Еламан Оспанов. Өмір, шіркін, болса ғой ертегідей
Жүрегімде мекендер періштелер, Өзің болсаң тәңірдің тәбәрігі...
Еламан ОСПАНОВ – ақын. 1999 жылы, 27 наурызда, Абай облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген.
2019 жылы Көкшетау қаласында «Бір қадам шексіз ғұмырым» атты кітабы жарық көрген. Бірнеше қалалық, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы.
Қазіргі таңда Ақмола облысы, Степногорск қаласының «Степногорск қалалық оқыту-әдістемелік орталығының» директоры.
Сағыныш
Түні қандай тартымды аспан жақтың?!
Құштарлығы көңілде қашқан сәттің.
Сұлулықты қорлауға құмар тағдыр,
Сұлулықтан неге осы жасқаншақпын?
Дегбір тартқан дымқылтым ауа басқан,
Сағыныш пен қояды сауал аспан.
Қиындыққа тән жүдеу, жаным құмар,
Дерті осы денемнің дауа қашқан.
Уақытқа уансақ ұнамды едік,
Тіл ұшында сағаттың дұғам өліп.
Батқан күннің батасы бетін сипап,
Қылтияды қиық ай қылаң беріп.
Ойым – тұман, кірлеген көңіл мынау,
Көрсоқыр түн кеудеңе көмілдім-ау?!
Құдайды іздеу – өзіңді-өзің табу!
Өзіңді-өзің жатсыну – өмірге ұнау.
Көлеңкемді жамылған күрең сыз, тұл,
Қала мынау қалғыған сүреңсіз түр.
Бар жігерім арымды қорғағаным,
Армандарым кеудеңде жүгенсіз жүр.
Жалғызкөз түн,
Жанардан жоқ ұрлаған.
Сендей сезім кешеді соңында адам.
Өмірге әлі келмеген сәбилердің,
Көрген түсі секілді еді өмір маған!
Түн
Тыныштық сырындай сұрықты ойдың.
Сезімімен салғырттау суыт бойдың,
Көбелектей жын қуған күндерімді,
Көлеңкеңе сұлулық қылып қойдың.
Апам айтқан ертектің ертеңі үшін,
Ойым аспан кезетін келте мүсін.
Бізге ертегі іздеген адастырып,
Апамды аспан ұрлапты…
Ертегі – шын!
Содан бері көп күттім, келер дегем,
Өлмеуі үшін арманның өлермен ем!
Өтірікті шындық қып көрдім ылғи,
Себеп іздеп көрмеппін сендерге мен!
Күн астынан Күнекей кезікті ме?
Ай артынан жыл өтті… сезіпті ме?
Жеті басты айдаһар жолын бөгеп,
Келе жатқан шығар деп кезіп, міне...
Батыр елін жыланнан қорғар ма екен?
Жылан жұтып жұрт жылап, сорлар ма екен?
Ханның қызын жетектеп келе ме деп,
Қарайлаумен жүруші ем жолдарға кең.
Жеті жаста кеткен еді, келмеді әлі.
Бәрібір ме жоғы мен елге бары?!
Еткен еңбек еңсесін еңкейткесін,
Байлап алып жүруші еді белге шәлі.
Көз алдымда барлығын шын көремін,
Өткен шақтың ұстатып түнге легін.
Етегінде сүрініп өскесін бе,
Жетегінде әркімнің жүрмегенім?!
Жүрегіме бір жігер жетті бекем,
Көлеңкелеп алса да көкті жетем.
Ертеңіме жігер боп, жүрегімде,
Ертегіге айналып кетті ме екен?!
Кеш ұғынған қадірін ерте білмей,
Көңіл шерін көк жүзі шертеді кей!
Түбі әділдік жеңетін баянды әрі,
Өмір, шіркін, болса ғой ертегідей
Апам айтқан!
«Аға» деп айтпашы
(Зухраға)
Періште қанатты кірпігің дірілдеп
Мөп-мөлдір жанарың ұрланып күлімдеп,
Жанашыр көңілің, мендегі бір індет,
Батылым жеткенмен, ақылым бұрын кеп,
Жанымды жауратып, жүректі тілімдеп.
Ғұмырымның осы сәт өлшемді бірлігі.
Өтінем...
«Аға» деп айтпашы бүгін тек!.
Сіз деген сөздерден, ұяттан үркідім.
Жаныма бермеді жанарың бір тыным.
Жеңіңнен сырғыған білектің жылтыңын..
Ерніңнің дірілі ұшында сілкідім.
Қап-қара шығыңда қамалсам, шіркінім,
Қалың дос, қарындас көп менде, тек сенде
«Аға» деп айтылмай өтсінші бұл күнім.
