Роза Аспанқызы: «Олардың кеңістігі – мәтін, уақыты – оқырман»
Әдебиеттің кез келген жанрында мазмұн бірінші орынға шығуы керек деп ойлаймын...

Роза АСПАНҚЫЗЫ – ақын, аудармашы, редактор. 1996 жылы 29 қазанда дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ, С.Демирел атындағы университеттің түлегі. «47», «Өзін оятқан адам» атты өлең жинақтарының авторы.
– Роза, кейде күнделікті өмірде айтылған «елеусіз» сөздер бір адамның тағдырына әсер етіп қана қоймай, тұтас дәуірдің жүгін көтеретіні бар. Хэмингуейдің «Жоғалған ұрпағы» сияқты. Мен сізден сол «жоғалған ұрпақтан» кейінгі уақыттың портретін берген Керуактың «Қираған ұрпағы» жайлы, оның өкілдері және олардың әлем әдебиетіне әкелген әсері туралы сұрағым келіп отыр.
– Сезім, бір күні сен елеусіз бір кофеханада жазу жазып отырып қалтасында ақшасы, болашақтан үміті жоқ әлдекімнің «I am beat» («Мен қирап қалдым». Бұл сөзді дәл осы уақытта АҚШ-та ештеңеден үміт күтпейтін, өздері де ештеңеге ұмтылмайтын, бәрін «мағынасыз» деп тапқан хиппилердің бірі Джек Керуакқа айтқан болатын) деген сөзін естисің. Дәл осы сөз сенің сол сәттегі хәліңді, тек сенің ғана емес қоғамыңның жағдайын дөп басып көрсете алды делік немесе саған солай сезілді. Өйткені, сен де, сенің достарың да, таныстарың да «Мен қирап қалдым» деген сөзді айта алмай жүргендей болады. Сөйтіп сендер «анықталасыңдар», өздеріңе «анықтама» табасыңдар. Бірақ бұл дегеніміз сендердің бәрің бір-біріңнен айнымайсыңдар, бірдей өмір салтын ұстанасыңдар деген сөз емес. Бірі тыныштықты жаны сүйгенімен өзгелерді ойлап жүретін, себебі жауапкершілігі өте мол, ал бірі ешқашан өзіне жауапкершілік алып көрмеген тек қана саяхат пен сауық-сайранды жаны сүйетін, ал бірі түнімен Достоевскийді оқып, күндіз Ницще жайлы достарымен пікір таластырғанды ұнататын, ал енді бірі жәй ғана джаз тыңдап, кезекті бір жанға ғашық болып қалғанын ойлап қасірет шегіп отыратын адам болуы да мүмкін. Осылардың ешбіріне ұқсамайтындары да болады. Енді осы бір топ адамның бәрін қаламгер деп елестетіп көрші. Ол қаламгерлер – Джек Керуак, Аллен Гинзберг, Уильям Берроуз, Боб Кауфман, Майкл Макклур, Питер Орловски, Люсьен Карр. Иә, Люсьен Каррды қаламгерлер тізіміне қосқаным қате деп ойлауың мүмкін. Бірақ дәл осы Люсьен «Битниктерді» таныстырып, олардың басын қосқан болатын. «Шексіз еркіндікке» деген махаббатты оятқан да – Люсьен. «Қираған ұрпақ», яғни битниктердің әкесі деп Джек Керуакты атайды. Оның «Жолда» атты романы битниктердің «қасиетті кітабы» деуге тұрарлық. Романның жазылу барысы да, оның стилі де өзіне дейінгі ешкімге ұқсамайды. Керуактың мақсаты да сол еді деп ойлаймын. «Үздіксіз ырғақ» ішінде, құдды бір медитация жасап отырған адамның джаз тыңдап отырғаны сынды тыныш және еркін түрде үш аптада жазылып біткен роман. Сал мен Диннің «Жолдағы өмірі» немесе «Өмірдегі жолы». Бірақ Керуактың өз сөзімен айтсақ «...