Нұртілеу Қадырқұл. Иіскеші сирень гүлдің тәтті иісін
шынында, өмір деген – әңгіме мен мәміле. сосын сенің шашыңның иісі.

Нұртілеу ҚАДЫРҚҰЛ – Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Мәстексай ауылында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық әдеби-танымдық «Адырна» журналында, «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, түрлі әдеби порталдарда жарияланып жүр. Филология ғылымдарының магистрі. Қазіргі таңда редактор, аудармашы болып қызмет етеді.
І
сол түні байқадым:
көзіңнен үзілген тамшы
жүрегіңдегі жараға дәл тиіп жатты.
ІІ
мен, мысалы
«адам – жалғыз» дегенге сенбеймін,
сен де иланба, жалғызым!
ІІІ
шынында,
өмір деген – әңгіме мен мәміле.
сосын сенің шашыңның иісі.
ІV
қызық,
біз құдайға сенеміз,
құдай бізге сенеді.
V
сол түні сезіндім:
иегіңен тамған көз жасың
сүйегіме сіңіп кеткен секілді...
VІ
сен айтпасаң,
ауа райын да сезбей қалам.
айдың әдемі екенін айтшы, айнам.
VІІ
сенің қайғыңды мен де кешкендеймін
олай болмады десек те,
солай сияқты...
VІІІ
қуанғаныңда
кенет пайда болатын шексіз ізетің
балалығымды еске салады мөлдір.
ІХ
сен ұзақ армандай аласың,
сен ұзақ түңіле де аласың.
мен бар болғаны жүгіре аламын ұзақ.
Х
көзіңді ұзақ қадаған нүктелер
гүлденер болса,
баққа айналар ма еді айнала?..
Enya
күлімдейсің – «сәт!» дейсің,
шағымданып – «шақ...» дейсің.
олай қатты ойланбашы. қайтесің?!
иіскеші сирень гүлдің тәтті иісін.
уақытыңды құртады ол, уайым ғой –
уақыт жайлы пәлсапа.
жалтаң-жалтаң күткеніңмен жаңалық,
жаутаңдаған өткен жылдар аңсатар.
құбыласың, бұрыласың артыңа,
тығыласың табиғатқа –
ең әуелгі қалпыңа...
Ал, мен сенің болмысыңа бас ұрам,
асығам да алқынам.
(естисің ғой көшкен кезең күлкісін,
ол – Анаңның күлкісі...)
...жүрген көшең, көрген киноң,
барған концерт, есіңді алған өлеңдер;
сен тыңдаған әндер мен
сені естіген әуендер;
өңіріңе жиі қысқан кітаптар,
Жүрегіңе жиі басқан алақан;
Оралдағы көркем іңір,
Алатаудан рауандаған ала таң;
сендегі сұрақ пен мендегі жауаптың,
мендегі сұрақ пен сендегі жауаптың
қайсысы ауыр, арайлым?
сені ойлау мен саған қарап сөйлеудің
қайсысы бақ, арайлым?
сірә, менің бұзылған ғой безбенім,
Ештеңе де түсінгем жоқ,
ештеңе де білгем жоқ,
Сөздер – менің сезгенім.
қайда апарып тоқтатамыз күн керуенін,
ай көшін?..
Ал, сен қатты ойланбашы, қайтесің?!
Одан да біз уақыт жайлы ән* тыңдайық – жай ырғақ.
алғашқы аңғал сезімдерге тәу етіп,
сағынышты мойындап.
* – Only time – Enya (ирландиялық әнші)
***
папа,
сенің жазуыңа ұқсайтын жазуыммен
қағазға басқан ойымды
менікі деп ойлайды ертең оқырман.
папа,
сенің жұмыстан қайтқан жүрісіңмен
үйге келе жатамын мен оқудан.
дәл сенің адамға жасаған талдауың,
алдануың,
алдауың,
арманың,
арманыңа жетер жолда солғаның
маған аян!
маған дем!
және олар – менің мәңгі қорғаным.
папа,
саған ұқсап әлдекімнен жерінем,
саған ұқсап әлдекімге күйінем.
саған ұқсап қолымнан келер іске ерінем,
саған ұқсап киінем.
...болмысымда қосымша – мені туған анам бар,
және өзімнің санам бар,
әдебиет бар, ғалам бар.
бірақ, ертең,
сенің жазуыңа ұқсайтын жазуыммен
кітапқа көшкен ойымнан
өзін іздеп отырады балам да...
***
Күллі ғалам көркемдігі көз-айнаңнан
көрінді!
Көрдім,
сосын, жаным ұшып шексіздіктен əрі астым.
Көңілімді құбылттың да, түстей қылдың өңімді,
Түс пен өңнің арасында сандырақтап
адастым...
Адасқанда жалғыз саған жол сілтейді Жел ескен,
Бар білері Сені сомдау сұлу көктем кешінің.
Жиі-жиі күлім қаққан бейнең келді елестеп,
Əлсін-əлсін әуезді үн боп жетті есімің.
Есіміңді күбірлеп ем,
Ай назданып, гүл жауды,
Сен жайында ойланып ем, сəуле тілді түнекті.
...Доғарсам ба жас сезімнің болашағын болжауды,
Жоғалсам ба жолыңа төсеп тастап Жүректі!
***
біз –
тұманды күн жолға шыққан кірпіміз,
мүлкіміз – бір түйіншек.
көрінбейді келбет те, естілмейді күлкіміз,
үмітке ердік үйірсек.
елеске ердік, үніне ердік үкінің,
елең-алаң күй кештік.
жүре күтіп жолдың берер үкімін,
оймен ұзақ сөйлестік.
бізді күтер жұмақ та жоқ, жоқ тозақ,
жол ғана бар көп тарам.
көз ұшында арман көрдік ақбозат,
жайбарақат оттаған.
тоқта дейді, төніп келіп тағы түн,
ойлан дейді ертерек.
«жыраққа ма, биікке ме бағытың?»
деп сұрайды бәйтерек.
тұманды күн жолға шыққан кірпіміз,
сүйреткен бір түйіншек.
жаңылдырмай жеткіз енді, шіркін, із!
жеткеннен соң сүрінейік, сүрінсек.
жөн сұрастық, көмек күттік көлденең,
көрінгенге өзеуреп.
жанымызды суарамыз шөлдеген,
сөзден аққан өзенге.
жылжып, жылжып жеттің делік соңында,
(мүлгіп маңай, айнала.)
жолдың соңы – жолдасыңның жанында
жұлдыз санау жай ғана.
Zoom
episode I
аялдама айналасындағы
жартылай шегілген темекі тұқылы
асығудың азап екенін айтады
түтіннің тілінде баяу.
episode II
жолақысын төле,
болмаса, төлегендей бол.
бос орын болса – отыр,
болмаса, қартайғанша күт.
ал уақытты жүргізушіге тапсыр.
episode III
қағазға көмілген кеңсеге
ойыншық шашылған ауладан келдің.
ал қазір үйіңе қайтқың жоқ.
episode IV
жап-жаңа қолшатыры
жаңбыр жауған күндері үйінде қалады.
енді оны қап-қара күмбез қылып ойнамақшы.
episode V
құрылысы бітпеген ғимараттың
сұп-суық үңірейген терезелері
тұп-тұнық көзіңді арбайтыны несі?..
episode VI
бүгін сен
ертерек үйіңе жетіп,
ертеңгі күніңе жоспар құр да,
ертеңгі күнім неткен мінсіз деп тамсан.