Зылиха Тұрарқызы. Мұң мен мейірім арасындағы мәңгілік үн

Қарауыта қоңырайған Қазығұрт тауы бейнелі түрде «Қазақ ұлты» деп түсінсек, ал оның шорт кесіліп түскен жоны қыршынынан қиылған, алаңға шыққан – қазақ жастары...

Jun 27, 2026 - 12:40
 17
Зылиха Тұрарқызы. Мұң мен мейірім арасындағы мәңгілік үн

ХХ ғасыр соңы мен ХХI ғасыр басы – адам, қоғам санасына өзгерістер әкелумен ерекшеленді. Қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты кеңестік кезеңдегі идеалдар жойылып, жеке сана пайда болды. Осымен байланысты әдеби үдеріс адамның өзін-өзі танып білуге деген талпысының терең сипат алуымен көрініс тапты. Адам жан-дүниесінің диалектикалық қайшылығы, оны жеткізудің жаңа тәсілдері мен формаларын табуға ұмтылыс – қазіргі қазақ прозасындағы әңгіме, хикаят, роман жанрындағы ізденіс айшығы. Адам, оның жұмбақ әрі күрделі болмысы, тіршілігінің мәні, қоршаған ортамен қатынасы әдебиеттің ғұмыр бойы алдында тұрған және тұра беретін философиялық мәселе екендігі белгілі.
Қазіргі заманауи көркем әдебиетте ұлттық және жалпы адамдық құндылықтар мәселесі өзекті тақырыптардың бірі деуге болады. Себебі, нарықтық қоғам жаһанданумен бірге адам болмысының талғамы мен санасы өзгерді. Яғни, тәуелсіздік жылдары ұлттық проза таққырыптық, идеялық жағынан тереңдеп, әдебиетте көркемдік ізденістің жаңаша қырлары байқалды. 
Прозаға тың серпіліс беру қаламгерлеріміздегі жаңа бағыт десек, сол тенденция жалпы ұлттық прозаның да табысы. Ендеше, жалқы мен жалпы арасындағы күрделі қарым-қатынасты әдебиет арқылы кеңінен тануға болатынын жазушы М.Байғұт шығармалары арқылы жаңа бір қырынан көз жеткізуге болады.
Көркем шығармаларда үнемі желі болып жүретін «ұлттық мүдде», «ұлттық рух» қазақ өмірі мен өнерінің мәңгі көкейкесті мәселесі. Ал, жазушы М.Байғұттың шығармасы ең алдымен сол ұлттық сипаттарының молдығымен ерекшеленеді. Соның бірі «Түркілер төрі Түркістан» атты эссе кітабы. Қаламгер бұл прозалық туындысында Ұлы Жібек жолы бойында жатқан киелі Түркістан өңірінің тарихын, табиғатын, даласы мен тауларын, ұлан даланың ұлы тұлғаларын арқау ете отырып, Елдос Елжанұлы атты кейіпкер атынан эссе жанрымен баяндайды. 
«Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда Ер Түрігім туып өскен», – деп отты ақын Мағжан жырламақшы, шығармада Түркістанның мыңдаған жылдық тарихымен бірге, осы аймақтағы киелі Қазығұрт, қасиетті Қаратау, Арыс пен Кентау, Отырар мен Созақ, Сайрам, Шырайлы Шымкент, Қазақ хандығының астанасы – Түркістан секілді Оңтүстік өлкеміздің құт мекендері мен кенттері тарихи деректер негізінде жүйелі, шұрайлы тілмен баяндалған.
Дерек көздері Қазақ елінің сакралды географиясындағы жәдігерлердің дені Оңтүстікте шоғырланғанын айтады. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында басты алты бағыттың бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы болатын. «Түркілер төрі Түркістан» еңбегі, міне, осы жоба аясындағы құнарлы әрі құнды кітап десек артық айтқандық емес. 
