Әбділдабек Салықбаев. Тартымды тағдырлар
Автор оқырманның уақытын алып, көңілін суытатын қосалқы штрихтардан негізгі желіні бөліп алып, соны табиғи қалыпта көрсете алады...
(Мархабат Байғұттың «Нәуірзек» кітабы туралы)
Мархабат Байғұтовтың «Нәуірзек» («Жалын», 1998 жыл) жинағына екі повесть, үш әңгіме енген. Бұлардың барлығы (әсіресе, қос повестегі оқиға дамуы, кейіпкерлер арасындағы тартыс) үндес, орайлас.
«Патефон» повесінің оқиғасы журналист қауымның күнделікті қарапайым тірлігінен өрбиді. Автор әу бастан-ақ оқырманын мезі етер мәнсіз пәлсападан, ұзын-сонар баяндаудан бойын аулақ ұстайды. Бұл – негізінен, осы кітапқа енген шығармалардың көпшілігіне тән қасиет. Балабақша меңгерушісінің үстінен жазылған арызбен танысып, соны тексеру туралы редактордан тапсырма алып отырып-ақ, Өсербектің көңілі нілдей бұзылады. Оған себеп? ...Себебін ешкімнің де (бастығының да, әйелінің де) тыңдағысы жоқ.
«Сұранғалы отырсың білем. Бәрің өстесіңдер. Ол болмайды. ...Айтарыңды фельетонда айтарсың... Бар... Мен бет қараймын. Газет кешігіп жатыр», – дейді бастығы. «Е-ей, ескі әніңді қойшы сол», – дейді әйелі.
Арызды тексеруге соғыстан кейін әлі оңалып кетпеген ауылдың көтерем тірлігі, ұзақты күн әрекетке, жетіспеушілікке мойымайтын, оптимист жандар өмірі оралады. Автор сол кездегі ауыл баласының таным-түйсігін табиғи қалпында әдемі қылып бере білген шындығы жатыр:
...«Папа» деп ауыл бойынша Қалтөре ғана айтатын. Көбіміздің әкеміз жоқ. Барлары «папа» деуге әкелерін біртүрлі қомсынатындай көрінетін. Папалардың қайта-қайта тарайтын шашы, сусылдаған ақ кителі, ал үйінде радиосы болуы керек шығар».
Иә, Қалтөренің папасындай адамдардың ол кезде (тіпті күні кешеге дейін де) тасы өрге домалап тұрған еді. Папасының арқасында Қалтөренің жағдайы да өзге балалардікінен көш артық-тын. Бірақ, үлкендердей емес, бала көлгірлікті білген бе, мақтансүйгіш, бөспе Қалтөремен Өсербек шекісіп қала береді. Сол кездерде бригадир әйелдерді де арық шабу жұмысына жегіп, уақытша балабақша ашуға (Өсербек пен оның апасының үйіне) мәжбүр болады. Енді Әсем апасы балабақша меңгерушісі де, Өсербек тәрбиешісі болып шыға келеді. Жағдай, уақыт солай. Әйтсе де, бұлар тек атына ғана малданып, қызметін жүрдім-бардым атқаруды өздеріне ар санайды. Сондықтан қаладағы балабақшалардың жай-күйін бригадирден сұрап алып, өздерінікін де соларға ұқсатпақ болады. Балалар да «...Бәрінің басы қосылғанына, темірдей тәртіпке аң-таң, жаңаша өмірдің қызығына тоймайды. Бір-бірімен ұрысып қалса, тез татуласады».
