Қазақбай Йулдашев: Ойшыл жазушы
Мархабат Байғұт – өз стилі, интонациясы бар үлкен жазушы ретінде қалыптасқан қаламгер еді...

Үлкен өзгерістерді басынан кешіп отырған бүгінгі ғаламдану кезінде жеке бір этнос ретінде өмір сүру үшін түркітілдес халықтардың бірлігі су мен ауадай қажет. Коммунистік идеология біз түркілерді бір-бірімізге жасырын түрде жау етіп келді. Әрқайсымыз өзімізді басқалардан гөрі кемелірек, ал өзгелерді бізге қарағанда артта қалған деп қабылдатқызу түрлі анекдоттар мен күлдіргі әңгімелер арқылы санамызға сіңірілді.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өзбек, қазақ, қарақалпақ, түрік, қырғыз, әзербайжан, түрікмен және басқа да түркілер бір халық екеніміз туралы ойлай да, сөйлей де бастады. Бұған да қырық жылға таяу уақыт өтті. Енді сөзден іске көшу, шын мәнінде бір ірі этностың бұтағы ретінде бірігу уақыты келді. Әлі де бір-бірін кемсітетіндер, бір-біріне жау болатындар жоқ емес. Мұндай жабайы мінез түркі ұлтының тезірек жойылуына әкеледі. Түркі бірлігі жолында ұлт зиялылары алдыңғы шепте болуға тиіс. Шүкір, тек сөзбен емес, іспен де түркі бірлігі жолында әрекет етіп жүрген зиялылар да бар.
Мен биыл сексен жылдығы аталып жатқан Мархабат Байғұт ағамыздың сондай адам екеніне куәмін. Осыдан он жылдай бұрын жұмақтай сұлу Пістелі ауылында өткен «Таупістелі тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференцияда Насыр Фазылов, Мехмонқұл Исламқұлов, Абдурахим Пратов секілді қаламгерлермен бірге қатысып, Мархабат ағаның түркі халықтарын біріктіру жолындағы жанкештілігін өз көзіммен көргенмін. Оған дейін М.Байғұт деген адамды да, жазушыны да білмейтін едім.
«Таупістелі тағылымы» конференциясынан кейін аға екеуміз Шымкент пен Ташкентте бірнеше рет жолықтық. Осы кездесулерде Мархабат Байғұтты түркі халқының дүниетанымы кең ойшыл, әрі көркем, әсері күшті туындылар жазатын жазушы ретінде таныдым.
Ағада әсемдікке ұмтылу күшті болып, жасандылық жоқ еді. Ол юморды нәзік түсінетінін, бірақ ешқашан сайқымазақтық жасамайтын байыпты, Абай айтқан «толық адам» екенін байқадым. Ағаны жақынырақ таныған соң, оның шығармаларын оқуға ынталандым. Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі – Түркістан» атты онлайн конференциясының негізгі ұйымдастырушыларының бірі болғаны да маған өте ұнаған еді.
Кез келген көркем туындының өз авторына ұқсайтыны белгілі, себебі жазушы – ағаш, туындысы – оның жемісі. Осы мағынада Мархабат Байғұттың жазғандары өзіне өте ұқсас екенін айтуым керек. Маған оның «Иттің құқығы», «Жоғалған Жұрнақ», «Қозапая», «Әкімнің әйелі», «Ағамның ауылы», «Шибөрінің бүргесі» секілді бірнеше новеллалары қатты әсер етті. Бұл шығармаларда әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдардың жан дүниесі толық әрі күрделі түрде бейнеленген.
Маған, әсіресе, М.Байғұт шығармаларының бір қыры ұнады: ол өз новеллаларында адамды оқиғаның аясында емес, керісінше, оқиғаны адамның психологиясы, рухани дүниесі арқылы сипаттайды. Ұнайтын тағы бір тұсы – жазушы шығармаларында кейіпкер туралы жай ғана ақпарат берумен шектелмейді, оны оқырманға «тірі адам» ретінде тарту етеді. Сондай-ақ, автор өз кейіпкеріне өзінің кім екенін көрсетуге мүмкіндік береді. М.Байғұт шығармаларындағы кейіпкерлер өз әрекеттері, сөздері, ойлары арқылы өздерінің шынайы болмысын білдіреді.
