Мұхтар Шаханов. Махаббат та шың сияқты
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен, Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.
Эверестке шығу
Қадалған көз таларлық,
Жігер отын жанар ғып,
Эверестке шыққандардың тізімі,
Саусақпенен санарлық.
Махаббат та шың сияқты:
Күн жақындап қасына,
Бұлт қонатын тасына,
Қыран тектес жандар ғана
Шыға алатын басына...
Бәрі бітті.
Құлайды арман дауыл жыққан қайыңша,
Ел күлмей ме ессіз үрей ықпалына бой ұрса?!
Өзін-өзі өлтіруге тиісті еді Транзей
Сол кездегі әміршінің қатал заңы бойынша.
«Мені айналып, өте алмайтын кезеңге тап болдың ба?»
Дегендей-ақ жарқ-жүрқ етіп, қанжар жатты алдында.
«Қайсар Рим заңы солай,
Көзінді енді құрт, батыр» –
Деген сөзді оймен айтып, біраз адам сыртта тұр.
Бөлме дел-сал, жүріп жатыр өмір, өлім таласы,
Ал, қанжарға қол бармайды, бұл азапқа қарашы.
Гүлзар тірлік қимастықпен жымиғанда қиылып,
Ең бастапқы қатқыл ойы бірте-бірте сұйылып,
Дір-дір етіп, дегбірі ұшып, қалшылдады бейшара.
Намысына тірек етер ерлік таппай күйініп.
Осы сәтте кіріп келді Аррия,
Ақша қардай аппақ көйлек киініп,
Жанарынан жан тербетер назды сәуле құйылып.
Асқақ ұстап, сұңғақ бойын сымбатты,
Транзейге әйел былай тіл қатты:
– Құдай саған еркек деген ат берді,
Дәулет берді,
Атақ берді,
Бақ берді.
Шараң қанша енді соның бәрімен,
Қоштасатын шақ келді.
Кимекпісің қорқақ атын ноқта ғып,
Қалсын десең еркек атың сақталып,
Есінді жи, айнам менің, есінді жи, қамықпа,
Ел мазағын көтеруден өлім ауыр болып па?!
Илан маған, тіпті түк те қиындығы жоқ мұның,
Батыл ұста қанжарыңды, батыл ұста, шоқтығым!
Ездік мінез сынға түспей қойсын қайдан байқала,
Қиындықсыз келген бақыт кетер кезін айта ма?
Бұл ерлігің болсын сенің ең алғашқы, ең соңғы
Кәне, менің қимылымды қайтала!
...Аррия ару Транзейге ойлы көзін ойната,
Жүзін гүлдей жайната,
Күле қарап, тұрдыдағы қанжарын,
Жүрегіне сұғып алды бойлата...
Шулы, даулы пікір тастап артында,
Бір-біріне қол созысқан қалпында,
Біраздан соң екі бейне жатты үнсіз...
Кемітпеген тіпті қорқақ күйеуінің нарқын да
Ұлылық бар сол әйелдің даңқында...
Бірақ, мақтау қажет те емес алтынға.
Ғайша
Ғайша жеңгей сүйген жарын аттандырды майданға...
Сенген жүрек серттен оңай тайған ба?
Соғыс бiттi.
Ал күйеуi келмедi.
Үш жыл күттi.
Бес жыл күттi...
Өлдi деген суық сөзге сенбедi.
Тұманға орап тiлектi,
Тағы төрт-бес жыл өттi.
Тәттi apмaнын көңiлiне тоқ санап,
Күте бердi сағат санап, сәт санап.
Кейде аусар тағдырына нала боп,
Көкiрегiнде маздап, ұйтқып жанады от.
Тым құрыса,
Тым құрыса, құдай-ай,
Алданыш қып отыратын бала жоқ.
Артса да үмiт бip күннен соң бip күнге,
Жалғыз жанға жараспайды күлкiң де.
Болмады ғой.
Болмаған соң ақыры
Көршi қартқа ерге шықты бip түнде.
Сол түн тыныш ұйықтады,
Жаңа үмiтiн жағып бip,
Keyдeciне қанағаттан тағып гүл...
Ал таңертең арман болған күйеуi
Tepeзeнi қағып тұр.
Ғайша сорлы күйiп кеттi бұл қорлықты көргенде,
Тастай қатып қалды тiлсiз, естен тана үдерiп,
Сонан кейiн шашын жайып жiберiп,
Күйеуiнiң аяғына құлады.
Құлап жатып, ағыл-тегiл жылады,
Жылап жатып, зарлады,
Өзiн-өзi жерге соғып, қарғады.
...Махаббаттың құм секiлдi мiнезi жоқ сырғыма,
Жүргенiмен көп опық жеп, алданып...
Ғайша кенет орнынан сүйретiлiп тұрды да,
Бip ғана ойға табан тipeп түбiрлi,
Ту еңiсте тасып жатқан долданып,
Асау Ақсу өзенiне жан ұшыра жүгiрдi...
Бағаласаң – махаббатты бағала,
Бағаласаң – махаббатты бағала...
Сәлден кейiн сорлының
Орамалы ғана жатты жағада.
Махаббаттың жазылмаған заңы
Жол бұралаң, сезім тура, oй тура,
Жол түскен соң, болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.
Аз ба өмірде жылап жүріп, күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.
Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын, мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ,
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен,
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.