жол – бұл өмір». Екі достың әңгімелері «Ағайынды Карамазовтарды», ал олардың кезекті сапарының соңы «Эпикур бақшасын» жадыңа түсіреді. Бұл роман сені тым ауыр, өте ұзаққа созылған түннің таң алдындағы сәтіне алып келетіндей. Құдды бір «Жаңа Дон Кихотты» оқып отырғандайсың, тек заманы бөлек. Берроуздың «Жалаңаш таңғы асы» да осындай рухта жазылған. Бұл роман да нонконформистік мәдениеттің үздік үлгісінің бірі. Бүгінгі прозаның жалпы келбетін, ұсынылу әдісі мен баяндалу тәсілін өзгерткен маңызды шығармалардың бірі дей аламыз. Натурализм, сюрреализм, фантазия және психоделия элементтерін біріктірген қорқынышты, қатыгез тіпті оғаш кітап. Бұл шығарманы ұсыну арқылы қарапайым оқырманды шошытып алуымыз мүмкін. Бірақ талғампаз оқырманды шабыттандырады. Егер «әдебиет адам жанына үңілу» болса, битниктердің шығармалары да бұл анықтамадан аса қоймайды. Тек олар өз дәуірінің аморальды келбетін көрсетуден қорықпаған қаламгерлер екенін түсінесің. Бірақ бұл да адам жанын тануға ұмтылу екенін жоққа шығара алмайсың. Алкоголь, наркотик, барлық моральдық принциптерге қарсы әрекеттер және т.б. Қызығы, тек шығармаларындағы кейіпкерлер емес, «Қираған ұрпақ» өкілдерінің бәрі солай өмір сүрді. Олар өзгені де, өзін де алдамады. Сезім, кейде өзіңнің «әлдекім» екенің туралы айтқаннан, «ешкім емес» екенің жайлы айту өте қиын. Олар өздерінің «ешкім емес екенін мойындай алғандар» еді. Ал Гинзбергтің поэзиясы туралы ештеңе түсіндіріп болмайды. Оны тек қана оқу керек. «Айғай» поэмасы мен «Қысқы хайку» өлеңін оқып, ақынмен танысуға кеңес берер едім. Онан бөлек Лоуренс Ферлингеттидің «Мен күтемін» өлеңін оқуға болады. «Қираған ұрпақ» өкілдері адамзат қоғамы қолдан жасаған жалған ұрандар мен идеологияларға қарсы протест жасай алған нағыз соғыс ардагерлері сынды. Керуак өз кейіпкері Динді «Күннің батыстағы туысқаны» дейді. «Қираған ұрпақ» туралы да осылай айтуға болады.
– Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң дүниені айран-асыр күйге түсіргендердің бәрін жоққа шығарып, модерн дәуіріне нүкте қойған дадаистер битниктерге қаншалықты әсер етті?
– Дадаистер толықтай модерн дәуіріне нүкте қойды деп айта алмаймын. Дегенмен келісуге болатын да шығар. Өйткені, олар өнерге жаңа леп әкелді. «Бір жұтым таза ауа сынды» жаңа леп. Егер цифрларға сүйенсек дадалар, яғни дадаистер он жылға жуық уақыт қана «бар» болды. Бұл ағымның алдымен Еуропада, кейіннен АҚШ-та белең алғанын білеміз. Бірақ 1920 жылдары француз дадаизмі сюрреализммен, ал Германияда экспрессионизммен қосылып кетті. Кейбір өнер теоретиктері дадаизм – постмодернизмнің негізі болды деп те жатады. Ал олардың битниктерге әсер етуі қалыпты табиғи құбылыс еді. Өйткені, Керуак Еуропада өмір сүрген жылдарында дадаистердің шығармашылығымен таныс болмауы мүмкін емес. Еркіндік пен ессіздікті шексіз сүйген Керуак үшін де дадаитер «бір жұтым таза ауа» сынды болды. АҚШ-қа қайтқан соң жолдастарына дадаистер жайлы толық ақпарат береді. Олардың шығармашылығы жайлы ғана емес, жалпы саяси және өмірлік ұстанымдары туралы да баяндайды. «Жаңа әдебиеттің басы» деп танылған Луи Арагон, Андре Бретон, Поль Элюар жайлы битниктер жақсы білді және олардың ұстанымдарына ерекше қызықты. Дадаистердің коммунизмді қолдағанын білеміз. «Қираған ұрпақ» өкілдерінің көп бөлігі де оларды қолдады. Дадаистер кез келген адам өнер тудыра алады деп есептеді, кез келген дүние өнер бола алады деді. Битниктер де дәл солай. Жалпы дадаистердің «Қираған ұрпаққа» әсері туралы өте көп мысал келтіруге болады.
– ХХ ғасыр – адамзатқа бір қасіретті екі рет шеккізді ғой. Нәтижесінде, көптеген моральдық құндылықтардың орны ауысты. Осы ғасыр тудырған батыстың экзистенциалист философтарының бірі Жан-Поль Сартр мен Альбер Камю болатын. Екі достың арасындағы келіспеушіліктер, пікір алуандығы жайлы не айтасыз?
