Ғалымжан Орынов. Білім саласына кездейсоқ адам келмеуі керек

Білім сапасы – ұлттың сапасына әсер ететін бірден бір фактор. Егер бала мектепте әділ баға алса, сол баладан болашақта мықты, әділ азамат шығады...

Jun 27, 2026 - 13:33
 15
Ғалымжан Орынов. Білім саласына кездейсоқ адам келмеуі керек

Бүгінде Түркістан  өңірінде жарты миллионнан астам оқушы білім алып, мыңдаған педагог келешек ұрпақты тәрбиелеу жолында еңбек етуде. Білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлық әлеуетті күшейту, оқушылардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті міндеттері. Осы туралы Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов «Ой Hub» подкастында білім саласындағы өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен әңгімелеген болатын.

– Ғалымжан Қалдықозұлы, ең алдымен биылғы оқу жылының несімен ерекшеленгені, қандай нәтижелер болғаны жайлы айта өтсеңіз. Жалпы облыс көлеміндегі білім сапасына беріліп жатқан баға қандай?

– Түркістан облысының білім саласы өңірдің, жалпы еліміздің болашағын қалыптастырып жатқан ең үлкен әлеуметтік жүйе деп айтсам болады. Әрбір санның артында баланың тағдыры, ата-ананың үміті, мұғалімнің еңбегі және мемлекеттің жауапкершілігі тұр. Өңірдегі білім беру ұйымдары жалпы саны  2752 құраса, оның ішінде 1441 балабақша, 1106 мектеп бар. Сонымен қатар, 50 колледж, 115 қосымша білім беру ұйымдары, 7 арнайы мектеп-интернаты, 17 педагогикалық-психологиялық орталық және 16 педагогикалық, медициналық, психологиялық ұйымдары жұмыс істеуде.

Түркістан – демографиясы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сондықтан, бізде бала саны да өте көп. Орта мектептерінде 554 мыңнан астам оқушы, балабақшаларда 153 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Одан бөлек колледжерде 46 мыңнан астам студент оқиды. 85 мыңдай бала 115 қосымша білім беру ұйымдарына барып, түрлі бағыттағы өз қабілеттерін шыңдап, қосымша білім алуда. Міне, осы балаларға білім беретін – ұстаздар. Сәйкесінше біздің өңірде ұстаздар да көп. Жалпы 85 мыңдай ұстаз болса, соның ең ірі көлемі орта білімде. 67 мыңнан астам мұғалім мектеп қабырғасында балаларға білім беріп жүр. Жыл сайын білім алушы балалар саны көбейіп келеді. Өткен жылы 48 мың бала болса, биыл 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа келеді.

–   Ұлттық Бірыңғай Тестілеу – көптеген мектеп түлектерінің ерекше көзге түсетін, тағдыры шешілетін сәттерінің бірі. Биыл Түркістан өңірінің түлектері айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, тіпті халықаралық деңгейдегі оқу гранттарын жеңіп алғаны мәлім болды.  

– Әлбетте, ҰБТ – көпшілік үшін жауапты әрі үмітке толы кезең. Әрбір оқу жылы тәмамдалғаннан кейін ұстаздар да, ата аналар да, білім басқармасы да түлектердің жақсы нәтижеге жетуінен үміттеніп отырамыз. Биыл 11-сыныпты бізде 35 мыңнан астам, ал  тоғызыншы сыныпты 47 мыңнан астам оқушы бітірді. Мақтанарлықтай деректер бар екені рас. 2400-дей бала «алтын белгіге», 3100-ден астам бала үздік аттестатқа үмкіткер. Сол жалпы 35-мың бітіруші түлектің ішіндегі 31 мыңы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Облысымызда 4 аймақтық тестілеу орталығы жұмыс істейді. Түркістан қаласында, Созақ, Жетісай және Сарығаш аудандарында. Тест тапсыру кезіндегі барлық қажеттіліктерге жіті дайындық жүргізіліп, барлық жағдай жасалды. Медицина қызметкерлері, психологтар сынды тиісті мамандардың бәрі кезекшілікпен жұмыс істейді.

Ерекше атап өткім келетіні Түркістан қаласында орналасқан «Тұлға» мектебі. 16 мамыр күні осы мектептің екі бірдей түлегі шекті 140 балл жинады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында Исламқұлов атындағы мектептің түлегі де 140 балл алды. Әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жатқан боларсыздар, Мақтаарал ауданындағы шалғай Жаңаталап ауылдық округінде Қ.Аманжолов атындағы мектептің түлегі Нұрәлі Медина атты мақтанышымыз шетелдік бірнеше жоғары оқу орындарына өзінің құжаттарын тапсырған екен. Сол мақсатының нәтижесінде 80-нен астам әлемдегі ең озық жоғары оқу орындарынан шақыру алды. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш.

– Жалпы облыс көлеміндегі шәкірттеріміздің пән олимпиадаларында жеткен жетістіктері қашан да жоғары бағаланады. Тіпті, халықаралық білім сайыстарында топ жарып жүрген оқушыларымыз бар. Білім басқармасының басшысы болған соң, жыл соңында оқушылардың жеткен жетістіктерін сүйіншілей айта кетсеңіз...

– Кез келген республикалық, халықаралық үлкен дәрежедегі сайыстарға бару үшін облыстан қолдау керек. Қазақта «Ат шаба ма, бап шаба ма? Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген сөз бар ғой. Сол секілді біз де ең алдымен оқушылардың бабына, бапталуына мән береміз.

Өткен жылы облыс басшысы Нұралхан Көшеровтың қолдауымен өңіріміздегі «Алатау» деген лагер жыл бойы істейтін сауықтыру орталығына айналды. Ол – олимпиядалық даярлық мектебі. Қазір сол орталыққа балаларды апаруды бастап жатырмыз. Биылдыққа 2-3 ауысым болды. Алғыр, білімді, ертең топ жарып, бәйге алады-ау деген балаларды іріктеп, сол орталыққа алып барып, әрі демалдырдық, әрі дайындығын пысықтадық.

