Ұларбек Дәлейұлы. Мен – жаны да, жүрегі де жара мен өкінішке толы жазушымын

Қытай коммунистерінің бұл «Жоспарлы туу» дейтін саясаты – түбі өзін жұтып тынуы мүмкін. Өйткені, коммунистер жүрген жердің шөбі қурап, өзені суалып, көлі құрғап кетеді...

Apr 28, 2026 - 16:36
Apr 28, 2026 - 16:42
 6
Ұларбек Дәлейұлы. Мен – жаны да, жүрегі де жара мен өкінішке толы жазушымын

Біз жазушы Ұларбек Дәлеймен поэзия мен проза арасындағы өткел, тарихи романдар жазудағы көркемдік пен шығармашылық экстаз жайлы әңгіме қозғаған едік. Сұхбат барысында Ұларбек Дәлей өзінің бала кезден басталған рухани жолын, туған жердің, ата-баба тарихының және жеке тағдырдың шығармашылығына қалай әсер еткенін бөлісті. Сондай-ақ ол жасанды интеллект дәуіріндегі шынайы шығармашылық пен сөз еркіндігінің мәні туралы да ойымен бөлісті.
Айта кетейік, Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ – жазушы, ақын. 1980 жылы, 26 қаңтарда, Алтай аймағында дүниеге келген. 2004-2007 жылдары Түркістан қаласында Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетінде қазақ әдебиеті мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. 
«Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ» қатарлы жыр кітаптары мен «Хат бармайтын қыстақ», «Қарғыбаулы қасқыр» сияқты әңгіме-хикаялар жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ, «Жошы хан» атты көлемді тарихи-деректі романның және балаларға арналған «Жошы хан кім?», «Шыңғыс қаған кім?» «Бату хан кім?» атты кітаптарының авторы. 2025 жылы қазан айында «Бату хан» тарихи-деректі романы жарық көрді.
Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты. Қазақстан жазушылар одағының, «ТҮРІКСОЙ» жазушылар одағының мүшесі. «Құрмет» орденінің иегері.

– Ұларбек аға, Кафка «Шығармашылық – Құдайға сыйынудың басқа бір жолы» десе, Бродский «Кез келген шығармашалық өзінше дұға іспетті. Кез келген шығармашылық Құдай құлағына жетуге бағытталған» дейді. Ал, сізді осы мінәжатқа не алып келді?
– Мені осынау мінәжатқа алып келген дүние – Алтай. Яғни, туған жерім. Сосын әкем. Жарық ғұмыр есігін ашқанда алғаш рет санаңа сәуле түсірер, мына ғапыл ғаламның сәулесін алғаш сезер сәт әркімнің есінде жүреді. Сол сәтті елестетіп көрейін: үш жас кезім бе екен, өгіз жеккен (әлде ат па, анық есімде жоқ) жаздық сүйреткі шанамен, тереңдігі тізеден келетін судан өте шықтық. Айналада бітік өскен мәуелі ағаш атаулы сыңсып тұр, бүршіктерінен мамық тозаң тарайды. Шыбық шауып әкелуге бара жатқан сияқтымыз. Мен әкемнің алдында отырмын. Екеуіміздің де аяғымыз су болды. Тізесінде отырған мені қыса құшақтап, басымнан иіскеп қояды.
Міне, есімді алғаш жинай бастаған сәтімдегі қысқа сурет осы. Сонымен қатар ақын болып кеткен кезім де осы сәт...

– Сіздің оқырманға алғаш ақын боп танылғаныңызды білеміз. Жалпы поэзиядан прозаға ойысуға не түрткі болды? Әлде Асқар айтпақшы «Ақынды прозамен тексеріп алса, теріс емес» деген ойға тоқталдыңыз ба?
– Өлеңнен прозаға кетуіме ешкімнің, еш нәрсенің әсері болған жоқ. Күшім тасып, қайратым бойыма сыймағаннан да емес. Өзім балалық шағымда көрген сәттерді, өскен киіз үйлерді, орманды асқар тауларды, түйелі көшті, күзгі ымыртта қарауытқан шоқылардың етегінде енесін іздеп аңырай боздаған ботаның жүректі жарар сазды да зарлы үнін жазғым келді. Оны тура суреттеу үшін өткен ғасырларда қалған дала ұлдарының ең сүйікті біреуін тақырып етіп алуды ойладым. Таңдауым Жошы ханға түсті. Осылайша сөз мұхитына желкенсіз қайығымды салдым да жібердім.

