Қарлығаш Қабай. Қалау және тереңдік

Біз бірге тыңдарманы жоқ әндер мен Көрермені жоқ киноларға барайық...

Jan 27, 2026 - 18:30
Jan 27, 2026 - 18:32
 9
Қарлығаш Қабай. Қалау және тереңдік

Қарлығаш ҚАБАЙ – ақын. 1997 жылы 26 желтоқсанда Павлодар облысы, Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылында туған. Еуразия ұлттық университетінің, Түркияның Қаратеңіз аймағында орналасқан Орду университетінің түлегі. Көне түркі тілдері саласының PhD докторанты. Өлеңдері қырғыз, түрік, әзербайжан басылымдарында жарық көрген. «До диез минор» (2023), «Көлеңкесіне кез болған кесіртке» (2025) кітаптарының авторы. «Жерасты әдебиеті» сайтының жетекшісі.

Естелік

Кітаптарым саған аманат,
Күн сайын келіп тұрамын,
Терезеңнің алдына.
Құстармен бірге...
Теңізбен бірге...
Ең алғаш ғашық болған кезіңмен бірге...
Ең алғаш жүрегің ауырғанда да.
Құдайды іздеген әр сәтіңде,
Әр сәтіңде сағынған
Келіп тұрамын... 

Өлеңге айналдырып үстеліңді,
Өлеңге айналдырып көрпеңді де,
Күн сайын... 
Күйсандығыңнан шыққан әр әуен
Мені еске салады,
Күтпеген жерде...

Жақыныңды жоғалтудан 
Қорыққан сәтіңде,
Мені ойлайсың тағы... 

Мені ойлайсың
Бейтаныс бір адаммен 
Танысқанда...

Жаңбыр жауғанда да 
Мені ойлайсың..
Фелициялар 
Қауызын ашқан сәтте де…

Өйткен мен
Сенің әр сәтіңде өмір сүремін,
Өйткені сен
Менің естеліктерімде өмір сүресің…

Қалау және тереңдік

Үңгірдің тереңдігінде
Сығымдалған қабырғалардан аққан тамшылар бас қосатын.
Сол тамшылар 
Теңізге айналдырғысы келетін үңгірді…
Үңгір де
Өз ішінде балықтардың жүзгенін қалайтын… 
Өз жанынан сығымдалған теңізде…

Корпоратив

Бүгін кешкісін
Корпоратив өткізетін болдық бәріміз бірге…
Ницше, Эко, Борхес, Филипп Супо, Асқар мен Жансевер, 
Плат пен Шопенгауэр…
Тағы басқа мыңдаған әріптестер…

Менің бөлмем – 
Достоевский мен Кафканың жанынан
Байтұрсынұлын көруге болатын жержүзіндегі жалғыз аймақ…
«Сөз – адамзатты түзейтін қару» десе ол,
«…Сен ешқашан келмейсің…» деп сыбырлайды Кафка…
Достоевский ме?
Фёдор баяғы әдетінше тағы 
Өлімді есімізге түсіреді
күтпеген жерден…

Сонсоң бәріміз
Бүгінгі кештің құрметіне хормен қайталаймыз…:

«…бір дұға сынды құйылдың көңіліме…
мың жылдық жалғыздықты күл қылған мінәжаттай... 
Сені табу үшін сапарларға аттанып…
Сенде жоғалу үшін құстардың соңынан ердік…
Ең шарасыз түндерімізде ылғи
Бір дұға сынды құйылдың көңілге…»

Қолшатырлар

Жаңбыр жауса,
Су-су болып жатады әлдеқайда
Дүкенде сатылмай қалған 
Қолшатырлар...

Бұл үйдің терезесінде
Теңізге кетуге 
Шешім қабылдағандар мен
Теңізді сағынғандар 
Өмір сүріп жатыр қазір... 
Бар болуымыздың 
Бір мақсаты барына
Күмәнданатынымыз секілді,
Ешкімді күтпеймін деген жан
Ең ұзақ күткендердің 
Санатына жатады... 

Еһ...
Қолшатырларды айтсаңшы, 
Қолшатырлар,
Жаңбыр жауған сайын
Шынжырланған Прометей секілді,
Қыран бүркітті күтеді тағы...

