Александр Мәруаұлы. Кешір мені, көктемнің сары гүлі
Қарай-қарай сен де кетіп қалдың ба көз жасыңды көтермейтін теңізге...
Александр МӘРУАҰЛЫ – ақын. 2004 жылы 23 тамызда Мәртөк ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде оқиды.
Өлеңдері 2020 жылдан бері баспаөзде, соның ішінде республикалық басылымдарда жарияланып келеді. 2023 жылы республикалық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауында Төлеген Айбергенов атындағы жүлдеге ие болды.
***
«Бұл далаға бір қарасам, пейілім менің кеңейген
Енді қайтем осы өлкені туған жерім демей мен!»
Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ
Жыр-жүрегім толып тұр бүгін шерге,
Қасиетіңе киелі жүгінсем бе?
Тұрғызбасын, ешбіреу тауың түгіл,
Жалғыз түйір тасыңа сүрінсем де.
Бұлағыңа мөп-мөлдір сырым қанған,
Жоталарға жұп-жұмыр жырым қонған.
Табаныма тас батып, шөңге кірсе,
Өтінемін, оны да суырмаңдар!
Дархан дала дертіме азық болып,
Ақ қағазға қайғымды жазып беріп,
Майда, жұмсақ құмыңа құласам ғой
Құлазыған сәттерден қажып келіп.
Келгендей-ақ көсілер кез ыңғайлы,
Бой түзелді, өзіңде сөз ұлғайды.
Құдіреті тілімнің жетер ме екен,
Қалам алып толғауға өзің жайлы.
Естеліктер сенде өткен есімдегі,
Махаббатты маздаған өшірмеді.
Алаңдаймын, дем жетпей қала ма деп,
Алып таулар қозғалса төсіндегі.
Талай адам жаныңды табалады,
Қадіріңді ұқпай жүр неге бәрі?
Тазалықты сендегі сезу үшін,
Көңілімді кірлетпей келем әлі.
Абырой ғой тасыңды арқаласақ,
Аялдай тұр, аялда, тарқама сәт.
Қиыр кезіп кетемін содан кейін,
Бір уыс топырағыңды қалтама сап.
Аспаныңдай сол кезде өр боламын,
Күннің өзі береді жанға жалын.
Білемісің туған жер жан-жарама
Жалғыз ғана жусаның ем боларын.
Толқындары теңіздің қуатты екен
Өмірімді өзің ғой шуақты еткен.
Соңғы демім қалғанша сүйіп өтем,
Жүрегіме орнаған жұмақ мекен.
Дауа таппай тірліктен сабылысқан,
Асау сезім өзіңе алып ұшқан.
Ең ұлы өлеңдерді тудырады,
Ең ұлы саған деген сағыныштар.
***
Ауыл жақта бар еді үш төбешік.
Жусандары бір-бірімен тел өсіп,
Тербетеді майда самал жел есіп,
Кешкі іңірде мал қайтады жайлаудан
Содан кейін мүңкіп тұрар көң исі.
… Ауыл жақта бар еді үш төбешік.
Ойынымнан оралғанда түс ауа
(Ержеткенше санамды кім тұсаған?)
Үш төбешік… менің асыл үш ағам,
Әкем қалай өлмей жүрген құсадан?
Шешем қалай өлмей жүрген құсадан?
Ғұмырымда кетпегенмен көп есем,
Іні болып енді кіммен кеңесем?
Үш төбешік… мені қорғап жүреді,
Ауыл жақта қалып қойды демесең.
Шын батылым жетпегенмен кей іске,
Кездерім бар қуанышпен түйіскен.
Сүйенерің жоқ демеші
Уа, Тағдыр,
Үш төбешік ағам жатыр,
Тиіспе.
Жүрегіме орнағасын күйік боп
(Ер болмасам, түсіме кір, кейіп кет)
Үш төбешік… қайран менің үш ағам,
Өздеріңнен қайда барам биіктеп?
Бейітіне барған кезде түс ауа,
Әлі күнге қуат алам, күш алам.
Ауыл жақта үш төбешік бар еді,
Қалай өлмей жүр екенмін құсадан?..
***
Өмір...Өлім...
Ортасында тұрмын мен,
Бақытым бар
Баянсызын білдірген.
