Бекжан Әшірбаев. Өлді ақын, қоғам қалды ары жетім

Дәлелдейтін болғанымды өмірде, Жалғыз менің алибиім – өлеңім!

Sep 11, 2026 - 16:20
 1
Бекжан Әшірбаев. Өлді ақын, қоғам қалды ары жетім

Алған жүлдесінен айтқан аталы сөзі көп болған

Қазақ руханияты тағы бір арда азаматынан көз жазып қалды. Ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Төребекұлы Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген Бекжан Әшірбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. Еңбек жолын өзі білім алған оқу ордасымен байланыстырып, журналистика саласында да ұзақ жылдар қызмет етті. Дегенмен оның шығармашылық болмысын айқындаған негізгі арна әдебиет пен өнер болды.
Бекжан Әшірбаевтың ақындық әлемі сырлы жырларымен, сазгерлік қыры әуезді әндерімен ерекшеленді. 
Ақынның өлеңдері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас қазақ үні», «Парасат» секілді басылымдарда жарық көрді. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Қоңыр әуен» жыр жинағы шықты.
Бекжан Әшірбаев айтыс та өз жолы қалыптастырып үлгерді. Оның суырыпсалма сөздері, ойлы тұжырымдары мен парасатты пайымдары тыңдарман жадында қалды. Ақын Мейірбек Сұлтанхан Бекжан Әшірбаевтың дүниеден өтуіне байланысты жазған естелігінде:
«Жалған дүние-ай... Айтыста айтқан әр сөзі афоризмге айналған, парасатты поэзиясы оқырманды терең ойға батырған ақын Бекжан Әшірбаев ағамыз өмірден өтіпті. Екі кештің арасында мына суық хабардан есеңгіреп қалдық…
Айтыс арқылы елге аты танылған ақын көп шығар. Бірақ алған жүлдесінен айтқан аталы сөзі көп болған Бекжан ағамыздай ақын сирек.
Жүрсін ағамыз Бекжан Әшірбаевқа арнаған өлеңінде: «Сенің сенбіде айтқан сөзіңді біз сәрсенбіде бір-ақ түсініп жататын едік», – дейді. Расында, Бекжан ағамыздың қандай интеллигент ақын екенін осыдан-ақ аңғаруға болады», – деп жазды.
Расында Бекжан Әшірбаевтың ақындық болмысы, ой тереңдігі және айтыста қалдырған өзіндік қолтаңбасы бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың мұрасына айналмақ. Себебі ақын-сазгердің артында қалған жырлары мен әуендері рухани әлемінен сыр шертетін, уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін шығармашылық қазына.

Астана уақыты

Санаң қалғып тоқсан қабат тоны бар, 
Жан морыса, көңiлiң де томығар. 
Үлкендiгi үкiметтiң үйiндей, 
Кездерiм көп кеуделерге соғылар. 

Өзiн орман ойлап қалып аға тал, 
Түрi жоқ қой жас шыбықты жаратар. 
Сурет салып әрiп жазар деңгейде, 
Даңқ күтедi «Джакондаға» жарасар. 

Бедел жинап, бақыр терiп тiрнектей, 
Өмiр бiтер ештеңеге үлгертпей. 
Бiр ағамның бар титулын мақтауға, 
Қазақтағы жетi септiк тұр жетпей. 

Бiлге азайып, бiтеу жұртта өрт ара, 
Тоғыз аңдып, таласады тортаға. 
Тас тұғырға орнықсам деп жүр әне, 
Түсiрсе де жарайтындар фотоға. 

Әукең түсiп, әжине боп сорласаң, 
Атаймандар айдап тығар торға сан. 
Әдiлдiктi жеңiлген жақ iздейдi, 
Жеңгендерге керек бопты ол қашан? 

Марлат қоғам, мәрем қылар тар дәурен, 
Кiм санаспақ мәми ауыз, марғаумен? 
Бас бәйгенi үнемi алу сезiмi, 
Бiрдей шығар оны мүлдем алмаумен. 

Танып жырдың тәр-тәрбие, тәсiрiн, 
Ой-тоғанның бұзылады рәшi мың. 
Сөздi өңдеуге тым жауапты қараймын, 
Өткiзердей қайта жерлеу рәсiмiн. 

Биқат тiрлiк бұйыртса да бақыт кем, 
Жырларымнан жоғалмайды жақұт рең. 
Ақын үшiн ой туар сәт ұлы ғой, 
Тiркеп қояр астаналық уақытпен!

Құлпытас
(Әзiмбек Жанқұлиевтың рухына)

Әзiлге отыратын бұра сөзiн, 
Жан едi ол бойға бiткен бұла сезiм. 
Даусы бар әбеқоңыр Әзiмбектiң, 
Мен соңғы күндерiнiң куәсi едiм. 

