым да.
Құстар қайтты, әнеки, мекеніне. 
Сен де айтып ең, келем деп кетеріңде.
Күту қандай азапты сезім еді,
Бірақ саған өкпем жоқ, есебім де. 
Сен кеткелі қала да сұрғылт тартқан,
Күн көмескі, азайтты нұрын шашқан.
Өзгерем деп қидырған бұл күндері
Жаным-ау, түк қалмады ұзын шаштан.
Иә, салқын тартады жақында күн.
Сен жайында сұрақ көп басымда мың.
Жылытамын десең кеп жүрегімді
Сенен бір-ақ сөз күтем: «қасыңдамын».
Кестелі орамал
Қалай мені тастадың бұралаңға?
Мен өзіңсің қалада тұра алам ба?
Хаттарыма жауап та бермей кеттің,
Құдай да береді ғой сұрағанға. 
Жүріп өттім қайта сол көшелермен,
Толқынымен Ертістің еседі өлең.
Неге бұлай үн-түнсіз ғайып болдың,
Жүрегімді жаралап неше жерден…
Жамау-жамау
Жұмыр ет болған әбден, 
Естелігім, сен неге сондай тәтті ең?
Бұдан әрі бейтаныс серігім-ау,
Дәл уағында болмадың
Қорған, әттең…
Үзілген соң жасаған оң амалың,
Мәңгілікке ендігі орау жаным.
Төс қалтаңнан көрініп тұрса болды
Атыңды кестелеген орамалым.
Ай қызы
Аспаннан қар жауып тұр жапалақтап. 
Елестеттім бір жанды ғажап аппақ. 
Ол – періште, бір нұрдан жаратылған,
Құтқаратын пендені жаза баспақ. 
«Сұлу» дедім ішімнен айғай салып.
Ол келгенде айналам айдай жарық!
Оны ұйып тыңдаймын,  амалым жоқ,
Бір сөзіме қалғанын жалғай салып.
Суық. Нәзік. Ертістей кербез ұдай. 
Жолықпапты бұндай жан келбеті Ай. 
Әлде шуақ жетпей қап, 
Дәл сондықтан, 
Жіберген бе Ай қызын жерге Құдай?!
Жерленген көктем
Жалғыздық.
Үрей.
Тыныштық.
Бақыт табуға тырыстық.
Уайымның бәрін әйелге
Үйе салғандай уыс қып…
Шыға алмай аттап шеңберден,
Бір үміт әлсіз сенделген.
Орындалмайтын армандар
Бесікте анау тербелген.
«Жоқ» деп айтатын арудың
Көктемі әне, 
Жерленген.
Іздемек болып бағытын,
Кешірім сұрап бәрі үшін,
Жолына дара түсем деп
Байқамай тапқан
«Табытын»;
Өз жасын жұтып тұз сінген,
Бойжеткен үнсіз күрсінген.
Ақ мешіт болған жүрегін
Кәпірлер кіріп,
Құнсыз дер,
Куәгер болған бәріне 
Ақша бұлт көкте мінсіз дер. 
Қарайсаң,
Бірге ағар деп,
Күйесін бәрі жағар кеп.
Пәктігі,
Ары,
Жастығы
Ертелеу кетті,
Амал не?
Теңізге мұңлы шомылған,
Кемесі құзға соғылған,
Желкені аппақ керілген
Тіктелмейтіндей жығылған.
Перілер салып құрығын,
Тарқатып өрген бұрымын,
Буынып қалған шашына
Сұлуды айтар бүгін кім?
Сүйемін деген жігіттің
Бәрінен болды,
Түңілдім.
Марқа сұлу
Ертеде бір бай Марқакөлді бәрінен бұрын
айналып өткен шабандозға сұлу қызын
бермек боп бәйге жариялапты. 
Тұрғандай сиқыр тұнып келбетіне
Үнсіздікпен бір сырды жасырады. 
Мөп-мөлдір Марқа сұлу тербетіле
Толқынданып, толысып басылады.
Жантайып таулар оның жағасына
Тыңдайды екен түн ауа құпиясын.
Нұрдан дастан жазуға арасында
Көлден құйып алады Күн сиясын.
Жайғасып ем Алтайдың жайын біліп,
Сақтау екен мұраты ақ сұлуын.
Айнадайын Марқаға Ай үңіліп
Өріп жатыр шуақтан шаш-бұрымын.