Шығармадағы құнарлы беттер қаншама тарихи деректердің жүруі, өмірде оқығаны мен тоқығаны көп қаламгердің терең білімділігі биік өрелігін, ұлтжандылық қасиеті мен терең ғылыми ізденісінің нәтижесі. Әрі ұлттық болмысымыз бен рухымызды биікке көтерер, жас ұрпақтың санасына сәуле түсірер «ойлы кітап». Автордың туған жерге деген елдік махаббатын, перзенттік парызын, «мен қазақпын» деп атойлаған терең де биік, ағыл-тегіл отты сезімдердің батыл да нәзік көріністерің барлығы осы шығарманың өн-бойынан аңғарылып тұрады. 
Елжан кейіпкердің бүкіл танымдық толғаныстары «Оқу залынан» басталып, сонымен қорытындылануының символикалық мәні терең. Себебі, «Оқу залы» – оқырманды рухани ен байлыққа апарар тура жол іспеттес.
«Аршакие» жинағына ертеректе және тәуелсіздік кезеңде жазылған әңгімелері еніпті. «Шығарма», «Асқазаны ауыратын адамдар», «Белесебет пен байлық», «Қажылықтың қабылдануы», «Қош бол, кітап», «Аршакие» атты жаңа туындыларымен бірге «Жоғалған жұрнақ» әңгімесі енгізілген.
«Жұрнақ көке жынданып кетіпті» деген хабарды біз көктемгі каникул кезінде естідік». Әңгіменің құлақ күйі осылай басталады. Оқырман көкейінде «неге?» деген сұрақ пен әңгіме сюжеті өз иіріміне тартып әкете береді. Әңгіме ауаны қайғылы сарынға құрылған. Әңгімеде назар аударатын көркемдік деталь бар. Ол – Қамбар ата кесенесінің сыртында жататын ақшылтым тас. «Таста тамыр жоқ» деген нақылды ескерсек, «тас» сөзі қашанда мейірімсіздік, қатыгездік, қатқылдықтың ұғымын береді. «Тас», «тасбауыр», «тасжүрек» сияқты тіркестер бары белгілі. Кейіпкер Жұрнақ та осындай тасбауыр, тасжүрек қоғамға кез болды. Соның құрбанына айналды. Жұрнақтың тазалауы мен тастың жалтырап айналаға сәуле шашуы кейіпкердің адамнан көрген қатыгездік пен қорлығын сәл де болса еріткендей. Ең қайран қалдырғаны Жұрнақ қайтыс болған түні сол ақшылтым тастың қарайып кетуі. Жаны жоқ тастың өзі қайғыдан қарайып кеткендей болса, онда, Жұрнақ секілді талай жас өскіннің өмірін өскікке айналдырып жіберген зұлымдық иелерінің жүрегі қарайып ар сотына түсіп жатпасына кім кепіл. «Қарауыта қоңырайған Қазығұрттың көлбеп жататын жоталы жоны шорт кесіліп түскендей» деген бейнелі орамда суреткерлік терең ой бар. Жұрнақсыз жаңа сөз туындамайтыны секілді, атадан балаға өтіп келе жатқан қазақи рух, сабақтастық, үндестік, ұлттық намыс жойылып кетуге шақ қалғанда, сол рухты қайта тірілткен Желтоқсан көтерілісі. Қарауыта қоңырайған Қазығұрт тауы бейнелі түрде «Қазақ ұлты» деп түсінсек, ал оның шорт кесіліп түскен жоны қыршынынан қиылған, алаңға шыққан – қазақ жастары. М.Байғұт жай қарапайым кейіпкер болмысы арқылы үлкен қоғамдық мәселелерді қозғап Адам, Қоғам, Уақыт деген ірі философиялық категорияларға биік интелектуалдық тұрғысынан өзінше келеді. Суреткер адамгершілік өлшемімен келіп, адами асыл мұраттарды жоғары көтереді. Сол негізде қоғамның қасиеті мен қасіретін шебер көркем тілмен жеткізеді.
Жазушы Мархабат Байғұттың тәуелсіздік жылдары жазылған әңгімелері «Гамбургтегі қазақтар», «Әкім кеткен күн», «Дауыстың түсі», «Өлімнен қашқан респондент» әңгімелерінің астарында әлеуметтік-көркемдік күштердің серпінділігін байқауға болады. 