Өсербектің басындағы осындай жарастыққа Қалтөре килігеді. Ол сәбилердің еліктіріп үйіне шақырып, радио тыңдатады да, оған барған төртеуі қайтар жолда суға кете жаздайды. Зәресі ұшқан балабақша меңгерушісін бригадир:
«Ауылға радио да келіп қалар. Айтып жатырмын. Болмай жатыр. Болады бәрі, әлі-ақ болады», – деп жұбатады. Асылы, Мархабат оқиға өрбіте біледі. Ең бастысы, оқырманның уақытын алып, көңілін суытатын қосалқы штрихтардан негізгі желіні бөліп алып, соны табиғи қалыпта көрсете алады. Ал, шығарманың сәтті-сәтсіз жазылуы көбіне-көп негізгі желіні көмескілендірмей, қарабайырландырмай, керісінше, бояуын да тым қалыңдатпай жеткізе білуге байланысты болса керек. Автор таудың арғы жағынан балалар үшін патефон алып келе жатқан Өсербекке күш көрсеткен Қалтөре ммен оның қалалық досына да орынды-орынсыз қара күйе жаға бермейді. Ерегіс кезіндегі Өсербектің езу тарттырар балалық аңғал ойы да шынайы берілген: «Осындай, орталықта тұратын, орысша білетін, шаш қойған балалардан бір досым болса деп армандайтын. Достықтан қашпас едім... Тау ішінде патефон тыңдап, ауылға асықпай қайтуға әбден болар еді. Дос емеспіз, қаспыз... Қалтөре қандай бәле бала... Радиосы бар, ақ китель киген папасы бар, шаш қойған, орталықта тұратын мынадай досы бар». Үлкен қиындықпен патефон да келеді. Тәрбиеленушілер де, барлық ауылдас та шеті сынық жалғыз күйтабақты жабыла тыңдайды. Бірақ, бұл ұзаққа созылмай, меңгерушінің үстінен арыз түседі. Онда бақшаның «заңсыз ашылғанын», бригадир мен меңгеруші «қоғам мүлкін талан-таражға түсіргенін», балалар бақшасына «қап-қап ұн, сан-сан ет» бөлінсе де балдырғандар быламықтан басқа ештеңе жемейтінін, меңгеруші Әсем апа жұқпалы ауруға, өкпе ауруына ұшырағанын жазыпты.
Жала Әсем апаға төбеден ұрғандай әсер етті. Оның үстіне арыз бойынша келген комиссия меңгерушінің медициналық комиссиядан (әсіресе, рентгеннен) өтуі қажеттілігі туралы шешім қабылдайды. Осыған налыған, өмірі емхана бетін көрмеген кейуананың жан күйзелісі де табиғи шыққан: «...Іренгеннен өлі шығам ба, тірі шығам ба, қараң өшкір. Жұқпалысың десе, өлгенім артық. Жұқпалы боп жас өскінді былғаған болсам, нем адам?.. Мені сау деп қайтарса да, енді қолымда қалмайсың. Ұстамаймын, әке-шешеңе барып, ұйқың тыныш, күлкің шын болып өсші, айналайын.
Апам екі қолымен жәшіктің екі ернеуінен ұстап (арбаның қорабын айтады – С.Ә.), айдалада айқайлап жылады».
Повестің тілі қарапайым, әсіресе, езу жидырмас жылы юморлы тұстары ұтымды-ақ. Кейіпкерлер қақтығысы, адам мінезінің сын сәттегі көрінісі, диалогтар Мархабат баяндауында өмірдегідей көз алдыңа келе қалады. «Ары да тыңдайды, бері де тыңдайды келіп, пәтипон тыңдағандай. Қап-қараңғы бір үйдің ішіне кіргізіп жіберді... «Шешин», – деді бір дауыс. Жаным шығып кете жаздады. Іренгеннің дауысы деп қалдым ғой. Әлден уақытта барып байқасам, іренген емес, шіренген бір әйел», – дейді кейуана, дәрігерлерден өзінің ешқандай жұқпалы ауруы жоқ екенін естіп, қобалжуы басылған соң. Мұндай тартымды мысалды жинақтың әр жерінен-ақ көптеп келтіруге болады. Оған қоса, автордың жалаң юмор жетегінде кетпей, оны да өз орнымен қолданатынын айта кеткен жөн.