Жазушы мұны өзгеріп бара жатқан замандағы түбегейлі өзгерген адамдардың ішкі дүниесін суреттеу арқылы жүзеге асырады. Шынайы көрінбейтін, көрінгендей де болмайтын адамдардың сөздері мен іс-әрекеттерін өте сенімді түрде бейнелей алады.
Мысалы, «Шибөрінің бүргесі» новелласында жазушының сатиралық көзқарасы кейде аяусыз гротескке айналып кеткенін көруге болады. Көркем әдебиетте ауыл адамдарын қарапайым, шынайы, алаяқтықты білмейтін таза адамдар ретінде суреттеу дәстүрі бар. М.Байғұт бұл дәстүрді бұзады және ауылда да пасық мінезді адамдар бар екенін ашып көрсетеді. Шығармадағы Манжу Малайсарин, әйелі Садаф, олардың өгіздей семіз ұлдары; көршілері Қашқырбек Бөрін, әйелі Сатангүл, олардың түрмеде отырған үш ұлы, сөзшең Хайытгүл шешей бейнелері бірегей бейнеленген.
Өзін сыйламайтындықтан төмендеген, адамдық бейнесін жоғалтқан әрбір кейіпкерді бір-біріне ұқсамайтындай етіп суреттей білу автордың шеберлігін көрсетеді. Жазушы бұл адамдардың соншама төмендеу себебін іздейді. Олардың аянышты тағдырында әлеуметтік факторлардан бөлек, әр адамның өзіне байланысты жеке адамдық факторлар бар екенін өте нанымды және әсерлі көрсетеді.
Новеллада мақал іспеттес: «Манжуыңызда туғаннан мал да, жан да көбеймеді» тәрізді қысқа тұжырымдар шығарманың әсерлілігін арттырған. Өз-өзін сыйламау, өзге адамдардың өзіне деген көзқарасына мән бермеу салдарынан моральдық құлдырауға ұшыраған кейіпкерлердің жағдайы «Бұл кезде Сатангүл мен Манжу Садафты сілкіп, Қашқырбекті жұлқылап оята алмады. Садаф орнынан тұрып отырғанымен, көзін ашатын халде емес еді. Үйде не болып, не қойып жатқанынан хабарсыз Қашқырбекті қалай тұрғызсаң да қорылдап ұйықтай беретін», – деп сипатталған. Бұл жағдай бейнесі кейіпкерлердің төмендік дәрежесін көрсету жағынан теңдесіз әсерлі күшке ие.
Жазушының «Ағамның ауылы» новелласында соңғы жылдардағы адамдар арасында белең алған жатсыну, мейірімсіздік, көзбояушылық сынды дерттер ирониялық жолмен көрсетілген. Тексеру органдары басқа мекеме болмағандықтан, мектеп пен емхананы қайта-қайта тексере беретіні өткір сатиралық көзбен суреттелген. Мектепті тексеру нәтижесінде бүкіл ұжым тексерушілердің көңілін табумен әуре болып, оқушылар еден жуушыларға қалып қойғанын өкінішпен баяндаған. Бұл жағдай күлкілі көрінгенімен, новелладан күлкі емес, қасірет сезіледі. Жазушының басқа шығармалары туралы да көп айтуға болады.
Қорыта айтқанда, Мархабат Байғұт – өз стилі, интонациясы бар үлкен жазушы ретінде қалыптасқан қаламгер еді. Автордың адамдардағы кемшіліктерді асыра көрсететін туындылары түркі әлемі адамдарын тазаруға, өзінде жоғары адамгершілік сезімдерді қалыптастыруға, өз қадірін түсіну және өзгелердің қадірін бағалауға үндеуімен құнды.
Әрбір ұлы жазушы секілді Мархабат ағамыздың да екі өмірі болады. Бірінші өмірі жетпіс жеті жылға созылды. Жазушы ағамыздың туындыларының ғұмыры өзінікінен әлдеқайда ұзақ болуына біз сенім білдіреміз!