Нұрасыл Сералиев. Менің атым – Жалғыздық, ал сенің ше?

Сағынғанда мендік жанға жұбаныш, Бір кездері саған жазған хаттарым...

Mar 2, 2026 - 18:28
 4
Нұрасыл Сералиев. Менің атым – Жалғыздық, ал сенің ше?

Нұрасыл СЕРАЛИЕВ – 2004 жылы, 10 қазанда Түркістан облысы, Төле би ауданы, Көксәйек ауылында туған. Жасына толмай Қазығұрт ауданы, Еңбекші ауылына нағашыларының қолына көшіп, сонда өсіп, тәрбиеленген. Қазіргі таңда Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің «Филология» факультетінің 4-курс студенті.

Айғыр мен байталдар туралы әзіл
(немесе қашқындар деген сөздің шығу тарихы)

Өмір осы, қызық та күлкілі де,
Жолығасың адамның түр-түріне. 
Жақсылармен бір жүру қандай ғажап,
Күнде думан, күнде той, күлкі күнде. 

Талай жүріп тар жолда табысқасын,
Айғыр қалай байталдан алыстасын?
Қырандар да шаңқылдап жерде жүрмей,
Аулақта өз көгінде қалықтасын. 

Жаныменен жақын боп бар асылға,
Көтеретін халықтың наласын да,
Мен бір жалғыз жігітпін, жапырақпын,
Қызыл-жасыл гүлдердің арасында. 

Көңіл көктем, өмір жаз, айнала қыз,
Тамашаға осынау бай қаламыз. 
Тылсым жердің белгісіз жұмбағы бар,
Біз де бір күн жұмбаққа айналамыз. 

Қиынынан өмірдің шаршап тынған,
Жан емеспіз тойымсыз мансап қуған. 
Ақ көңілді жандармыз қарапайым,
Жастықтың шын сыйлығын аңсап тұрған. 

Баспау керек жерлерді басып та өттік,
Ақша болса артықтау шашып-төктік. 
Бәрін қойшы бір күні бір ағайдың,
Сабағынан бәріміз қашып кеттік...

Қыздарым ғой солай деп саралаған,
Шынында мен қашуды қаламағам. 
Біз сол күні «қашқындар» деп аталдық,
Бір қылмыстың бақшасын аралаған. 

Әлсін-әлсін көп емес, аз-ақ күліп,
Көрсетпестен ешкімге ағат қылық,
Сәл кідіріп қалдым да, былай дедім 
Қаумалаған сұлуға қарап тұрып:

Қайдан келді ой сендерге қайтам деген?,
Ағайға кейін сылтау айтам деген?
Айғыр болып амалсыз кетіп барам,
Қаптаған байталменен. 

Байталдарым!
«Қалыңдар» деп сендерге айта алмадым. 
Еркіндік жайлауына жөнелсін деп,
Бастарыңды әдейі қайтармадым. 

Әдейі қайтармадым бастарыңды,
Уақыт дейтін қайтейін қас-қағымды?
Қара айғырдан сұрасын ол болмаса,
Бір үйірді қалайша басқаруды. 

Тарам жолда талаймен теңескендер,
Жуассыңдар, тебеген емессіңдер. 
Осқырынар асау да болмағасын,
Сендер маған әзірге керексіңдер. 

Байталдар көп әйтпесе кісінеген,
Еліктірер иісімен, түсіменен. 
Өзге айғырдан әйтеуір амансыңдар,
Қағынған қара айғырдың күшіменен. 

Жүрек шіркін, бар сөзін айта алған ба?
Өмір өзі сұлу ғой жайқалғанға. 
Мен айғыр екенімді түсінемін,
Бір қарап жусап тұрған байталдарға. 

Несін бүгіп білмеймін несін айтам,
Әзілдеймін, болмаса кесіп айтам. 
Жырға малып жүргенде жүрегімді,
Шет қаламын қалайша есіл ойдан...

Жазым басса айырмас жолын бөлек,
Он байталдың жүретін онын да елеп. 
Аулақ кетсе қайырып отыратын,
Әр үйірде бір айғыр болу керек. 

Үнсіздікте де бір үн бар

Мына өмір өтіп барады,
Жыла да демей, күл демей.
Сонда да бір үн болады,
Тұра алмас өмір үндемей.