Соңғы жылда Түркістан облысындағы 330 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Оның 169-ы әртүрлі деңгейдегі жүлдемен оралды. Оқушыларымыз 14 халықаралық медаль, оның ішінде  2 алтын, 6 күміс, 6 қола медальды қанжығаларына байлады. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұрын ауыл мен қала оқушыларының олимпиадасы бірге өтетін. Әрине, оны бірге өткізген ауыл балалары үшін қиындық тудырады. Меніңше, қаладағы оқушылардың ауылдағы балаларға қарағанда мүмкіндігі мол. Сондықтан қазір біздің мемлекет басшылығы ауыл балаларына бөлек олимпиада ұйымдастыру ұстанымын ұстап отыр. Осы ауыл балалары арасында өткен олимпиадада біздің ауыл мектептерінен шыққан балаларымыз ең үздік бірінші командалық есепті жеңіп алды. Сонымен қатар 118 ауыл оқушылары жүлдемен оралды. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш. Себебі, ауыл мектептерінде де білгір, алғыр, талантты балалар өте көп. Былайша айтқанда «бұлақ көзін ашқандай» жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ, Төлеби ауданындағы «Дарын» мектебінің оқушылары робототехника бойынша АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында бірінші бестікке еніп, жүлделі орынға ие болды. Сол сияқты Қазығұрт ауданынан шыққан оқушылардың құрама командасы Грекияға барып, олар да халықаралық робототехника чемпионатында 2-орынды  жеңіп алды. Балалардың кітап оқып қана қоймай, бойында бар қабілетін ашып, оны бәйгеге салып жеңіс тұғырынан көріне білгені де керемет екен. Сондықтан біз алдағы уақытта да осы қарқынды дамытып, балаларымыз осындай үлкен сайыстарға барып, жеңістерге жетеді деген үміттеміз.

–  Оқушылардың жазғы демалысты тиімді пайдаланудың қажеттігі жайында да көп айтылып жүр. Осы тұста балаларға арналған жазғы лагерлер тақырыбын қозғасақ. Дәлірегі, ондағы қауіпсіздік шаралары мен қолжетімділігі жайында не айта аласыз?  

– Жазғы демалысты ұйымдастыру барысында 3 бағытты қолға алып отырмыз. Біріншісі – қала сыртындағы лагерлер; Екіншісі – мектеп жанындағы лагерлер; Үшіншісі – танымдық экскурсия, шығармашылық, еңбекке баулу сынды бағыттар.

Қала сыртындағы лагерге келетін болсақ. Ол жерде 35 мыңнан астам бала жазғы демалыстық лагермен қамтылады. 15 мемлекеттік, 14 жекеменшік лагерлер жұмыс істеп жатыр. Барлығының өрт қауіпсіздігі, санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік мәселесі сынды барлық тиісті шаралар қабылданған. Әрлеу, сырлау, әктеу, тазалау жұмыстарының бәрі жүргізілген. Ол лагерлердің барлығын  мамандармен бірге өзіміз аралап шықтық. Оған қоса, құзырлы органдар, полиция департаменті, төтенше жағдай департаменті сынды басқа да мемлекеттік органдар бізге көмек беріп жатыр. Оларға рақмет айтқымыз келеді.

Мектеп жанындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін 230 мыңнан астам баланы жазғы мектеп жанындағы лагерлермен қамтимыз. Оның бірқатары тамақпен қамтылады. Бірқатарына түс мезгіліне дейін, тамақсыз бос уақытын тиімді пайдалану жұмыстарын ұйымдастырамыз. Мұнда біздің қойып отырған ең басты талабымыз: жазғы демалыс оқудың жалғасы болмауы керек. Бала тынығу керек. Бірақ, демалыс екен деп, балалар жазда бос сенделіп жүрмеу керектігі тағы бар. Сол себепті біз оларға түрлі, мазмұнды шаралар ұйымдастырып жатырмыз.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз биылғы жылы Қазақстанда бірінші рет жазғы лагерлердің күтіп ұстап, жалпы жұмыс істеу регламентін әзірлеп, бекіттік. Бұл дегеніміз не? Мәселен, кез келген өңірде жазғы уақытта лагер жұмыс істейді. Күзгі, қысқы күндері ол қараусыз қалады. Көктемде қайта барып оны түгелдейді, жөндейді, сырлайды, әктейді деген сияқты көп мәселе туындайды. Қысты күні қараусыз қалғаннан кейін түрлі адамдар кіріп-шығып жатады. Балалар ойнайтын, балалар демалатын жер болғаннан кейін, олардың арнайы қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей шаралар қабылдап, аталған регламентті бекіттік. Оны маусым-маусымына байланысты төрт кезеңге бөлдік.

Жалпы тұтас қоғам болып, мектеп болып, ата-ана болып бәріміз бірге  атсалысқан кезде бала жақсы тәлім-тәрбие алады. Президентіміз мәселе көтеріп, инициатива білдіріп жатқан «Адам. Азамат. Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Заң мен тәртіп» қағидасы дегендердің барлығын  зерделей отырып, біз өзіміздің өңірлік «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» деген тұжырымдама қалыптастырдық. О баста бұл тұжырымдаманы 1-маусым – балалардың құқығын қорғау күніне орай әзірлеген едік. Бірақ, бұл бір мезеттік не бір күндік емес, тұрақты бала, ата-ана мен мемлекеттің байланысын бекітетін дәстүрлі түрде жүргізілуі тиіс жұмыс екен. Себебі, баланың көңіл күйі, тәрбиесі үйден басталады. Содан кейін мектепке келеді. Мектепте қандай тәлім-тәрбие, білім алып жатыр деген сияқты мәселелердің барлығын біз осындай біртұтас тұжырымдаға келтірдік. Өйткені, соңғы кездері бала тәрбиесі туралы туындап жатқан сұрақтар өте көп. Сол сұрақтарды осындай жолмен шешуге әрекет жасап жатырмыз.

