Ақгүл Айдарбекқызы. Тағы қанша жыл керек адамдарды тануға?

Бәлкім сағат «үш жарымда» қуанам, Бәлкім сағат «үш жарымда» өлемін...

Sep 11, 2026 - 16:37
 5
Ақгүл Айдарбекқызы. Тағы қанша жыл керек адамдарды тануға?

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ – ақын, журналист. 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әдебиеттану мамандығы бойынша докторанты.
Өлеңдері «Жастық – жалын жыр» антологиясында, «100 ақын», «Жалын сөз» жыр жинақтарына енген. Одан бөлек көптеген мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. Көптеген республикалық мүшайралардың жүлдегері. 
«Мен гүлден де нәзікпін...» атты жыр жинағының авторы. Қазіргі таңда «Қазақ газеттері» ЖШС-да тілші қызметін атқарады.

Үш жарым

Қарап қалсам сағатыма: «Үш жарым».
Күмілжиді көкейімде құштар үн.
«Үш жарымды» көре бердім, о, неге?!
Сезінгендей бір беймәлім күш барын...

Өрілгенмен «үш жарымда» өлеңім,
Қайда барсам сол уақытты көремін.
Бәлкім сағат «үш жарымда» қуанам,
Бәлкім сағат «үш жарымда» өлемін.

Қапеліме қамсыз ойлар ереді.
Болмаса да өзі жайлы дерегі...
Үш жарым жыл күтіп жүрген сүйгенім,
Бәлкім сағат: «үш жарымда» келеді.

Көргеніммен ауық-ауық түн бетін,
Жиі-жиі жыр оқимын түнге тым.
Сағасы өткел сезімдерден дерт ішіп,
Үш жарымда мұң шағады кімге-кім?!

Таусылғандай жүректегі жыр-әні,
Үркек ойдан арылмады түн әлі.
Үш жарымда тоқтап қалған үйдегі,
Барлығына біздің сағат КІНӘЛІ!
Қарап қалсам сағатыма: «Үш жарым...»

Мен енді...

Мен енді…
Нәп-нәзік болуды үйренем қайтадан
Түймедей шаттықтан мән табам, 
ой табам
Қайғыдан, күнәдан аршып ап жанымды
Гүл болып жайқалам…

Мен енді…
Ауырса білегім, ауырса жүрегім…
Осынау әлемге еркелеп жүремін.
Шаруасы болмасын ешкімнің ешқашан
Қуансам жылаймын, жыласам күлемін…

Мен енді…
Нәп-нәзік арумын ештеңе білмейтін
Қақаған аязда бәрібір бүрлейтін
Өмірге шуағын шашуға келгендей
Алысқа-а-а қарайды күн кейпім…

Мен енді…
Қайраңда қалса да сезім мен ой ағын
Баламды құшақтап, жылауды қоямын.
Білсеңіз, әлі де еркелей қарайды
Жуылған мойылдай жанары аялың. 

Мен енді…
Ешкіммен жауласпай, ешкімді жек көрмей
Құлпырғым келеді қырдағы көктемдей
Өкпем де жазылды, кешірдім барлығын
Бір жарық жанымды өпкендей…

Мен енді…
Шарлаймын әлемді, ұшамын айға да…
Тәбәрік көремін, не түссе, таңдайға
Өзіме үңіліп, өзімді қазбалап,
Қазына табамын жай ғана…
Мен енді…

***

Бір белгісіз күйдемін, ішім оттай жануда…
Тағы қанша жыл керек адамдарды тануға? 
Ең жақыным селқостық танытады неге осы
Мен секілді аруға…

Сүюден де шаршадым, махаббаттан шаршадым…
Жете алмай-ақ қойдым ғой, жасасам да қанша адым
Өткенімнің ауырлау болғанына қарамай
Аңсамасты аңсадым…

Байланбай-ақ қоям-ау деген едім мен соған
Қарманбай-ақ қоям-ау деген едім мен соған
Ізі кетпей жүректен тұрып алады екен-ау
Бір өртеніп жанса адам.

Дәл сол болып ойланам, дәл сол болып күн кешем
Дәл сол болып айналам, қиындықты бірге есем
Қарап-қарап қоямын, болашаққа үздігіп
Үйіндегі кесеге қосылар деп бір кесем…

Сөйлемейін десем де, сөйлегім кеп тұрады
Сәл нәрсеге ағыла кетер көздің бұлағы
Еркелеудің түр-түрін меңгерген жан едім ғой,
Әттең, жүрек тынады…

Бір белгісіз күйдемін, ішім оттай жануда…
Тағы қанша жыл керек адамдарды тануға? 
Ең жақыным селқостық танытады неге осы
Мен секілді аруға…
Мен сїйетін бір адам

Мен сүйетін бір адам оқып беріп таңға жыр,
Жанымда емес, қырда емес,
Жұмысында дəл қазір.

