Дархан Қыдырәлі: Таупістеліден түлеп ұшып, түркі әлеміне танылған тұлға

Стиль дегеніміз – жазушының өзі ғой...

Jun 3, 2025 - 21:35
 17
Дархан Қыдырәлі: Таупістеліден түлеп ұшып, түркі әлеміне танылған тұлға

Биыл мерейлі 80 жасын атап өтетін Мархабат Байғұт шынында да мақамы бөлек, болмысы ерек, ғажап жазушы еді. Мархабат ағамен бір ауылда туғандықтан ол туралы айту бір жағынан оңай, бір жағынан қиын. Оның шығармасына арқау болған «Әлдибастау», «Көкбұлақ», «Қаратаудың» әрбір өсімдігі бізге таныс. Мархабат ағаның шығармалары арқылы біз әдебиетке қызықтық. 
Жалпы әрбір тұлға туған жерге тамыр тартады деседі. Сол туған жерден ұзамай өз алдына әдеби мектеп қалыптастырған және туған жерінің әрбір қалтарысын, ерекшелігін айрықша махаббатпен, сүйіспеншілікпен жазған ғажап суреткер жазушының бірі – Мархаббат Байғұт. Ол туған жерге Шукшиндей шұқшиған немесе Бейімбет Майлиндей кейіпкерлердің образдарын керемет ашқан жазушы. Себебі аяулы қаламгердің шығармаларының негізгі кейіпкерлері қарапайым кітапханашы, мұғалім секілді ауыл тұрғындары болды. Еліміздегі 90-шы жылдардың өтпелі, қиын, нарықтық экономикаға аяқ басқан жылдардың шындықтары да Мархабат ағаның назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар ол әдемі юмормен қоғамдағы келеңсіздіктерді «Әкімнің әйелі» немесе «Әкім кеткен күн» деген шығармалары арқылы шебер жеткізе білді. 
Мархабат аға қаламгерлігімен бірге қайраткер болатын. Өте өткір өзекті мәселелерді дер кезінде көтере білуі оның қайраткерлігін айқындайды. Алғашқы еңбек жолынан бастап ол газет-журналдарда басшылық етті. «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік аймақтары бойынша тілшісі, жетекшісі болды. Сондықтан Мархабат аға әрі проза, әрі публицистика арқылы қоғамдағы өткір мәселелерді көтере білді. Сонымен қатар Таупістеліден түлеп ұшқан жазушы Оңтүстікті айтпағанда, қазақ кеңістігімен қатар түркі халықтарының кеңістігіне көтеріле білген тау тұлға. Оның шығармаларының түркі тілдеріне аударылуы осы сөзге дәлел. 
Мархабат Байғұт – әңгіменің нағыз шебері. Ол кешегі Бейімбеттің жалғасы іспетті. Әңгімелерінен Чеховтың реалистік қыры көрінгенімен, оның кейіпкерлерін «сіз» деп сызылып отырып, биязы түрде суреттегеніне риза боласың. Стиль дегеніміз – жазушының өзі ғой. Сондықтан оның әр шығармасынан мінезін, биязы қалпын, жылы жымиысын, тереңдігін, аңғарымпаздығын, туған жерге деген айрықша сүйіспеншілігін байқауға болады. Әлеуметтік жүгі ауыр, күрделі тақырыптардың өзін оқырман жүрегіне жібектей ескен жылы жымиыспен жеткізетін. Оның шығармаларында Қаратаудың қазынасы секілді тереңдікпен бірге биязы мінез бар. Осы ерекшелігімен Мархабат аға әдебиетте өзінің қолтаңбасын қалдырды. Әрбір жазушы өмірден өткенімен оның мәңгілік өмірі басталатыны анық. Мархабат аға да қазақ әдебиетімен бірге жалпы тамырлас түркі әдебиетімен бірге жасай беретін тұлға. 
Жалпы Мархабат аға туған жерге тамыр тартқан терең тұлға. Оның талғамы, танымы туған жермен біте қайнасқан. Ауыз екі тілде айтылатын бірақ сол өңірдің байлығы болып есептелетін аймаққа тән сөздерді, тілдік ерекшелікті Мархабат аға әдеби байлыққа, мол қазынаға айналдырды. Кей жазушылар «бұл – әдеби норма емес, бұл – бір аймақтың ғана тілдік ерекшелігі» деп қашуы мүмкін. Бірақ Мархабат аға соны байлық ретінде өзінің шығармаларына арқау ете отырып, шебер қолдана отырып, оны үлкен әдеби кеңістікке қосқанын атап өткен абзал. Қазіргі кезеңде егер оқырмандар Оңтүстіктегі көптеген сөздерді емін-еркін пайдаланып жүрген болса бұл Мархабат ағаның үлесі, туған жерге жасаған қызметі деп қабылдау керек шығар.