Аталған әрекеттердің бірі – Түркістан қаласының орталығында «Конгресс холлда» мектептердегі мыңнан астам ата-аналар комитетінің басшыларын шақырып, кездесу өткіздік. Жақсы ойлармен бөлісіп, алдағы уақыттағы жазғы демалысты төтенше жағдайсыз жақсы көңіл күймен ұйымдастыруға үндеу жасадық.

– Ғалымжан мырза, сайып келгенде дәл осындай жетістіктер Түркістан облысының білім сапасына ортақ баға беруге келгенде шешуші рөл атқаруы мүмкін. Арнайы деректерге көз жүгіртіп қарасақ, білім сапасы бойынша 69,4%-ды құрап, Түркістан облысы республика көлемінде көш басында тұр екен. Осы ақпарат туралы, жалпы бұл білім сапасы нақты қандай критерийлерге сүйеніп бағаланатыны жайлы айта кетсеңіз.

– Өткен оқу жылының қорытындысында Түркістан облысының білім сапасына байланысты айтылған сын көп болды. Одан хабарым бар. Өзімнің туған жерім Түркістан облысы болғаннан кейін оған қатты жүрегім ауыратын. Әрине, бұл бір күнде өзгеретін дүние емес. Дегенмен нақты әрекеттер адымдаған сайын, араға ай салып, жыл салып жүріп нәтиже беретіні анық. Биылдың өзінде нәтижеге көз жеткізіп отырмыз. Бұл да бір жылдың ғана нәтижесі емес. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 16 тірек метептерін белгілеп, оларға 40-тан астам магниттік мектептерді байлап, әдістемелік құралдарға мән беріп, солармен жұмыс жасалғанының нәтижесінде біздің облыс ішкі бағалау бойынша алдын-ала есеппен қазір 69,4%-ды құрап отыр. Иә, республикада көш бастап тұрған көрсеткіш екені рас. Бірақ, бұл бәрі жақсы екен деп, тоқмейілсіп кетуге себеп емес. Біз де бұл көрсеткештердің бәрін зерделеп жатырмыз.

«Білім класс» дейтін электронды күнделік бар, содан 4 тоқсан бойы алынған балл-бағалаулардың нәтижесі. Әрине, өте қуанышты жағдай. Бір жылда 4%-дан астам өсім көрсетіп отырмыз.
Бірақ, мұнда да бірнеше нақты мәселелер бар. Бірінші, білім сапасын ішкі бағалау мен сыртқы бағалау деген бар. Сол ішкі бағалау мен сыртқы бағалаудың арасында шамалы айырмашылық бар. Жасыратыны жоқ, әр мектеп, әр ұстаз кей кезде баланы ынталандыру үшін бағаны сәл көтермелеп қоятыны бар. Біз осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әдіскерлермен жұмыс жасап жатырмыз. Себебі, баланы артық көтермелеуге болмайды, әділ баға алуы керек. Сондай-ақ электронды журналда бұған дейін қойылған бағаны өзгертуге мүмкіндік болған екен. Енді оның да объективті, субъективті факторлары бар. Дей тұрғанмен де, біз оның уақытын қысып, шектеу қойдық.

Екінші мәселе 5-9 сыныптағы балаларға қатысты. Бастауышта білім сапасы өте жоғары. Ал 5-9 сыныптар аралығында білім сапасының төмендеуі айрықша көзге ұрады. Біз осыны қазір әр мектеп, әр пән бойынша зерделеп жатырмыз. Біздің тарапымыздан қай тетіктерді жөндеу керек екенін, қай тұсқа назар аударуымыз керек екенін нақтылау бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Үшінші мәселе, жаратылыстану, математика бағыты бойынша. Әсіресе, математика, физика, химия және функционалды сауаттылық бойынша ішкі бағалауда да, сыртқы бағалауда да мәселе бар екені көрінеді. Аталған мәселенің де түп-төркінін зерттеп, қай мектеп, қай пән, қай оқытушының деңгейі төмен екендігін, қандай әдістемелік қателіктердің кеткенін анықтауға талыпынып жатырмыз. Біз бұл жерде мүмкіндіктерімізді толық пайдалана алмай жатқан болуымыз мүмкін немесе басқа да сұрақтар бар. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде мәселенің шешімін табамыз деп ойлаймын.

Төртінші мәселе, күрделі мәселе деп айтсам болады... Жаңа айтып өткен қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы. Бұл тек Түркістан облысының емес, жалпы республикамыздың, бүкіл әлемнің ашық тұрған сұрағы десек болады. Бұл мәселеге мемлекет басшысының да баса назар аударып жатқанына рақмет айтуымыз керек. Себебі, қай жерде болса да, ауыл мен қала мектептерінің білім сапасы бір-бірінен қалыс қалмауы тиіс. Бұл нәтижеге дәл осы уақытты қол жеткіземіз деп дөп басып айту қиын, дей тұрғанмен, аталған алшақтықты жою мақсатында көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Қазір біздің «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп істеп жатқа жұмыстарымыз бар. Солар арқылы жаңа атап өткен физика, химия пәндеріне арнайы кабинеттерін алып, 100 ауыл мектебіне үлкен бір инвестициялық жоба жүріп жатыр. Облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлының өзі бастап «Қазақстан халқына» қорына ұсыныспен шыққан болатын. Олар мектептердің жағдайын зерделеп, ұсынысымызды қабыл алды. Бірнеше комисся отырысында талқылап, қорғап шықтық. Енді алдағы уақытта ауыл мектептеріне 300 физика, химия, биология пән кабинеттері келеді. Сол арқылы ауыл мектептері әбден жабдықталған кабинеттерде тереңдетілген білім алуға қол жеткізеді. Нәтижесінде біздің облыстың білім сапасының көрсеткіштері бұдан да өседі деп сенеміз.