Естелік қалдырмайтын әңгіме

Ол
Естелік жинағаннан гөрі,
Естелік қалдырғанды 
Жөн көремін деді...
Мен
Хазардың бойындағы
Өлі балдырдың мүрдесінің иісі
Өмірмен еш араздаспаған адамдарды 
Еске түсіретінін айттым...

Сонсоң 
Екеуіміз
Сағаты ауысқан аймақтың халқы
Енді бізден бір сағат ерте өлмейтінін 
Талқыладық...

Теңізді сағынғандар үшін

Көк толқындары
Тірі екенімізді есімізге түсіретін теңіз
Түсімізге жиі енеді қазір... 
Жағалауында асыр салған шағалалар
Сәт сайын еркіндігімізді ойымызға оралтпақ тағы...

Түнде жұлдыздардың сәулесінің астында қыдырып, 
Күндіз күн көзіне жылыну –
Оңай емес тіпті де... 
Түсімізге теңіз кіріп,
Әлі тірі екенімізді,
Шағалалар асыр салып еркіндігімізді 
Есімізге түсіре беретін болса… 

Еһ, шағалалар…
Сәт сайын еркіндігімізді ойымызға оралтқан
Шағалаларды
Кешіруге болмайды ешқашан...

Музей

Ұлы жеңісті де музейге қойдық, 
Кеңес Одағын да...
Ғасырлар бұрын қайтыс болған бейтаныстың
Қираған қыш құмырасының 
Қалдығын да...

Бір әйелдің көз жасы тамған
Қарақағаз да музейде қазір...
Әлдекімді оңдырмай соққыға жыққан
Босмойын да осында...

Тіпті
Егемен Қазақстанды да
Музейге қойғанымызды көріп,
Кімнен қалғаны белгісіз,
Ескі бір домбыра
Ішегінен асылған...
Ішегіне асылған...

Жәй ғана 
Өлкетану музейі деп,
Өтіп кетпеңдер жанынан... 
Өлкенің қасіреті мен
Қасиетіне малынған...

Дефиниция

Ешқашан бір таңдауға айнала алмайтынын білетін – «кету»,
Шанышқы мен пышақтың табаққа жанасқанынан естілетін –
жалғыздық,
Ең табиғи құқығымыз болып табылатын – жылау, 
Ерікті бодандығымыз саналатын – сүю, 
Және 
Еркіндіктің жалғыз жолына айналған – 
Баз кешу...
Сонсоң 
Мендегі саған айналған – «Мен».

Монахопсис

Бір үйіміз болса, 
Бәлкім, жер шарында бір мекеніміз болатын шығар 
деп ойладық... 
Мекені болмағандардың 
үйі де болмайтынын 
естен шығарғымыз келіп...

Екі адамдық өмір

Ол
тым сұлу, 
тым еркін мемлекетте 
жалғыз қалу секілді күнәһар,
ұрланған әуендер мен 
тоналған ойларыңдай бөтен...

толқыны тәрк еткен теңіздей күңгірт және
жағалаудан аттанған кеменің 
қимастықта қалған дәміндей ащы...

су бетінде сүзілген көлеңкеңдей 
жалаңаш,
жан адам бас сұқпайтын дүкен сынды 
қажетсіз…
ішіңдегі азанға айналған жалғыздықтай 
жүдеу.. немесе
«ішіңдегі жалғыздыққа» айналған 
азан үніндей туыс болатын...

Құссыз тор

Ол... –
құссыз тор мен 
торсыз құстың да,
тордағы құстай аянышты екенін ұғынған,
ғалам сынды делсал...
саған айтылған сырлардай 
көмескі,
бозбаланың көзі шалған 
төрде ілулі қамшыдай 
қасіретті,
ошағанға айдалған жылқыдай 
шарасыз,
есігіңді қақпаған әндердей –
бөтен болатын...

