Биқожа Жакипов. Ғасырлар көші: Жібек жолындағы көне Көксарай
Көксарайым – ардан да ақ. Бабалардан қалған бақ...
Бикожа ЖАКИПОВ – Түркістан облысы, Отырар ауданы, Көксарай елді мекенінің тумасы. Мектепте оқыған кезден-ақ әдебиетке бейімі байқалып, өлең, мақалалары өзі оқыған мектептің, кейіннен институттың қабырға газеттерінде жарық көріп тұрды. Аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындардан көрінген ақындығы өз алдына, өзі туып-өскен Сыр өңірінің жер-су аттарының этнографиясы мен этимологиясы жайында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп келе жатқан зерттеуші-ғалымдығы да бар. Бикожаның өлеңдері орынсыз әсірелеу мен артық теңеулерден ада, таза сезім мен ойға құрылған. Өлеңдерінің тақырыбы туған өлкенің тарихы мен тарихи оқиғаларына, сол оқиғаларға өзек болған тарихи тұлғаларға арналған дүниелер болса, идеясы – туып-өскен жердің қадір-қасиетін ұрпаққа сезіндіру. Соның бірі – ұсынылып отырған «Көксарай» өлеңі.
Болат ҚАЛЫБЕКОВ,
Ж.А.Тәшенев атындағы
университеттің аға оқытушысы,
Филология ғылымдарының кандидаты
Келелі ғұмыр кешегі,
Еншісі елде еселі.
Елемеген өткенін,
Өз тамырын өзі кеседі.
Ақтара алсаң аңызды,
Тарихтан самал еседі.
Жағасында Сейхунның,
Маңдайда бағы бес елі.
Тораңғыл тоғай қоршаған,
Бекеті биік кешені.
«Көксарай» атты көкорай,
Қала болған деседі.
Тұрса да күтіп жат алдан,
Күн-түні үрей тақалған.
Сылдырын естіп тілланың,
Саудагер қалай жата алған?..
Алтын мен күміс пендені,
Түбіне жердің апарған.
Пайдаға батып бәз біреу,
Салдырған сарай шаһардан.
Көмусіз қалған талайлар,
Қайырсыз қайтпай сапардан.
Шығыстан шыққан керуеннен,
Батыстың байы зат алған.
Тапсырыс берген кітапқа,
Ғұламаларға хат арман...
Тізбегі – ғасыр ұлы көш,
«Жібек жолы» атанған.
Алқасы асыл мұраңның,
Арқауы шашу жыр-әннің.
Панасы болған халықтың,
Даласы мынау Тұранның.
Қырық екі тайпа рудан,
Қалың елім, құралдың.
Сар дала – Сақтың мекені,
Құрық тимеген құланның.
Жағасын жауға жыртқызбай,
Имеген басын ұланның.
Жазира, байтақ, кең дала,
Қанаты талған қыранның.
Қағанаты әз түркілер,
Ұлысы ұлы ұранның.
Жазбасын оқып Күлтегін,
Сарқылмайтын сыр алдым.
Тереңге жайған тамырын,
Тұлғасындай шын ардың.
Өткеніне осы елдің,
Ертеңім үшін құмармын!
Қытайдың елі бұрыннан,
Тіршілік мәнін ұғынған.
Ұғынбай қайтсін өмірі,
Көз ашпаған шығыннан.
Минь, Цинь, Хань боп бөлініп,
Бір-бірімен қырылған.
Теңізге шықса кемесі,
Теперіш көріп бұрылған.
Құмырсқадай көп жұрты,
Қиындықтан сығылған.
Бақа, шаян теріп жеп,
Кесел жайлап жығылған.
Хань дәуірі келгенде,
Бастарын қосып ырымнан,
Билеген биік тұғырдан.
Бірлік орнап билікте,
Су тартқандай бір шығырдан.
Алысқа тыңшы жіберіп,
Зерделеп, зерттеп ұрыннан,
Күн көрістің көл көзі,
Сауда саттыққа бұрылған.
Вэйхэ өзені жағасы.
Көне Чанъань қаласы.
Жібек, фарфор, нефрит.
Сауданың қызған саласы.
Құрт жегенге құт берген,
Құдіретке қарашы!
Жібек жіпке оранған,
Жібек құрттың баласы.
Дайын өнім матаға,
Ажыраса болды арасы.
Құпия мұны сақтаған,
Адамның іште аласы.
Көрсетпеген бөгдеге,
Болмау үшін таласы.
Басын кескен жат көрсе,
Қымбат мата шамасы.
Қиындықтың себебі
Жазылмаған жарасы.
Жібек жайлы көп аңыз,
Шындыққа оны санаңыз.
Аңызды жалған десеңіз,
Ақиқат қайдан табамыз.
Қытайдың бір ханшасы,
Ақылды өзі дара қыз.
Сол сұлуды үндінің,
Бір байы депті «аламыз».
Қалың малды да аямай,
Көнбесе адам саламыз.
Дегені болған күйеудің,
Бал жесең, бармақ жалаңыз.
Сәті келген Үнді үшін,
Тірлікке мұны балаңыз.
Ұзатылған сол ханша,
Қызықты енді қараңыз,
Шашына тығып әкеткен,
Жібек құрттың пілләсін,
Ішінде құрт бар сары ауыз.
Білу бөтен жатқа арман.
Тоқылған бөзден зат қалған.
Үндістанда құрт көбейі,
Үміті ханша ақталған.
Қытайдың қызы емес пе
Құпия түбір сақталған.