Айта кетейін, жалпы осы білім сапасы – ұлттың сапасына әсер ететін бірден бір фактор. Егер бала мектепте әділ баға алса, сол баладан болашақта мықты, әділ азамат шығады.

– Кез-келген саланың, бөлімнің өзіне тән қиындық тудыратын мәселелері болатыны мәлім. Әсіресе білім беру саласының  өзекті тақырыптары шаш етектен. Өзіңіздің салалық басқарманың басшылығына келген соң қолға алынған мәселелер, қабылдаған маңызды шешімдеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.  

– Білім саласында қордаланған сұрақтар өте көп. Оның бірі – қаржы мәселесіне келіп тірелді. Оны қазір 3-4 бағыттағы жұмыстар бойынша реттеп жатырмыз. Біріншіден, қателік жібергендерді бас салып жазалаудан бұрын, өзімізден бастап тәртіп енгізуді, жүйені, көзқарасты өзгертуді қолға алдық. Қазір бұрынғы бухгалтерлік жүйеден толық бас тартып, қазақстандық өнім «Фаворит» бұлтты ақпараттық-бухгалтерлік жүйеге көштік. Сол арқылы әрбір қаржылық операцияларды бақылап отырасың. Есесіне бюджет қаржысын жымқыруға тосқауыл қойылады.

Екіншіден, сол бухгалтерлік жүйеге енетін деректердің барлығын түгелдеп жатырмыз. Біздегі көптеген дүние-мүліктер, яғни, жылдар бойы мемлекеттік мектептерге бөлінген қаржының есебінен алынған құрал-жабдықтардың есеп-қисабы әлі 100% сапалы деңгейде жиналмаған. Осының барлығын  аудан-ауылдарды аралап жүріп, түгендеп, ретке келтіріп жатырмыз. Сынған-бүлінген дүниелерден бөлек, аталған құрал-жабдықтардың бар-жоғын анықтап, есебін толықтырудамыз. Одан бөлек, қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит қызметімен  және прокуратура органдарымен бірлесе отырып, онлайн бюджеттік мониторинг жүйесін енгіздік. Ол дегеніміз – күнделікті аударылып отырған әрбір қаржыны қазынашылық арқылы бақылап, қарап отыру. Егер күмәнді операциялар жүрізіліп жатса, күмәнді ақшалар аударылып жатса, олар бізге сигнал береді. Аталған ақшаның қайда кетіп жатқанын нақты анықтап, сол арқылы біз көптеген көлеңкелі істердің алдын алып отырмыз.

Үшінші бағыт – өңіріміздегі ең үлкен университеттердің бірі Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде өңірлік ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстарының арқасында туған өнімдерін өндірісте пайдалану жұмыстарын жүргізудеміз. Аталған университетте стартап проектісі арқылы шығарылған бақылау жүйесі бар. Ол мемлекеттік сатып алудағы кез келген келеңсіз жағдайлардың алдын алып, провинциясын жасау бағытында жүзеге асады. Оны пилоттық режимде қабылдадық, бізге үлкен көмекші құрал болып отыр.

Одан кейінгі мәселе, әрине, білім сапасы. Ең алдымен біз мұнда туындаған мәселелердің шынайы диагнозын қойып алуымыз керек. Статистика, пайызға қарамай, нақты қай жерде қатерлі тәуекелдеріміз бар екенін анықтап, бағыт-бағдарын айқындап, жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бірінші кезекте мұғалімдердің біліктілігіне назар аударып, қарап шықтық. Сіз сұраған мен қабылдаған басқарушылық шешімдерімнің бірі осы мәселе төңірегінде әдістемелік жұмысты күшейтуге бетбұрыс жасау болды. Себебі, мұғалімнің бірнеше жұмысты қатар атқаруға шамасы әрдайым жете бермейді. Бізде оларға көмек көрсететін әдіскер мамандарымыз бар. Міне, осы әдістемелік қызметті күшейтіп жатырмыз. Барлық аудандарда және облыс орталығында әдістемелік орталықтарымыз бар. Ол орталықтар – мұғалімдерге нақты көмек беретін кәсіби штабқа айналуы тиіс. Екінші шешімім – ол мектепішілік бақылауды күшейту. Мектепішілік бақылау бұрыннан бар екені рас. Дегенмен ол көп жағдайда жай формалды дүниеге айналып кеткен. Себебі, төбеден қарап барлығына көз жеткізіп, түзетіп отыру мүмкін емес. Үшінші шешім – жоғарыда атап өткен 5-9 сыныптар аралығында білім сапасына байланысты болса, төртіншісі – сол ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтыққа байланысты болды.

– Өзекті мәселелердің бірі – кадрлық саясат екені рас. Өкінішке қарай, білім беру мекемелерінде осы төңіректе түрлі дау-дамайлардың туындайтыны бар. Ол жайында не айта аласыз?

– Мектеп директорлары, аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары жайлы шындыққа жанасатыны бар, жанаспайтыны бар түрлі әңгіме мен орынды-орынсыз сын да айтылуда. Оның барлығына шыдап бағып, көніп, соңында нәтиже шығарамын деп ойлаймын. Бірақ, меніңше, тек білімде емес, барлық мемлекеттік салада кез келген маманның, ол мейлі басшы болсын не орта буын қызметкері болсын, жүрегі және қолының тазалығы керек. Мен дәл осы ұстаныммен өмір сүремін және әріптестерімнен де  соны сұраймын. Білім саласына кездейсоқ адам мүлдем келмеуі керек. Білім саласына бірінші кезекте мықты педагог керек, сонымен қатар ол өз құқығын, заңдарды білетін, кадр саясатын түсінетін, коммуникациясы дұрыс маман болуы керек. Келешек ұрпақтың білімін мойнына артқан маманның өзі бойына жақсы, ізгі қасиеттерді жиып, жан-жақты дамыған, білікті, тәжірибелі болуы талқыланатындай мәселе емес секілді.