– Жалпы осы поэзия мен прозаның қайсысы адамның жеке әдеби, философиялық, тарихи ізденісін толық ашуға қолайлы деп ойлайсыз?
– Ол әркімнің өзіне байланысты. Алпысыншы кітабы жарық көрген ақынды білемін. Жасы да біразға келген. Сонша кітап жазып, сонша ғұмыр сүрсе де, Мұқағалидың бір өлеңіне татитын дүние жаза алмаған сияқты болады да тұрады. Отыз-қырық томы шыққан жазушылар да көп. Оларды Мұхтар Мағауиннің «Сары қазағы» мен Сайын Мұратбектің «Жусан иісіне» ешқашан айырбастап алмас едім. Сондықтан әр жанрдың көтерер жүгі әр қалай.

– Соңғы жылдары «Жошы хан», «Бату хан» сынды тарихи романдарыңыз жарық көре бастады. Тарихи роман жазған кезде нақты деректер мен әдеби көркемдік арасындағы балансты жоғалтып алған жоқсыз ба?
– Баланс жоғалды, әрине. Өзім саналы түрде жоғалттым. Соншама зор тақырып, көлемді роман басталарда алдымда екі жол тұрды. Біріншісі – тарихи фактілер мен тұлғаларды қалағанымша бұрмалап, романды мейілінше көркемдеп, аруақтар алдында қиянатқа бару. Екіншісі – ұлы дала төсін дүбірлеткен егей ерлердің басқан жолын, кешкен жорығын, шапқан қалаларын өзара дұшпандығы мен достығын дерек ізімен қуалай көркем тілмен жазу. Сол арқылы жас ұрпақтың тарихи санасын ашу. Мен екінші жолды таңдадым.

– Бір сұхбатыңызда: «Менің жазу жоспарымда кемі жеті томнан тұратын сериал романдар топтамасы бар» деген екенсіз. Сол томдар арасындағы кейіпкерлер мен тарихи контексттің байланысын қалай жоспарлайсыз?
– Ол ұзақ та сапалы еңбек. Есугейден Тоқтамыс ханға дейінгі ұзақ дәуірдің ұлы шежіресін құран жаттаған дәруіштей жаттап, қырық тарауға бөлінетін ұлы қағанаттың ізінен жаңылмай еру, әр сәтті тамыршыдай басу керек. Жылдар мен тұлғалардың бөлінісіне қарай романдарым да тарамдала желі тартып, бір тұстан түйісіп отырады да, қайтадан тарам-тарам соқпақтарға түсіп кетеді. Ең соңында барлық романның басын бір жерге жинап, сай-салада жоқ іздеп кеткен оқырманымды Алтын Орданың ақырғы күндеріне жинап алып келемін. Сонымен, тарихи роман жанрындағы миссиям аяқтауы тиіс. Аяқталмаса Қазақ Ордасы тарихына қарай қайта жол тартады. Уақытында көрерміз, жоспардағы жеті романнан да көп дүниелер жазуым бек мүмкін. Өйткені, қаламым өз ырқымда емес, ол не дейді, соны жазамын.

– Біздің журналға ұсынып отырған «Алма өспейтін ауыл» атты эссеңізде «Менің жаным мен жүрегімде балалық шағымда жарылмай қалған сыздауық көп» дейсіз. Және сондай қатыгез саясаттың (жоспарлы туу) артында миллиондаған тағдыр мен трагедия жатқанын меңзейсіз. Қалай ойлайсыз, тұтас ұлттың жадындағы сыздауық боп қалған осы бір жарақатты уақыт емдей ала ма? Әлде ұрпақтан-ұрпаққа өтетін қасіретке айналып кете ме?
– Ол – уақыт емдей алатын жара емес... Қытай коммунистерінің бұл «Жоспарлы туу» дейтін саясаты – түбі өзін жұтып тынуы мүмкін. Өйткені, коммунистер жүрген жердің шөбі қурап, өзені суалып, көлі құрғап кетеді. Ол сондай қарғыс алған зұлым жүйе. Ал, қытай жақта мекендейтін екі миллион қазақтың әрқайсының жүрегінде сол саясаттан қалған ауыр жара бар. Менің әке-шешем мықты дәрігерлер еді. Анам ұзақ жыл гинеколог болып қызмет істеді де, қанша мың баланы өмірге әкелді. Әр бала – анамның жүрегінен көктеп шығатын алма ағашы сияқты еді. Сөйтіп, уақыт өте келе бала атаулы – оның аса жанды жеріне айналған. Ол кісі қазір ауылда тұрады, әкем қайтқалы тіпті де қартайып кеткен. Ауыл үй арасындағы қаза хабарларында балалардың өлімі жайлы айтпауға тырысымыз. «Бір сәби шетінепті» десе еңкілдеп жылайды...