Түйгені жоқ пенделерге налыдым
Күйбеңі көп тірлігіме күлдім мен.
Жанарымнан тамшы болып тамса мұң,
Күледі екем, күледі екем қанша күн?!
Мен алыстап кетем бір күн жалғаннан,
Ақиқатқа ауған кезде аңсарым.
Сырға толы жермен көктің арасы,
Көпшіліктің көтермейді санасы.
«Алла» дейді, «Алла» дейді адамдар,
Ақылымның жетпейтінін қарашы.
Ғалам қызық, көктегі күн, айым да,
(Мынау дүние мүмкін әлде ойын ба?)
Өмір-Өлім, Жұмақ-Тозақ, Құдайлар,
Он алтымда ойран салды ойымда.
Әлем бір күн айналардай мүсінге,
(Құлшылықтың бәрі құдай үшін бе?)
О, Тәңірім, кешіре гөр, кешірші,
Мынау мендік жазған өлең түсімде...
***
Құдайға болмағасын мақтар ісін,
Маңдайға қайтіп содан бақ дарысын.
Тілектер –
тағдырыңды жұбатар сөз,
Суретте –
өлгендердің жоқтаушысы.
Айналып кететіндей түс өңіме,
Абдырап қалың ойға түсе берем.
Үзілген ғұмырымның үні ме екен,
Үзілген домбырамның ішегі ме?!
Ендігі естелікке елең етем:
Көне мұң.
Көне пенде.
Көне мекен.
Адамдар таусылатын уақытында –
Айнадан айна көріп өледі екен.
Дертті боп дәруіштей жыртық ойдан,
Жанымның түсінетін жұрты қайда?
Жұмақта менің сәби жүрегім жүр,
Пердесін Әкесінің түртіп ойнап,
Пердесін Анасының түртіп ойнап.
Сөккенде қараңғыны жарық үнім:
Бітер ме жан біткеннің жабығуы,
Бітер ме жан біткеннің қамығуы?
Кешір мені,
Кешір мені, көктемнің сары гүлі!..
***
сенің жіберген бейне шеңберің
дауыстыны тастап жазған сөйлемің
дала түстес көйлегің
еркелігің тағдырыңа, Тәңірге
ертегідей айтатының бәрін де
есімде ғой, ескіре ме, сірә, бұл
(Е.Раушановты құлай сүйген шырағым)
ертеңгі күн қарағаның айнаға
ертеңіңді ойлағаның жәй ғана
бәрі сұлу, бәрі сондай өміршең
сүрінсең де, сұлу болып сүрің сен
жеңілсең де, сұлу болып жеңіл сен
жер бетінде одан басқа жоқ айла
тауқыметке төтеп беру оңай ма
өлең кетіп бара жатыр жоқ іздеп,
өмір еріп бара жатыр көп ізге.
қарай-қарай сен де кетіп қалдың ба
көз жасыңды көтермейтін теңізге...
***
Қапияда жоғалып кетсем егер,
– Сол бір ақын жанымда, – деп сене гөр…
Дауасы жоқ тірліктен шаршағанда,
Дидарыңа сәулелі аңсар ауған.
Тауқыметін тағдырдың ұғынып ап,
Жәрдем тілеп жармассам бұрымыңа…
Сен мені кеше гөрші асыл ару,
Бір шашбау тақпай кетсем шашыңа бұл.
Бейуақытта ойларға басұрамын,
Бордай тозып, әйнектей шашыламын…
Сондағы тұншыққаным жасыма мың:
Кірлемесе дегенім асыл арым.
Бәрібір барлығынан өмір үстем,
Мен бірақ жасымадым жеңілістен.
Себебі сөнбейтұғын сенім үстем,
Көбіне көндіккенмен көңіл іштен.
Сен мені кеше гөрші қайран ару,
Күдігіңді үмітке байламадым.
Жаныңа жарық берсем айдан алып,
Нұрыңа бөлеп жүрші айналаны.
Қай шерімді шағайын саған енді,
Қай мұңымды айтуға шама келді…
Сүйенбегің, сүйіктім, маған енді
Мекеніме қайтуға ғана келдім!..
Қапияда жоғалып кетсем егер,
– Сол бір ақын жанымда!, – деп сене гөр.