Қазір енді максималды түрде ашықтық саясатын ұстанып, директорлар мен білім беру ошақтарының басшыларын мүмкіндігінше таза, шынайы конкурстан өткізіп жатырмыз. Осы арқылы әлгі айтылған орынды-орынсыз қаңқу сөздер бірте-бірте азайып келе жатыр.

Айта кету, керек Қазақстанда цифрландыру және жалпы автоматтандыру мәселесі жақсы қолға алынып жатыр. Мемлекеттік қызмет саласында да дәл солай. Бұған дейінгі бағдарламаны жаңартып, биыл 1-сәуірден бастап, жаңартылған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жаңа бағдарламамен іріктелу жүріп жатыр. Ол жерде қатысушы үміткер, кез келген біліктілік талабы сәйкес келетін маман құжаттарын тапсырған. Тапсырғаннан кейін ол кісіге тек қана ID нөмір беріледі. Аты-жөнін ешкім білмейді. Комиссия мүшесі болып өзім де қатысып көрдім. Ол жерде сіз маманның өзін емес, тек нәтижесін бағалайсыз. Ал сұхбаттасу соңғы шешімге 20% ғана әсер ете алады.

Сонымен қатар, жұмысқа тұруға үміткердің жеке қасиеттері тестілеуден өтеді. Ол тесттермен өзім де таныстым. Өте жақсы дайындалған, өтірік айтуға мүмкіндік бермейтін тест деуге болады. Ол тестілеу шешімнің 40% пайызын құрайды.

Екінші кезеңде басшы эссе жазады. Эссе тақырыбын автоматты түрде ақпарттық жүйе таңдайды. Алдын ала дайындалып баруға мүмкіндік болмайды. Оның да бағалауы 40%-ды құрайды. Осындай ұтымды бағдарламаны қолға алған Мемлекеттік қызмет істер мамандарына және осыны ойлап тапқан қазақстандық IT мамандарына рақмет!

Жоғарыда айтқан 8 ауданның бос қалған 4 орнына конкурс жариялаған болатынбыз. Оны бәрі әлеуметтік желіден-ақ көріп, бақылап отыр. Бізді сынға алып жатқандары баршылық. Иә, мемлекеттік органдардың ішінде ең бірінші болып біз өткізіппіз сол конкурстарды. Бір-екі конкурс бойынша шағымдар түсті. Агенттік оны тексеріді. Кейбір конкурстардың шешімдерін бұзуға тура келді. Иә, мойындаймын комиссия хатшыларының, біздің әріптестердің жіберген қателіктері де бар. Оларға тиісті жаза қабылданып, айыппұл салынып, тәртіптік шаралар көрініп жатыр. Біздің істеп жатқан жұмысымыздан мін таппайсыздар, бәрі идеалды тұрғыда жүзеге асты деп айта алмаймын. Дегенмен соншалықты елеулі кемшіліктер бар деп тағы айта алмаймын. Заңның аты – заң. Заң – бәріне бірдей. Мемлекеттік қызметтегі уәкілеттік орган солай шешім қабылдады, біздің ол шешіммен келіспеуге негізіміз жоқ. Алдағы уақытта бұл кемшіліктерді жібермейміз. Әрбір өткізген конкурсымызды бұдан да мұқият қарап, зерделеп барып, орын-орнымен жүргіземіз. Тағы да қайталап айтамын, бұл жерде ағайындық, тамыр-таныстық деген мәселе болмайды. Әртүрлі әңгіме айтыла береді, бірақ, өз басым мұндай әрекеттерге қарсымын. Әрине, жұмысымыз мүлде сыналмауы керек демеймін, өз деңгейінде сын да айтылуы керек. Ал, біз сол міндетті түрде аталған сыннан қорытынды шығарамыз.

– Иә, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Енді, қазіргі таңда жеке мектептердің қарқындап дамып жатқаны баршамызға аян. Осы жеке мектептердің қаптап кетуі білім стандарттарына өз әсерін тигізбей қоймайды. Сол мектептердегі білім сапасы қаншалықты бақылауда?

– Сұрағыңыз өте орынды. Өздеріңіз білесіздер, кеңес одағы құлдырап, тарқап, тәуелсіздік алғаннан кейін, бізде жекешелендіру саясаты жүрді, көптеген кәсіподақтар қайта құрылды, басқа да мәселелер болды. Сонда ең ауыр тиген әлеуметтік саланың бірі – білім саласы. Осы мәселелердің шешу жолында ең алғаш жүзеге асқан бағдарламалардың бірі – «Балапан» бағдарламсы. Мемлекет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын, яғни, балабақшаларды жекеменшік секторға соғып жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Дәл солай қазір де сол жекеменшік балабақшалар жұмыс істеп жатыр. Қазір Қазақстанда демографиялық өсім болғандықтан, мемлекет жекеменшік мектеп ашуға мүмкіндік берді. Ол да бизнестің бір түрі. Бірақ, осы тұста айта кету керек, мемлекет жекеменшік мектеп ашып, бизнес бастауға мүмкіндік берді деген сөз – ол оған жеңілдік берді деген сөз емес. Мемлекеттік тапсырыс алып, бала оқытатын болғаннан кейін, жекеменшік, мемлекеттік мектептің бәріне бірдей талап қойылады. Білім саласында жауапкершілік пен талап бәріне бірдей. Біздің өңір халық саны ең көп болғандықтан үш ауысымның алдын алу, апатты мектептердің мәселесінің туындауына байланысты жекеменшік мектеп соғылуына рұқсат берілген.