«Гамбургтегі қазақтар» әңгімесінде қазақстандық немістер атамекені Германияға қоныс аудара бастаған жыл. Егемендік алған жылдары өзге қазақтарымыз атақоныс деп қазақ жеріне ағылып келе бастаса, өзге ұлттар да өз атамекеніне қоныс аударды. Тарихи отанына көшкен немістердің үй-жайын, қора-қопсысын, малдарын жанталаса сатып алған Немеребай, Шөберебай, Нәтибек тәрізді қазақтардың жайбасарлығы, жалқаулықтары, мақтаншақтығы әзіл түрінде бейнелене келе, қатты сыналады. Тап-таза үй, техникамен жабдықталған қора-қопсыларды көрген қазақтар, немістердің пысықтықтарына таң қала отырып, өздерінің кемшіліктерін өздері ашып береді.
«Барлығы автоматтандырылған мына үйде біз не істейміз, ішіміз пысады ғой», – деп күле отырып, бойларындағы кемшіліктер біртіндеп ашыла береді.
«Үш жыл қарамай қойып, зорғадан қазақыландырдық, уах-ха-ха-ха-ха! – деп Шөбекең қояр емес».
«Дауыстың түсі» атты әңгіме де жазушы М.Байғұт кей адамдардың рухани азып-тозуға ұшыртайтынын Еңсебек бейнесі арқылы нанымды суреттейді. 
Қара бастың құлы болу, мансапқорлық, дүниеқоңыздық адам жанын азғындап, рухани құлдырауына соқтырады. Еңсебек өзінің жақын досымен де ара-қатынастары сол себептен ажырай бастады. Досы қайтыс болғанда қабір басында күңірене сөйлемек болады. Сөйлейді де, бірақ даусымның түсі ішкі сезімімді білдіріп қоймады ма екен деп сезіктенеді. Досының қазасына жиналған көпшілікті көріп, таң қалады әрі қызғанады. «Бұлардың барлығымен қалай араласып жүр?» деген таңданысы да жаназада бой көтереді. Үйіне келгесін, «өзі кенет қайтыс болса кімдер келер екен?» деген сауал жанына маза бермейді. Ол таныстарына: «Мен өлсем, жаназама келесің бе?» – деп, телефонмен хабарласа бастайды. Жазушы Еңсебектің трагедиясын қолға ұстатқандай етіп ашып береді. 
Әңгіме – қоғамдағы рухани қасіретті, адамдардың бір-біріне деген жылылығы мен достық қадірінің жоғалуын суреттейді.
Адамды нағыз адам етіп тұратын қасиет – мейірім мен достыққа адалдық. Сол жоғалғанда, тұлғаның сыртқы абыройы қанша биік болса да, ішкі болмысы қаңырап бос қалады. Қаламгер кейіпкердің жан дүниесін ішкі монолог арқылы ашқан. «Мейірімсіз жымиды» сияқты психологиялық детальдар кейіпкердің сезімін айқындап береді. Бұл әңгіме бүгінгі қоғамға ой тастайды. Қызмет, мансап, дүниелік қарбалас арасында адамдық қасиет – достық пен мейірімнің жойылып бара жатқанын көрсетеді.
Мархабат Байғұттың бұл әңгімесі – адам жанын аршып көрсететін әлеуметтік-психологиялық туынды. Оның шығармалары – қоғам шындығын адам тағдыры арқылы көрсететін, көркемдік пен философиялық тереңдік үйлескен туындылар
«Кандидаттың имиджі» атты әңгімесінде депутаттық сайлау төңірегіндегі пиар технологиясының ұңғыл-шұңғылын әрі кесек, әрі нақты реалистік қуатпен таныта білді. 