Төменде тұрсаң таулардың,
Естілер әлсін сыбдыры.
Томаға тұйық жандардың,
Күлгені кейде күлкілі.

Меңіреу болған түндерде,
Жымыңдасады жұлдыздар.
Айды іздеп біраз жүргенде,
Аспаннан сөйлер бір қыз бар.

Тыңдауға жетсе өрең шын,
Сөйлейді әрбір мылқау да.
Тордағы байғұс көгершін,
Өз әнін іштей шырқауда.

Айтылмай қалып сөздер де,
Қоздамай қойсын ой мейлі.
Осынау үнсіз кездерде,
Жүректер ғана сөйлейді.

Мүмкін бе үнсіз болмағы,
Суда да үн бар білемін.
Ұғасың оны сен дағы,
Болса егер анық жүрегің.

Түсіне салар гүл кейпін,
Мендік ой – дара, жырым – бал.
Өзгелер әсте білмейтін,
Үнсіздікте де бір үн бар.

Д-ға

Кез есімде сол бір ерке кештегі,
Көңіліме өрнек салған кестелі.
Өз-өзімді жазғырамын мен әлі,
Неге айтпадым «ұнатамын» деп сені?!

Неге айтпадым бір ғажайып сезіммен,
Ыстық жалын жылт еткенде көзімнен.
Құшақтауға ұялғам жоқ, жасқандым,
Тым алыстап кетер дедім өзімнен.

Жүрегіме жүк арттым ғой босқа ауыр,
Ақын жанға махаббат та, дос та бір.
«Досым» деуге жеткенімен батылым,
«Жаным» деуге не болды екен тосқауыл?!

Сөз айтуға оқталсам да құлшынып,
Пәк сезімім қала берді тұншығып.
Содан кейін сен де кеттің алыстап,
Әлде маған қалдың ба екен қырсығып?!

Күндер өтті, жүре бердік алаңсыз,
Хабарласпай кеттік және хабарсыз.
Ойда жоқта жан құрбыңнан кешқұрым,
Өзің жайлы тосын хабар естідім.

Көрегендім, көгершінім, көріктім,
Хал-жайыңды көп түсіндім, көп ұқтым.
Өзгеменен қол ұстасып кетіпсің,
Мен өзіңді ұмытатын болыппын.

Ұмыт десең ұмытамын, несі бар?
Ұмытпасам жүрегімді кесіп ал.
Тағы біраз бақыттымын егер де,
Мәжнүндердің ілеспесем көшіне әр.

Сен сонда да әдемісің, көркемсің,
Көркемдігің жүрегімді өртер шын.
Құшағыма енбей кеткен арусың,
Еркелетіп үлгермеген еркемсің.

Тал бойынан мін таппайтын, аппағым,
Аяулысын қияр дейсің жатқа кім?
Сағынғанда мендік жанға жұбаныш,
Бір кездері саған жазған хаттарым.

Екі бөлек сезімдеміз мына біз,
Мұның үшін жоқ және де кінәміз.
Ертең сені ұмытамын, ал бүгін,
Таң атқанша ойлайтыным шүбәсіз...
Қазір түн.

Достық па әлде махаббат па?

Жүргенім жоқ сусап та, қаталап та,
Біреу түссе түсемін қатар отқа.
Менің атым – ЖАЛҒЫЗДЫҚ, ал сенің ше,
Есімің достық па әлде махаббат па?

Мен білемін сен соның біреуісің,
Жақсылықтың осылай жүрері шын.
Достық болсаң, жанымнан алыстама,
Сезім болсаң, иемден жүрек ішін.

Тулағанда көңілдің әр ағыны,
Ашылады үміттің жаңа гүлі.
Жүрегімде мекендер періштелер,
Өзің болсаң тәңірдің тәбәрігі.

Сен ұсындың сезімнің отын маған,
Қабыл алдым күйсем де отыңды аман.
Тұтанғанда сол оттық ерте кейде,
Ұшқын толы кеудеңді өртемей ме?