Мұң ақтарып әпке мен сіңілідей,
Қара түнде сырласып жатқан едік.
Бір бозбала тұлпарын сүріндірмей
Көлді айналып жасапты асқан ерлік;
Мінгестіріп әкетті арқасына
Сол жүйріктің елесі көлбең етіп.
Қош айтысып айдын-көл Марқасына
Жел де кетті менімен бірге ілесіп.
Өр Алтайдың көрсетіп аңғарларын
Пырақ маған тамаша ой ұқтырды!
Бұл өмірде адамда таңдау барын
Енді бейқам түйсігім ұғып тұрды;
Емдеп алған жанымның шер-наласын
Марқа сұлу,
Өзгеше болмысы пәк.
Дүниеде жұмақ жер – сен ғанасың,
Бұл өңірде мұғжиза болғаны хақ!
Атырсам да өмірде таңдар неше
Мұзтау үстін құс болып самғайтын ем.
Жұмақ жақтан бір орын таңда десе
Ойланбастан Алтайды таңдайтын ем!
Бесінші қабат
Сексен алтыда тек Алматының жастары емес, 
тұтас Қазақстанның студенттері алаңға барған. 
Он алты жасар Сабираның Өскемендегі 
педагогикалық коллдежге оқуға түскен шағы.
Қалада мынау тұратын біздер
Көп екен тарих таңбасы.
Өткізіп жаңа көктем мен күздер,
Жатыр ғой өмір жалғасып.
Көбісі сірә білмейді мұны,
Өтсе де талай қасынан.
Жатақхананың қазіргі түрі
Естелік екен басынан.
Жүретін халық орталық алаң,
Жүретін халық көшелер,
Қараған сайын жаңғырып санам
Жылдарға сонау жетелер.
Баласын іздеп келген асыға
Ананың даусы жаңғырып,
Не болған екен сексен алтыда,
Қалатын есте мәңгілік?
Бесінші қабат. 
Желтоқсан желі.
Аппақ қардағы қыз ғұмыр.
Соққандай болып еркіндік лебі
Жазылды тағы сырлы жыр.
Қазақтың қайсар қызының бірі
Қалса егер бүгін елеусіз,
Шығыстан шыққан жұлдыздың бірі
Естімесеңіз – 
кереңсіз!
Әділдік іздеп алаңға барып,
Заңсыздыққа ол ұрынды.
Күйені қара маңдайға жағып,
Сағынды күнін бұрынғы.
Бұзылды оның арманы сол сәт
Боламын ұстаз дегені.
Жағдайдың бұндай екенін болжап
Білмеген екен себебі.
Тарбағатайға еркелеп өскен
Қыз еді нәзік, аққұба.
Шешейдің сол күн шырағы сөнген,
Он алты жыл жанды да.
Қаншама қыздың құтқарды күнін,
Құрбандық етіп өз жанын.
Бесінші қабат. 
Азаттық бүгін. 
Сол жайлы сөзді қозғадым.
Ертіс, Їлбі
Рахман сүресі: 19-20 аят
Иә, білем, өкпелісің, 
өкпелісің.
Бірақ, бәрі түсінші, көктем үшін!
Сен менің жадымда ұзақ сақталатын
Ескірмейтін естелік, өткенімсің.
Қалғандаймын өзіңе қарап бөтен,
Қазіргі досың у ма, шарап па екен?
Өскеменге өтінем қарауыл бол,
Мен іздеймін жаңа өмір,
Жаңа мекен.
Бір айдынға аққу боп оралмайтын,
Көлеңке боп соңыңнан жоғалмайтын,
Біз Ертіс пен Үлбідей қосылмаймыз,
Толқындары бірлікте бола алмайтын.
***
Қараңғы бөлме.
Сұп-суық.
Байқатпай келіп жұт кіріп,
Кеткендей болды жаныма
Қайғы мен мұңды жұқтырып.
Жабырқау көңіл тынымсыз.
Жоғалды бақыт тым үнсіз.
Балконда бүгін тағы да
Отырмын жалғыз,
Шылымсыз.
Шырпы да үйде таусылған,
Қалмады жолдас ант ұрған.
Бармақтай бақты тілеп ем
Айнымап едім салтымнан,
Жасырды нені түн бүгін?
Ағытып аспан түндігін,
Әзірейіл келгендей
Салқынын сездім Үлбінің.