«Әпкемнің ауылы» әңгімесінде тіршілік түйіткілдері шынайы ашылады. Әпкелі-інілі жандардың арасындағы бауырмалдыққа жұмысбастылықтың тигізген әсерін нәзік әрі ащы суреттейді. Туған әпкесіне бармай кеткелі біраз жыл. Бармауына: «Қаладағы қоңыртөбел жұмысымнан айырылып қаламын» деген уайыммен бара сала, қайтуға жиналады. Әпкесінің үлкен ұлы үйленгенде де құдаларын күтіспей асыға аттанған інісіне қарап мөлт-мөлт жылап қалған. «Ал, жездеміз дүниеден озып, біз барған күні емес, ертеңіне, бәлкім екі күннен кейін жерлейтін болып, тағы да асығыс аттанғанымызда, Үрисән әпкем селт етпеген күйі, меңірейіп отырды. Әпкемнің шошына суынғанын сездім, әрине...»
Інісі әпкесін біраз жылдан кейін іздеп келеді. Келсе, есік құлыптаулы. Балалары жұмыста, әпкесі мектепте еден жуады. Мектепке келеді, әпкесі сабақ өтіп жатады. Бір еден жуушы шындықты жайып салады. Мектепке тексерушілер көп келеді. Тағы да келген тексерушілерді күтуге, оқытушылар мен басшылар кетті. Балаларға сабақ өте тұруды әпкең Үрисәнға жүктеді. Кейіпкер мектеп сыныбының бұрышынан сабақ өтіп жатқан әпкесінің жүдеген жүзін көріп, өмір жайында балаларға айтып жатқан сөзін естіп жүрегі езіледі. «Еден жуатын егде әйелге айналыпты әпкем де! Жігерім жүгерідей-жүгерідей боп бөлшектеніп, одан қуырыла қарайып, құмға айналып үгітіліп барады-ау...»
«Үнсіз сағыныш» – Байғұт стилінің өзегі. «Әпкемнің ауылында» ашық драмадан гөрі ішке бүккен мұңы басым. Әпке мен іні бірін-бірі жақсы көреді, сағынады, бірақ, жиі хабарласа алмайды, қиындықта жанында бола алмайды. Бұл – Байғұтқа тән үнсіз психология. Яғни, жазушы кейіпкерлерін: айқайлатпайды, жылатпайды, тек іштей сыздаған жүрегін сезінеді.
Мархабат Байғұт прозасы – қазақ қоғамындағы қарапайым адамдардың күрделі рухани әлемін бейнелейтін терең әрі шынайы көркемдік кеңістік. Жазушы шығармаларында сырт көзге елеусіз көрінетін тұрмыстық жағдайлар арқылы үлкен әлеуметтік-психологиялық мәселелер көтеріледі. Соның бірі – туыстық байланыс пен уақыт, қашықтық салдарынан әлсіреген рухани қатынастар. Бұл – Байғұт прозасындағы басты ерекшелік: үлкен трагедияны ұсақ деталь арқылы беру. Жазушы бұл жағдайды ашық драмамен емес, ішкі психологиялық күй арқылы береді. Әпкенің сағынышы мен іштей мұңаюы, інінің уақыт тапшылығынан туындайтын алыстауы – барлығы да үнсіз, бірақ әсерлі суреттеледі. Осы арқылы Мархабат Байғұт адам жанының терең иірімдерін, туыстық байланыстың әлсіреуін шынайы бейнелейді.
«Мархабат Байғұттың қайта құру кезеңіне арналған шығармаларындағы кейіпкерлер – негізінен қатыгездеу, безбүйректеу. Сондықтан болар аңғал көңілді, нәзік жүректі кейіпкерлерінің бірі «ғарышқа ұшумен», келесі бірі базар жағалап, тағы келесісі жалшылыққа мойынсұнумен кете барады. Бұл – қоғамдық шындық еді. Олардың бойында тағдырдың қаталдығына шыдас бере алар күш-қайрат жетіспей жатты», – деп жазады жазушы еңбегін зерделеушілер. 
Жазушының басты ерекшелігі – қоғамды сынаудағы ұстамдылығы мен адамгершілік ұстанымы. Ол кемшілікті әшкерелеуде өткірлікке емес, мейірім мен парасатқа сүйенеді. Осы арқылы қоғамдық ой қалыптастырудың өзіндік жолын қалыптастырған.