Көліктей кеудемді кептеліс кереді.
Оңаша бір жердің біздерге керегі...
Бақытты сәттерде тым қысқа деп еді,
Тізеңнен үркіген көйлектей көлемі!
Жел жұлып, жын түртіп, ойладым, о, нені?
Ойнақы көздерің ойымды бөгеді
Күнәға деген бір ләззатқа бөледі.
Құшақтап рұқсатсыз алғым-ақ келеді,
Алсам ғой, шіркін-ай, ұстап тұр не мені?
Білмеймін, білмеймін.
– Себебі...
Ескермей естілген мешіттің азанын,
Ойымда ең ауыр күнәсі жазаның...
Көңілімді күрең күз кейпіне қажадым
Жүрекке көшіріп көктегі қаз әнін,
Бір сәтке жаныңнан келмейді кеткім-ақ,
Келердей сен кетсең, ажалым.
Тек сенің алдыңда тазамын,
Тек сенің алдыңда тазамын!
Бәлкім сол шығар-ау азабым.
Алматы
Алматы, арманымды аялашы!
Пір тұтып ақ шашты әзіз Алатауын,
Қалғиды баурайында қала, қауым.
Кеңсайда жатыр уақыт иірімі,
Көк тасқа көшіріп ап бақ атауын.
Тас бұлақтың тайғанап айна тәні,
Жалаң аяқ жел кезіп, сай, жотаны.
Ет-бетінен шың құлап, күн тайғанда,
Қойынына Көлсайдың ай батады.
Ұрлатпаған өзгеге өңін, түсін,
Мәңгілік махаббаттық төрімбісің?!
Көктөбем бауырына жатыр басып,
Көңілімнің көзден қашқан көрінісін.
Көзбен тербеп көшеңнің көне үйлерін,
Көлеңкеңде күбірлеп көмейдегі үн.
Жетім бұрыш іргеңдей жетім жұртым,
Өрлігінен тартып жүр өгейлігін.
Көрмен жұмған көп сырды көпке бүгіп,
Тілсіз әуен ырғағын өкпеге ұрып.
Тамырын жерге сүңгітіп паң қарайды,
Күмбез үйлер құлағын көкке түріп.
Ел үшін сені қойған жалалы ғып,
Сен үшін мені қойған жаралы ғып,
Ақын болдым адам боп жаратылып.
Тынышбайдай жүргенмін көшесінде,
Мұқағали жыры мен таң атырып.
Атқан оққа қаңғыған шекем дайын,
Арлы адамға аруақ та екен уайым.
Ақындардың атында көше жатыр,
Азғындардың көрсетіп мекен-жайын.
Алматым – алты алаштың ошағысың.
Отқа салдың кеудеңді Отан үшін.
Жанымды жалын қарған желтоқсанда,
Бұзып өткен бұғаулық отар күшін.
Құлақ – керең, көз – соқыр, тілім – кемтар,
Табаным тас көшеңе тілінген тар.
Балағыма батпақ боп жабысады,
Кірпігіме қаңтарда ілінген қар.
***
(Анам Ләзәт Құсниқызының аруағына)
Сағындым, ана, сабырым қалды сарқылып,
Барлығы өгей, өзіңсіз жүрмін тартынып.
Жаһанды кезіп таппасым анық шарқ ұрып,
Жалғыздығыңа құдайды іштей жар қылып,
Өмірді мынау көрімнен суық сезіндім,
Бір ауыз жылы сөзіңе қойған зар қылып.
Сағындым, ана, өзің бар кездің барлығын.
Өткен шақтарды, тағдырдың тартқан тарлығын.
Адал еңбек пен асын жегіздің арлының,
Жаның жомарт еді, күнін кешсең де жарлының.
Қара басыңның қадіріне жетпей тіріңде,
Қара тасыңды құшақтап қалған зарлымын.
Сағындым, ана, ренжігеніңді бұртиып,
Қуанғаныңды, жүзіңе жылы нұр құйып
Қарашығыңа қамалған сайын сыр түйіп,
Намазын қимай қалғитын көзі кіртиіп,
Бейнеңді сол бір сәжде үстіндегі сағындым,
Жұмбақ күйдегі ойларға шөккен, бір тұйық.
Көңіліңдей сенің көк аспан бүгін жайдары-ақ
Сағындым, ана, дұғамды іштей қайталап,
Басыңа барсам көңілім жиі жай табады.
Қолымды жайсам көзімнен жасым тайғанап,
Алланың мейірім, шапағатына бөленгей!
Қара жер саған көрсетпесе екен қайғы, азап!
Алғашқы қар
Алғашқы қар!
Күнәдан пәк періштелер сыңайлы,
Алғашқы қар маған қатты ұнайды.
