Бақұл болыңыз, қазақ поэзиясының биік шыңы
Шахановтың жүрегі тоқтағанымен, шығармашалық ғұмыры мәңгілекке жалғасады...
Қазақ руханиятының биік тұғыры, ардақты ақын, қайсар азамат Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні, 84 жасына қараған шағында дүниеден озды. Шаханов ел жүрегінде жай ғана ақын емес, шындық пен әділеттіліктің шырақшысы, ұлт намысының қорғаушысы болып қала берері анық. Оның ғұмыры – күреске толы ғұмыр. Ол елге қаламымен ғана емес, қайсар мінезімен танылды. Қай кезде де шындықтың жағында болып, елдік мүдде үшін тайсалмай сөз айтты. Тілдің тағдыры таразыға түскенде де, тарихтың ақиқаты бұрмаланғанда да, ол үнсіз қала алмады. Шахановтың жүрегі тоқтағанымен, шығармашалық ғұмыры мәңгілекке жалғасады... Бақұл болыңыз, Қазақ поэзиясының биік шыңы!
Айта кетейік, Мұхтар ШАХАНОВ – ақын, драматург, қоғам қайраткері. Ол 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы, Отырар өңірінде дүниеге келген.
1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын тәмамдады. Еңбек жолын ерте бастап, 1960-1965 жылдары «Оңтүстік Қазақстан», 1965-1970 жылдары «Лениншіл жас» газеттерінде қызмет етті. 1971-1975 жылдары республикалық радио мен телевизия саласында жұмыс істеді.
1976 жылдан бастап, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы болды. Кейін «Жалын» альманахы мен журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.
1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Сонымен қатар «XXI ғасыр және Руханият» халықаралық элита клубының президенті болды.
Ақынның алғашқы өлеңі 1959 жылы жарияланды. Алғашқы жинағы «Бақыт» 1966 жылы жарық көрді. Кейін «Балладалар», «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Сенім патшалығы» секілді кітаптары оқырманға жол тартты.
Көптеген өлеңдері мен поэмалары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылды. Сонымен қатар, «Махаббат заңы», «Сократты еске алу түні», «Танакөз» сияқты драмалық шығармалары театр сахналарында қойылды.
Бүгін қазақ даласы Шахановтың өлеңдерін жатқа оқып, оның сөзіне жазылған әндерді хормен орындап тұрғандай...
Ақынның өлеңдерін оқыңыз: Мұхтар Шаханов. Махаббат та шың сияқты