Ғалымбек Елубай. Ар бодауы

Қысқа қияқ мұртты, қарасы алмасқа ұстаған кездіктей өткір Байғара жиегі зерлі кесенің бетін алақанымен жапты.
– Бәйбіше! Қарлығаның үкісін тұрғызыңдар!
– Ерте болар деймін!
– Сандырақтама!
Бәйбіше тұтығып қалды. Іле ішінде бурқанып жатқан қимастығы көз жасы болып сорғалаған.
Сол күні боз биенің сүтіне шомылдырып, бұлықсытып өсірген Қарлығаның әсем басындағы жантайып жатқан үкінің үлпершек қауырсыны тұрғызылды. Бал барқытпен тысталған, алкүрең тақиясындағы үкіні тіктеп, қайта тігіп жатқан ана қолының діріліне қарап, Қарлыға қатты қысылды. Бір қызарып, бір қуарды. Бұл «енді осы үйдің бойжеткен қызы бар, құдалыққа есігіміз ашық! Келген қонақ болса, көзін тисын!» деген жоралғы еді.
– Қарлығаның үкісін тұрғызыпты!
– Байғараның өрісі кеңеймек!
Айналасы аптаға жетпейтін уақытта Байғараның алты қанат ақбоз үйіне ат байлағандар қарасы артты. Құдалықтан үміткерлердің арасында кімдер жоқ дейсің? Табақтай бетіне сараң сызықтай көз біткен иіс алмас бордақылар, аяқ асты дәулет дарыған қушық шеке, шүңірек көз сумақайлар, бір қарағанда сабаз көрінетін самырсынның шайырындай былжырақтар, арасында арғы атасынан бақпен дәулет қатар қонған қаракөктің тұқымдары да кездесіп жатты... Бірақ осының бәрінде қыз әкесі өзінен басқа ешкімге билік салған жоқ! Әсіресе, жеңге отауында қыстығып жылаған Қарлыға мен көзі жасауырап, қымыз сапырып отырған бәйбішеге пысқырып та қарамады.
Ең соңында жақында ғана жары қайтқан, қырықтың асуындағы қырма сақал, Байбараққа сөз берді.
Дәл сол күні әке кесіміне ерегескен Қарлыға ерулеп жатқан күйеуден өш алғандай осы ауылдың отымен кіріп, суымен шығып жүретін өзі құралпы мүләйім ғана бозбаламен ат қосарлап, бел асты.
Таң саз бере «қап!» деп, қара басқан әулет ұлардай шулады. Тек Байғара ғана саспаған.
– Үкі тұрғызардан бұрын қыз менің аманатым еді. Енді сенікі! Тулап ренжитіндей қалың айдатқызып, құйрық-бауыр асатып үлгермедік! Қуып жетіп, қайырып алам десең, қарсылығым жоқ! Келген ізіммен аттың тізгінін кері бұрам десең өз еркің!
Өңі қабарып, орнынан атып тұрған күйеу атының жалына жармасты.
– Қалай бет алды?
– Итім біліп пе?
– Не де болса сабаз екен, иіні түспей кетті.
Сол күні қызыл іңірде қалыңдықпен үзеңгі түйістірген күйеу Байғараның шаңырағына тоқтады. Енді не болар екен деген сөзуар, өсек терген жұртты Байғара жігіттері дүрік үркітіп, үйге маңайлатпады.
Ал ертесі ашық ауыз жеңгелер өз қызы қашқандай түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шыққан ауыл қатындарының құлақ құрышын былай қандырды:
– Алдынан орап шыққан аты жүйрік, түрі сұсты күйеуді көрген ана сорлы қалыңдықтан бұрын аттан секіріп түсіп, ағашқа өрмелеп кеткен. Байбарақ «тиіспеймін» деп ант су ішсе де, байғұс бала жерге түсуге жүрегі дауаламапты.
– О, сорлы жазған-ай! «Қорқары бар қосты неге тонады екен?!».
Сол жылы күзде кесімді тоғызын төлеген күйеу ұрын келген (Қалыңдық ойнауға).
Бозала таңға дейін боз үйде шағи көрпенің шаңын қаққан күйеуден «пәктік хақын» алуға келген жеңгелер сазырайған Байбарақты, дақсыз жайманы көріп тұра қашты. Көрші үйден жүгіріп шыққан күйеу жолдас қылпылдаған кездікпен Байбарақтың атының қарнын есіп салды. Шыңғырған бейкүна жылқының құлында-құлын даусы тұтас ауылды аяғынан тік тұрғызған. Бұл «біздің абыройымыз айрандай болды» дегенді білдіретін ескі бір рақымсыз жосын еді.
Алты қанат үйінің төрінде белге ұрған жыландай бүк түсіп, иретіліп қалған Байғара араға уақыт салып, өзіне келгесін, жалғыз қызына аршаның қою дәнін қайнатып ішкізді де, сол маңдағы кемпірі өлген шалдың босағасына той-томалақсыз ұзатып жіберді. Сертке берік, салтқа мүрит қыз әкесі селк еткен жоқ!
Айдалада ағашқа өрмелеп кеткен қоянжүрек боз бала болса, сол беті дерексіз кеткен.
Айға қараса ай ұялған, күнге қараса күн ұялған Қарлыға сұлу солайынша қатынжемір, қытымыр шалдың босағасында майлық-сулығы болып жүріп, арша күйдірген жатыры қуарып, ұрпақсыз өтті...