Қазір 166 мың жекеменшік мектеп бар. Оның барлығы қазіргі таңда тұрақты түрде қаржыландырып келе жатыр. Бір кездері бұған да байланысты сұрақтар болған. Қазір ол сұрақ шешілді. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты болған қаржы орталығы қазір қаржы министрілігінің қарауына өтті. Сол жерде «Е-Qazyna» деген жүйеде барлық жекеменшік мектептердің құжаттары цифрландырудан өтіп, ретке келтірілді. Әлеуметтік желілерде тараған түрлі «қойма мектеп болды», «тойхана мектеп болды», «қонақүй мектеп болды» деген сияқты әңгімелер содан шықты. Себебі, «Е-Qazyna» – біздің Қазақстанда шығарылған мемлекеттік ақпараттық жүйе. Ол жүйенің жаңылмасам 70-ке жуық мемлекеттік органдармен байланысы бар. Сол жүйенің арқасында біз талай нәрсені ретке келтіруге мүмкіндік алдық. Жұмыс жалғасып жатыр.

Бірақ, айта кету керек, жекеменшік мектептерге бақылау жүргізілмейді емес, жүреді. Оларды басында үш топқа бөлгенбіз. Кейін оны екі топқа қысқарттық. Ең тәуекелі жоғары 29 мектеп іріктелді. Қалғандарын екінші топқа бөлдік. Тексеру үшін құрылған мониторингтік топ аталған тәуекелі жоғары 29 мектепке барып, біраз кемшіліктерді анықтадық. Оны түзетуге уақыт бердік. Түзетілмегеннен кейін біз білім саласында «Сапаны қамтамасыз ету» деген біздің уәкілетті органға құжаттарды өткіздік. Бірқатар мектептердің басшылығына, құрылтайшыларына 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның ішінде туындаған мәселелері көп екенін түсініп, өз еркімен жұмысын тоқтатып жатқан мектептер де бар. Қалған 138 мектепті аралап, мониторинг жүргіздік. Оның ішінде де 113 мектепте қателіктер осы күнге дейін түзелген жоқ. 22-сі түзеп үлгерді. Аталған 113 мектептің құжаттарын да «Сапаны қамтамасыз ету» органдарына жолдадық. Олар прокуратура органдарымен бірлесіп, зерделеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл жерде біздің мақсатымыз жекеменшік мектептерді жабу емес. Жабу біздің қолымыздан келмейді. Біз тек мемлекеттік тапсырыс бергеннен кейін, халықтың баласын оқытуға мүмкіндік бергеннен кейін, ақшасын аударып отырғаннан кейін шарттарға сәйкес болуын талап етеміз. 

– Оқушылардың барлығы жазғы демалысқа шығып үлгерді. Қазір мектептердің барлығы бос тұр. Мектепте жыл сайын кездесетін мәселелердің бірі қайта өңдеу немесе күрделі жөндеу жұмыстары. Жалпы осы жазғы демалыста жаңа оқу жылына мектеп ғимараттарының дайындық барысы қалай жүреді?

– Мектеп – жай қабырға ғана емес. Мектеп – келешегімізді тәрбиелейтін білім алатын орын. Ол орын, біріншіден, өте сапалы, қауіпсіз болуы керек. Біздің өңіріміздің басшылығының дұрыс жүргізген саясатының арқасында соңғы екі-үш жылда 300-ден астам мектеп жөндеуден өтті. Бұл бұрын соңды болмаған үлкен көрсеткіш. Сол үшін біздің өңір басшылығына үлкен рақмет айтқым келеді. Көп өңірлерде мұндай жұмыс атқарылған жоқ. Енді әктеу-сырлау жұмыстары әр мектепте жүреді. Дегенмен ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары біздің өңірде белсенді түрде жүріп жатыр. Ол деген сөз – біздің мемлекет басшылығының, біздің өңір басшылығының білім саласының инфрақұрылымын жаңартуға, қалыпты, жақсы жағдай жасауға, балалардың қауіпсіз ортада білім алуына барынша жасап жатқан мүмкіндігі. Президент тапсырмасына сәйкес бізде 115 мектеп реновация бағдарламасына енген. Өткен жылы 41 мектеп қайта жаңғырудан өткен болса, биыл 38 мектеп жоспарланып отыр. Ол жай ғана әктеу, сырлау емес, барлық түзетуге мұқтаж жағдайын жөндеу. Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 217 келешек мектеп соғылды. Ал, соның 29-ы біздің өңірге тиесілі. Жалпы жаңа оқу жылына дайындықты біз қазірден-ақ бастап кеттік. 1-қыркүйекке дейін барлық мектеп дайын болады.

Осы тұста біздің өңірдің инфрақұрылым, құрылысқа байланысты ерекшелігін, жаңашылдығын айта кетейін. 29 жаңа «келешек мектеп» салынды. Бірақ, онда балалар оқитын болған соң, мезгіл өте мүліктер, ғимараттың өзі бүлінуі мүмкін. Әрине, мектеп салынып біткен соң, бүлінген жерін жөндеп, сырлайтын жерін сырлап, ауыстыратын жерін ауыстырып отыратын бірнеше жылдық кепілдігі болады. Дегенмен, соны дер кезінде байқап, дер кезінде түзетіп отыру үшін өз үйіңе қарағандай жанашырлық таныту керек. Сол себепті өңір басшылығы, мектеп және аталған мектептерді салып берген «Самұрық-Қазына» компаниялары күтіп ұстау үшін үш жақтама келісімге отырды.