Мен сүйетін бір адам соқпақтарға ілбіткен,
Шыдай алмай, шыдамай,
Құлазып жүр тірліктен.

Мен сүйетін бір адам, өзгешелеу, тыс əлем,
Əйтпесе оны ұстап ап арманыма ұшар ем.

Мен сүйетін бір адам құлақ түрмей сөз-үнге,
Мен түгілі, құдай-ау,
Түсінбейді өзін де.

Мен сүйетін ұлы адам...
болды ма екен шын бөтен?
...Жұмыста емес, дəл қазір
Өзге жанмен жүр екен...

Мөлдір сезім

Біздің жолды шарпыса да шатпақтар,
Ақын қыздың аңғалдығын ақтап та ал!
Менің мөлдір сезімімдей дəл қазір,
Алматыға жауса екен аппақ қар!

Жүрек тулап, басым ауып, күй маздап,
Ессіздікке еліремін кейде аздап.
«Сізді мүлде жек көремін» дей салдым,
«Сүйемін ғой» дей жаздап...

Кім біліпті жұбатар деп бұлай мұң,
Сырқат түнде сынық ғұмыр құраймын.
Кейде сізді ойлап алып əдейі,
Жаным, тəнім үгілгенше жылаймын.

Қайран басым төмен қарай бұғады.
Жалаң жұрттан естіп жүрмін сын əлі.
Бəлкім бұлай болуына бəрінің,
Ақындығым кінəлі...

***

Қап-қара болып жан-жағым, 
Құладым, сындым, жанбадым…
«Ең сұлу әйел» шағымда
Жарыма олай болмадым.

Болмасам дағы ұятты,
Қу көзден жас та жиі ақты,
Көтере алмаймын басымды,
Кінәлі адам сияқты…

Өзгермей әкең қала ма?
Тұз сеуіп жатыр жарама.
Құрсақтан бөпем тез шықшы,
Пана бол сорлы анаңа…

Жанымды жейді нала-мұң,
Кет десе дағы қаламын…
Көгерген тәнді емдедім,
Жүрек байқұсты жамадым.

Елітсе әкең әр үнге
Тығылып кетем тар інге,
Өлтірді жанды, жүректі,
Қалғаны енді тәнім бе?

Дертімді саған шертіп ем…
Сақтадың өмір өртінен.
Жалғыз қалдырма анаңды,
Шықшы енді қызым, өтінем…

***

Болса да қаным қызу, құйын ағын
Сол күнді есіме алсам жымиямын
– «Су-ли-фа» ойнайықшы тағы да, – деп
Еліктей еркелеймін, қиыламын…

Қыдырамыз содан соң көше білмей,
Керісеміз, өкпелеп неше күндей
Мозайкамыз мидағы сәйкеседі, 
О, Тоба, Жаратқанның есебіндей…

Тыным таппай отырып трамвайға
Білмейміз, құбыла мен құран қайда
Білмейміз, ұстаным мен ұран қайда
Сағынсақ, «өліп барам» дей саламыз 
Басқаларға ұнай ма, ұнамай ма…

Басқаларға ұнай ма, ұнамай ма,
Жүріп өтіп қуаныш тұла бойда,
Төбемізден құс ұшса жыр жазамыз
Ұқсағымыз келеді Тұманбайға…
Ұқсасақ қой Күлтай мен Тұманбайға…

 – Жаның қандай сұлу, – деп таңданасың
Тағы да бір қияға қамданасың
Кеудеңді қиын сәтте төсей кетіп
Соғылмауын қалайсың жарға басым…
Қиянаттан қорғайсың, ар бағасың…

Кетейік қияларға заңғар асып,
Жастармыз жалын оты таңға ғашық.
Содан соң жүргеніміз базар жақта
«Кім қатты сағынды?» – деп саудаласып..

Көтерем бе, жаныма берсең кей мұң
Әйтеуір өтірікпен өлшенбеймін
Мені осылай сүйетін бір жан үшін
Тағы да дүниеге келсем деймін…
Тағы да сүйсем деймін, сенсем деймін…

***

Жүргендейсіз хәлімді жылап сұрап,
Жерініп жүр ме екенсіз әлде менен?
Екеуіміз де батылмыз бірақ... бірақ...
Екеуіміз де қорқамыз әлденеден.

Сан қилы тағдырымнан аттап ар да,
Жанарым да моншағын жылап үзді.
Көміп тастап жүрмін мен аппақ қарға,
Сіз... екеуіміз жасаған күнәмізді.

Біз қайтеміз керімсал, кезді бөтен?
Ұмыт дейсіз... Жаныштап арманымды,
Сонда сіздің жаныңыз сезді ме екен?
Ұмытуды ұмытып қалғанымды.
Жалғыздықтан жабығып тоңып, талдым.
Содан бері хатыма үндемейсіз,
Мен сізге тағы ғашық болып қалдым,
Сіз не дейсіз?..