Мархабат Байғұт прозасының өзегінде – ұмытшақтыққа қарсы үндеу, рухани сергектікке шақыру идеясы жатыр. Жазушы үшін ұмытшақтық – жай ғана адамдық әлсіздік емес, ол – тұтас болмыстың бұзылуы, өң мен түстің арасындағы бейсаналық күйге түсу. Егер адам өткенін, тамырын, ұлттық жадын ұмытса, ол рухани бағдарынан айырылады. Осы тұрғыдан алғанда, жазушы шығармаларында жады – тек естелік емес, ұлттың тіршілік өзегі ретінде көрінеді.
Мархабат Байғұт кейіпкерлері көбіне ішкі әлемі терең, психологиялық иірімдерге бай тұлғалар. Мәселен, «Таудағы аңдыздағы» Бауыржан бейнесі – жалғыздықтың символы ғана емес, қорғансыз тағдыр. Достары елжіреп еске алса, аңдыздай тағдырды ұмытып кетпесе...
Кейде адам өткенін ұмытқан сәттен бастап, өзін де жоғалта бастайтындай көрінеді. Мархабат Байғұт прозасындағы басты ескерту де осы – ұмытшақ болмау. Себебі ұмытшақтық – тек жадының әлсіздігі емес, ол рухтың әлсіреуі, адамның өң мен түстің арасында адасуы. Жазушы шығармаларынан осы бір көмескі күйді, рухани дағдарысты анық сезінесің.
Байғұттың кейіпкерлері сырт көзге қарапайым болғанымен, ішкі әлемі тұңғиық. Олар көбіне өз-өзімен сөйлесетін, жан дүниесінің иірімдерінде өмір сүретін жандар.
Жазушының образ жасау тәсілі де ерекше. Ол кейіпкерді ұлттық ойлау жүйесі арқылы сомдайды. Сондықтан оның кейіпкерлері этностық тұтастығымен, қазақы болмысымен ерекшеленеді. Олардың сөзі, мінезі, тіпті үнсіздігі – барлығы ұлттық рухпен астасып жатыр. Осы арқылы Байғұт тек адамды ғана емес, тұтас бір халықтың ішкі әлемін бейнелейді.
Тоқырау кезеңіндегі тоғышарлық пиғылдардың күшеюі, енжарлық пен өзімшілдіктің белең алуы – жазушы назарынан тыс қалмайды. Бұл құбылыстар адамдардың бойындағы күрескерлік рухты әлсіретіп, оларды бейтарап, немқұрайлы күйге түсірді. Байғұт осыны ашық айтпаса да, кейіпкерлерінің тағдыры арқылы терең жеткізеді.
Оның шығармаларын оқығанда, бір кейіпкердің емес, тұтас дәуірдің үні естілгендей болады. Бұл – қоғам картинасын шыншыл суреттеген қаламгердің қолтаңбасы. Байғұт прозасы – сыртқы оқиғадан гөрі, ішкі қозғалысқа, жан әлемінің күйзелісі мен сергектігіне құрылған.
Төрт шақырымдық жол… Ауыл мен ауданның арасындағы осы қысқа ғана кеңістік бір адамның ғұмырына тең трагедияны сыйдырып тұр. Сол жолда ажал құшқан әдебиет пәнінің мұғалімі Баубек – жай кейіпкер емес, ол – мейірімнің, адалдықтың, ұстаздықтың символы
Хикаяттың баяндалуы кейіпкердің өз атынан өрбуі – шығарманың әсерін одан сайын күшейтеді. Бұл тәсіл оқырманды сырт бақылаушы емес, сол тағдырдың куәгеріне айналдырады. Баубектің ішкі үні, оның әдебиетке, адамға деген шексіз сүйіспеншілігі, бауырмалдығы – барлығы шынайы. 