Жалғыз болса, жылайды бозторғай да,
Қиналғанда демейтін достар қайда?
Достық болсаң, ендеше дос болайық,
Махаббат та достықтан басталмай ма?
Мен жігітпін салатын жиі алдана,
Сен де қызсың биязы, ұяң, дара.
Сенің досың көп шығар, менің досым,
Жалғыздықта қауышар қиял ғана.

Ойланамын, әр түні қиялдаймын,
Сендіргім кеп өзімді жиі алдаймын.
Қиялымда досым бар тағы да бір,
Мен ол кезде ешкімнен ұялмаймын...

Ғашықтарға айт сезімін ақтай білсін,
Жүректердің есігін қақпай кірсін.
Менің атым – ЖАЛҒЫЗДЫҚ, ал сенің ше?
Есіміңді әлі де айтпай жүрсің...

Бір күні біліп алам.

Д-ға
(Екінші өлең)

Танытпашы көзіңнен салқындылық,
Жүрегімді қайтесің алқындырып?
Қашықтықты елемес арадағы,
Құдайым-ау, не деген тартымдылық?!

Сені ойласам, кетемін кей күн құрып,
Көз алдымда тұрады кейпің күліп.
Тәңірім тал бойыңа үйіп берген,
Ойхой, шіркін, не деген сүйкімділік!

Жүрегімнің жолдасам жазып мұңын,
Жазықсыз жырым үшін жазықтымын.
Жан мен тәннің қуаты неге керек,
Жеңіп кетсе егер де нәзіктігің.

Пәк сезімді ойыңа тұсатпашы,
Ірілікті ақырын ұсақташы.
Қос қолыңмен еріксіз байлап алып,
Тым болмаса бір рет құшақташы.

Махаббатқа мен дағы бөленейін,
Өзіңнен өзге ешкімді елемейін.
Қаласаң жүрегімді ұсынайын,
Одан артық жарқыным, о, не дейін?

Көзің бе екен, сөзің бе матап алған,
Ерінім де сусаған, қаталаған.
Екеуміздің күйіміз шертілсе екен,
Сезім дейтін тәп-тәтті ноталардан.

Болмасыншы әйтеуір көңіл жарым,
Жарты болсам төзбейді менің жаным.
Тәтті дәмнің бәрін де татып көргем,
Енді маған керегі сенің дәмің.

Жүрек берсем сеземін жерімейсің,
Ол болмаса білемін ерімейсің.
Иіссудың жұтқанмын неше түрін,
Енді маған керегі сенің иісің.

Өлшеулі бұл өмірдің көп айында,
Өзің болсаң жанымда жоқ уайым да.
Ұмытып сан тірліктің бар екенін,
Мәңгі сенің қасыңда болайын ба?

Армандасам, жай ғана қиялдасам,
Не болады өзімді жиі алдасам?
Сен мәңгілік сүйікті болып өтші,
Мен өзіңді мәңгілік сүйе алмасам...

Бірге екіні қосу

Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден жалғыздық жоғалады.
Мұхтар ШАХАНОВ
Бірге екіні қосқанда не болады?
Онда адамнан адалдық жоғалады.
Жамандықтың шыққанда дәл басына,
Кім кепіл сенің жалғыз қалмасыңа?!.

Шырқалғанда жалғыздың асыл әні,
Барлық сезім сол әнге бас ұрады.
Сатқындықтың сары иті үрген кезде,
Екіге бір оп-оңай қосылады.

Асыл адам көсілер қырағы боп,
Бұл өмірдің себебі сұрағы көп.
Екіден сескенбеген қайран басым,
Бір санынан қорқамын сыңары жоқ.

Жан болғанша жалғыз боп мекендеген,
Жалғыздың жүгін дұрыс көтермеген.
Серігі бар, ашылар сырласы бар,
Қандай жақсы өмірде екеу деген.

Өтсе өмір бір күн жай, бір күн сынар,
Жан емеспіз оған да күн-түн шыдар.
Жаз болса да жап-жасыл жапырақтың,
Жалғыз өзі қалуы мүмкін шығар.

Бірге екіні қосқанда не болады?
Онда адамнан махаббат жоғалады.
Қате емес пе осылай шешу демек,
Ендеше бірге бірді қосу керек.

Өзің келем дегенше бірден жүзге,
Бір санының қадірін білгенді ізде.
Екі саны екіге бөлінеді,
Сатқындықтың сары иті үрген кезде.