Қазақтың бас бұлшық еті
(Қажымұқан қабірі басындағы ой)
Тұлпар далаң, іңкәр далаң айтып жатыр алғысын,
Қабіріне бас игендей тәкаппар тау, қарлы шың.
Күллі қазақ әйелдері толғатса да қанша рет,
Туа алмастан келеді әлі саған ұқсас нар мүсін.
Ұлтымыздың қара күші, дара күші, армысың,
Біз аспаған биіктерден сенің даңқың қарғысын.
Беске толған шағым еді.
Қасқасудың төсінде
Беу, Қажеке, әкемді іздеп келген кезің есімде.
Шетте жүріп, мекенінің амандығын сұраған,
Кезеңі еді әкемнің ол көңіл шыңы құлаған.
«Туған жерден мені іздейтін бар екен деп бір адам»,
Құзар тауға сүйенгендей сені құшып жылаған.
Сен әкеме жігер беріп, мейіріміңнен от өріп,
«Мына ұлың палуан болсын!» – дедің мені көтеріп.
Жә, палуандық қайда маған, нәзік, жұқа кескінмен,
Жел үрлесе құлайтындай қауқарсыз боп өстім мен.
Бұл не тағдыр, сусыз көлдің қоғасындай мәні кем,
Тән қуатын күйттегеннің жығылдым мен бәрінен.
Намысыма қамшы басып, бірақ, қарап қалмадым,
Өзің жеңген жарты әлемді мен де біраз шарладым.
Ой қуатын жарқыраттым талай көңіл көгінде,
Бәлкім, мені рухымен палуан болсын дедің бе?
Бір шынары атансам мен сен даңқ қосқан Отанның,
Мүмкін, түскен нұры шығар сонда берген батаңның.
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан,
Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған.
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой біртабан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан...
Бүгін мені қайта көтер, жарты ғасыр өткен соң,
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Елімнің бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан...
Айбергенов шыңы
Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,
Намысынды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың,
мен бала,
Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ, шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған
Махамбет пен Сен ғана.
Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала,
Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама,
Батырлығың қанша болса, ақындығың соншама.
Тіпті, өзіңді сыйдырмаған даңқтың тар төріне,
Мені бірге ап шыққың кеп, арпалыстың қаншама.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім,
Саф өнерде қызғанышты білмей өткен, іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың
сен күн сайын,
Қазағымның мандайына сыймай кеткен, сұңқарым.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап,
күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар
Ол – ақындық мәрттік шыңы,
Айбергенов деген шың...
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең атыңнан түс, жас бала!
Жетінші түйсік
Үйленіп, отау көтердің. Мінекей, сен де, бала қаз,
Тірліктен, бірақ, жарқыным, үйленбей кеткен адам аз.
Сен түгіл қасқыр қасқырмен, маймыл мен маймыл жұптасқан,
Өз теңін тапқан соң ғана адымын олар нық басқан.
Ойың мен ісің – жаңғырық, кейде оған түйсік жетпейді,
Әйел ап, бала тудыру – ақылды қажет етпейді.
Күнделік құмар сезімді өрілгені үшін отпенен,
Шатастырып алдық, құдай-ау, бір туар махаббатпенен.
Алдану, сірә, түк емес бұлтақсыз, бұлтсыз шақта да,
Үйлену деген, қарағым, алғашқы баспалдақ, қана.
Ата-анаң, үрім-бұтағың, бәрі де сені тұр қолдап
Бастысы – сұлу жұбайың өзіңе ертең кім болмақ?
Махаббат – қайсар заңғар шын, кез келген өрлей алмаған
Он мыңнан, бәлкім, екі адам үмітін зорға жалғаған.
Содан ғой, сансыз кеудені жалғыздық дерті торлаған,
Қаншама заңғар тұлғалар қанатсыз жардан сорлаған.
Тұрмыстың түрлі сынынан сүрінбей өтті десе де,
Жұбайың досың бола ма?
Miне, бұл – басты мәселе.
Не бермек тәннің одағы?
Жаныңа жаны қосылмау
Бұл – нағыз бедеу қасірет, қосылмау деген – ашылмау!
Гүл болып ашылмағанның тілегін кім бар жақтаған?
Рухы қосылмағанның сезімі шаттық таппаған.
Рухы қосылмағандар – жалынсыз, сәнсіз, жақұтсыз,
Сондықтан мына жалғанда екеудің бірі – бақытсыз.
Сондықтан махаббаттың да сырт санын құрайтындар көп
Жәй көзге күліп жүргенмен, жасырын жылайтындар көп
Тағдырдан қашу мүмкін бе, жүрсең де қандай жолменен,
Бір мәнді сұрақ алдыңда тұрады ылғи көлденең:
«Жұбайың досың болды ма самғатқан сенім шырайын,
Нақ сондай ұлы бақытты берді ме саған құдайым?
Ойнай ма оның көзінде сезім мен рух жарқылы,
Ұға ма ол шаттық-мұңыңды жетінші түйсік арқылы?»
Ұқпаса...
Ісің секілді дауылда мұзға жаққан от,
Рухани терең түйсіну жоқ кезде, махаббат та жоқ.
Нағыз қыран мәңгі ардақтап өтер болар өз көгін,
Өзіңді-өзің ұмыта біл, бақыты үшін өзгенің.
Тағы да оқыңыз: Бақұл болыңыз, қазақ поэзиясының биік шыңы