Одан соң біз неге тек «келешек мектептерін» күтіп ұстау мәселесін ғана қарауымыз керек деп ойладық. Қалған білім беру ұйымдарында да мұндай мәселе туындайды. Солайша облыс әкімдігінің бастамасымен барлық білім беру ұйымдарын күтіп ұстау ережелерін әзірлеп бекітілді. Бұл өте керемет дүние. Ең соңында барлық білім беру ұйымының басшылықтары өзіне тиесілі ғимараттарды күтіп ұстауға жауапкершілік алып, декларация қабылдайды. Ол ереже арқылы оқу жылының басында бір, соңында бір бақылау жүргізіледі. Біз деректердің бәрін қайда аламыз? Сол білім ошақтарының басшылығы ғимараттарын түгелдей зерделеп шығып, ақау актісін жасайды. Егер өзінің күші жететін болса, біз аудандық білім бөлімі арқылы қаржы бөліп, керекті жұмыстарын жүргізуге көмек береміз. Егер күрделі жөндеу жұмыстары керек болса, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейді. Содан соң орталықтан қаржы бөлініп, жазғы демалыста жөндеуге әрекет жасаймыз. Жалпы айтқанда, мәселе мемлекеттік мүлікке немқұрайлықпен емес, жанашырлықпен қарауда жатыр. Бұл әрине бір жылда керемет нәтиже көрсетпеуі мүмкін. Алайда келешекте республикалық масштабқа шығуға лайық бастама деп есептеймін.

– Кадр мәселесі, мұғалімдердің мәртебесі, олардың біліктілігін арттыру, жас мамандардың жұмысқа тартылуы мәселелер қалай шешім тауып жатыр?

– Кадр деген ең үлкен сұрақтардың бірі. Білікті, жақсы мамандар болса жұмыс та, сапа да, нәтиже де жақсы болады. Мен осы салаға келгеннен кейін әріптестерімізбен келісіп, аудандық-қалалық білім бөлімдерінің арасында рейтинг әзірледік. Жалпы білім сапасында қандай күрделі сұрақтар бар, сол сұрақтардың бәрін рейтингке көрсеткіш индикаторы қылып енгіздік. Сонда біз алдыңғы буын төрттік пен бестікте кімдердің, ортада кімдердің және ең соңында (нәтижесі төмен аймақтар) кімдердің жүргенін біз нақты көріп отырамыз. Сол қызыл аймақтағы аудандарға аса назар аударып, нақты қай бағыттың жұмысы әлсіреп тұрғанын байқап, оларға бағыт-бағдар береміз. Мұнда біздің мақсат – біреуді артық мазалап, жұмыс істетпеу емес, жұмысын алға жылжыту.

Одан бөлек, бізде кәсіптік білім беретін колледжер бар. Ол бір үлкен, бөлек сала. Сондықтан колледждер арасында да біз осындай рейтинг әзірледік.

Бізде тағы бір жаңашыл көзқарас ойластырып жүрміз. Осы жазда оны әріптестерімізбен ойласамыз. Әр басшының бағалауы болуы керек. Барлық басшы бірдей емес қой. Балабақша мен мектептің, мектеп пен колледждің жұмыстарын салыстыруға келмейді. Сондықтан біз мектеп басшыларына KPI енгізсек пе деп отырмыз. Ол оқу жылының басынан аяғына дейін кішігірім мақсатты көрсеткіштерге жету үшін. Егер, сіз сол көрсеткішке жетсеңіз, демек сіздің траекторияыңыз жақсы. Егер, көрсеткіштеріңіз өз деңгейіне жетпей жатса, демек бір жерде жұмыс жұрыс жүргізілмей жатыр. Осылайша басшыға баға беріледі. Оларды мемлекет басшы етіп қойғаннан кейін, біз олардан нәтиже күтеміз. Тек қана біз емес, оны ата-ана да күтеді. Себебі, балалардың біліміне, болашағына немқұрайлы қарауға болмайды. Әрбір мекемеге, әрбір ұйымға мықты басқарушы керек.

Жас мамандарға келсек, оларға мемлекет тарапынан қолдау өте көп. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы Президенттік жастар кадрлық резерві тәжірибесіне негізделген «Білім беруде өзгерістердің 1000 көшбасшысы» атты жоба әзірленген. Сол жоба бойынша бірнеше мама ерікті түрде өздері қатысып, іріктеуден өтіп, резервке тұрған. Ол резервшілер ешқандай конкурсқа қатыспайды, мемлекеттік білім ұйымдарындағы босаған бос лауазымға тікелей басшы болып баруға құқылы. Ондай резервшілердің саны өте көп. Қазір бізде әлі жұмысқа орналаспаған 40-тан астам маманымыз бар. Оларға түрлі ұсыныстар білдіріп жатырмыз. Бірақ, өкініштісі көбісі отбасылық жағдайына, тұрмыстық жағдайына байлвнысты барғысы келмейді. Дегенмен, жақсы кейстеріміз де бар. Мысалы үшін, сол көшбасшылар резервінде тұрған Астанада тұратын, Ақтөбе облысының тумасы, отбасылы азаматша Түркістан облысына келіп, бірнеше өңірді аралап, Жетісай ауданындағы, шалғай елді мекендердегі бір мектепті таңдады. Резервшілердің сертификаты екі жылға дейін жарамды. Ол кісі сол Астанадан қызмет шығып қалар ма екен деп күтсе де болар еді. Керісінше біздің өңірдегі резервшілерге көрші аудандардағы қызметті ұсынсаң алыссынып жатады.

Кей өңірдерде үш-төрт жылдан бері басшысыз жұмыс істеп жатқан ұйымдар бар. Иә, олар шалғайда орналасқан, бала саны аз мектептер болуы мүмкін. Оларға ешкім қызықпайды. Міне, сол мектептерге резервтегі жас көшбасшылар барып, бірнеше жыл жұмыс істеп, өзін көрсетіп, мектепті көтеріп, тәжірибе жинап қайтса қандай жақсы болар еді деп ойлаймын. Осы жайлы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ол бос орындардың бәрі иесін табады деп сенеміз.