Қалғып түсіп, тағдырына нала боп,
Аппақ арман жерге құлап жылайды.
Жатқандайын күнәһар күз ақталып,
Қала, үйлер, саябақтар ақ мамық.
Мендік адал сезімдердей бұл қар да,
Табандарға қалар сосын тапталып.
Пендешілік пейілінен арылып,
Көрген бар ма жанымызды ал, ұғып?
Бүгін бәрі терезеге телмірер,
Ертең тағы қалар сенен жалығып.
Оралды ойым сені көріп өткенге,
Еріп жаның күн шуағын төккенге.
Мендік жұмыр жүрек дерті сол мезгіл,
Сендік ғұмыр шешілетін көктемде.
Солай келер бақ пен сорың алмасып,
Ал, мендік мұң сол көктемге қылды асық.
Күрең күзге сағынышымды аудырған,
Сары бақты, жапырақты қал басып.
Сен болдың ба сағындырып жеткенім?!
Кірпігіме жыламашы кеп менің.
Және тағы гүл сатушы апайға,
Былтырғыдай қарыз болсын деп пе едің?
Бәрін-бәрін ақ көрпеңе ал жауып.
Бір ауырлық еңсеме кеп қалды ауып.
Мені мұнда терең ойға батырған,
Сен жақта да жатыр ма екен қар жауып?!
***
Суынып сенімнен, сезімнен,
Ешкімнен күтпеймін еш жылу.
Ажал күш алқымға кезенген,
Сәттерде барлығын кеш білу.
Жалт еткен шақтардың жарқылы,
Танысу, қоштасу, кезігу.
Өзіңді жазғыру арқылы,
Өзгені өң бермей кешіру.
Өмірге, Құдайға кінә арту,
Содан соң «сүйікті құлмын» деу!
Тәтті ойға ащы мұң құмарту,
Қатігез қоғамды құр міндеу.
Білмеймін өңім бе, түсім бе?
Тірліктің кең көрем тарлығын.
Біреуді сағыну үшін де,
Ұмыту керек пе барлығын?!
Кештер де кінәлі ой кетпеген,
Әр жетім тамшыға жуындым.
Жылудан жүрекке жетпеген,
Сұп-суық қолдардан суындым.
Барлығын қояйық «өмір» деп!
Жүретін жолдар ғой жиі мен.
Жаралған жаным бұл көңілшек,
Көрдегі жалғыздық күйінен.
и
Келмеске кетті қанша қараң күнім?
Көтеріп қарын қамын, қалам жүгін,
Болмаған маған жұғым.
Қара жұмыс қажаған қажырымды,
Астана, тағы келдім саған бүгін.
«Келмеспін!», – деп кеткен ем ендігі әрі.
Сенбеді жалғыз жүрек, сенді бәрі!
Көшесінде көмілген көрсоқырлық,
Тапталған теңдік ары!
Тар жолдар, биік үйлер, қымбат көлік,
Адамдық мейірімді тым жат көріп
Арзан бағы сор болған соқыр көздің,
Жасынан жұбанамын жұмбақ көріп.
Бәрін іштей жүрсем де сезіп, біліп,
Кете алмадым келмеске безіп тұрып!
Қаласына іліккен бір адамды,
Қалам ба деп, кездейсоқ кезіктіріп...
Еркеле маған бойдақ жүргенде
Өмір қызық қой ойлап білгенге,
Не жетер шіркін, ойнап күлгенге?!
Бақытты сәтті бөліске салып,
Еркеле маған бойдақ жүргенде.
Таусылып іштей түнек тілеме
Бос үміт артып жүдепті деме,
Кірпіктеріңмен қытықтап алып
Жабырқатасың жүректі неге?
Әлемнің бәрін бояп қараға,
«Күнә» деп қойсақ, ой ақтала ма?
Көзқарасың мен аймалап алып,
Көңілің содан тоят таба ма?!
Сиқырлы сөз бен арбашы мені,
Қылығыңменен алдашы мені.
Қысылып, қашып ұяла бермей,
Ұяң бір күйге салмашы мені!
Өзімді-өзім алам да қашам,
Шығыңа батып, санам да адасам.
Бұрымыңменен жауып денеңді,
Бұрылып төмен маған қарасаң.
Толықсып, толқып тым сақ жүрегім,
Тілімде балқып жұмсақ гүл ерін
Нәп-нәзік белің, нып-нығыз бөксең,
Жұп-жұмыр иық, шынтақ, білегің.
Хәліммен мынау түсінбеген сен,
Құпияң болып ішіңде өлсем.
Жанарыңа әкеп жасырған ойды,
Құшақтап жатып түсімде көрсем.
Не жетер бірге ойнап күлгенге,
Еркеле маған бойдақ жүргенде...