Қайтемiз тағдыр iсiн тергеп текке, 
Өмiрден бiрiншi адам ендi өтпек пе?! 
Қалдыбек Құрманәлi ерке досын, 
Ап келдi Алматыға емдетпекке. 

Сұра өмiр! Cекунд қосып, минут тасы, 
Бәрiбiр ауыр тартар бұйрық тасы. 
Сазгерде виллаларға еркiн кiрер, 
Ажалдың болмай шықты визиткасы. 

Өлдi ақын... Қоғам қалды ары жетiм. 
Жасымен жуғансыды бәрi бетiн. 
Қазаны жеткiздi олар бiр-бiрiне, 
Айтқандай ауа райы мәлiметiн. 

Рухыңды есен ұстап ер күзетi, 
Қойт-қойтта қағысудың келдi ретi. 
Айтысса Жанқұлиев экранның,
Шулайтын арғы бетi, бергi бетi. 

Өмiр-ай, талайларды шал ғып жатқан, 
Қайда сол жиырма жасы жаңбырлатқан?! 
Жүрсiннiң айтыстары өте берер, 
Бiр ақын келмейдi ендi Жамбыл жақтан... 

Алаңмын, елегзимін, ұйқым жамау, 
(Келмеске кеттің неге, сүйкімді аға-ау?) 
Суреті сағындырған сол ақынды, 
Өмірден бір көрсетер сиқыр жоқ-ау!..

Джунгли заңы

Құстар халқын маңында шулатпаған, 
Жалғыз қалған ағаштай қурап барам. 
Уақыт сатқан қаланың тіршілігі-ай, 
Көшесінде түтіні будақтаған.

Естігенде жауапсыз сан сұрақты, 
Мұң қабыздап, тілейді жан шуақты. 
Кітап жазсам деп жүрмін бәрі оқитын, 
Өтіп кетер бір күнде нан сияқты.

Қару сөйлер заманның алды қайғы, 
Оқ қай жаққа соғыста қаңғымайды? 
Терезенің ар жағы тыныш болып, 
Тату ішкен бақыт қой таңғы шайды.

Қалқан болар қасыңа жи күштіні, 
Жұдырығы жуанның тигіш тілі. 
Қорғанады барлығы сыртқы жаудан, 
Еш елде жоқ шабуыл министрі. 

Көбелектей түсірер жынды күйге, 
Мегаполис – мың бояу, түрлі бейне. 
Шамын жағар үңгірлер заманауи, 
Адам қолы тұрғызған джунглиде. 

Таныс сүрдек – сазданып қыш реңі, 
Ішіндегі шатыраш күш үреді. 
Сөзге сараң кеңсенің мамандары, 
Ыммен қайта бір-бірін түсінеді. 

Сыйласқанға не жетсін бет тырнамай, 
Бермеңдерші сөзімді көп бұрмалай. 
Мәдениетті ұмытып, доцент досты, 
Ысқырықпен шақырғым кеп тұрғаны-ай!..

Уақыттың қадірі

Өмiрдi тез тауысар да сараң күн, 
Бәрiн айтар әжiм атты хабаршың. 
Сөйтiп бiрде, баласына балаңның 
Әкесiнiң әкесi боп қаларсың.

Апас-қапас күндер жұтып аптаны, 
Қаймақшыған түнге сiңдiк ай мұртты. 
Секундтардың өтiп бара жатқаны, 
Спортшыдан басқа кiмдi қайғыртты?!

Тәушеленер сезiмiме ерiп мен, 
Тотыбағы түрленетiн таң күттiм. 
Тоғыз айдың перзентiне нелiктен, 
Тоғызыншы мамыр емес барлық күн?! 

Амал қылсақ – сен өлмей, я мен өлмей, 
Қалған емес қорқытша бұл ортақ ой: 
Басқа нәрсе ойлап тұра берердей, 
Ажал бiзге әсер етпей қойса ғой!

Бұл туған күн екеу болса адамда, 
Бәрiбiр де алушыға – алты кем. 
Қадiрiңдi қалта бiлер заманда, 
Уақыт неге қозғалмайды ақымен?!

Өмірбаян

Бала кезім... кеуде таудай еңселі, 
Әке сөзі – алдағы күн өлшемі. 
«Оқуына түскің келсе әртістің, 
Ең алдымен жылауды үйрен»,– деуші еді. 

Өмір – ойын, қазір біраз қол қашты, 
Бұрын ондай сәтсіз жүріс болмас-ты. 
Тек көктемді көріп тұрған көзімнен, 
Шығара алмай қиналғанмын сол жасты. 