Біз бірге

Біз бірге
Тыңдарманы жоқ әндер мен 
Көрермені жоқ киноларға барайық, 
Кішкентай шамдары 
Жарыққа емес, 
Көлеңкеге құштар,
Көп күткен көшелерді 
Көрсеткім келеді саған...
Теңіздің ең үлкен арманы –
Тамшыға айналу екенін, 
Өмірден жылу іздегендердің –
Түбі өртенетінін, 
Сен жоқта бұл қалаға –
Қанша рет жаңбыр жауғанын
Айтқым келеді саған…

Революционер

Түнде жорылған түсің секілді,
немесе
Үстел басында қапсырылған тізеңдей,
табалдырық басқан бала мен 
босағаны керген қолдардай,
жұма күні жуылған кірің мен 
сейсенбіде бастаған шаруаңдай 
және
терілмей қалған нан қоқымдары іспеттес
төңкерісшіл болатын ол.

Бақытты адам

Ол бақытты адам.
Өйткені төрт құбыласы тең болатын. 
Бәріне қолы жетті бұл өмірде..
Тіпті жалғыздығына да...
Ол бақытты адам...

Age-otori

Сен есіме түскен соң 
Өмір сүргім келмей кететін. 
Артынша өмір сүру үшін,
Сені есіме алатынмын...

Жаңбыр иісі

«Жаңбыр иісі» десе, 
есіне не түседі оның?..
«Қорықпа, жоғалтпайсың» десе,
ойыма не оралады менің?..
бәлкім
пернелерден алыстаса, 
әуенінен айырылам деп 
үркетін саусақтардай... –
аяныш, немесе
«мұңнан тұрғызылған мұнараға» 
қол соққандай... – 
шарасыздық... 
және
сен қатты сағынған екі әлем 
сенсіз жолыққандай... – 
күрсініс.., 
әңгімесі таусылса, 
үнсіздігін бөліскен жұбайлардай... –
құлшыныс… 
немесе 
жәй ғана тек жаңбырда жүзетін 
қағаз кемелер...

Ол...

Ол
Қайнап жатқан су сынды 
бақытты, 
әсемделген букет сынды 
бейбіт. 
бидай нанға, 
нан сенімге айналғанындай 
ғайып, 
галстук секілді мәмлешіл 
және... 
түнгі бөлмемізге түнеп шыққан 
түстеріміздей 
қонақ болатын...

жапырақтар қағазға, 
қағаздар мұңға айналғанын 
көрген емес. 
бірақ ол.. 
жылдар бойы 
есік қоңырауына үңілген сайын,
алыс-алыс жолдарға қарап отырғандай 
күй кешетін ылғи... 

Ол – 
Үмітімен суарған шөлді, 
Үмітін шөлге еккен, 
Менің ғазиз Отаным!

Тыныштықтың үні
немесе
When i see you...

І

...Ал жаңбыр 
бізді ешқашан тәрк етпейтін
жалғыздығымыз сияқты.
Өлімімізге де ұқсайтын жаңбыр...
Жәннатты мәңгілікке сағынып,
өмір сүруге болатыны жайлы 
айтқым келеді...
Сені де дәл солай.

II

Бұл жақта 
Тыныштықтың ең жоғарғы өлшемі – 
Шегірткелер әні... 
Ол ән саған 
Іргеңдегі пәтерден көшіп кеткен 
көршіңдей таныс...

III

Жаңбыр да дәл солай... 
Өлім сондай сұлу көрінетін 
Жаңбыр астында...
Жалғыз өзің қарқылдап күлуге 
Мәжбүр болған күндердей...
Жалғыз өзің қарқылдап күлуге 
Мәжбүр болған түндердей...

Япурай
(Ескі бір орыс радиосына)

Ұсқынсыз әрі ақсақ болғаны үшін 
«сүйілмегенін» әңгімелеп отырған 
Темірдей* шыншыл...
және сыйланған түймедақтарға қуанып, 
өліміне разылық танытпаған 
жүрегіміздей сезімтал.., 
немесе өмір бойы бізге тиесілі 
бақыттарды сатып, 
тиесілі емесін 
сатып алып жүргеніміздей 
қисынсыз –
ескі бір орыс радиосынан 
Япурайды тыңдап отыратын ол...

Қарқаралы басындағы аршада қалған 
жалғыздығымызды күткеніміздей 
тым көне... 
үнемі бір аулаға үңілген 
терезелер сынды үнсіз.., 
бізге өмірді үйреткен үміттеріміздей 
және 
өлімді үйреткен жоғалтулардай тасжүрек – 
ескі бір орыс радиосынан 
Япурайды тыңдап отыратын ол…
_______________________________________________
* – Әмір Темір