– «Байқағаным – кез келген автор жазу әлеміне кіргенде, параллель бір тылысымға өтіп, өзін ұмытады, соңында жазылып біткен дүниесі – сол әлемнің жемісі болып шығады екен» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Дәл осы мәндес дүниені қаламгерлер жиі айтады. Егер ол шығарма сіз айтқан тылсым әлемнің жемісі болса, сол шығармада сіздің саналы түрде айтқыңыз келмеген әлдебір шындықтар көрініс табуы мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Тіпті, өзің емес, басқа біреу жазған дүние сияқты шығуы да ғажап емес.

– Жалпы, осы бір жазу кезіндегі экстаздық күйден арылғаннан кейін өзіңіз жазған дүниеге толық жауапкершілік алудан іштей бас тартқыңыз келген сәттер болды ма?
– Қазірге дейін ондай сәттер болған емес. Бұдан кейін де болмайды деп санаймын. Мен – жаны да, жүрегі де жара мен өкінішке толы жазушымын. Мен – мынау өмірдің өзімін. Өмір ештеңесін жасырмайды һәм жасағынына өкінбейді.

– Бүгінде жасанды интеллектінің көз ілестірмес қарқынмен дамып жатқанын көріп отырсыз. ЖИ пайда болғалы «өндіріп жазатын» жазушылар да көбейіп кеткендей көрінеді. Аталған тенденцияның шынайы шығармашылық пен шын таланттардың жолын бөгеуі мүмкін бе?
– «Жасанды авторлардан» қазір көз сүрінеді. Кейде соларға қарап отырып: «Қаламмен жазатын, әлі де сапалы жазу парағы мен жүрдек қалам іздеп жүретін біз сияқты «ескішіл» авторлардың күні осымен батты ма?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, олай емес екен. Жасандының аты қашанда жасанды. ЖИ қолданып жазатындар бір мезет дәурендеуі мүмкін. Алайда жүрегінде ыстық қаны тасыған кез келген оқырман түбі ол кітаптарды лақтырып тастайтын болады. 

– Қазіргі ақпарат ағыны мен әлеуметтік желілердің қысқа форматтық контенті үстемдік ететін дәуірде қаламгердің сөзі қаншалықты құндылыққа ие деп ойлайсыз? Кейде маған біздің қоғам әлі де ой мен сөз еркіндігіне әлі де қол жеткізе алмай келе жатқандай көрінеді. Ал сіз сол еркіндікті сезінесіз бе?
– Біздің ұлтты қоя тұралық, жалпы адам баласы ой мен сөз еркіндігіне әлі толық жете алған жоқ. Әдебиет үшін ақпараттар ағыны да ешқашан қорқынышты емес. Адам баласы бағзыдан жылт етпе дүниелерге құмар келеді. Күндердің күнінде есі кіргенде өз-өзін іздей бастайды, оны тек кітаптан ғана табады. Бұл үрдіс кемі Диоген дәуірінен бері жалғасып келеді.

– Сөз соңында «Мархабат» журналының оқырмандарына айтар ұсыныс, пікір, лебізіңіз болса – мархабат!
– «Мархабат» журналының оқырмандарына айтарым – Сіздер ұлы жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің өлер алдында жазып қалдырған қоштасу хатын жиі оқып жүріңіздер. Оның: «Құдайым-ай, жүрегімнің бары рас болса, бойымдағы өшпенділік атаулыны мұз етіп қатырып, Күн шығар сәтті тосар едім. Мен Ван Гогқа ұқсап, жұлдыздардың жарығының астында сурет салар едім, Бенедеттидің поэмасы жайында армандап, Серраның әні мен айлы түндегі сүйіспеншілік әуеніме айналар едім. Раушан гүлдерін көз жасыммен жуып, олардың тікені тәніме шым-шым қадалғанын сезініп, алқызыл гүлдің қауызына ернімді басып, аймалап рахатқа батар едім» деген сөзін жаттап алыңыздар. Сіздер аман болыңыздар!

– Әңгімеңізге рақмет! Сіз де аман болыңыз!

Әңгімелескен
Сезім МЕРГЕНБАЙ

Жазушының эссесі: Алма өспейтін ауыл