Жүрекпен диалог

Ақын: 
– Жүрегім-ау!
сен бе едің мұңаймаған?!
Сірә, бұндай боларын кім ойлаған?
Ол жалғыз сырға сырдаң болмасын деп,
Сені берген жалғанда Құдай маған.

Жүрек: 
– Иесі боп осынау толық мұңның,
Әуел баста-ақ өзіңді жолықтырдым.
Басыңа бір жамандық қонбасын деп,
Тар кеудеңде дамылсыз соғып тұрмын.

Ақын: 
– Өзіңсің кеудеме арнап жаралған от,
Сенбе бірақ сен өзге адамға көп.
Мен де кейде қорқамын алауыңды,
Ойда-жоқта сөндіріп алам ба деп.

Жүрек: 
– Сенсең саған қараймын сынай менде,
Сорлы досым, болмайды бұлай деуге.
Бар сырыңды өзіме ақтара бер,
Себебі Құдай менде...

Жоғалған есек

Қайран менің жоғалған көк есегім,
Сірә, қандай болады келешегің?!
«Ием мені аз бақты» деп ойлама, 
Менің саған көп еді берешегім.

Сыртыңнан тамашалап күнде-күнде, 
Ойнап-күліп жоқ саған мінгенім де.
Мен өзіңнен қара үзіп қала бердім, 
Өзіңе ұқсап аңырап жүргенімде.

Сен жоғалдың!
Таппадым амал бар ма?!
Һақым да жоқ өзіңді жамандауға.
Ақылың аз болса да пенделерден, 
Адамға жақын едің адамнан да.

Өмір мынау адам көп, есек те көп, 
Көп болғанмен көбісі есепте жоқ.
Бір әңгүдік жан көрсем ойлап қалам, 
«Бұл өзі екі аяқты есек пе?» деп.
Тайталасқан, тулаған аттай күрең, 
Мен жанкешті жандарды таппай келем.
Жоқ болған адамдарды жоқ дей алмай, 
Жоғалған есегімді жоқтай берем.

Жол болса да алдымда неше түрлі, 
Зарығумен өткіздім неше жылды.
Бір-бірін сағынбайтын адамдар бар, 
Ал мен болсам сағындым есегімді.

Көрсетсем де біреуге кешеу үлгі, 
Ізгі ғұмыр білемін кешерімді.
Бір-бірін жек көретін адамдар бар, 
Мен болсам жақсы көрем есегімді.

Кейде күліп, қуанып кейде налып, 
Отырамын меңіреу күйде қалып.
Адам менен есекті салыстырам, 
Түзде жүрсем, кешкісін үйге барып.

Жеделдетіп ызғарын дамылдаған, 
Тыңда мені мұзарт шың дауыл далам.
Есек тектес жандарды жоғалтудан, 
Есегімді жоғалту ауыр маған.

Қырғыздың қызы

Көз алмай маған қарадың сонша, 
Сұратпай берем аларың болса.
Қазақстанға кетуім керек,
Қырғыздың қызы, амалым қанша?

Айналдым сенің көзіңнен еркем, 
Қоштасам бірақ өзіңмен ертең.
Жолымда жалғыз тілек қалады, 
Жүрек қалады сезімді өртеген.

Еліңде сенің қалмаған жұртым, 
Қия алмай барам, қарғам-ау, шіркін. 
Мың ақын келіп кінәләр қалқам, 
Бір ақын елге бармағаны үшін.

Осы бір албырт кезімнен қорқам, 
Өртеген ыстық сезімнен қорқам. 
Жұбану үшін ертіп алайын, 
Толыса түссін өзіңмен ортам.

Әдемісің деп айта да алмадым, 
Ұят болар енді қайта барғаным.
Сөзіңнен емес, көзіңнен ұқтым, 
Ішіңді оттың жайпап алғанын.

Сен сонда білем қоштасқың келді, 
Мен дағы сүйем достасқан елді. 
Жолымыз анық бөлінді сол сәт, 
Өзі де жаңа ұштасқан еді.

Көз алмай ұзақ қарадың сонша,
Сұратпай берем аларың болса.
Қасыңда артық тұра да алмадым,
Қырғыздың қызы, амалым қанша?