***

Ару болсам да ернімді желге өптірген,
Жырлар оқушы ем жалындап, жанып, отты үнмен.
Сол күні кешке өлең оқуға барғанмын,
Мен сізді көрдім... ар жағы есте жоқ мүлдем.
 
Осы ісім үшін кешсінші кешсе құдайым!
(«Келе ғой» десең құшаққа бір-ақ құлайын).
Қатқыл үнменен бір өлең оқып беріңіз,
Нəп-нəзік болып мен сізге қарап тұрайын...
 
Тамырдан қуат, күш-қайрат болып тарап ең,
Көре алмай кетсін көре алмай жатса бар əлем,
Баяғыдан сіздің бар екеніңізді білгенде,
Тұрмысқа шығып алар ем.
 
Сипауын күтіп тұрған да шығар самайым,
Өлетін болдым аңсаумен өтсе əр айым.
Желіден бүгін жəй ғана «жаным» деңізші,
Жанымды қия салайын...

Жалғыздық

Өзек толып өксікке атады əр жəй таңым,
(Шаршадым ба, білмеймін, қозып тұр ма сайтаным?)
Қас қарайса болғаны дірдек қағып бір өзім,
Жұмысымнан қайтамын.
 
Сезім жайлы сыр айтар сыңғыр үнді самайлың,
Ұлы үмітпен аңсайды қуанышын əр айдың.
Əйтсе де осы мен неге өткен-кеткен адамға,
Сəл өкпелеп қараймын?! 
 
Жүрегімді жалғыздық үгітеді, жонады,
Сондай сəтте қалайша айтылады жол əні?
Сондай сəтте арыма кім араша түседі,
Сондай сəтте жаныма кім жұбаныш болады?
 
Көрінеді көзіме əлемдегі бар сағым.
Бір ғана үн боп қалған ба кеуде керер сонша əнім.
Сұлулығын жанымның кім байқайды екен деп,
Жалтақтаудан шаршадым.
Ар сақтаудан шаршадым... 
 
Осыларды ойлап ап жылап ал да, ал күйін!
Əкетеді алысқа құлдилаған қай құйын?
Қазағымның мен деген ақын қызы болсам да,
Жалғыздығым жанымды жеп барады, қайтейін...

***

Біреу сізге хат жазса егер «сəлем» деп,
Қақ төбемнен құлайтындай əлем кеп.
Қыздар айтса мұңдылығын күзгі əннің
Отыра сап жылап алдым, қызғандым.
Жан-жағыңда қаумалардай толып тым,
Бар құрбымды жамандаумен болыппын.
Ғажап иіс, көңіліңмен сүй, жаным,
Дедім де алдап, нашар əтір сыйладым.
Қыз біткеннің көрінер деп көзіне,
Шарфыңды да алып алдым өзіме.
Құдашаңа бара қалсаң қонақтап,
Жатағымда жылап-сықтап таң атпақ.
Қыз-қырқынға жетелейтін бос үнді,
Жек көрдім бар (қыдырымпаз) досыңды.
Тыныштығын тілеп жүріп бір айдың,
Мазасын да алып болдым Құдайдың.
Қу басыма əкелесің қанша мұң,
Кетсең кетші, шаршадым.

Қорқушы едім...

Өмірім – əн!
Жанарым – əн!
Жаным да – əн!
Көмейімнан саулап жырым ағылған.
Туған күнде, жауын жауып кетті ғой,
Қорқушы едім жауыннан...

Шаттығымды шерткен сайын ертегім,
Өз өртіммен қанша жанды өртедім!
Жиырма жаста сөйлеп тұрмын көсіліп,
Он тоғызда ерке едім.

Көңіліме келтірмей-ақ күмəн ой,
Сұлулығым қияқ күнде тұра ғой.
Ақын болып, жыр болмауды, қойшы осы,
Ақгүл болып, гүл болмауым күнə ғой...

Сезгенім бе көз жасымның тамарын?
Əр жасымды күнəм ғой деп санадым.
Он тоғызға бар мұңымды арттым да,
Жиырма жастың аштым əппақ парағын.

Қалмаған соң ешбір жолдан тосыла,
Қасіреттің бəрі үйір басыма.
Бір сұмдықты күтіп едім бұл күннен,
«Жиырма жас қой» дегендерің, осы ма?

Бақытыммен үндес дейсіз қай айым?
Күмəнменен өткен күнді аяймын.
Жиырма жасқа енді толған шағымда,
Өмір жайлы жақ ашпай-ақ қояйын...

Нықтап тұрып басар ма едім жолды əйгі,
Бірақ жолдар алдайды ғой, алдайды.
Бір қиғылық жасар едім, əттең-ай,
Жиырма жаста көп дүние болмайды..

Өмірім – əн!
Жанарым – əн!
Жаным да – əн!
Көмейімнан саулап жырым ағылған.
Туған күнде, жауын жауып кетті ғой,
Қорқушы едім жауыннан...