Өмірден «перзент» деп өтіп бара жатқан, бала десе ішкен асын жерге қоятын қарияның мейірім-қайырымы да орынды. Ешкім қумаса да, жұмыстан өз өтінішімен босап отырған ол сегіз күйтабағымен бірге патефонды, Өсербек екеуінің еңбекақысына тиген бір қамба бидайды жаңадан ашылған балалар бақшасына сыйға тартады. Мұның ар жағында «Ал, біз ше... Біз не істеп жүрміз?» деген мегзеу жатқандай. «Күзге қарай күнгейдегі ауылдан суық хабар жетті. Әсем апа дүниеден қайтыпты. Ентікпеден емес, жүректен кеткен».
Автор осы үш сөйлем арқылы өзінің бұлжымас темірқазығына қайта айналып соғып отыр. Әсіресе, соңғы сөйлемінде, «Ентікпеден емес, жүректен кеткен» деуінде үлкен мән бар. Журналист Өсербек тура сол жолғыдай, мына меңгерушінің үстінен редакцияға түскен арыз да жалған болып шықса екен деп тілейді. Дегенмен, бұл жолғы арыздағы көрсетілген факті расталады да, газетке «Балалардың аузынан жырып жеп...» атты фельетон жарияланады.
Бұл арқылы Мархабаттың айтпағы мұндай кездейсоқ оқиғалар емес, сол оқиғадан туындаған ой. Оны автор кейуананың аузына салады: «Бұл өмірге бәріміз мейманбыз, екеуіңнің татуласқандарыңа ішіп елжіреді (Қалтөре мен Өсербекті айтады – С.Ә.). Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген?! Әне, анау төмпешіктердің бәрі – адамдар. Менің алты бірдей ағам қайда қалды? Солардың да үзеңгілерінің сыңғырына біреу қызықса, екеу күндеген екен баяғыда» повестің түйіні осы.
«Таудағы андыз» повесі жинақтағы өзге шығармалардан көтерер жүгінің қомақтылығымен, айтылмақ ойдың салмақтылығымен ерекшеленеді. Авторды «Патефондағыдай» оқырманын тартар оқиға құра білетіні мұнда да алдыңнан шығады. Алғашқы повестегідей мұнда да ұтымды юмор, нысанаға дөп тиер сөз саптау, көңілге қонымды табиғилық бар. Десек те, соңғы повеске жаңа талап деңгейімен келе білген М.Байғұтовтың осы талап-үдесінен толық шыға алмағанын айтпай өту әділеттілікке жатпас еді. Алғашқы повесті зерделей оқып шыққан талғампаз оқырманның «Таудағы андызда», «Патефонда» бір кейіпкерлердің қайталанатынын байқамауы мүмкін емес. Мысалы, алдыңғысындағы асыранды бала Өсербек пен соңғысындағы тұл жетім Бауыржанның сабаққа алғырлығы, әсіресе, математикалық есептерді шығаруға (екеуінің де есеп шығаратын «Өз бетінше жұмыс дәптері» бар), математикадан сабақ беретін қос ұстаздың әрқайсысының үлкен-үлкен қайғыларының барлығы (бірі – ентікпе ауру, екіншісі – перзент сүймеген жан), екі үздік оқушыға қарама-қарсы мінездегі Қалтөре мен Оқастың бастықтың балалары екені – осының айғағындай. Тіпті, автор бұл екі шығармасында үлкен бір мәселенің басқа-басқа қырларын ашуды мақсат тұтқан, тырысқан десек те, кейіпкерлер ұқсастығын қайталау арқылы ештеңе ұтып тұрмағаны анық.
Жинақтағы үш әңгіме де көркемдігі мен көтерген жүгі жағынан деңгейлес. Әйткенмен, пікірімізді жинақтап айтар болсақ, «Ақ орамалды қыз» оқиға тартымдылығымен, жатық оқылатынымен, «Жанымайдың жотасы» бір ауылдың келбетін тұтастай бере алуымен, кейіпкер сомдаудағы өзіндік қырымен, тұтастай алғанда, қазіргі замандастар өмірін суреттеуде жазушының бұл кітабы «Жемелек» актуальдығымен құнды. Оның ізденіс үстінде екендігін танытады.
«Жұлдыз» журналы,
1990 жыл