Ғарышкерден емес даңқы мысқал кем, 
Бір керемет өлең жазу ішкі әурем. 
Телефоны тыңдалатын адамдай, 
Әдебиетте сөйлеу керек тұспалмен. 

«Өнер» деген өзен бойын жағаттай, 
Жүріп келем, тап болады сабат қай? 
Том-том кітап қалмас менің артымда, 
Табақ-табақ тойға тартқан тамақтай. 

Бір сұлу деп атқа қонды талай ер, 
Сезім азса, атанармыз жабайы ел. 
«Қарай берсең, жасартатын айна бар», 
Десем қазір іздеп кетер бар әйел. 

Он сегізде кездеспеген қызды ойлап, 
Көңіліме алғаным бар күз байлап. 
Жапырақтың сарғаюын тоқтату, 
Ғылым үшін тақырып боп тұр қайнап. 

Ей, бауырым, әр күніңе тәубе де, 
Жоғыңды іздеп түсе берме әуреге. 
Меншігіңе айналдырсаң барлығын, 
Сіздің үйге симай қойды тау неге?! 

Үміт деген – жеуге келмес көк өрік, 
Кел, одан да сәтті күнге сенелік! 
Мүмкін сізді соғар көлік бүйірден, 
Бағдаршамда қалды бүгін бөгеліп...

Менің алибиім

Сұлу ойдан аршып алдым алты кен,
Мейірімсіз адам шығар заты кем.
Су жәндігі медузада, о, тоба,
Жүрек деген болмайды екен атымен!

Ақын өлсе қайғырмаңдар тым қатты,
Оқырманы тірілтеді қымбатты.
Кітап болып қайта келем әр үйге,
Суретім де айта алады сыр жақсы.

Тұқмат даудың оңай тимес қорлығы,
Жанарларда жасырулы көл мұңы.
Ізгілікке шақыратын жыр жазам,
Қылмыс саны азаятын сол күні.

Антқа адал алғадайға сай нәтім,
Алыстаған ағайыннан ай жақын.
Ақымақты ойландырар сөз айтам,
Етке өткізіп жіберетін бәйге атын.

Шабытымның шаңқан бозы сенерім,
Арғымақ жыр қолтығын бір сөгемін.
Дәлелдейтін болғанымды өмірде,
Жалғыз менің алибиім – өлеңім!

Отанды сүю

Жанарға жарқын көшті үміт,
Таңымда алтын арай бар.
Атысқан жауды дос қылып,
Тұрғызды тасым сарайлар.

Айтсыншы елім жаз әнін,
Кеудемде үміт бүрлеген.
Домбыражанды қазағым,
Құран мен күйді үзбеген.

Мейірі жүрек жібіткен,
Тербейді ана бесігін.
Батырын қайта тірілткен,
Ұлына қойып есімін. 

Намысты ұлдар қомданса
Жарыста жанар шын бағым.
Толағайларым топ жарса,
Туған жер гүлін сыйладым.

Бақытты туған ер сенде,
Сардалам саған сүйіндім.
«Отан» деп жазса өшер ме,
Қантамырлары миымның?!

Жоқтау

Қолында ұзын бар тізім,
Көрінер кейде тым мырза.
Арпылдап ажал арсызым,
Екі ағамды алды бір жылда.

Айтқызып мұңды бәйіт тағы,
Сүйретті қайғы көкпардай.
Екі ұлын іздеп қайтқалы,
Әжеміз кетті көп болмай.

Азаға жанды бөктіре,
Жау болып тиді көшке не?
Қаралы хабар жетті де,
Жүрегім түсті өкшеме.

Өмірден адам озады,
Тоқтайды бірде арба алғы.
Бетінің шығып бозағы,
Ботадай боздап жар қалды.

Мін терсең тере бересің,
Айғыздар көңіл әйнегін.
Егеске қиған енесін,
Елеске қиған қай келін?!..

Жылайды екен жесір шын,
Бақылдасқанда бағы алдап.
Бас мүфти мені кешірсін,
Өлімді кетсем жамандап.

Бейіттің басы. Қара күн.
Дауыстар шықты құмығып.
Ертеңі бітіп қаларын,
Еріншек көршім тұрды ұғып.

Қияқты ай түсті көзіме,
Төмпешік болды дүр көкем.
Шақырып елді өзіне,
Жарнама бермес бұл мекен.

Қызықтап сұлу бәденді әр,
Айналма ары шығайға.
Көлденең барар әлем бар,
Тік жүргеніңде тік ойла!

Күнәңді айтар тізіп ап,
Амал дәптерің – тұғырың.
Аяқтың ғана ізі қап,
Аяқталмасын ғұмырың!