Ал, шыққан керуен Чанъаньнан.
Барар жерлері нақталған.
Биік тауларды бетке алып.
Сақтанып тас, құз, жақпардан.
Әскерін ертіп жалдама.
Соғысқа шебер бапталған.
Шөл дала жағын жағалап,
Жау шаппасын деп шатқалдан.
Шолғыншы салып алысқа.
Апталық біліп ақпардан.
Ескі сүрлеуді сүйеулеп,
Ізбенен жүріп тапталған.
Айлық хабардан жеткізіп.
Қосылған керуен қапталдан.
Ауғанның басып даласын,
Ыстық, суыққа қақталған.
Арып, ашып, шашырап,
Өлуге кезде шақ қалған.
Жағасында Жейхунның,
Қалаға келіп тоқталған.
Жейхунның жайы жеке тым.
Өткел жоқ жазда өтетін.
Қамыстан салған салыңды,
Ағызып ағыс кететін,
Ескендірге көнбей бұл ағыс,
Көрсеткен мысқыл кекетім.
Арнасы үш-төрт шақырым.
Кезі бар одан да өсетін.
Сейхунда жағдай бір бөлек,
Бір жол бар оны кесетін.
Көксарайдың тұсында,
Мақауаралдың ұшында,
Қыл бар жүзген жететін.
Көшпелі халық сол жерден,
Арлы-берлі өтіп көшетін.
Кешеге дейін қариялар.
Сырды алар қыл бар десетін.
Қылбайлағанның аңызы,
Самал желдей есетін.
Сол Сейхун қазір – Сырдария.
Өзен боп қалды кешетін.
Бағаламасаң барыңды,
Көкіректі қайғың тесетін.
Отынын салып тұрмасаң,
Оттың да күні бар өшетін.
Жаңғыртып тарих қылмасаң,
Сөзің де қалмас бөсетін,
Өзің де қалмассың өсетін.
Ертеңге қалар бақ-мұра.
Айырар қара-ақты да.
Мағлұмат беру мақсатым,
Қателік бар ма, нақты ма?
Еліме деген махаббат –
Қиялдай қанат қақты да.
Төбеме түгел көтерсем,
Түркіні, Тұран, Сақты да.
Адамзат, сені сүйемін.
Жақын тартамын жатты да.
Жейхунға қайта келейін...
Керуені байыз тапты ма?!
Төмен түспеген арнасы,
Дарияның суы қатты ма?!
Мұз қатса жол ашылмақ.
Саудагер көңілі шат мына.
Жеткізу керек батысқа.
Тай-тай жібек, затты да.
Түйенің қомын түзулеп.
Тағалау керек атты да.
Ұзақ тұрғанды ұнатпас,
Сағди елінің ордасы,
Керуен сарай – Бактра.
Жейхуннан өтіп шамалап.
Термез шаһарын паналап.
Мавреннахрдың алабын,
Кетпекші керуен аралап.
Салымы бар саудагер,
Затын алар жер жаңалап.
Екі өзеннің арасын,
Қызылқұм мен Қарақұм,
Даласы жатыр даралап.
Самарқан, Бұхар, Хорезм,
Худжанд көне қала нақ,
Жейхунды жатса жағалап.
Көккесене мен Көксарай,
Сейхунда жатқан жаңа бақ.
Қылдан қиып өтсеңіз,
Фараб, Сауран, Сығанақ.
Ғалымдардың пайымы,
Тиесілі емес еш маған-ақ.
Қайтарсам енші өткеннен,
Шоқ етіп үрлеп шаланы ап.
Қарапайым бір балаңмын,
Қадіріңді жүрген бағалап.
Жол көрсетер үлкеннің,
Соңынан ердім ағалап.
Есебің болса елменен,
Ертеңің қалар жерменен.
Жақұтың жалпы қазағың.
Ертегің көркем ерменен.
Керуен көшіп келеді,
Қызылдың құмы тербеген.
Саудагер қағар таңдайын.
Мұндай жайды көрмеген.
Жусанның жұпар иісі,
Танауды түртіп кернеген.
Сексеуілге піскен дәмді асқа,
Еш мәзір тең келмеген.
Төрт-түлік мал қырдағы.
Маса, сонасыз шөп жеген.
Майда самал жел шертеді.
Көңілде күй пернеден.
Падишасы шөл даланың,
Аяғын түйе сермеген.
Босағаны тастап арқаға,
Жаңа елге керуен төрлеген.
Аққорғаннан су ішіп,
Аптығын басқан шөлдеген.
«Өлі балыққа кезігер, –
Дегенің осы – өлмеген».
Қарақ тауы алдыңда,
Мұрындай жатыр көлденең.
Арғы жағында Көксарай,
Жағасы Сейхун көлбеген.
Көксарайым – ардан да ақ.
Бабалардан қалған бақ.
Өткен сырды оятсам,
Ертеңге бүгін жалғанбақ.
«Көне қала Көксарай»
Ауылын жүрмін армандап.
Тарихи тарту атыңды,
Жаңғыртуға тек затыңды,
Бар күшін ұлың қолданбақ.
Сондай күн туа қалса егер.
Қаймана қазақ қамданбақ.
Сыртқы, ішкі саяхат,
Жан біткендей жанданбақ.
Отырар, Сауран, Түркістан,
Көксарай – көне жол болмақ.
Орта бизнес оңалып,
Сыбағасы мол болмақ.
Орталығы – Шәуілдір.
Сәлемін тұрар жолға арнап!
Жібек жолы тіріліп,
Алла ісіңді оңғармақ!