– Сартр мен Камюді дос деп айту да қиын сынды. Бірақ олар бір-біріне бөтен де болған жоқ. Өмірлерінің бір кезеңінде екеуі жақын араласады. Екеуінің өмір жолына үңілсек, екі қаламгер саяси ұстанымдарына байланысты екі бағытқа кетті. Бірақ олардың ізденістері, тапқандары мен ашқандары мәндес болды. Яғни, екеуі де – экзистенциалист. Сартр «экзистенциализм – гуманизм» дейді. Оны екі бағытқа бөледі: атеистік және діни. Алғашқысына өзін, Камюді, Бовуарды, ал екіншісіне Хайдеггерді, Мерло-Понтиді, Габриель Марсельді жатқызады. Бірақ бұл пікірмен Камю келіспегенін білеміз. Камю тіпті өзін экзистенциалист деп те есептемеген. Камю әлемді абсурд деп танып, абсурдқа қарсы үш қана жол бар екенін айтады: өз-өзіңе қол жұмсау, абсурдпен келісу немесе абсурдқа қарсы шығу. Оның «Бүлікшіл адам» теориясы да осыдан шығады. Бір сөзбен айтқанда, Камю – қырсық гуманист және жаңашыл Эсхил сынды. Ал Сартр – нағыз философ және саяси қайраткер. Сартр адамды «еркін болуға кесілген» немесе «бұл әлемге ешбір мақсатсыз тасталған» деп есептейді. «Айну» романында «...бар болғаны мен бармын. Басқа түк те емес. Менің осыдан жүрегім айниды» дейді Сартр. Ол кез келген шығармасында, еңбегінде өзінің экзистенциалист екенін айқын танытады. «Жабық есік артында» пьесасы оның «тозақ бұл – басқалар» деген атақты сөзімен аяқталады. Сартр туралы, оның философиясы жайлы ауқымды тақырыптарға баруға болады.
– Енді өзіңізге оралсақ... Өміріңізге, шығармашылығыңызға сондайлық әсер еткен «досыңыз» жайлы ойлап көрдіңіз бе?
– «Руми – бір сұрақ еді, Шамс – бір жауап болды» дейді Хазіреті Мәулана. Егер мен «дос» деп атай алатын адам болса оның «Роза дейтін сұраққа жауап болғанын» қалайтын едім. Әзірге ол сұрақтың жауабын тапқан, таппағанымды өзім де білмеймін. «Досы көп адам өзіне дұшпан» дейді ғой. Менің өзіме-өзім дұшпан болған кездерім көп болған. Қазір өзіме-өзім дос болғым келеді.
– Поэзияңызда «өз ішіне түсіп кеткен», «тыныштықтан да тыныш», «өзін оятқан», «өзінен қашқан», «өз бақытынан қашқан», «өзін алдаған», «өз өлімін өткерген», «жалғыздығына ғашық», «жүрегінен күйік исі шығатын» адамдар жасырынып алған көрінеді... Жасырынғандардың бәрі өзіңізге тиесілі ме?
– Мәтіндерге «жасырынған» деген сөзге келіспеймін, Сезім. Олар жасырынбайды, олар мәтіндерде өмір сүреді. Олардың кеңістігі – мәтін, уақыты – оқырман. Сен айтқандардың бәрі бір уақыттардағы – өзім. Бірақ қазір олар маған тиесілі ме, жоқ па, білмеймін. Бір білерім мен оларға тиесілімін. «Олардан қаншалықты қашсам, соншалықты тез қуып жетеді мені»...
– Сөз соңында қазіргі қазақ өлеңдерінің стильдік ерекшеліктері жайлы айта өтсеңіз.
– Поэзиядағы стильдік ерекшелік жайлы айтқанда алдымен өлшеміне, пішініне, мазмұнына мән береміз. Меніңше, осы реттілікті өзгерту керек сынды. Әдебиеттің кез келген жанрында мазмұн бірінші орынға шығуы керек деп ойлаймын. Өлшем мен пішінге мән беретін кез келген қоғам өздігінен алыстай береді. Мазмұнға жаңалық енбейінше ешбір салада жаңа дүние тумайды. Сократ: «Ой өздігінен тумайды. Оған көмек керек» дейді. Мазмұнды жасайтын ой болатын болса, расында оған көмек керек сынды. Ал оның тууына себеп болатын «сансыз сұрақтар» ғана. Біз сұрақ қоюдан қашамыз. Жауабын таппаудан қорқамыз. Ал, әсілінде жауаптың бәрі сұрақтың өзінде емес пе?!
Біздің бүгінгі қазақ поэзиясы «ақ өлең» мен «қара өлеңнің» қарама-қайшылығына айналып кеткендей көрінеді маған. Меніңше, өлшем мен пішінде тұрған түк те жоқ. Қазір бізге «ақ өлең» мен «қара өлеңнің» қарама-қайшылығы емес, олардың симбиозы керек, дихотомиясы емес синергиясы керек.
Поэзия мен үшін – философия. И.Ялом «Шопенгауэр дәрі сынды» еңбегінде «философия адам жанын қаншалықты күйретсе, соншалықты көркейтеді» дейді. Поэзия да дәл солай. Тарковскийдің «Айна» фильмі жадымызға оралды осы сәтте. Сондағы дәрігерді есіңізге түсіріңізші. Поэзиядағы мазмұн дәл сол дәрігер сынды.
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