Одан бөлек, біздің жоғары оқу орнын бітірген GPI баллы 3,33-тен жоғары мамандар конкурссыз жұмысқа кіруге құқылы. Біздің облыста жаңа айтқанымдай жылына 35 мың бала оқу бітіреді. Сол жоғары оқу орнына түскен балалар қайтып келіп жатыр. «Педагог мәртебесі» заңы қабылданғалы бері жалақы өсті, мүмкіндіктер молайды ғой. Сондықтан қызығушылықтар енді пайда болып жатыр деп айта аламын.
Ал, енді сол мамандарды іріктеу барысында мектеп басшылығы дұрыс емес талаптар қойып жатыр деген сөзді азайту мақсатында министрліктің ұсынысымен «HR-NOBD» деген электронды программа арқылы мектеп мұғалімдерін жұмысқа қабылдауға мүмкіндік берілген. Бағдарламаны қарап көрдім, өте жақсы. Бірақ, ол жерде педагог тек қана өзінің құжаттарын жүктейді, соған сәйкес келсе сіз конкурстан өте аласыз. Бастапқысы жақсы, бірақ, одан кейін әлгі маманмен бетпе-бет болсын, zoom арқылы болсын сұхбаттасып, жұмысқа алса деген менің жеке субъективті ойым бар. Себебі, ол азамат-азаматшалар біздің балалармен жұмыс істейді ғой. Басшылық қандай адамды жұмысқа алып жатқанына көз жеткізуі секілді. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас-жауы» дейтін даналық сөзі бар ғой. Кей азаматтардың он қызыл дипломы болуы мүмкін, бірақ, тәрбиесінің қаншалықты дұрыс-дұрыс емес екенін біз білмейміз. Сондықтан педагогика саласында жүрген мамандардың бәрі жауапкершілікті сезінуі керек. Ауылда жүрген кісілердің көбі қалай да болсын сол білім беру ұйымдарына кіруге тырысады. Биылғы бес айдың өзінде біздің өңірде 3800-ден астам маманды жұмысқа қабылдапты. Оның ішінде педагогы бар, қосымша мамандар бар. Жалпы білім беру жүйесінде жұмыс істейтін азаматтардың барлығын сыни тұрғыдан қарап барып жұмысқа қабылдауымыз керек. Себебі, олар балалармен жұмыс істейді. Баларды кез келген адамның қолына беруге құқығымыз жоқ.

– Сөз соңында Қазақстанның білім беру стандарттарына ерекше дүмпу алып келген Түркістан қаласында «Woosong» Корей университетінің филиалын ашуы және әлемдік стандартта білім беріп жатуы болды. Енді осы оқу орнының және облыс көлеміндегі колледждердің студенттерге беретін мүмкіндігі қандай?

– Жалпы келешегін ойламаған елдің оңбайтынын жақсы білеміз. Осы тұрғыда мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқым келеді. Оңтүстік Кореяға өзім әртүрлі жағдайға байланысты барып көріп қайттым. Керемет мемлекет, бірақ, өмір сүру өте қымбат. Енді сонау Оңтүстік Кореяның жалпы әлемдегі IT университеттерінің бірегейін біздің Түркістан облысында ашылуы – үлкен жетістік әрі үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Егер сол университетте Кореяға барып оқитын болса, Қазақстандағы қарапайым отбасының қалтасына ауыр түсетіні сөзсіз. Ал, дәл сол университет өзінің ұстаздарымен, өзінің оқу бағдарламасымен дәріс беріп жатқаны қуанарлық-ақ жағдай. Былтыр 25-қыркүйекте аталған университет ашылды. Қазір 108 бала осы оқу жылын аяқтап жатыр. Оның 100-і Нұралхан Оралбайұлының арнайы берілген гранты есебінен оқып жатыр. Бұл игі іс биыл да жалғасынн табады. Өңір басшысы "оқимын деген балалардың бетінен қақпайық" деп тағы да грант бөліп жатыр. Мұнда жасанды интеллект және деректер туралы ғылым саласы бойынша оқытады. Ең мықты мамандықтар. Кез келген уақытта бұл мамандарға сұраныс болады.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, балалар мен ата-аналарға құлаққағыс айтқым келеді. Аталған оқу орнына келіп, мүмкіндіктеріңізді сынап, білім алсаңыздар болады. Бұл университеттің бір ерекшелігі Қазақстанда оқи жүріп, келісімі бар бірнеше мемлекеттердегі университеттеріне академиялық мобильность арқылы барып, дәрісін жалғастыруға немесе бір семестр оқып қайтуға болады. Онымен қоса, мұнда аталған университеттің өзінің және басқа унивеситеттен қос диплом алуға болады. 
Одан бөлек, өңірімізде 50 колледж бар. Оның 28-і мемлекеттік. 84 мамандық бойынша кәсіптік білім беріліп жатыр. Қазір облыс әкімінің тікелей назарында тұрған сұрақ – келіп жатқан инвестиция, өңірдің экономикалық-әлеуметттік дамуы. Қай салаға нақты сұраныс бар екенін зерделей отырып, сол мамандықтарға басымдық беріп отырмыз. 15 500-дей мемлекеттік грант бөлінеді. Мұндағы мақсат – балаларға диплом таратып беру емес, өмірдегі өз орнын, өз кәсібін тауып жұмыс істесе дейміз. Бұл бағытта көптеген дұмыстар жасалып жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, «ҚазАтомПром» компаниясы біздің өңірде уран өнеркәсібімен айналысады. Облыс әкімі солармен меморандум түзген болатын. Сол мамандықта оқитын студенттер жарты күн оқып, жарты күн жұмыс істесе, келешекте сол жерде жұмыспен қамтылуға толық мүмкіндігі бар. Әртүрлі шетелдерден келіп жатқан инвестор кәсіпорындармен де тығыз байланыс орнатып, колледж студенттері сол жерде тәжірибеден өтіп, жұмыспен қамтылу мәселесін қарастырып жатырмыз. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс біздің назардан тыс қалып жатқан жоқпыз. Себебі, өңірдің экономикалық дамуы қарқынды. Біз соған керекті мамандарды дайындап беруіміз керек. 

Жазып алған
Сезім МЕРГЕНБАЙ