Бұл шығармада ең терең сезілетін нәрсе – сағыныш. Әке жүрегінің сағынышы. Жазушы бұл туынды арқылы ерте кеткен ұлына рухани ескерткіш тұрғызғандай. Әр сөйлемнен, әр жолдан мұңның табы білінеді. Бірақ бұл – жалаң қайғы емес. Бұл – мейіріммен көмкерілген, сағынышпен суарылған, рухпен бекіген мұң. Сол себепті шығарма адамды күйретпейді, керісінше, биіктетеді.
Хикаяттағы Кебір-пейіл мен Мейір-пейіл періштелері – символдық бейнелер. Олар арқылы жазушы адам жанының екіұдай күйін, жарық пен көлеңкенің арпалысын көрсетеді. Баубектің сол періштелермен тілдесуі – өмір мен өлімнің, үміт пен үзіктің арасындағы нәзік диалог. Бұл – жан алқымға келген сәттегі адамның ішкі арпалысының көркем шешімі.
Қайғыны жеңе білген, мұңды мейірімге айналдыра алған жүректің қуаты бар мұнда. Сондықтан да «Әдебиет пәнінің періштесі» – адамдықтың, мейірімнің, сағыныштың, рухтың хикаяты.
Адамшылық та, адалдық та, қанағат та – бәрі де тазалықтың топырағында ғана өсіп-өнеді. Тап-таза, толық тазагерлікке жете алмасақ та, әрқайсымыздың бойымызда сол тазалықтың бір уыс топырағы болуы шарт. «Тазар, қазақ!» – деген үн де осы шығармалардың астарынан естіліп тұрғандай.
...Мархабат Байғұт шығармаларын оқыған сайын, көңіліме көктемнің алғашқы хабаршысындай нәуірзек құстың сағынышы ұялайды. Әуелде сол бір жұмсақ мұң ғана сезілетін. Кейін келе, қорғансыз жүректің зары биік қабырғаның ар жағынан талып жеткендей, ішкі әлемім астаң-кестең күйге түсетін болды. Жетім көңілдің жүгін жүрегімен көтерген жазушының сезімталдығына сүйсіне отырып, бір түрлі секем де алам. Себебі оның әр жолының астарында адам жанының ең нәзік, ең ауыр шындығы жатады.
«Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятын оқығанда, жүйке-жүлгелерім тілініп бара жатқандай күй кештім. Әкенің діріл қаққан жүрегі тоқтап қалмай, шығарманы соңына дейін жеткізгеніне қарап, Мархабат Байғұт ағамның бойындағы тағат пен тылсым күшке еріксіз таңдандым. Ол қоғамның көзін шел басқан күйін айқайламай-ақ, өзеуремей-ақ, мәдениетті түрде жеткізе білді. 
Шығармаларында тазалықтың лебі есіп тұратын. Кедір-бұдыр тіршіліктің өзін әдемі юмормен әрлейтін. Әсемдік әлемімізді тербетіп, бір сәт мұңға батырса, бір сәт мейірімге бөлейтін. Әдебиетке енді келген жастардың бәрі дерлік Мархабат ағаның қамқорлығын көрді. Іштарлықтан ада болмысы бізді құштарлыққа баулыды, тазалыққа үйретті.

***

Жазушының туған күнінде сыңғырлаған сырғалардай сыбдыр қаққан ағаштарға да сіздің көзіңізбен қарағым келеді. Жалқын қызыл өрікке жүрек қалтасымен үңілетін сіздің әлеміңізді аңсаймын
Өзіңіз жазғандай, мейірім жүдеген мезетте тасқа айнала бастаған бауырдың да бұйра сағымға ерігендей, жібектей желге жібігендей күй кешетін шағы болады. 
Кездесу кештерінде жүздесе қалсақ, мейірімге толы жанарыңызбен: «Бәрі дұрыс па?» – деп сұрайтын қамқор үніңіз әлі күнге дейін құлағымда. Кейде біреумен сөйлесіп отырсам, еріксіз сол дауысты іздеймін. Үннің реңкінен сізге ұқсастық тапқым келеді. Дауыстың түсін ажырата білетін кейіпкеріңіздей, мен де мейірімге толы өз үніңізді сағындым.
Сізді сағындық, Аға!